Өлеңі - өмірі, өмірі - өлеңі
Астанадан, облыс орталығынан шалғай ауылда тұрап-ақ адам баласының рухани күшінің қайыспас қайсарлығын танытып, күйкі тірліктің шаңына көмілмей, көкірегінде тулап жатқан шалқар ойды өлеңмен өрнектеген ақын Шырын Мамасерікова 80 жасқа толып отыр. «Өзегіңді үзе сүй, өз еліңді!» - деп ақын Сабыр Адай жырлағандай, Шырын да марқасқа Меркісін, самалы саумалдай, топырағы мақпалдай, жері жұмақ, жұлдыздары жақұттай мерейлі өлкесін өмір бойы қолынан қаламы түспей жырлап келеді. Оның тақырыптары жасыл көктемдей, жайдары жаздағы жұпар шашқан гүлдердей сан алуан. Жас шағында: – Төсінен жарып шыққан құба белдің,
Теңізге жетсем деген бұлағы едім.
Арманым болмас, сірә, бұл жалғанда,
Жарасам кәдесіне туған елдің! – деп төгілткен ақын:
Рас болса туылғаным ақын боп,
Жалған сөйлеп жалтаруға хақым жоқ.
Жаппар Ием!
Жасық жырдан сақтай гөр,
Дәмсіз, сөлсіз сорпасында татым жоқ, – деп, алдына үлкен мақсат қоя білді. Ата-бабамыздың алтын жамбысындай сөз мұхитына мұқият үңіліп, сексеуілдің шоғындай ыстық сиқырлы сөздерден сыбызғының үніндей нәзік өлеңдер тудырды. Қай тақырыпқа қалам тартса да, жырлары шынайылығымен баурайды. Мысалы, Құлан ауылында болған сұрапыл зілзала зұлматын өз көзімен көрген ақын:
Қадалғанда зілзаланың жебесі,
Тоқтай жаздап қалды тірлік кемесі.
Көктегі күн құлап түсер секілді,
Көз алдымда тұрды ажал елесі.
Бір-ақ сәтте қақ бөлініп шаңырақ,
Зор апаттан қалды ауыл қаңырап.
Атамекен ақыл-естен айрылып,
Жетім қозы сияқтанды жамырап, – деп жұртпен бірге күйзелді.
Алты Алаштың баласы бір кісідей бауырмалдық танытып, жәрдем бергенде, ел алғысын жырмен жеткізді, сондай-ақ Байзақтағы жойқын жарылыс та ақын жүрегін қан жылатып «Байзақтағы жарылыс» деген толғау жыздырды.
Әдебитеміздің қара қылды қақ жарған айтулы сыншысы Сағатхан Әшімбаевтың «Поэзия – жүрек сөзі» деп айтқаны бар, себебі толас таппас тіршіліктің тынысы, уақыт лебі, дәуір демі ақын жүрегін бейжай қалдырмасы анық. Туған жердің табиғатын жан-тәнімен сүйетін ақын «Жер – ана» деген өлеңінде:
Аң мен жәндік, жануарлар паналап,
Құшағыңда ғұмыр кешер ғаламат.
Бәрі өзіңнің перзенттерің, Жер – ана,
Табиғатты қорғау – бізге аманат, – десе,
«Жарық күнде»: – Бай, кедей деп алаламай халықтың,
Бәріне де бауырмалдық таныттың.
Мынау байтақ ұлы Дала, ел үшін,
Мәңгі жаса, мәртебелі Жарық Күн!, – деп, оқырмандарын жердей дарқан, күндей кең пейіл болуға үндейді, олардың қайсарлығы мен қуатын үлгі етеді. Сондай-ақ «Наурызға» арнаған жырда:
Күміс қазық қақтырған,
Жібек желі тарттырған,
Уығы алтын үй тігіп,
Салтанатыңды арттырған.
Омырауы түймелі,
Барша жанға сүймелі,
Табанында бүрі бар,
Анаға бас игелі,
Келші, Наурыз – Жаңа жыл!, – деген шумақтардан халқымыздың бай тілімен сусындаған мәдени талғамы жоғары жанның ардақты аналарға тағзымын, құрметтеуін көрсек, Жамбыл бабамызға арнаған өлеңінде:
Асаңды ұстар тұяғың болсам деп ем,
Жаңа туған айға ұқсап толсам деп ем,
Үзеңгісі үзбе алтын пырағыңның,
Үстіне бір сәт, шіркін, қонсам деп ем! – деген асыл арманын әдемі өрнектеген ақынның, ана тіліміздің байлық қазынасын шебер меңгергенін, рухани тамырдан нәр алғанын байқау қиын емес. Камал Смайылов «Қазақстан ХХІ ғасыр» деген мақаласында: «Қазақстан байлығы 1 миллиард адамды асырауға жетеді», – деген еді. Шындығында, Қазақстан жеріне 6 Франция, 21 Англия сиятын ұлан-байтақ даласын қорғайтын және оның қызығын көріп тамашалайтын алтын құрсақты аналарды дәріптейді.
Мысалы «Дәріжан ана рухына» деген өлеңінде:
Он төрт перзент туған Батыр ана едің,
Шаңырақтың шаттығы едің, сәні едің.
Ұқсатушы ек бесік пірі Ұмайға,
Ұлағатты, сөзі сусын дана едің.
Ата-баба салт-дәстүрін сақтаған,
Әйел едің жар сенімін ақтаған.
Бәйдібектің Нұриласы сияқты,
Құлындарын тұлпар етіп баптаған, – деп жазыпты.
Алтын уық, жібек баулы отауынан сәби дауысы естілетін мейірімді Дәріжан анадай мәрт мінезді әйелдердің көбеюін тілейді. Ұлы Абайша айтқанда «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» өлеңдерін оқыған сайын авторға деген ықыласымыз арта беретіні рас. Дегенмен, қорғасындай салмақты ой мен сананы сергітер ойнақы образдарды кестелеп, Қыз Жібектің көз жауын алар сұлу көшіндей көркем дүниелер жазу оңай емес.
Ұзын сапты найза мен алмас қылыштың күшімен ел қорғаған, халқының ар-намысын ту еткен Сыпатай, Жауғаш, Ақкөз батырлардың бойларындағы қиямет күштілік, ақыл-парасаттылық, адалдық қасиеттерін сомдаған «Алтын көпір», «Ақкөздің ақталуы», «Сыпатай батыр мен Қоқан ханы Құдияр» деп айтылатын жырлары оқырман қауымнан әділ бағасын алғаны шындық. Автордың жүйрік қиялы тарихи деректерді шеберлікпен пайдаланғаны «Қымбатты қимас жеңешем» мен «Фатима» өлеңдерінде анық көрініс тапқан. Әрине, шағын мақалада Шырын Мамасерікованың барлық шығармаларын түгел жан-жақты талдау мүмкін емес. Сөйтсе де жалғыз ұлы полиция капитаны Жақпар Аспетов қайтыс боғанда жазған өлеңдері көзге жас келтіреді:
Сайда саным, құмда ізім қалмады,
Жар дегенде жалғызымды жалмады.
Қу томардай бар бұтағы өртенген,
Қор еткенше неге құдай алмады?! – деп күйзелген ананың ащы жан айқайы естіледі.
Қарапайым ауылдан қанаттанып ұшып, жастық жалынның жебеуімен өмір атты асау тұлпардың жалына жармасып, ақындықты армандаған таза уыз сезімін шыңдап, шабытты шығармалар жазып жүрген ақын Ш.Мамасерікова «Жыл құстары», «Гәкку», «Назерке», «Нәзік нақыш», «Өмірімнің әр жолы – өмірбаян», «Әулие бабам Сыпатай», «Асылдың сынықтары», «Фатима», «Бақыт», «Шапағат нұры», «Арман гүлі», «Тәуелсіздік тартулары», «Елге деген махаббат», «Атамекен» деп аталатын 15 жинақ шығарыпты.
Бір кездері «Қазақстан әйелдері» журналы мен «Еңбек туы», «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде жырлары жиі жарияланатын Шырын ақын жайлы республикалық телеарнадан кезінде «Келбет» хабары түсірілгенін білеміз. «Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағына ие болды, «Құрмет» орденімен мараптталды. Меркі ауданының Құрметті азаматы атанды. Мұның бәрі Тәңір берген талант пен жанкешті еңбектің арқасы екені даусыз. Екі рет аудандық Кеңеске, бір рет аудандық Мәслихатқа депутат болып сайланды. Поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар ақын Шырын Мамасерікованың періште көңіл отты жырлары оқырмандарын қуанта берері сөзсіз.
Жанат СҮЙІМҚҰЛОВА,
Меркі аудандық орталықтандырылған
кітапханалар жүйесінің директоры
Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары
01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3!
30 июнь 2026, Вторник
Тәрбие жұмысына бәріміз жауаптымыз
30 июнь 2026, Вторник
Похожие материалы:
Комментарии (0)








