ҚАНАҒАТЫ БАР АДАМҒА БАҚЫТ БҰЙЫРҒАН
Мына дүрбелеңге толы фәни дүниеге келген адамға табиғат әртүрлі мінез, пейіл, тағдыр сыйлайды емес пе? Тіпті, бір әке, бір шешеден өсіп-өніп, бір емшекті еміп, бір отбасында қатар тәрбиеленген аға-інілі, әпкелі-сіңлілілер арасында да ерекшеліктер бар. Әр адамның мінезі әртүрлі болып келеді. Бірі жомарт болса, бірі - сараң. Енді біреуі қанағатшыл болса, екіншісі қанағатсыз, парықсыз болады. Солардың арасында қанағат деген «Қарын тойдырар» қасиетке ие адамдар туралы бүгін ой толғамақпын. Жалпы қолында барына қанағат ету жақсы әдеп. Қанағатшылдық - парасаттылықтың белгісі, адам бойындағы асыл қасиет. Тойымсыздық, қанағатсыздық жақсылыққа алып бармайды. Адамның сұрауында, қалауында шек болу керек.
Адам мінезі, пейілі, ой-санасы, түйсігі жайлы көп айтылады. Халық арасында да «Құдай берген мінез ғой» деп жатады теріс, жағымсыз мінезді кісі жайлы сөз қозғалғанда. Мына кең әлемде қандай жандар жоқ? Біреуі – қайырымды, екіншісі – тойымсыз, ашкөз, үшіншісі – қанағатшыл, төртіншісі – қолы ашық жомарт, бесіншісі жаны жайсаң, бауырмал, өзіне тартып тұрады… Сөйтіп жалғаса береді. Жаратқан ием солай етіп адамдарды бірінен бірін даралап, ерекшелеп жаратқан.
Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстойдың «Адамға қанша жер керек?» деген шағын әңгімесінде оқушысын терең ойға қалдыратын мынадай мәнді сюжет бар.
…Ертеректе орыстар Орал тауына тұмсығын енді тіреген тұста бір орыс мұжығы жергілікті башқұрттардан жекеменшікке жер сұрайды емес пе. Сонда башқұрттың сұңғыла ақсақалы: «Мен анау көрініп тұрған төбе басына шығып қарап тұрам. Кешке дейін қанша жерді айналып өтесің, соның барлығы сенің жекеменшігіңе өтеді. Бірақ, есіңе ұста, бір шартымыз бар: күн ұясына батпай тұрып, біз отырған төбеге келіп жетуің керек. Жете алмасаң, өз обалың өзіңе, онда саған жер жоқ», – депті.
Әлгі жер сұраған жігіт жүгіре басып, аяғы аяғына тимей зырлап тез-ақ бел асып кетеді. Қанағатты ұмытқан ол көбірек жерді қамтымақ болып, қара терге түсіп бірнеше өзендерді кешіп өтіп, көлдерді айналып, дала мен орман-тоғайларды артына қалдырады. Бір мезетте аспанға қараса, күн дөңгеленіп көкжиекке тақап қалыпты. Оны байқап, жаны қысылған жігіт екі өкпесін қолына алып, көз ұшында қалған төбеге қарай құстай ұшады. Бірақ, қайдан, межелеген төбе жеткізер емес. Төбе басына жиналған башқұрттар қиқулап, қалбақтай жүгіріп, жаны қысылғаннан қара терге малынып, өкпесі өшкен орысты келеке-мазақ етеді. Күн ұясына бата бергенде бойынан әбден күш-қуат кетіп, шаршап-шалдығып, өлдім-талдым деп төбе етегіне жеткен бейбақ мұрттай ұшып түседі де, сол жерде жан тәсілім етеді. Башқұрттар қанағатсыз ақымақты сол төбе етегіне ұзындығы екі, ені бір метр жерге көмеді… Міне, қанағатсыздықтың масқара көрінісі. Жазушы өз әңгімесінің түйінінде «Адамға қанша жер керек?» деп ащы мысқыл-сұрақ қояды.
Кезінде әлемді жаулаған Александр Македонский (мұсылман әлемі оны Ескендір Зұлхарнай деп атаған) туралы халық арасында сақталып қалған мына бір аңыз-әңгіме еске түседі.
О дүниеге аттанып бара жатқан ұлы әмірші: «Мені табытқа салып жерлегенде табыттан екі қолым сыртқа шығып, алақандарым ашық жататын болсын. Халқым көрсін, әлемді билесем де, о дүниеге алып кеткен түгім жоқ екенін» деген екен. Бұл – барлық тойымсыздарға, қомағайларға, дүние-байлық қуғандарға, жебірлерге, пысықайларға айтылған ауыр қарғыс! «Мешкейдің өзі тойса да, көзі тоймайды» немесе «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» дейтін емес пе еді халық мұндайларға.
Ашкөзділікке тоқтау салатын адамның бойындағы бірден бір қуатты күш – қанағатшылдық.
Ел арасында «Адамның құлқы түзелмей, өмірдің құлпы түзелмейді» деген дана сөз бар. Орынды айтылған аталы сөз. «Адамның пейілі, құлқы түзелмей алдыңғы қатарлы қоғам орнатамыз, іргелі мемлекет құрамыз деу бекершілік-ау», – деп ой қаузайсың…
Ғұлама Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық», – деп ой түйген екен. «Талап, еңбек, терең ой. Қанағат рақым ойлап қой – бес асыл іс, білсеңіз» дейді Абай. Ал, енді бірде «Ақылды адам азғантайды қанағат қылып, бақытты өмір сүреді, ал ақымаққа бәрін берсең де, аз» деп толғанады хакім Абай. Ұлы Абайдан артып не айтасың?!
Қанағат – әдептіліктің басты белгісі және негізі. Ол адамның сана-сезімі мен іс - қимылындағы жақсы жағымды әдеп. Қанағатты әдетке айналдырған жан өмір бақи игілігін көреді, ортада абыройлы, сыйлы болады. Өйткені, ол адамшылық жолдан тайдырмайды, аздың өзін қанағат тұтады. Қанағат ашкөзділікке жібермейді, біреудің дүние-затына сұқтандырмайды, сұғанақтық жасаттырмайды. Сондықтан, қанағатшыл кісі жұмсақ, кішіпейіл де қарапайым болып, көптің құрметіне ие болады.
Қанағатшыл болу дегеніміз – қолда бардың қадірін білу. Өйткені, қанағатты пір тұтқан адам қолында бар дәулеттің, дүниенің қадірін біледі. Сондықтан, ол бұларды оңды-солды, есепсіз пайдаланбайды. Ол мұқтаж адамдардың қалін ойлап, өз-өзіне жөн береді. Бірақ, жұрттың бәрі бірдей мұны осылай деп түсінбейді. Қанша мол байлығы болса да, оны қанағат қылмайтындар да кездеседі. Ондайлар «болған сайын болсам деп, толған сайын толсам» деп ашкөздікке салынып, Құдайдың қанағат, нысабын ұмытады, сөйтіп, жалған сөйлеп екіжүзділікке барады. Егер адам өзінен кем-нашар жағдайдағы адамдардың жайын ойлап, өзінің де сондай күйге душар болып қалуының мүмкін екенін ескерсе, онда барына қанағат қылып, қайта жоқ-жітікке қайырым жасаса, «саулығың — байлығың» дегенді үнемі жадында ұстаса, қанағатшыл да, өмірі де мәндірек, қызықтырақ болары сөзсіз.
Расын айтқан жөн, қазір еліміздің қай қаласына бармаңыз бір-бірімен жарыса екі, үш қабатты сәулеті көз жауын алатын әдемі зәулім сарайлар салынып жатыр. Көшеге симай жүрген шетелдік қымбат көліктерден көз сүрінеді. Тойханаларда аптаның әр күнінде сән – салтанаты келіскен тойлар дүркіреп өтіп жатыр. Шетелдің белгілі шипажайларына барып демалатындар қатары да көбейіп келеді. «Не жеймін, не ішемін?» – деп жүргендер жоқтың қасы. Бұл дегеніңіз халықтың тұрмысы жақсарып жатыр деген сөз. Бірақ, кездескен пенделердің жүздеріне қарасаң, қабақтарынан қар жауып, жүйкелері тозып, жалпақ тілмен айтқанда «сіркесі су көтермей» жүргендердің қарасы қалың. Алла тағала оларға байлық, денсаулық, басқа да игіліктер берді. Бірақ, соның бәрі оларға «аз» болып көрінетін сияқты. Әсіресе, байшыкештер ортасында бәсекелестік өршіп тұрғандай көрінеді маған. Пендеңіз «Кедей бай болсам дейді, байыңыз Құдай болсам» дейтін дәрежеге жеткендейміз.
Көп жылдардан бері халық емшілігімен айналысып жүрген алматылық азаматтың айтқан мына әңгімесі жиі есіме түседі. «Маған бір күні қымбат көлік мінген, жақсы киінген орта жастағы жігіт ағасы келіп, ауруынан жазуымды өтінді. Ол көп жылдан бері үлкен бизнеспен айналысатынын айтты. Айналымында 50 миллион доллар қаржысы бар көрінеді. Ауруы сол – әлгі 50 миллионын одан әрі өсіре алмай әлек болып жүр екен. Соған күйінген оның жүйкесі мен жүрегіне салмақ түсіп, ұйқысы бұзылып, депрессияға шалдыққан. Емшінің айтуынша: «Ау, мырза, 50 миллион доллар деген де көп ақша емес пе, оны өсіріп керегі не?» – десе, «Маған ақша емес, оны өсіру арқылы алатын рахат сезімі керек, менің өміріме мән беретін де сол», – депті.
Ақшамды өсіре алмадым деп күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылған бейшараның жүрегімен қоса келе-келе бүйрегі жұмыс істемей қалыпты. Қанағатсыздықтың адамға беретін «сыйы» осы.
Міне, ашкөздік, қанағатсыздық неге әкеледі?
Әрбір қанағатшыл адам кешке ұйқыға кетер алдында: «Тағы бір күнім өтті, ол маған жақсылық пен игілік әкелді. Ең бастысы, денім сау, бала - шағам аман, қол-аяғым бүтін, жұмысым бар, тамағым тоқ, ел қатарлы тірлік кешіп жатырмын. Осының бәрі Жаратқанның берген игіліктері, сол үшін Оған алғысымды айтамын. Мен айналамдағы барша адамдарға жақсылық, денсаулық, игілік тілеймін!» – деп барына шүкіршілік еткені жөн. Сонда бойыңызға бірте-бірте қанағатшылдық сезімі орныға бастайды.
«Қанағаты бар адамға бақыт бұйырған» депті ежелгі ойшыл Аристотель. Қанағатшылдық - Жаратқан Иемнің бізге берген ең үлкен сыйы. Мұндай сезімге ие адам мына фәни дүниенің бергенін қанағат тұтып, барына тәубе деп өмір кешіп, екі дүниенің де игілігіне кенеліп, уайым-қайғысыз, бақытты тірлік кешпек.
Барға - қанағат, жоққа - сабыр етейік, ағайын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)