Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

Мерей

30 апрель 2021, Пятница
120
0
Жасымыздан жыр оқуға құмар болдық. Қол сөмкемізде үнемі ақындардың жыр жинақтары жүретін. Жол жүргенде, болмаса көлік күтіп қалғанда, дереу үңіле кететінбіз. "Сөз патшасының" құдіретін өз әлімізше ұғынған да сияқтымыз. Ең бастысы, поэзия арқылы адамдарды жақсы көруді, оның тылсым құдіретімен адам жанын сезінуді үйрендік. Иә, жанымызға жақын, жүрегімізді шын баураған, өрнекті өлеңдерімен өремізді өсірген, жырлары жан-дүниемізді нұрландырған қазақтың ақын қызы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова 75 жасқа толды.  Баспасөз беттеріндегі ол кісі туралы ел-жұрттың жақсы сөз, жылы лебіз, ыстық ықыласының аз болмауы жай жоспарлы дүние емес. Бұның бәрі халықтың сүйікті ақынына, сүйкімді қызына деген шын махаббаты болуы керек  деп ойлаймын. Ақынның өзінен асып бірдеңе айта алу мүмкін де емес. Себебі, үлкен ақын туралы әңгіме айту үшін де үлкен білім, биік өре керек. Бірақ қазақта пейіл, ниет деген бар ғой. Өлеңдерін сүйіп оқыған оқырманы ретінде адал көңілімді, ақ пейілімді білдіргім келеді. Нәзік те сыршыл  ақынның өзінің тап-таза жанындай табиғи, таңғы шықтай мөлдір, соншалықты мейірімге тұнып тұрған өлеңдері туралы жүрек сөзін айтсақ, мынау қатайып тұрған қоғамға сәл де болса әсер етер ме еді, қайтер еді?! Әлде, кітап оқуды қойған қазаққа бәрібір ме екен?
Қазақта «өр ақын», «ер ақын», «қайсар ақын», тіпті, «тентек ақын» деп өлеңдерінің мінезіне қарай ақындарды бағалайтыны да рас. Ал, Күләш мүлде бөлек ақын.  Оның жырлары мейірімге тұнып тұр.  Оқып көрейік. 
...Үй тып-тыныш, қуанады жан-жүрек,
Әйнекті ашсаң соғар салқын, қарлы леп.
Ән сап жүріп, әсел қосқан құймақты
Өзің үшін пісіремін дәмдірек.

Бұлт ішінде жүгіріп жүр ай-киік,
Әйнекті жап, ауырмашы қайғы үйіп.
Қысқы түнде жып-жылы үйде нұрланып,
Бергенімнің өзі қандай шай құйып!.. 
Отбасылық өмірдің бір ғана сәті. Қандай әдемі өрілген! Күйбеңі мол тірлікте біз байқай бермейтін жылылық. Осы жылылық емес пе, шаңырақтың шаттығын еселейтін, осы мейірім емес пе, босағаны берік ұстап тұратын. Осы жолдарды оқыса ғой жас отау иелері! 
Ұлы түрік ойшылы Фетгуллаһ Гүлен «Мүмкіндігінше мейірімді бол, тіпті, ол теңізден де терең болсын! Иманыңнан жанып жігер ал және адамды сүй, көңілін қаяу шалғандарға назар сал» дейді. Иә, ойшылдың үніне қосар теңізден де терең мейірімге тұнған өлеңдер Күләш Ахметованың шығармашылығында өте көп. Ақынның мына өлеңін тебіренбей оқи алмайсың.
...Дейді көңілім «Үшаралға ұш, орал!»
Ұшсам саған ыстық самал құшар. Ал,
Түндерің ше? Гауһар жұлдыз мұхиты,
Сенен басқа еш жерде жоқ, Үшарал!

Гауһар еді, жұлдыздары от еді,
Сыңғырлаған даусы жерге жетеді.
Сүттей жарық түндеріңді ойласам,
Жүрегіме жұлдыз толып кетеді...
Жүректегі жымыңдаған сансыз жарық жұлдыз мейірім жұлдызы емес пе? Туған жері Үшаралына жылуын төккен жыр-жұлдызы емес пе?! Жұлдыз мәңгі жарқырап тұрмай ма? Ақынның жұлдыз-жүрегінде қара даққа қайдан орын болсын? «Қараңғылықты мың-сан рет қарғай бергенше, бір рет шам жақ» деген тәмсіл бар ғой. 
Ақынның жырлары жарық күн сияқты. Күн бүкіл әлемді нұрландырады, тіршілік атаулыға жылуын береді, нәрлендіреді. Ал, Күләш жырлары жаныңды сәулелендіреді, оны оқып отырғанда, мына жер бетінде жамандық атаулының бар екендігіне сенбейсің. Тіпті, кейде "Дәрігерлік мамандығы бар ақын жалпақ жұртты қатыгездік дейтін кеселден айықтыратын "мейірім жыры" деген дәрі ойлап тапқан ба?" деп ойлап қаласың. Адам баласына тән саулығы болса да керек, ал, жан саулығы ше?! Жан дертін жауһар жырлар емдесе керек-ті. 
...Соншалықты махаббатпен сүйген даласы судан қаталап, шөл басқанда, көңілі құлазып, жүрегі жылайды.
Мөлдіреп толықсыған көл, қайдасың?
Көктемде тасынатын сел, қайдасың?
Сұлуға суға келіп шашын жуған,
Айнакөл ұсына алмас енді айнасын.

Сақтаудың таппадық па, тіпті амалын,
Басыпты-ау құмырсқалар құтты алабын.
Үш көлім Үшаралдың жолындағы,
Сендерді шөлден қалай құтқарамын?..
Сенің де жүрегің ауырады. Табиғатқа жаның ашиды. Көз алдыңда жоғалып бара жатқан сұлулыққа өзіңді кінәлідей сезінесің. Шарасыз күйге түсіп, ақынмен бірге қамығасың. Бұл да жырдың құдіреті ғой. Қайда жүрсе де жүрегінің бір түкпірінен орын тепкен Үшаралын есінен бір сәт шығармайтын аяулы ақын қыздың Ертіс өзенін көргендегі көңіл-күйін тебіренбей қабылдай алмайсың. 
Ертіс бойын жағалап ұшар әнім,
Тұнығынан иіліп іше аламын.
Кенет... түсті есіме шөлдеп жатқан
Ауылым менің – құйттай Үшаралым.

...Құлағыма көңілсіз күй келеді,
Сарғаюда су жетпей жиделері.
Ыстық желден қураған жапырақтар,
Сөйлер еді, су келсе, билер еді,  – дейді.
Алыста жүріп те  туған жерін аялай сүйеді. Ақынның туған жеріне деген махаббаты мөлдіреп тұр. Тіпті, сол сәтте жанары жасқа толып, бір тамшысы мөлдір шумақ болып үзіліп түскендей ме, қалай? Еркелеп ағып жатқан Ертіске қызыға қарап:
...Ертістейін бір өзен керек еді,
Елі жомарт, жері бай сол аймаққа, – дейді ақын әрі шарасыз, әрі үмітті күйде күрсініп. Сосын,
...Ұлы Отанды, өзендер, аралаңдар,
Менің құйттай аулымды ұмытпаңдар! – деп наздана, еркелей өтінеді. Ақынның туған жерге деген ұлы махаббатын, ештеңемен өлшенбейтін сұлу сүйіспеншілігін  кейінгі толқын жас балаларға үлгі етсек қандай жақсы! Ұлы даласын үлкен жүрекпен жырлаған ақын енді бірде балаларына деген аналық мейірімін төгіп-төгіп жібереді.
Я, Раббым!
Жазира мен Жарқынды жеткізе гөр,
Жебей гөр, туса қиын сәттер егер.
Талпынғанда тауаны қайтпайтұғын,
Табан тірер таудай нық бақ бере гөр!

Жасанып жылжығанда заман-көштер,
Жаратқан, менің екі баламды ескер.
Жалғанда арманда боп опынбасқа,
Асыл жар, алтын орда, адал дос бер!
Көзінің қос қарашығындай екі балапанының болашағына соншалық алаңдаулы, бар нығметті рақымы шексіз Жаратқаннан күтетінін риясыз жеткізеді. Жер бетіндегі барлық аналар секілді балаларының бақытты болуын қалайды. Осы өлеңінің соңғы жолдарының жалғасындай мына бір шумаққа назар салсақ, тіпті, жүрегің езілердей.
...Қос өзен қосыла ма, қоса аға ма,
Қуаныш соның бәрі осы анаңа.
Шаттық боп келші, жаным, шаңыраққа,
Бақыт боп келші, жаным, босағама...
Жаңа түскен келінді аналық махаббатпен, сүйіспеншілікпен, үмітпен қарсы алған ақын ананың үлкен жүрегінен төгілген жылы жыр алғаш көрген сәттен-ақ жас келінді аялай сүйіп, сүйе тұрып, «қос өзен қосыла ма, қоса аға ма?..» деп жауапкершілік те жүктеп, үміт те артып тұрған жоқ па? Өзіңді шаттыққа бөлейтін нәрселердің басқаларды да қуантқанын қалайсың! Күләш ақын осы өлеңі арқылы барлық енелердің басынан өтетін ең бір тебіреністі сәтті толқи жырлайды. Әр ененің жүрек сөзі. 
Қарағандылық кинорежиссер Қаршыға Иген «Пеш» атты фильмі бойынша тілшіге берген сұхбатында  былай дейді: «...Неге екенін, осы күні адамдар бір-біріне жат болып бара жатқан сияқты көрінеді. Әйтеуір, өзімді мейірімге зәру адамдардың ішінде жүргендей сезінемін. Біз бәріміз үлкен бір мейірімге зәруміз...». Расында, қазір адам баласына не қажеттің бәрі бар. Бар болған сайын жоқ. Сонда не жоқ? Мейірім! Бұрын болған. Ол кезде жұрт жаппай кітап оқушы еді, ондағы мейірімді кейіпкерлерге ұқсағысы келетін. Оқи отырып, бірге жылап, бірге күлетін. Мейірімге тұнған жырлар оқитын, тіпті жаттап алатын. Адамдар солай тәрбиеленетін, бірін-бірі тәрбиелейтін. Образға еніп, сол кейіпкердің тілімен сөйлейтін. Жас-кәрінің бәрінің қолынан кітап түспеуші еді, бүгін бәрі басқаша... Сонда да үміт үзбейсің. Кітапқұмарлық қайта қалпына келетініне сенгің келеді. Өйткені, адамдар осыншама барлықтан, байлықтан шаршайтын шығар. Рухани дүниеге ұмтылатын болар. Ойлай берсек, «ой көп, уайым одан да көп». Ақын жырына жүгінейікші:
Жүрекке мейірім мен жылу көмек,
Сүйсінбеуге бола ма сұлуға ерек?
«Ойлай берсең ой да көп, уайым да көп»,
Шыққан күнге қуана білу керек!

Шындығында, адам баласы мынау қарбаласқа толы, тұрмысқа сана құрсауланған заманда таңның атқаны мен күннің батқанын аңғарудан да қалып бара ма, қалай?! Ақын зулаған жылдар, асыққан айлар әр күннен құралатынын, адам үшін күн сайын атқан таңды аман-сау көрудің өзі бақыт екенін ескертетіндей. "Шуақ шашқан сұлу күннің шұғыласына шомылып алған адамның қуанышы көп күйзелістің жолын кесуі мүмкін-ау" дейсің шын көңілмен. Табиғатқа, шексіз жаратылыстың мәңгілік сұлулығына ғашық ақынның кіршіксіз көңілден шыққан, мөлдір тамшылардан тұратын осынау жыры жаныңды нұрға бөлейді. «Нағыз өмір – жүректің әмірімен өмір сүру, яғни рухани өмір. Сана-сезім мен жан тазалығы – рухани өмірдің нәтижесі» деп ғұламалар айтса айтқандай-ақ, Күләш Ахметованың өзі жырлағанындай:
...Туған далам, төсіңде бұлғаңдаған,
Бұлағыңмен бетімді жуғанда анам,
Туралық пен мөлдірлік тұнған маған,
Сол сезіммен жырлаймын тұлғаңды әман.
Қазақ поэзиясының мейірімді жұлдызы мөлдіреген жырларымен ғаламды шаң-тозаңнан тазартып, жаураған жүректерге шуағын төге бергей!

Зеберкүл ШАРДАРБЕКОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
ардагер ұстаз.

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Жазылым – 2020
27 май 2020, Среда
Жазылым – 2020
Шын.дық
28 август 2020, Пятница
Шын.дық
Абай-дара, Абай-дана
28 август 2020, Пятница
Абай-дара, Абай-дана
Алаш арыстары
19 март 2021, Пятница
Алаш арыстары
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры