АНА ТУРАЛЫ АҢЫЗ !!!

Апам ауылда өте сыйлы кісі болды. Тек мақал-мәтелмен сөйлейтін. Айтқан сөздері орын-орынына дөп тиіп жататын. Ешкіммен сөзге келгенін көрмеппін. Ауыл үйдің арасында көрші-қолаңның балаларын жылатып қойсам ата-аналары шағым айтуға келгенін ұмытып апамның қою күрең қаймақ қатқан шәйін ішіп мәз боп қайтатын. Алыс-жақын құда-жекжат, абысын-ажын арасындағы дау-дамайдың нүктесін қоюға көбіне апама жүгініп жататыны есімде. Шешем «Халық жауы» Ақмедия Сармолдаевтың қызы еді. Ақмедия нағашымыз 1932 жылы Арқадан ауған елді бүгінгі Жамбыл облысы Сарысу ауданына тұрақтандырып, азып-тозып күйзеліп келе жатқан халықтың ас-суын қамдап көңілін демдеген ұлт зиялысы еді. Сәкен Сейфуллинмен дос-жарандығы, рухтас пейілі нағашымызға зауал боп төнді. 37 жылы Ораз Жандосовпен бірге атылып кетті. Шешем ол кезде 11 жаста болатын. Анамыздан көп өнеге алдық. «Кісінің ала жібін аттама» деп отыратын. «Аққа Құдай жақ» деген сөзі әлі құлағымда тұр. Менің анам дана кісі еді. Қайсы бірін айтып тауысайын?! Апам түсімде мені ылғи құшақтап бауырына басып тұрады. Ақ сүтінің жұпарын сезінем. Апамның көзіне қараймын. Апамның көзі Құдайдың көзі сияқты. Әділ, мейрімді, таза!!!
Ауылға барған сайын басына барып дұға бағыштаймын. Және мына жырды оқимын. Бұл жырдың аты «Ана туралы аңыз» деп аталады...
Таулардан асу – төбеден асу емес пе.?!
Шыңдарға шығу – шыққандай шығар белеске.
Ақ жүзі мәңгі айналып кеткен елеске,
Анамды көрсем... бір рет көрсем болғаны.
Теңізді кешіп өт десе қазір өтемін,
Мұхитқа түсіп құлаштай жүзіп кетемін.
(Түсінесің бе, сағыныш деген не екенін?!)
Анамның бір рет дидарын көрсем болғаны.
Жалғанда жалғыз сен едің Алла, сенгенім
(Анамды көрсем-сені де Алла көргенім!)
О , Алла, әппақ ақ тілегімді бер менің!!!
Анамды көрсем... бір рет көрсем болғаны.
Өмірге келіп Анамды көріп қуанғам,
Өмірден Анам қайтқанда жасым суалған.
Уағдалы сөзі уағынан таймас уа, Аллам!
Уағдалы күні Анамды көрсем болғаны...
Маралтай Райымбекұлы
Обсудить
Блок в статье:
ТЫЛ ЕҢБЕККЕРЛЕРІ АҒАШ ОТЫРҒЫЗДЫ
12 май 2025, Понедельник
Президент анасы туралы естелігін бөлісті
12 май 2025, Понедельник
Мерекеге орай құрмет көрсетілді
12 май 2025, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)