
Қазіргі қоғамда асыра мақтау, өтірік айту, уәде бере салу, жағымпаздық сынды қасиеттердің белең алып тұрғаны жаcырын емес. Крыловтың "Түлкі мен қарға" туралы аңызын оқыдыңыз ба? Аузында ірімшігі бар бағана басында отырған қарғаны көрген түлкі оны жөн-жосықсыз мақтай жөнеледі, тіпті бұлбұлға теңеп, одан да өткен әншісің деп соғып жібереді. Мақтауға еліккен байқұс қарға түлкінің айтқанына сеніп, оның қалауымен ән салмақ болады. Сөйтіп, "қарқ" еткенде аузынан ірімшігі салп етіп жерге түседі. Ірімшікті қақшып алған түлкі арманы орындалған соң қарғаны жайына қалдырып табанын жалтыртады. Жағымпаздар да солай, қолында билігі, байлығы бар адамдарды жағалайды, қажетін алып, оны әбден пайдаланған соң әлгі адамның қолынан билігі мен байлығы кеткен кезде жалт бұрылып табандарын жалтыратады. Кеше ғана асты-үстіне түсіп жүрген бауырмал адам бейнесін күрт өзгертіп, қатыгезденіп, дөрекіленіп шыға келеді. Мен өмірде қолында байлығы мен билігі барда пайдаланып алып, басынан бақ тайған соң жалт бұрылған біраз жағымпаздарды көрдім. Ондайлар бұларын еш ұят санамайтыны өз алдына, тіпті соны кәдімгідей мақтаныш көретін сияқты. Бойларында талант, қабілет, ерік-жігер, терең ақыл сияқты қаиеттері жоқ жеңілтек, екіжүзді, арсыз адамдардың жағымпаздық үйреншікті әдетіне айналған. Тіптен кейбір азаматтар жағымпаздықты ебін тауып, сырт көзге онша білдіртпей қиюын келтіріп, әдемі жасайды. Олардың "шеберліктеріне" таң қалмасқа амалың қалмайды. Мақтау мен жағымпаздық орын алған қоғамда сөз жоқ өркендеу тежеледі. Сондықтан жағымпаздық әдеттерден аулақ жүрейік! Жақсыбек АЙТУАР, еңбек ардагері, Т.Рысқұлов ауданы