Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » АҒАЙЫНҒА АЙТАРЫ БАР

АҒАЙЫНҒА АЙТАРЫ БАР

28 январь 2025, Вторник
28
0
Ағайындардың кезекті бір отырысында дастарханда өткен-кеткенді еске алып отырдық. Ал мен, мені осы ағайындардың ортасына алып келген Зоя апаны еске алдым. Үйге келген соң сарғайған ескі суреттерді ақтарып, біраздан бері беттері ашылмаған қойын дәптеріме үңілдім. Сөйтіп отырып Зоя апаның көмескілене бастаған асыл бейнесіне, ақжарқын келбетіне тағы бір мәрте ой жүгірткендей болдым. Осы ой тізгінін жалғастырып Зоя апа туралы жазуды жөн көрдім. Өйткені өмірден өткен жақсыларды кейінгі ұрпақ біле бермейді. Көзкөргендер болмаса түсінікті болу үшін Зоя апаның өмір жолына аз ғана тоқтап өтейін.
Зоя Оспанқызы Архабаева 1939 жылдың 28 ақпанында ауданымыздың Бурыл-Байтал ауылында дүниеге келді. Шығанақ орта мектебін, Жоғарғы партия мектебін бітірген. Ауданның өркендеуіне, ауылдың көркеюіне 40 жыл еңбек етіп үлес қосқан, бар өмірін ауданға, ауылға арнаған жан. Еңбек жолын 1956 жылы аға пионер вожатый қызметінен бастап, комсомол жолдамасымен тың игеруге қатысқан. 1967-1971 жылдары аудандық кеңес атқару комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1971-1979 жылдары аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 1979-1984 жылдары ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағы аудандық ұйымының төрайымы қызметінде жүріп зейнетке шықты. Тың игерудің 25, 50 жылдық мерекелік медалдарының және "Еңбек Қызыл Ту" орденінің иегері. 2005 жылы ауданның Құрметті азаматы атағын алды. Өмірге 6 ұл-қыз әкеліп, аялап өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелермен өмірі өрлеген әже. 45 жасында отағасын жер қойнына тапсырып, бала-шағасына өзі әке де, ана да болып, отбасының қамал қорғаны болған ардақты ана.
Банкте қызметте жүргенде Зоя апаны жиналыстарда жиі көретінмін, кейде қонақта дастархан басында кездесіп жүрдік, сәлеміміз түзу, бірақ етене араласып кеттік деп айта алмаймын.
Кеңес Одағы ыдырап, мекемелер қысқарып, орта жаста жұбайымыз екеуміз жұмыссыз қалдық. Өмірді мамандығымызға келмейтін басқа арнаға бұруға тура келді. Сол кездегі білім беру бөлімінің бастығы Мақсат Сейдалиевтің көмегімен 1998 жылы жұбайым запастағы офицер болғандығының арқасы шығар, алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі болып, Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясына жұмысқа тұрды. Өзім 1999 жылы мектептің тозып, қираған бір бөлмесін алып, отбасымызбен жөндеп асхана ашып, жұмысқа кірістік. Жұбайым екеуміз жаңа өмір, жаңа белестерді бағындыруды бастадық. Жұмысымды бастаған күні Зоя апам бауыр тартып, үлкен басымен келіп, шашу шашып, жылы лебізін айтты. Ол кісі де көрші бөлмеде тірлік жасап жүр екен. Сол күннен бастап қарым-қатынас басталды, түскі асты бірге ішетін болдық. Жасым кіші болғандықтан және жұбайыма түскі ас әзірлейтіндіктен, асқа шақырамын. Отбасымызбен араласа бастадық, балаларым Зоя апа деген соң менде Зоя Оспановнаны қойып, Зоя апаға көштім. Жаңа жұмысқа үйрене бастаған шақта жұбайым дертке шалдығып, 55 жасында өмірден өтті. Зоя апам қолдап, қорғап, жанымда жүрді, өмірден көргені көп кісі ғой , ақыл-кеңесін баппен айтатын. Жұбайым қайтыс болған соң тұйықталып, ешқайда шықпай мөлтілдеп жылай беретінмін. Бір күні Зоя апам қатқыл үнмен «Көтер еңсеңді, көз жасыңды тый, ел-жұртқа күлкі болмай, жалғыз сен емес бәрімізде қалғанбыз, қалған бала-шағаға шүкір ет» - деп зекіп тастады. Жанынан қалдырмай барған жеріне алып жүрді, үйіне шақырып, қонақ ететін. 
Ағайындармен араласып, ортасында жүргеніме 20 жыл болыпты. Жақындарымнан Орынбай аға-Күләш тәте, Райзо аға, Шаттан-Доғдыркүл, Таласкүл құрдас, Стамқұл аға, Зоя апам жоқ бұл күнде арамызда. Марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Алланың рақымы қонсын. 7 отбасы сыртқа қоныс аударды, той-жиындарда кездесіп тұрамыз. 8 отбасы ай сайын дастархан басында кездесеміз. Үлкені болып Әйкен жеңге, Қарлығаш тәте, Сәбит Оразымбетов және мен төрде отыратын жағдайға келдік. Кезінде Зоя апаға «Араласпаған ортада не істеймін керегі не?» - деп айтқанда «Жер орта жасынан астың, ағайынның ортасында жүргенің дұрыс болады» - деген. Көреген апам менің алдағы өмірімді ойлаған екен ғой. Бүгінде ағайындар ортасында сый-құрметке бөленіп жүргеніме қуанамын, ағайындарға көп рақмет.
Зоя ападан тағылым-тәрбие алдым, сабыр, тапқырлық, әдеп-ұстанымы, сері мінезіне куә болдым, жақсы ісін көрдім. Жұмсақ үнімен, майда тілімен көптің көңілін табатын, талай отырыста келеңсіз әңгіме туса, әңгіме ауанын басқа жаққа аударып, ән бастап кететін, не ортаға шақырып билететін. Сабырлы қалпына, тапқырлығына таңқалатынбыз. Қазақша, орысша әндерді жақсы орындайтын. Бұл да бастан өткен, келмеске кеткен дәурен. Орта тыныштығын сақтап, ренжігенін білдірмей әдеп сақтайтын, дауыс көтермейтін. Халқына қызмет көрсетті, есімі ел есінде. Ауданға, ауылға көрсеткен қызметімен ағайын-туыс, құда-жекжат, отбасы, орта тыныштығын, ынтымақ-бірлігін сақтап, сый-құрметке бөленген жан. Еңкейгеннің еңсесін көтеріп, жылағанның жанын жадырататын Зоя апа тірі болса 85 жасқа толар еді, амал не 80 жасында 2019 жылдың 13 желтоқсанында мәңгілік жайына кетті.
Артында өсіп-өнген ұрпақтары, қызмет іздері, игілікті істері қалды. Ағайын мен туғандар жүрегінде айтып жүретін жылы сөзі, әдемі жүзі, ақжарқын көңілі есімізде.

Жібек МӘЗБАЙҚЫЗЫ,
еңбек ардагері,
Мойынқұм ауылы.
Обсудить
Блок в статье:
АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАН 31 январь 2025, Пятница
Ертегімен әлдиленген 31 январь 2025, Пятница

Похожие материалы:

Өнердің өз адамы
28 май 2021, Пятница
Өнердің өз адамы
Жағымды жаңалық
29 апрель 2022, Пятница
Жағымды жаңалық
Біздің белсенділер
29 апрель 2022, Пятница
Біздің белсенділер
ЖАҢАТАСТЫҢ АЛҒАШҚЫ СОТЫ
14 ноябрь 2024, Четверг
ЖАҢАТАСТЫҢ АЛҒАШҚЫ СОТЫ
Ашық турнир
13 декабрь 2024, Пятница
Ашық турнир
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры