Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Айтыстағы мақамы бөлек Айдаров

Айтыстағы мақамы бөлек Айдаров

30 сентябрь 2025, Вторник
46
0

Таластық тарланбоз Шорабек Айдаровты біз бала күнімізден көгілдір экран арқылы таныдық.  Ол кез айтары жоқ,  айтыс өнерінің қадірі асып тұрған уақыт еді. Қазіргідей қаптаған телеарналар жоқ. Жалғыз қазақ теледидары. Еліміздің бүкіл тұрғындары сол қазақ теледидарын көреді. Сол көк жәшіктен бірнеше күн бойы берілген республикалық айтыс  әлі есімізде. Сол айтыста 70 ақынның арасынан озып шығып, Шорабек Бәтейұлы жүлделі үшінші орынды иеленіп қайтқан болатын. 
Әттең,  бас жүлде алғанда тіптен тамаша болар еді дедік сонда. Ақтық сында әйгілі шымкенттік Әселхан Қалыбековамен айтысты. Қалыбековадан қаймыққан жоқ. Терезесі тең айтыс болып жатқанда Әселхан  «Шорабек – шопандардың қылқи нары» деп қалады. Бәтейдің баласы ол сөзді «Құлқайнар» деп шалыс естіп қалғаны-ай! «Құлқайнар» деген жоғарыға іліп қоятын қасиетті шөп екен. Айдаровтың қателескен жері де осы болады. Ең есте қалған жері Шорабек ақын жеңілгенін мойындап, айтыс аяқталмай жатып, сахнадан түсіп кетеді. Адалдығы ғой. Қазылардың құрамында Әбіш Кекілбай, Қадыр Мырза-Әли, Фариза Оңғарсынова секілді кілең    марқасқа ақын-жазушылар отырған.  Сол жолы Әбіш Кекілбайдың:  «Біз бұл айтыста жүлдеге жүйрік емес, жүйрікке жүлде таба алмай қиналдық» дегенін кейін Айдаровтың аузынан талай рет естідік. Айдаровтың осы жеңілісін мойындаған адалдығы әлі күнге дейін айтыскерлерге тегіс үлгі болып келеді. Осы тұста  сәл шегініс жасағым келеді. 
...1990 жылдың жазында Талас ауданының орталығы Ақкөл ауылында Ұлбике Жангелдіқызының 165 жылдығына орай өткізілген облыстық ақындар айтысында Шорабек Айдаров бас жүлдені иеленіп, ақбоз ат мінгені есімде. Ол уақытта байзақтық Әзімбек Жанқұлиевтың атағы дүркіреп шығып тұрған кез. Кейбір тыңдармандарға   Әзімбектің өлеңінсіз  ас батпайтын. Дегенмен, Ақкөл ауылында өткен айтыста  таластық Ербол Қамбатыр  азуы  алты қарыс   Әзімбек Жанқұлиевпен терезесі тең айтыс жасап, көзге түсті. Үміт Битенованың да топқа түсе бастаған кезі болатын. Сөйтсек, Ерболдың да, Үміттің де  ұстазы өзіміз есімін құрметтеп жүрген Шорабек Айдаров екен. 
Міне, дәл осы бас жүлдесінен кейін Шорабек ақынның ұзақ жылдарға созылған жұлдызды шағы туды десек қателесе қоймаспыз. 
Біз жоғарыда қозғап өткен айтыста  түркістандық жеңгесінен жеңілгені Шорабек Бәтейұлына үлкен сабақ болды. Жан-жақты ізденіп, өзін-өзі дамытты.  1991 жыл Айдаров үшін сәттілікке толы болды. Аудандық білім бөлімімен бірге  оқушылар айтысын ұйымдастырып, өзіне Райхан Мәселбекова, Бекен Досалиев, Алтыншаш Баққараева секілді талантты шәкірттер тапты. Ал, ол кезге дейін үлкен Айдаровта жоғарыда біз айтып өткен Ербол Қамбатыр, Үміт Битеновадан бөлек Басқанбек Раев, Бақытжан Мақашев, Асқарбек Айдаров, Мадина Сәбденбекова  деген шәкірттері болатын. Байқап отырған боларсыздар, өзі республикалық деңгейде айтысып, өзі бірнеше шәкірт дайындай  білді. Осы 1991 жылы Алматы облысында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 60 жылдығына орай өткізілген республикалық ақындар айтысында бас жүлдені иеленді. 
Сол жылы Таластың Ойық ауылында әйгілі шешен Бөлтірік Әлменұлының туғанына 220  жыл толуына орай үлкен ас өтіп, оның аясында республикалық ақындар айтысын осы Шорабек Бәтейұлы ұйымдастырды әрі өзі де айтысты. Сол кезде елімізге кеңінен танымал Есенқұл Жақыпбек, Бекарыс Шойбеков, Абаш Какенов, Айтақын Бұлғақов, Жәкен Омаров секілді аузымен құс тістеген ақындарды дәл қасынан көріп, бірқатарымен амандасып, қуанышқа кенелгеніміз бар. Оған жол ашқан да әйгілі Айдаров. Бізге үлкендеу болып көрінетін Шорабек Бәтейұлы сол уақытта 36 жаста ғана екен. 
1991 жылдың күз айында Алматыда өткен республикалық айтыста Шорабек Айдаров азуы алты қарыс, атағы алысқа кеткен жүйрік, Халық ақыны Қонысбай Әбіловты ұтты. Қонысбай Әбіловтың:
Бұл күнде сырласпасақ  ұят болар,
Сөздері жақсылардың мият болар.
Шорабектің көргенде асқазанын,
Аштықтан аштар келген сияқтанар, дегеніне Шорабек:
Қонысбай  әзіл айтып жарытпады,
Шөкеңнің әзіл еді зарыққаны.
Өзіңдей партокартты семіртем деп,
Халқым да өзім құсап арықтады. 
Менімен айтысуға жарамайсың,
Тек ғана жүрегімді жаралайсың.
Жаңағы өзің айтқан Горбачевтай,
Халықтың қарсылығына қарамайсың, – деп шегінерге жер қалдырмай жеңгені рас еді. 
1994 жылы Алматы қаласында өткен республикалық айтыста да олжа салды. Сол айтыста алғашқы қарсыласына:
–Айтыста мен де өзімше ақтангермін,
Нәсібімді бап пенен бақтан көрдім.
Қайдан  келген ақын деп сұрай қалсаң,
Малдары көп қырылған жақтан келдім, – дегені бар.
Шорабек Бәтейұлы қай жерде айтысса да қоғамдағы күрделі,  келеңсіз мәселелерді бүгіп қала алмайтын. Оған ақындық ары жібермейтін. Сол жылы қыс ұзаққа созылып кетіп, біздің облыста малдан едәуір шығын болғаны рас еді. Айтыскер осы мәселелерді меңзеп отыр. Осы айтыстың ақтық кезеңінде Бекжан Әшірбаевпен айтысып, тіл мәселесін көтере келіп:
Сахнада  сен де мүлдем бөтенсің ғой,
Қарсыласқа төнетін қатерсің ғой.
Балаңды қай тілде сөйлейді деп сұрар ем,
Айтпақшы, үйленбеген екенсің ғой, – деп қарсыласқа тиісуінің өзін тіл мәселесіне қатыстырып берген шеберлігі деп білеміз. 
1994 жылы Талдықорғанда Ілияс Жансүгіровтың туғанына 100 жыл толуына орай өткізілген республикалық ақындар айтысында әйгілі Әселхан Қалыбековамен тағы бір айтысқанын жырсүйекр қауым ұмыта қойған жоқ. Сол жолы Әселханның:
– Ағайын, бұл Шораны қолдаңыздар,
Жүрген бір бейшара еді бағы ашылмай.
Дорбада желінбестен он күн жүріп,
Сақтардың қатып қалған қалашындай, – дегеніне Шорабек:
– Дегенде жеңгем деймін, жеңгем деймін,
Өзіңді ешбір жаннан кем көрмеймін.
Сақтардың қалашындай болсам дағы,
Қадірлі не бар екен наннан деймін.
Байқұс деп мына мені аямашы,
Мен саған оңайлықпен жан бермеймін.
– Жеңгемнің Әсел деген аты қалай,
Бір өзі бес кісіге татығаны - ай.
Астына абайсызда түсіп қалсам,
Шуғуым аман-есен екіталай, – деп өткір жауап бергені есімізде. Талдықорғанда өткен айтыста Шорабек Айдаров бас жүлдені иеленіп, қазақ ақындары арасында тұңғыш рет  автокөлік мініп  қайтты. 
Міне, осы жеңістерінен кейін оның бойында үлкен сенім пайда болды. Ел арасында да абыройы артты. Өзі  кейде әзілдеп:
– Жамбылға аты мәлім Шорабекпін,
Жырымда дауылпаздай борлар екпін.
Әттең-ай домбыраны мандытпаймын,
Не түрін көрсетер ем кереметтің.
Айтысып талай-талай ақындармен,
Әсия, Нәсілханды орап өттім.
Әнеу жылы жеңдім де Қонысбайды,
Қыран құстай үстіне қона кеттім.
Дегенмен мықтымын деп айта алмаймын,
Әселхан жеңгемізден  «сораң» еттім, – деп жырлап жүрді. 
Шорабек Айдаров – қазақ айтысындағы шоқтығы биік тұлға. Оның өз кезеңіндегі айтыскер ақындардың көпшілігінен бәсі жоғары болып жүруі бекер емес.   Ізденістің жемісі. Бір жағынан қанында бар асыл қасиет. Қанында бар дейтініміз, жетінші атасы Толыбай ауыл арасындағы дау-дамайға төрелік айтатын би, шешен кісі болса, өз атасы  Айдар да  өлеңнің киесінен алшақ кетпеген. Әкесі Бәтей де аз-кем өлең құрап отыратынын ауылдастары айтады. 
Шорабек ақын Талас ауданы, Тамабек ауылында (бұрынғы  Амангелді бөлімшесінде)  дүниеге келген. Ол ауыл туралы жұрт «Амангелдінің шөбіне дейін сөйлейді» дейді. Сол алақандай ауылдан он үш Еңбек Ері, отыз беске жуық ақын-жазушы шығыпты. Солардың бірі, әйгілі Рафаэль Ниязбеков – Шорабектің  немере ағасы. Ал, айтысты қалай қойып кеткені туралы сұраған журналистерге Шорабек Бәтейұлы: «Өзім де бұрынғы биігіме шыға алмай қалдым. Кезінде айтыстың жұлдызы боп жарқырағаным рас.  Қазір ол деңгейде емеспін, әуенім де халықты бұрынғыдай тартпайды. Сосын, амал жоқ, айтыстан шеттеуге тура келді. Тағы бір жағдай – күнкөріс мәселесі. Айтысқа күн-түні дайындаласың, барар жол-пұлыңды өзің көтересің. Бас жүлде алған ақын «темір тұлпар» мінеді, басқа жүлдегерлер сыйлықтарын алады, ал қалғаны бос қайтады. Айтыс сайын жүлде ала беру қиын, ал отбасыңды қалай асырайсың? Қызмет істегенде де бір жағыңнан айтыс қинап тұрады. Жұмысқа кіріп алып, сосын «айтысқа баратын едім, дайындалатын едім» деп сұранып тұрсаң, кім жақтырады? Сондай-сондай себептермен айтысты тастап кетуіме тура келді» деп жауап берген. 
Шорабек  айтысып жүрген кезінде де, сахнаға шықпай кеткен тұста да айтыскер достарынан қол үзген жоқ. Есенқұл Жақыпбековты үнемі іздеп тұрды. Әулиеатадан  кезінде бірге шыққан Серік Қалиев, Мұхамеджан Тазабеков, Айтмұханбет Исақов, Ахметжан Өзбековпен үнемі бірге жүрді, байланысын  үзген жоқ. Аяз Бетбаевқа да, Әзімбек Жанқұлиевқа да үнемі құрмет көрсетіп жүрді. Әулиеааталық Алтынкүл Қасымбекова, Күміскүл Сәрсенбаева секілді қазақ айтысына олжа салған аруларға деген ықыласы азайған емес. Кезінде айтыс сахнасынан көрінген, Әзімбек Жанқұлиевтың өнердегі  алғашқы ұстазы болған Қасқырбай Нарбатырға да біздің кейіпкеріміз үнемі құрметпен қарап келеді. 
Шорабек Бәтейұлы біздің облыста жас толқын айтыскерлердің шығуына көп еңбек сіңірді. Ақкөлде тұрған кезінде де, Тараз қаласында тұрған шағында да үнемі аудандық, облыстық оқушылар айтысының өтуіне өзі тікелей ықпал етті. Мен де 1993 жылдан Шорабек Бәтейұлының шәкіртімін. Біздің өңірдің айтыстағы туын биік ұстап жүрген Қанат Мырзахан, Әсет Дүйсебаев, Дархан Әбдіманат, Рай Дөңбай, Дидар Апбасов, Айым Көшербай, Алина Айдаралы, Айсұлу Жүнісбек, Аят Бәтей  секілді жас жүйріктердің шоғыры қалыптасты. Қазіргі таңда Шорабек Бәтейұлының алдыңғыларынан басқа  Олжас Отар, Шырынбек Қойлыбаев, Нұрым Сырғабаев, Біржан Сөктай секілді шәкірттері бар. Олар мемлекеттік қызметте, ақпарат ғылым мен білім салаларында жемісті еңбек етіп жүр. Шорабек Айдаровтың айтыстағы жолын қазіргі таңда немере інісі Аят Бәтей жалғастыруда. 
Әр шаңырақтың  сәні  – әйел. Әсіресе, ақынға жар болу қиын. Қырық жылдан бері Шорабек Бәтейұлының шаңырағына шырақ жағып, өміріне өрнек беріп жүрген асыл жары – Лаззат Әуесханқызы. Шорабек ағайдың қыздары Фариза мен Күләш, ұлы Наурызбай бір –бір мамандық иесі атанып, өмірден өз орындарын тапқан. Ұстазымыз бүгінгі таңда немере сүйіп отыр. 
Қазір  кім көрінген кітап жазып жатыр. Ал, қазақ айтысына  өлшеусіз  еңбек сіңірген ұстазым Шорабек Айдаровтың бір кітабы да жоқ екен. Бәлкім, әдебиетке, шығарамашылыққа деген жоғары құрметі шығар. «Мен жазған жырларымды, айтыстарымды кезінде ұқыптап жинап жүрмедім. Сол жағына салақтау болдым. Марқұм досым Серік Қалиевтың маған «Сен  кейін біздің сорымыз боласың. Өмірден озған кезіңде жазған дүниелеріңді  әр жерден  іздеп, баспаға ұсынып  әуре боламыз. Жинақтап та жатқан жоқсың» деп әзіл айтқаны бар. Өкініштісі Серіктің өзі өмірден ертелеу кетті. Осы жетпіс жылдығымның қарсаңында ғана айтыстарым мен жазған жырларымды бір кітап етіп жарыққа шығаруды ойластырып отырмын. Сөйтсем, көп айтыстарым сақталмапты. «Ютуб» арнасынан төрт айтысымды жазып алдық. Бұйырса бір кітабым дайындалу үстінде» дейді айтулы айтыскер. 
Осы мерейтойға байланысты бірқатар айтар ойымыз бен ұсынысымыз бар. Шорабек Бәтейұлы секілді айтысқа қырық жылдан астам еңбегі сіңген кісілер елімізде аса көп емес. Осы кезге дейін ол кісінің ауыз толтырып айтатын атағы болмаған екен. Шорабек Айдаровты лайықты атақтарға ұсынып, Әулиеата жерінде мерейтойын дүркіретіп өткізу сіз бен біздің, облыс жақсыларының жүзеге асырар ісі. «Ақынын әкімі іздеген ел бақытты» деген қанатты сөз бар. Біздің өңірдің басшылары, мәдениет саласының жетекшілері осынау мерейтойдың өз деңгейінде өтуіне, Шорабек Бәтейұлына лайықты құрмет көрсету ісіне ерекше назар аударады деген сенімдемін.  

Есет ДОСАЛЫ,
журналист

Обсудить
Блок в статье:
Есепте есе жібермеген 14 октябрь 2025, Вторник

Похожие материалы:

Тарихи-мәдени мұра
08 июль 2021, Четверг
Тарихи-мәдени мұра
Айтамыз!
14 октябрь 2020, Среда
Айтамыз!
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры