БАҚЫТ ПЕН БАЙЛЫҚ – АДАМЫНЫҢ ПЕЙІЛІНДЕ
Қолымыз негізгі қызметтен бір сәт қалт етсе ой қуып, өткен өмірімізді қаузайтын кезіміз аз болмайды. Тірі пенде ойдан бір ажыраған ба? Өмір бар жерде ой бар, ізденіс бар, зердеге салар салмақ бар. Әйтеуір, ой қуған адам зерікпейді. Біраз жасқа келгенде өткен өміріңді саралап, кей сәттерің үшін өзіңді аяп, кей сәттерің үшін өзіңе риза болып, өзіңді ойша таразы басына салады екенсің. Не үшін адам болып мына жарық дүниеге келдің? Не іс атқардың? Артыңа қандай із қалдырып барасың?
Бірде әлеуметтік желіден мынадай бір шап-шағын ақпаратты көзім шалды. Жапонияның Токио қаласының адам көп жүретін орталық көшесіндегі құлақтандырулар ілінетін тақтасына мынадай жарнама ілініпті: «Әкеміз бен анамызды сенімді қолға сатамыз. Әкеміз 70 жаста, шешеміз – 65 жаста. Бағасы 1 мың иен. Одан бір иен кем емес, артық емес. Толық мәлімет алғылары келгендер мына телефонға қоңырау шалыңыздар......» деп ірі жазулармен жазылыпты. Ары өткен, бері өткен көпшілік әлгі хабарламаны көріп таңғалыстарын білдіріп жатыпты. Сол маңнан өтіп бара жатқан жас жұбайлар көптің әңгімесіне құлақтарын түріп, тақтадағы әлгі жарнамаға көңіл аударады. Жас жігіттің жанарына еріксіз мөлтілдеп ыстық жас келеді. Оны байқаған қасындағы келіншегі: «Саған не болды, жанарларың боталап кетті ғой?» деп сөзге тартады. «Мына хабарламаны оқып, жүрегіме пышақ тигендей сезімде болдым. Есіме әкем мен шешем түсті. Мына телефон номерін жазып алшы. Үйге барғасын асықпай ақылдасайық. Маған бір тың ой туды...» дейді қатты толқудан дауысы діріл қағып, көздері жасқа толып.
Бұл отбасында таяуда қасіретті оқиға болып еді. Әкесі мен шешесі жол апатына ұшырап, содан көз жұмыпты. Тіпті, әлі қабір топырақтары кеуіп үлгермепті. Әкесі мен шешесі жігіттің түсіне күн құрғатпай енеді екен. Әлгі жарнамадан кейін жігіттің ішкі дүниесі астаң-кестең болады. Үйіне келгеннен кейін жұбайына: «Жаңағы сен жазып алған телефон нөмеріне қоңырау шалайық. Мекен-жайын анықтап алып, іздеп барайық. Біздің әкеміз бен шешеміздің орнын сол қариялар жоқтатпас, көңілімізге демеу болар..." – деп ой тастайды. Күйеуінің мына пікірін қолдап, тәуекел деп телефон нөмеріне қоңырау шалып, қарттар сатылатын үйдің қай көшеде, қандай үйде екенін анықтайды. Сөйтіп, әлгі үйді іздеп шығады. Айтылған мекен-жайға келсе үлкен, көлемді, әсем, жан-жағы көкжелек пен гүлге оранған екі қабатты еңселі үй болып шығады. «Шатасып, басқа адреске тап болдық па екен?» деген ойға келген екі жас сенімсіздікпен үй қоңырауын басады. Ауладағы шәуілдеген иттің дауысына жарысып қарт кісінің «Қазір, қазір...» деген қарлыққан үні естіледі. Қақпа ашылып, жетпісті алқымдаған қария сыртқа шығады. «Кешіріңіз, біз хабарлама бойынша келіп едік... Қателесіп, басқа үйге келген жоқпыз ба? Егер олай болса, кешірім сұраймыз...».
«Жоқ, қателескен жоқсыздар. Адрес-тұрағымыз осы. Келіңіздер, үйге кіріңіздер...». Үйден жылы жүзді отанасы да шығып, бұларға күлімдей қарап, ішке шақырды.
— Біз хабарламада көрсетілген қарттарды өзімізге сатып алмақ ниетпен келіп едік. Оларды қалай көре аламыз?».
—Асықпаңдар. Саспай үйге кіріңіздер. Барлығын қазір айтып беремін, - деп үй иесі. – Кемпір, шай қой қонақтарға, - деп кемпіріне нұсқау берді.
Үйге енген жұп, жан-жақтарына таңғала қарайды. Жағдайлары жақсы, үлде мен бүлдеге оранған, құзырлы отбасы екені көрініп тұр. Сатылатын қарттарды көңілдерімен іздейді.
— Ия, сөйтіп, хабарлама бойынша келдік деңіздер... Жақсы.., жақсы... Жүздеріңнен мейірім төгіліп тұрған жастар екенсіздер. Қарт кісілерді сатып алмақ ниеттерің неден туды? Оған не себеп? – деп үй иесі суыртпақтап қонақтарды сөзге тартты.
— Біз осы қаланың тұрғындарымыз. Әке-шешеміз, өкінішке қарай, таяуда жол апатынан көз жұмды. Олардың жоқтығы біздің жанымызға қатты батты. Сөйтіп жүргенімізде әлгі хабарламаға кезіктік. Содан сол «саудаға түскен» қарттарды сатып алып, өз әке-шешеміздей бағайық, оларға барынша бақытты қарттық сыйлайық" деген оймен келіп едік...
— Е, оларың жөн екен, жөн... Әке-шешенің қадірін білетін саналы, пейілі оң, иманды, көргенді азаматтар екенсіңдер. Рахмет. Мына қазіргі аласапыран, ию-қиуы мол заманда адамдарда мейірім, бауырмалдық деген қасиетті дүниелер көмескіленіп барады. Адамдар баюдың жолын іздеп, күні-түні дүние қуып, қатігездікке ұрынды, бірін-бірі алдап-арбауды, тонауды ар санамайды. Обал, сауап, ұят деген атадан келе жатқан дана сөздердің қасиеті кетті. Ары таза адамның шыққан биігі әдемі көрінеді. Өйткені, оныың не нәрсеге қолы жетсе де, таза жетеді. Оған ешкім барып даурығып, шекпенін шешіп ала алмайды. Негізі, ар, ұят, намыс – адамның иманының деңгейін айқындайтын негізгі қасиеттер.
Базбір жандар Құдайын мүлде ұмытып, аш қасқырдай, қасиетсіз қорқаудай кез-келгенді талап, тірсегінен қағып жоқ етіп жіберуге дайын жүр. Соны көріп кейде түңілесің, ой қуып, іштей қапа боласың. Оған қашан тоқтау болатынын бір Алла біледі. "Заман солай ғой" деп кейбіреулер оларды ақтағысы келеді. Бірақ, заманды жасап, өзгертіп жатқан адамдар емес пе? Неге оны біреуге жабамыз, біреуден көреміз? – деп үй иесі көңілдегі ренішін жеткізіп болып, – Пейілдеріңе, келгендеріңе рахмет! Біз, мына жаман кемпіріміз екеуміз, тату-тәтті өмір сүріп, өмір бойы таза еңбек еттік, біреудің ала жібін аттамадық. Соның арқасында беделге, абыройға бөленіп, біраз дүниеге ие болдық. Барлығы маңдай термен адал келген дүние. Өкініштісі, тіпті, қасіретіміз десек те болады, бала сүйе алмадық, артымызға ілескен ұрпақ жоқ бізде. Өмір бір орында тұрмайтыны белгілі, қарттық кеумелеп келіп, ертелі-кеш мына жарық дүниеден кетеріміз хақ. Өмір бойы еңбекпен тірнектеп жинаған мына «байлығымыз» кімге бұйырады, кімге қалдырамыз? Осы бір ой соңғы кезде жиі мазалай бастады. Тіпті, күні-түні маза бермейді десек те болады. Содан, ойласа келе, әлгі хабарламаны беріп едік. "Құдайы бар, пейілі тұзу, жөнді біреулерге мына дүниелерімізді қалдырсақ" деген ой-арман ғой бізде. Көріп, біліп отырмыз. Өздерің иманды жандар екенсіңдер. Біздің бұл ұсынысымызды қабылдасаңдар, сендер бізге сүйеніш артатын ұл-қыз болыңдар. Ал, біз сіздерге сенімді ана-әке болайық, - деп ой тастайды хабарама берген қарттар.
Сөйтіп, әкесі мен шешесін кездейсоқ жол апатынан жоғалтып алған жас отбасы өздеріне әке мен шеше тауыпты. Тек ол емес, қарттардың бүкіл өмір бойы жиған байлығы, үй-жайы жас отбасының еншісіне қосылыпты. Әркім жақсылықты да, жамандықты да пейілінен табады деген осы емес пе?
Ел арасында «соңғы кезде адамдардың пейілі тарылып барады», «кей жастар жамандыққа әуес», «ниетімізге не болған?» деген сөздерді естіп жатамыз. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны анық қой. Күн сайын теледидар түрлі сұмдықты хабарласа, әлеуметтік желіде де алдау-арбау, кісі өлтіру, тонау секілді ақпараттар желдей есуде. Жоғалып жатқан адамдардың саны уақыт өткен сайын арта түсуде. Пәтер алып берем деп ақшасын алып, хабарсыз кету де бұл күнде жаңалық емес. Мұндай келеңсіздіктерді көріп жүрегің ауырады, бұлыңғыр болашақты ойлап мазасызданасың. Қоғам қатігезденіп бара ма, әлде адамдардың пиғылы өзгерді ме?
Пиғыл демекші, халқымызда «Пиғылы жаманды Құдай табады, тоны жаманды ит қабады», «Пиғылынан тапты», «Құдай пиғылына қарай берді» деген сөздер бар. Адамның пейілі оң болса, ісі алға басады, мәртебесі де артады. Ал, пиғылы теріс болса, ісі кері кетіп, ел алдындағы абыройынан айырылады, соған қарай жазасын да алады. Сондықтан халқымыз «Жақсы пиғыл жақсы сөзден басталады», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп оң пиғылға қолдау көрсетсе, теріс, жат, арам пиғылға «Өтпес пышақ қол кесер, арам пиғыл жол кесер», «Пиғылы терiс хан төрелік етсе, ол жиған малыңды тәрiк етер» деп теріс баға берген. Пейіл мен пиғылдың айырмасы осы. Пейілің тура болса жүзің жарқын, ісің берекелі болмақ. Шариғатта да «Бергенге береке бар, пейілі түзу адамның бергенінің есесін Алла өзі толтырады» дейді. «Бар болсаң аспа, жоқ болсаң саспа» деген нақыл бар. Сондықтан пейішке апарар пейіл екенін есте сақтап, жақсылық жасауға асығайық.
Қазір қарап отырсаңыз, қолында билігі бар адамның кейбірі мүмкін болғанның бәрін алдымен өзі үшін жасап, қармап, ұрлап, тығып, жинап қалуға ұмтылады. «Қызметтен кете қалсам, қамданып дайын отырайын» деген ой-пиғылды ұстанғандар иемденетін жері, мінетін көлігі, пайдаланатын қаржысы, айналысатын жеке шаруасы, бәрі-бәрін қазірден бастап, алдын-ала «реттеп» алмай тыным таппайды. Ондай басшылар әруақытта бірінші кезекте елдің емес, өзінің және өзіне ең сенімді «төңірегінің» жеке шаруаларын қолға алады. Ел тағдырын, қара халықтың жайын соңғы кезекке қояды. Бұны адамдар пейілінің бұзылғаны демеске шараң жоқ. «Мешкейдің өзі тойса да, көзі тоймайдының» кері келіп, қанша тойымсыз, құныққан жан темір торға түсіп, басына, отбасына қасірет бұлтын қоюлатып жатыр. Әрине, бәрі емес…
Ойланайық, зерделейік, сараптайық, өткен өміріміз, атқарған ісіміз бұлыңғыр сағымға айналып кетпесінші… Қамшының сабындай қысқа ғұмырда тек жеке бастың қамын ойламай, өзге жандарға жәрдемдесуге, жақсылық жасауға тырысайық.
"Байлық –адамның пейілінде" деген сөз, сірә, рас болуы керек.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)