Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Тар жол тайғақ кешулер

Тар жол тайғақ кешулер

11 август 2025, Понедельник
94
0

(Соңы. Басы газетіміздің №13,14 сандарында)
Әлеуметтік теңсіздікке наразылық білдіріп, сөз бостандығын аңсаған ақын Кеңес өкіметіне көп үміт артады. Сол үмітіне қайшы құбылыстарға ашына үн көтереді. Ақын қоғам тәртібіне иіліп, майысқақтық танытпайды. Жергілікті өкімет басшыларының шолақ саясатшылдығын өткір мінеп, елге жариялап жүреді. XX ғасырдың 20-жылдарында от ауызды, орақ тілді Сауытбек Ұсаұлын кеңестік қоғам тұсындағы белсенділерді мінейтін сыншыл жырлары үшін өз ауылындағы ел билеушілері қудалап, дүркін-дүркін түрмеге жапқызып отырған. Ол туралы бір деректі Белгібай  Бектұрғанұлы береді.
«Шуға барып, Сәукеңе жолығып, кездесуіме мынадай себептер болды. Оңтүстікте Түлкібас ауданында Сәрсенбаев Иманәлі деген елге қадірі бар кісі болған еді. Сол кісі: «Белгібай, сен менімен Шудағы туысқандарыма бірге жүр, тамашалап қайтамыз», – деді. Менің үйленбеген кезім, өзі менімен тамыр еді. Сөйтіп екеуміз Әулиеатаға келдік.  
Әулиеатада Есеналы Мәделиев деген Шымкенттің найманы ояз екен. Сол кезде Шу елінің жеті кісісі абактыда қамалып жатыр екен: Сауытбек, Жидебай, Берік, Қазақбай, Әліқұл және екі кісі. Бұларды қаматқан қоралас Қабылбек Сармолдаев болатын. Қамату себебі: Сармолдаевтың жақын туыстарының жесірін Шудың шымыры тартып алып кетіпті. Сол үшін «Сенің Шымырың деп, жеті адамды соттатқан екен. Есқызы Сара – өлкелік сот екен. Өлкелік сот (Есқызы, Қожанов, Сапаров) Сармолдаевтың айтуымен жеті кісіні он алты жылдан әр адамға үкім шығарып, енді Ташкентке айдағалы тұр екен.
Сол кезде Түлкібасыдан Иманалы келіп қалады. Ояз Маделиевтің ағасы Есеналы Иманалымен кұда екен, ал Қарынбай Кошманбетов Билікөлдегі шымыр ағайын болып шықты. Иманалы сол кісілерге айтып, жеті кісіге ара түсіп, олардың барлығын босаттырып жібереді.
Қателіктерді еш сескенбестен ашық сынаған Сауытбек Кеңес өкіметінің белсенділеріне жақпайды. Сауытбектің өзі бақылауда болады, ал баласы Телғара мен шәкірті ақын Айтқазыны 1929 жылы екінші рет Өзбекстанға жер аударып, «Қызыл қия» шахтасына қара жұмысқа жегеді.
1930-1931 жылдары Сауытбек тәркілеу мен ұжымдастыру ылаңына ілігіп, алдына біткен аз ғана малынан айырылады.
С.Ұсаұлының өмірбаянындағы оның голощекиндік нәубет саясат зардабынан абақтыға қамалып шыққанын, ақынға деген елінің жанашыр ықыласын Өзбек ақын өлеңдерінен де аңғарамыз. Сауытбекпен ақындық орталары ортақ болған Өзбек ақын өлеңдерінде «Орнады қараңғылык не ерлерге», «Апырай, болды заман мына қандай» деп, заманға ызалы наразылығын ашына айтады. Бұл өлең қазақ халқының ойлы, зерделі қаймақтарын жаппай қырып-жою науқанына Сауытбектің де ілінгенін айғақтай түседі.
Сауытбек баласы Телғарамен және Сауытбекпен пікірлес болғандары үшін туысы Рахманбай, оның баласы Айтқазымен (ақын, әнші Сауытбек мұраларын жазып, жинаушы), жан досы, ақын, әрі алты салдың бірі Әтібекпен бірге жауапқа тартылып, айдалады. Басына түскен қиыншылыктың жалғыз өзін емес, баласы, туғандары, дос-жораларын да шарпығаны Сауытбекке қатты батады. Шымкент түрмесінен жазған өлеңінде:
Тәуір болған жігіттің.
Ағасы жүрер қуана,
Жаман болған жігіттің.
Ағасы болар дуана,
Сол дуана біз болдық,
Қой, Әтеке, жылама, – дейді. Әділетсіздік қасіретінің сейілмей қойғанын ақын: 
Басыма мүшкіл түсіп тұр, 
Болады аман күн қандай? 
Айрылып жарық, түн қандай?! 
Тағдыр ісі осы екен, 
Алысқа кеттік айдалып, 
Болмадық мойын бұрғандай деп, – жырға қосады. Бұл шырғалаң кезең де Сауытбектің сырында көрініс табады. Онда үміт артқан өкіметке Сауытбек сенімі суып лағнет айтады. 
Амалы таусылған ақын жиені ақын Смайыл Қалипанов арқылы Сәкен Сейфуллинге хат жолдап, мүшкіл халінен хабардар етеді. Оны Қалипанов апарып қолма-қол тапсырады. Сәкен Смайылдан Сауытбектің өлеңдерін, әндерін тыңдап біледі, тіпті «Ақбөпе» әнін қатты ұнатып, қазақ музыкасын зерттеуші, білімпаз музыкатанушы А.Затаевичке өзі ыңылдап айтып, нотаға жаздыртады. Әнді А.Затаевич те дұрыс танып, өзінің әйгілі еңбегі «Қазақтың 1000 әні» деген кітапқа енгізеді. С.Сейфуллиннің көмегімен азаттық алады, алайда осындай шырғалаң шырмауында ақын Сауытбек Ұсаұлы сол жылы дүние салады. Сауытбектің екі әйелінен 13 бала болған. Бірақ олардың біразы жасында, біразы Ұлы Отан соғысында қаза тапқан. Балаларының ішінде үшеуіне – Нәметқұлға, Телғараға, Саттарқұлға ақындық дарыған. Әсіресе, Саттарқүл жүйрік ақын болған. Өкінішке орай, олардың шығармалары сақталмаған. Саттарқұлдың қолжазба жинағын көргендер бар. Бірақ кейін ол да жоғалып кеткен.
Сауытбек Ұсаұлы өлең мен әнді синкретті шығарғаны белгілі. Қазақ мәдениетінде бұл – әншілік және ақындар дәстүрді білдіреді. Сауытбек өзінің өлеңдерін де, айтыстарын да әнмен айтқан. Әннің көбін өзі шығарған және өлеңдері сияқты әндерін де суырып салып, табан астында тудыратын болған.
Сауытбек әңдерінен «Ақбөпе», «Сұлукеш», «Нәметке» әндері ғана автор атымен сақталған. Сазгердің көп әні халық әндеріне сіңісіп кеткен. Оған Сауытбектің әні мен өлеңінің өзара мазмұн-мағынасымен жымдасып, біртұтас туындыға айналып жататыны, себеп болған. Оның айқын бір дәлелі 1968 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Қазақ әндері» жинағының 1-томында Сауытбектің «Ақбөпесі» халық әні болып, авторсыз беріліп кеткен.
Сауытбек Ұсаұлының «Ақбөпе», тағы басқа әндерінің алғаш нотаға түсіп, ұлттық медениет қорына енуіне себепші болған адам – Сәкен Сейфуллин. Ол бұл әнді Иса Байзақовқа айтқызады. Дарынды Иса да қатты әсерленіп, осы негізде өзінің «Ақбөпе» әнін жазған.Сөйтіп дүниеге екінші «Ақбөпе» әні келген. Ол екеуінің өз алдына дербес екі шығарма деп танылғаны тарихи әділдік болса керек.
Қазірде «Ақбөпе» әні бірнеше нұсқада белгілі. «Шындығында, Сауытбектің ел аузындағы айтылып жүрген «Ақбөпе» әнінен қазіргі радио, теледидарда айтылып жүрген әннің қайырмасында алшақтық бар. Ал ауыз әдебиетінің заңдылығына сүйенсек, ән ауызша таралғандықтан, оның бірнеше нұсқасының болуы – табиғи нәрсе. Осыған қарағанда, «Қазақ әндері» жинағына енген «Ақбөпе» әнінің екі нұсқасы Сауытбектікі болу керек. С.Ұсаұлының шығармашылық өмірінде Ақбөпе есімі ерекше орын алады. Сауытбектің негізгі ақындық тұлғасын көрсететін мұралары да осы Ақбөпемен тікелей байланысты. С.Ұсаұлының шығармашылық өмірбаяны Ақбөпенің де ақындық бейнесін, оның Сауытбекке ықпалын ашқанда ғана толымды күйге келмек.
Ақбөпе Өтелбайқызы – бұдан бұрын жоғарыда айтылғандай, Сауытбекпен он сегіз жасында айтысқан, Сауытбекке ғашық болған ақын қыз. Сауытбек те Ақбөпеге ғашық болып, дастан жазған, арнап ән шығарған. Ақбөпе мен Сауытбектің ғашықтығы Сауытбектің шығармашылығына рухани негіз де болған.
Ә.Оспанұлы «Семсер сөз» кітабында: «Кер заманның кесірінен небәрі он тоғыз жасында құсадан қара жер қойнына кірген Ақбөпе Өтелбайқызының қасіретті тағдыры» туралы жазады:
Демейді бар ғой обалы,
Қайғыға іші толады,
Барған жылы алты ай, он күнде
Ақбөпе қайтыс болады.
Демек, Ақбөпе Сауытбекпен 1895 жылы айтысқан болса, бір жылдан соң дүниеден өтсе, онда ақын қыздың өмір сүрген кезі 1877-1896 жылдар болмақ.
XIX ғасырдың екінші жартысында бар болғаны 19 жас қана қысқа ғұмыр кешкен, мұраларының поэтикалық едәуір өзгешеліктері бар, ақын қыздың тағдыры оны әдебиетіміздің тарихындағы ғұмыр кешкен, бірақ артында маржан сөз үлгілерін қалдырған Нұрила, Шолпан Иманбаева сияқты ақын қыздардың шығармашылық тағдырына ұқсасып жатыр.

Сейсекүл ИСМАТОВА, 
профессор, филология ғылымдарының кандидаты, Жуалы ауданының
Құрметті азаматы
Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары 01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3! 30 июнь 2026, Вторник

Похожие материалы:

Мерейтой
08 декабрь 2021, Среда
Мерейтой
Әке аманаты
25 октябрь 2024, Пятница
Әке аманаты
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры