Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Жастар тәрбиесі – мәңгілік мәселе

Жастар тәрбиесі – мәңгілік мәселе

25 январь 2025, Суббота
35
0
(Ж. Миллионовтың баяндамасынан)
Қоғамдағы ақсақалдар институтының  ең өзекті міндетінің өзі – ұрпақ тәрбиесіне саяды. Күнделікті өміріміздің өзіне қарап көрейікші: әр отбасында әкені былай қойғанда, атасы-әжесі бар. Ал енді олардан жарасымды ұлағат, жақсы тәрбие болып жатса ұрпағы әсте жаман болып өспейді ғой. Одан сәл әрі тереңдейік, қазақ қоғамында әулет деген ұғым бар, ал сол қауымның сөз жоқ жөн сілтер, жол көрсетер үлкені бар емес пе?! Бұдан әрірек үңілсек, көшеміз бар, ауыл аймағымыз бар, оларда тиісінше ардагерлер ұйымдары жұмыс істеп жатқандығын біз жақсы білеміз. Ақсақалдар институтын таратып айтатын болсақ, міне осы құрылымдарды сөз жоқ тілге тиек етер едік. Бұл – үлкен күш, мол мүмкіндік. Ал оны жүйелі, жоспарлы түрде қалай жүзеге асыруға болады, бұл енді шеті-шегі жоқ үлкен шаруа. Бәріміз ауылда өстік. Ауылдан тамырымызды үзген жоқпыз. Сондықтан да ауылдағы жағдайға алаңдап жүреміз. Осында бірқатар бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары қатысып отыр. Олар да жақсы білуге тиіс. Біз мына мәселеге назар аударып жүрміз бе? Әр ауылда әр жылы қанша бала мектеп бітіреді, оның қаншауы жоғары немесе арнаулы оқу орнына түседі? Сол ауылдан қанша бала жоғары, арнаулы оқу орнын бітіріп келді? Олардың нешеуі жұмысқа орналасты, қандай жұмысқа орналасты? Бос жүргені қанша? Ал, іс жүзінде ауылда күндіз ұйқыларын қандырып, түнімен көше кезіп қыдыратын балалардың санын ауылда тұратындар жақсы білетін болуы керек. Ал, ауылдың әкімдері сол балалармен жұмыс жүргізе ме? Жастар ресурстық орталықтарының менің білуімше әр ауылдық округте инспекторлары болуы керек. Олар бұл жағдайдан хабардар ма? Олардың арасында дипломын сандыққа салып қойып, алаңсыз жүрген біздің мемлекетіміздің болашақ іскер кадрлары жоқ екендігіне кім кепілдік бере алады. Тағы бір мысал. Осы біздің Таразымыздың өзінде бірнеше жерде стихиялық "еңбек биржалары" қалыптасқан. Қысы-жазы өткен кеткен үлкен көліктерге қол бұлғап олар тұрады. Бұған қаптап жүрген тіркелген, тіркелмегені бар такси жүргізушілерін қосыңыз. Олардың арасында да дипломдарын жастықтарының астына қаттап қойған бізге қат мамандардың иелері жоқ деп кім айта алады. Дәл осы мәселелермен айналысып жүрген бізде мекемелер, жастар ұйымдары бар ма?! Бұл енді – үлкен сұрақ.
Бізде, мойындауымыз керек, қандай бір істе болмасын даңғазалық басым. Ресми статистикада бәрі тап-тұйнақтай. Облыста жастар ресурстық орталықтарының қалыптасқан бірыңғай жүйесі бар. Жастар саясатымен айналысып отырған жас әріптестерім осы айтылған ұсыныстарды өз қызметтерінде ескере жүрер деген сенім бар.    
Мемлекет басшысы биылғы жылды жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялады. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Әулиеата өңірін кітап оқитын өңір деп жария етті. Осы аса өзекті екі мәселе төңірегінде ардагерлер ұйымдары облыстық, аудандық жастар ресурстық орталықтарымен бірлесіп көптеген шаралар ұйымдастыра алар еді. Әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында облыс, қала, аудан әкімдері бірлі-жарым жұмысшы мамандығының иелерімен кездесіп, арқаларынан қағып, қошемет көрсеткендерінен, бірді-екілі кітаптарды парақтап оқығандарынан хабардар болып жатырмыз. Әзірге басқаларымыз үнсізбіз. Бұл өте маңызды жобалар атүсті, науқандық сипат алмауы керек. Міне бұл орайда ардагерлер ұйымдары көптеген жұмыстарға бастамашы бола алады деп ойлаймын.
Өмірін еңбекпен өткізген, адал еңбектің жемісін көріп отырған азаматтар бізде аз емес. Солардың еңбегін, есімдерін жарыққа шығаруымыз керек, насихаттап, құрмет көрсеткеніміз жөн. Аудандардың, қалалардың, облыстың Құрметті азаматы атақтарын күні бүгінге дейін әкімқаралар, лауазымды қызмет атқарғандар алып келді. Еске түсіріп көрейікші, соңғы жылдарда осындай атақты қатардағы еңбек адамдары  алып па екен? Мемлекеттік марапаттарға ұсынғанда да осындай ұстаным қалыптасқан.
Рас, біздер ардагерлер ұйымдарына көбіне жауапкершілігі мол жүкті молынан артамыз. Осы орайда көкейде жүрген, бүгінге дейін талай мәрте айтылған назымызды тағы бір мәрте құлаққағыс ете кетуді жөн көріп отырмын. Ауылдық ардагерлер кеңестерінен бастап аудандық, қалалық, облыстық ардагерлер кеңестерінің тұрақты жұмыс істейтін жетекшілері, қызметкерлері айлық жалақы алмайды. Бірақ олар қоғамдық қызметтерінен бір минутқа кешікпейді, тап-тұйнақтай киініп, тапжылмай жұмыс істейді. Қоғамдық, мәдени-көпшілік жұмыстарының қалың ортасында солар жүреді. Бүгінде сол белсенді азаматтарымызға бірталай жүк артып жібергелі отырмыз.
Сіздер жастар тәрбиесінде жақсы жұмыстарға бастамашы бола аласыздар деген нық сенімдемін. Сіздердің жүріп өткен өнегелі өмір жолдарыңыздың өзі өздеріңізден кейінгілерге таусылмас өнеге. Ал, бүгінгі атқарып отырған белсенді қоғамдық қызметтеріңіз ел болашағы, ел ертеңі – жас буынды мемлекетшіл, патриот және ұлттық рухта тәрбиелеуге арналып жатқандығын қоғам жоғары бағалайды. Сіздерді сол биіктеріңізден түспейтіндіктеріңізге біз сенеміз. 
(Баяндамаларды талқылауға қатысқан шешендер сөздерінің қысқаша нұсқасын газетіміздің 3-бетінен оқи аласыздар)
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры