ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ
Біздің ауданның ардагерлері «Ғұмыр-Дария» газетін қызыға оқиды. Үлкендеріміздің төл басылымына айналған бұл газеттің жөні бөлек біз үшін. Қазір биылғы жылдың екінші жартыжылдығына баспасөзге жазылу науқаны аяқталып жатыр. Қорытындысы шығарылуда. Бұл жолы да ардагерлеріміз төл газеттеріне жазылуда ұялтқан жоқ.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші баспасөзге жазылу науқаны кезінде біздің кәсіпкерлеріміз біркісідей қолдау көрсетіп жүр. Нақты мысалға жүгінетін болсам Ақбастау ауылдық округіне қарасты елді-мекендерде тұрып жатқан ардагерлеріміз қырық данадан астам «Ғұмыр-Дария» газетіне жазылды. Осы ауылдық округіне қарасты Шоқай ауылының 15 ардагеріне осы ауылдан шыққан кәсіпкер азамат Алмас Алтынбекұлы Тұмабеков «Ғұмыр-Дария» газетін жаздырып берді.
Шыны керек «Ғұмыр-Дария» газеті бүгінде оқырмандардың көңілінен шығатын басылымға айналды. Бұл газеттің бетінде тағылымы мол, тәрбиелік сипаттағы мақалалар жиі жарық көреді. Ардагерлер өмірі туралы да осы газеттен біліп отырамыз. Бір сөзбен айтқанда газет рухани азығымызға айналған.
Басылымға жазылу кезіндегі алдымыздан шығатын бір қиындық – пошта тарпынан газеттердің жазылушыларға дер мезгілінде жетпеуі. Осы қиындықты ескеріп ардагерлер ұйымдарының бастамасымен Айша-Бибі ауылдық округі бойынша Набира Әбілова, Ақбастау ауылдық округіндегі Шоқай елді-мекенінде Гүлжан Алдиярова, Қаракемер ауылдық округі бойынша Жемісгүл Оразова өз еріктерімен газеттердің таратылуына қол ұшын беретін болып келісті. Мұндай бастамаға басқа ауылдық округтер тарапынан да қолдау болады деген сенімдеміз.
Жақында Шоқай ауылында болып қайттым. Осындағы қариялардың барлығы Алмас бауырымызға ризашылықтарын жеткізуде.
Аузы дуалы бір қариямыз :
– Алмастай іскер азаматқа алғысымыз шексіз. Жыл сайын бізге ардагерлердің төл басылымы – «Ғұмыр-Дария» газетін жаздырып беріп жүр. Биыл да солай етті. Осындағы барлық қариялардың атынан ісінің өрге басуына тілек білдіре отырып, өмірі ғұмырлы, табысы дариядай мол болсын деген ақ батамызды береміз, – деді.
Біз де осы бір жақсы тілекке қосыламыз. Үлкендерге рухани азық сыйлаған Алмас сияқты табысты кәсіпкерлер көбейе берсін.
Сембек ПІРІМҚҰЛОВ,
Жамбыл аудандық ардагерлер
кеңесінің төралқа мүшесі, Дүниежүзі қазақтары
қауымдастығы Жамбыл
аудандық кеңсесінің
басшысы.
ТІЛ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНЫ
Тіл – ұлттық белгі, халықтық мұра, дүниетаным құралы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, болмысы.
Біздер – аға буын өкілдері қазақ тілінің, мемлекеттік тіліміздің мәні мен мағынасы жоғары екенін жастардың санасына сіңіру аталық және аналық парызымыз деп білеміз.Тіл – біздің жанымыз, біздің жастар жанның не екенін білмейді, сондықтан жанды білмеген адам тілді қайдан білсін. Бала алдымен қайдан пайда болғанын білуі керек. Жанды білу үшін дінді білуі керек. Егер бала тіл мен дінін, мәдениетін, тарихын білсе ұлттық құндылықтарды білгені, ол бала ешқашан адаспайды.
Ұлтты ұлт етіп тұрған екі темір ғазық – тіл мен дін. Екеуі өріліп ұлттың болмысын қалыптастырады. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілі – ата-бабалардан қалған мұра. Қазақ тілі – қазақ болу үшін, ал дініміз – адам болу үшін, салт-дәстүрлеріміз – ұлт болып қалыптасу үшін қажет.
Біріншіден балаларды, жастарды қазақ тілін жетік білуге және шебер сөйлеуге барынша ынталандыруымыз қажет. Олар үлкендердің ақ батасын алып өссе жаман болмайды. Содан кейін дастарханға бата беру дәстүрі әр отбасында қатаң сақталуы керек.
Екіншіден балаларға жастайынан мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерін жаттатып,тағлымы мен тәлім-тәрбиесіне мән берген жөн.
Үшіншіден тіл тәрбиесіне ата-ана өзі көңіл бөлуі керек. Өзі орысша шүлдірлеп, балаға қазақша сөйле деген ата-анада не қадір-қасиет бар?
Төртіншіден ұлттық өнерімізді барынша насихаттауымыз керек. Тіліміздің тұғыры биік, ғұмыры ұзақ болған сайын қоғамдық дамудың қажеттілігіне жарайды.
Өз тіліме өзім қайран қаламын,
Бұл – тілі ғой ұлы Абай дананың
Бұл – тілі ғой Мұқағали, Қадірдің,
Сөздерінен тәлім-ілім алатын.
Қазақ тілі қайырымды,қуатты,
Сәулесіндей арай күннің шуақты,
Жылы сөзбен жетімдерін жебесе,
Мүгедекке қолдау жасап жұбатты. – деген жыр жолдарымен осы жазбаларымды қорытындыласам деймін. Өз тілімізді өзіміз құрметтейік, қадірлі қандастарым!
Данен БЕЙСЕНБАЕВА,
ардагер ұстаз,
Шу аудандық ардагерлер
кеңесінің мүшесі
Бабалар сөзі
Жақсы – көргенін айтады, жаман – жегенін айтады.***
Жақсы сөзге – жан семіреді.
***
Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз,
Жаманнан жақсы туады, адам айтса нанғысыз.
***
Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа,
Жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа.
***
Жалғанда сүйерің – от, Ақыретке күйерің – от.
***
Жалғыздық – Бір Құдайға ғана жарасады.
***
Жаман күйеу – қайынсақ.
***
Жаман – сыйлағанды, сиыр – сипағанды білмейді.
***
Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын.
***
Жаңа байдан қарыз алма, ескі байдан қол үзбе!
***
Жаңылмайтын жақ болмас, сүрінбейтін тұяқ болмас.
***
Жапалақпен тасты ұрсаң да, жапалақ өледі,
Таспен жапалақты ұрсаң да, жапалақ өледі...
***
Жарғанатқа – жарықтан қараңғы артық.
***
Жатқанға – жан жуымайды,
Жүргенге – жөргем ілінеді.
***
Жау жоқ деме – жар астында, бөрі жоқ деме – бөрік астында.
***
Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты.
***
Жерден тапсаң да санап ал, жан-жағыңа қарап ал!
***
Жығылып жатып сүрінгеге күлме.
***
Жүрген аяққа жөргем ілінеді.
***
Жыланды үш рет кессе де кесірткелік қауқары болады.
***
Жылқы малы ысқырса – желдікі, айдаса – жаудікі.
***
Жыртық үйге тамшы жау...
***
Өзің білме, білгеннің тілін алма...
***
Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар.
***
Өзіңнен тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас.
***
Өлген арыстаннан тірі тышқан артық.
***
Өнбес дауды – өспес ұл даулайды.
***
Өнер алды – қызыл тіл.
***
Өнерді үйрен де, жирен.
***
Өнерлі өрге жүзеді.
***
Өлімнен – ұят күшті.
***
Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды.
***
Ораздының баласы – он бесінде баспын дер,
Қас сорлының баласы – 25-інде жаспын дер.
***
Өзен жағалағанның өзегі талмайды.
***
Өзі жақсы кісіге – бір кісілік орын бар.
***
Өзі тоймағанның сарқытын ішпе!
***
Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?
***
Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі.
***
Пайданы басыңа қыл, басыңнан асса, досыңа қыл...
Жинақтаған Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (2)