ЕЛ БІРЛІГІ – БІЗДІҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШІМІЗ

«Далақайнар» кеңшары сонау тың игерілген 1954 – 56 жылдары Шоқпар ауылымен қатар құрылған болатын. Кеңес Одағы кезінде егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да кең өркен жайды. Бала кезімнен есімде қалғаны – кеңшарда бидай, арпа, жүгері, тары өсірілетін. Төрт түлік малдың саны өсіп, өнімділігі артты. Еңбек озаттары да біздің ауылымызда аз болмады Атақты аға шопан Жарас Оспанбековтың бір өзі не тұрады, ауданымыздың мақтанышы ең жоғарғы марапат – Социалистік Еңбек Ері атағына ие болып, Ленин орденін омырауына тақты.
Несін жасырамыз, Кеңес Одағы тараған тұста, ауылымыздағы еңбекқор, бесаспап немістер тарихи отаны Германияға жаппай көшіп кетті. Елдің қожасы қазақ азаматтары белдерін бекем түйіп, техника құралдарын жөндеуді, жүргізуді өз қолдарына алды. Қазақ механизаторлары елден қалыспай еңбек етті, техниканың құлағында ойнады. Айтуым керек – нарық заңдарын қазақтар тез меңгеріп алды, сауда қолынан келмейді дейтін қандастарымыз бұл салада да әбжілдік танытты.
Жаңалыққа жаны құмар іскер ауылдастарымыз шаруа қожалықтарын құрып, өз шаруашылықтарын жүргізе бастады. Оның нәтижесі көңіл қуантарлық, ауылымызда бақуаттылардың қатары көбейді. Алғашқы жылдардың өзінде 127 шаруа қожалығы құрылып, ауыл адамдарын жұмыспен қамтыды. Бір қуантарлығы – шаруа қожалықтарында жұмыс істейтіндердің дені жастар. Демек, ауылдың бар тірлігін жастар өз қолдарына алуда. Мың бір тәуба, ешкім ешқайда кетпеді, ауылдың тұтастығы сақталып қалды. Кейбір іскер кәсіпкерлер ауылымыздан тыс жерлерде жұмыстарын жүргізуде, олар туған ауылының дамуына көп үлес қосуда. Соның бір айғағы – мешіт ауласынан 224 адамға арналған қатымхана бой көтерді. Құрылысы 2023 жылдан басталып, 2025 жылдың тамыз айының бірінші жұлдызында салтанатты түрде ашылуын ұйымдастырдық. Еңсесі биік, терезелері үлкен, іші жарық, асхана, санитарлық бөлмесі бар, еден астынан жылу жүйесі тартылған. Мешіттің ауласы да кең, жазды күндердегі жиынға арналған 200 орындық бастырмасы тағы бар, алаң көгалдандырылған, тротуарлар жасалған. Мешітте бір мезгілде 100 адам құлшылық жасай алады.
Соңғы кездері қазақтың той өткізу мәдениетін және қайтыс болған кісілерді соңғы сапарға шығарып салу рәсімдерін ретке келтіру мәселесі көтеріліп жатыр. Мешіт жанынан қатымхананы соққанда бір жағынан осы жағдай ескерілді.
Оның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы Сұлтанбаев қатысып, Далақайнар халқын жаңа қатымхананың ашылуымен кұттықтап, дінімізді, ділімізді, тілімізді сақтап, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге шақырды, жастар тәрбиесіне аса мән беру қазіргі кезде басты бағыт екеніне тоқталды. Құттыктау рәсімінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.К.Өміралиев, Шу ауданының бас имамы А.Р.Кенжемолдаев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы А.Б.Иманова, Далақайнар ауылдық округінің әкімі Б.Ж.Ошанов, ауылдың имамы Д.М.Көдебай сөз сөйледі. Қатымхана құрылысына басынан аяғына дейін катысып, бітіріп шыққан ауыл азаматтары Куанышев Нұрлан мен Үйсінбай Аманға ақшалай сыйлықтар берілді.
Осы жиында сөз сөйлеген облыстық, аудандық батагөй қариялар байқауының жеңімпазы, аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Мейірхан Балықбаев мынандай ой айтты:
– Манадан бері менің алдымда сөйлеген азаматтар қатымханада қайтыс болған адамның жаназасын, қырқын, жылдық асын осы жерде береміз деген ризашылық пікірлерді естідім. Сонда осындай сәнді де әсем ғимаратта тек қана марқұмдарға арналған ғұрыптар ғана ұйымдастырыла ма? 224 адамға мейрамханадағыдай жеке орындық қойылған. Менің ойымша, бұл жерде үйлену тойларын, басқа да қуаныштарды өткізуге болады. Мешітте неке қидырып, қазақтың салт-дәстүрін сақтап, ішімдіксіз той өткізуге неге болмайды?! Ауласы көгалдандырылған, жолдарға төсеніш төселген, жарықтандырылған, той өткізуге одан артық не керек? Ысырапшылдыққа, бекер мал шашпақақа осылай тосқауыл қоюға болар еді, – деді батагөй қария.
Ауылымыз көркем, көрікті. Ауылдарды дамытуға мол қаражат бөлінуде. Ал енді сол қаражаттың дұрыс бағытта пайдаланылуына біздер, ардагерлер бас болып, бақылау жасаймыз, ақыл-кеңесімізді айтамыз. Ауылымызда мектеп, дәрігерлік амбулатория, бөбекжай бақшасы, учаскелік полиция бөлімі, ауылдық ветеринарлық бекет бар. Біздің басты көрсеткішіміз – ауыл халқының бірлігі.
Үлкенге құрмет, кішіге ізет болған жерде бірлік болады, береке болады. Жоғарыда айттым, ауылымыздан көктем шыға жүздеген, мыңдаған қой-ешкі, ірі қара малы өріске шығады. Жекешенің малын бағудың өзінің қиындығы бар. Малды бағатындар бағаны шарықтатпау керек. Сол үшін қариялар көктем шыға кеңес құрып, жалдамалы жұмысшылардың мал бағу бағасын тұрғындардың да жанын ауытпайтындай, жұмыскерлердің де ақысын жемейтіндей жағдайда көпшілік болып белгілеп береді. Сондай-ақ, бақшалықтарда, егін-жайларда жұмыс істейтіндердің де еңбек ақысы осындай тәсілмен көпшіліктің талқысына салынады.
Келісіп пішкен тон келте болмайды. Ауылда қандай бір жұмысты бастамас бұрын ардагерлеріміз болып, белсенді жастарымыз болып ақыл-кеңес құрамыз. Бір сөзбен айтқанда, біздің ауылымызда атқарылып жатқан игілікті тіршілік баршылық. Ауылдық округ ардагерлер кеңесі үлкендерімізбен ақылдаса отырып, алдағы уақытта да ортақ үйіміздің бірлік-берекесін сақтау үшін қолдан келген жұмыстарды атқара беретін болады.
Бақыт ӨстемІров,
Далақайнар ауылдық округі
ардагерлер кеңесінің төрағасы
Шу ауданы
Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары
01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3!
30 июнь 2026, Вторник
Тәрбие жұмысына бәріміз жауаптымыз
30 июнь 2026, Вторник
Похожие материалы:
Комментарии (0)







