Есепте есе жібермеген
Қоғамдық өмірде және атаулы күндерде, мереке-басқосуларда үлкенді-кішілі түрлі марапаттардан тыс қалып жататын мамандық иелері болады. Олардың арасында да іскерлері, жауапкершілігі жоғарылары, өз істеріне берілгендері, әрине аз емес. Сондай елеусіздеу, ескерусіздеу кәсіпке мен есеп қызметкерлерін жатқызатын едім. Бірақ олардың мойнында үлкен жүк бар. Бүкіл бір ұжымның немесе бір саланың қаржылық жағдайын, кіріс-шығысын, қызметкерлердің уақытылы жалақысын алуын, тіптен сол мекеменің шегесі мен шелегіне дейін түгел болуын қадағалайтын, соған бар қабілет-қарымын жұмсайтын есеп қызметкерлерінің атқарар жүгі ауқымды екенін екінің бірі біледі.
Бүкіл саналы ғұмырын есеп қызметіне арнаған Мейрамбек Елеуқұловтың жүріп өткен өмір жолына қарап отырып осындай ой түйгендей болдым.
Бүгінде жетпіс бес деген ақсақалдық жасқа келіп, қариялыққа бет бұрған Мейрамбек Елеуқұлұлы шын мәнінде аудан көлемінде бір салаға тапжылмай бүкіл саналы өмірін арнаған білікті маман. Байқадам орта мектебін бітіре салысымен 1966 жылы Алматыдағы халықшаруашылығы институтын есепші-экономист мамандығы бойынша бітірген ол содан кейінгі бүкіл өмір жолын есеп қызметіне арнады. Әрине ол кезде жоғары оқу орнын бітірген мамандар жолдамамен белгілі бір аймаққа жіберілетін. Сондай тәртіппен жас маман 1970 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы "Жеңіс" кеңшарында қатардағы есепшіліктен еңбек жолын бастады.
1971 жылы туған еліне оралып, "Түркістан" кеңшарында қатардағы есепші болып еңбек жолын жалғастырды. Сөйтіп, Мейрамбек Елеуқұловтың есе жіберіп көрмеген есеп саласындағы ұзақ та жемісті қызмет жолы жалғаса берді. Әр атқарған қызметінің артында үлкен еңбек, зор жауапкершілік жатқандығын екінің бірі бәлкім біле бермес.
Ол жылдарда кеңшарлар сан-салалы құрылымдық бөлімшелердің басын біріктіретін үлкен, күрделі құрылым болып саналатын. Мал шаруашылығы мен егіншілік қатар дамитын, әр кеңшарда кемінде қырық-елу мың бастың көлемінде қой болатын, мүйізді ірі қара, жылқы, түйе дегенің мыңдап саналатын. Оларға жүздеген техника құралдары қызмет көрсететін. Міне, осының барлығын есептің тіліне ауыстырып көріңізші. Миллиондаған сомның өнімі өндіріліп, миллиондған сомның техникасы алынып, миллиондаған қаржыға құрылыстар салынып жататын. Шаруашылықтың кіріс-шығыстарын есептеп отыратын айналасы оншақты есепшінің еңбегін өзіңіз бағамдай беріңіз.
Бұны неге айтып отырмыз, Мейрамбек Елеуқұлұлы "Байқадам" кеңшарында бас есепшінің орынбасары, он бір жыл "Жайылма" кеңшарында бас есепші, аудандық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, "Жаңатас" кеңшарының бас есепшісі қызметтерін атқара жүріп, шаруашылықтардың бүкіл есеп-қисап қызметін шашау шығармай ұйымдастырып, кәсіби біліктілік танытты, үлкен беделге ие болды.
Тәуелсіздік таңы атып, еліміз егемендік алған тұста ауыл шаруашылығында да үлкен құрылымдық реформалар жүзеге асты. Бұрынғы кеңшарлар тарап, нарықтық негізде жаңа шаруа қожалықтары пайда болды. Міне осы тұста аудан әкімдігінің ауылшаруалық бөлімінде жауапты мемлекеттік қызметтер атқара жүріп, Мейрамбек жаңа қырынан танылды. Ауылшаруашылығы бөлімінде бас маман, бөлім басшысының орынбасары қызметтерінде болған кезде ауыл шаруашылығы өндірісінде нарықтық қатынастардың орнығуына үлкен еңбек сіңірді.
Білген адамға есеп қызметі – шеті-шегі көрінбетін қиын да бейнеті зор кәсіп. Екінің бірі барлық уақытта бұл кәсіптің шет-шегіне жете бермейді. Көбінесе жекелеген есепшілер заң бұзушылыққа ұрынып жататындығы да содан болса керек.
Ал, біздің Мекең, есеп саласында тапжылмай 44 жыл еңбек еткенде, миллиондаған, миллиардтаған қаржы-ның кіріс-шығысын есептегенде қателікке ұрынбай, кіршіксіз таза, үлкен жауапкершілік танытқанын замандасы ретінде біз көзбен көрдік.
Мемлекеттік қызметте қатар жүріп еңбек еттік. Жүріс-тұрысынан, әңгімесінен, адамдармен қарым-қатынасынан, үлкенге құрметінен, кішіге ізетінен тек азаматқа тән байыпты қасиет байқайтынбыз.
Мейрамбек Елеубековтың ел арасындағы абыройы аласарған емес. Еңбегіне қарай құрметке де бөленіп жүрді. Ұзақ жылғы еңбегінің жемісі болар "Жамбыл облысына сіңірген үшін", "Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін" төсбелгілерімен марапатталды. Ол Сарысу ауданының Құрметті ардагері атағының иегері.
Міне, біздің замандасымыз, қатар-ласымыз Мейрамбек Елеуқұлұлы осындай атпал азамат. Мекеңе өмірлік жары Айсара екеуіне ұл-қыздарыңның қызығына тоймай, отбасылық бақытқа бөленіп жүре беруіне тілектестігімді білдіремін.
Кенже СЕРЖАНОВ,
мемлекеттік қызметтің ардагері
Сарысу ауданы
Обсудить
Блок в статье:
Қарттарымыз құрметтен кенде болмайды
14 октябрь 2025, Вторник
Есепте есе жібермеген
14 октябрь 2025, Вторник
"Таза Қазақстан" акциясына ардагерлер де атсалысты
14 октябрь 2025, Вторник
Похожие материалы:
Комментарии (0)








