Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Меркі ауданында өткен облыстық семинар-кеңеске қатысушылардың облыстың барлық ардагерлеріне ҮНДЕУІ

Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Меркі ауданында өткен облыстық семинар-кеңеске қатысушылардың облыстың барлық ардагерлеріне ҮНДЕУІ

15 июль 2024, Понедельник
45
0
Біздер, Меркі ауданында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен облыстық семинар-кеңеске қатысушы Тараз, Шу қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерінің және аудандық билер, әкелер, аналар кеңестерінің төрағалары, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жетекшілері, бірқатар белсенді ардагерлер осында болған сындарлы әңгімелерді, пайдалы кеңестерді, көрген-білгендерімізді ой елегінен өткізе келіп, облыстың барлық аға буын өкілдеріне, барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдарының белсенділеріне сөз арнап, Үндеу жолдауды жөн деп таптық.
Тәуелсіз еліміздің тұрақты дамуына, елдің бірлік-берекесіне, жастар тәрбиесіне өздерінің өнегелі өмір жолдарымен, жинақтаған мол тәжірибелерімен қызмет етіп, ұлттық құндылықтарымыздың жаңа жағдайға биімделіп қалыптасуына үлес қосып жүрген ардагерлер ұйымдарының белсенді өкілдері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам. Адал еңбек. Адал табыс.» бастамасын және «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Б.Ізмұхамедовтың «Іскерлік және жанашырлық» қанатқақты жобасын жүзеге асырудың жолдарын осы басқосуда талқыладық, бұл бағыттағы ардагерлер ұйымдарының міндеттерін айқындап алдық.
Өздеріңіз білесіздер, соңғы жылдары облыс ардагерлер ұйымдарының қоғамдық қызметінде қоғам талабына, заман өзгерістеріне сай тың ізденістерге жол ашылуда. Аға ұрпақ өкілдері ардагерлер ұйымдарының төңірегіне бұрынғы қай кездегіден де тығыз топтаса түсті, олардың белсенділігі анағұрлым артты, халықтың бірлігі мен ынтымағы жолындағы қызметтері елеулі болуда. Жұмыс тәсілдері өзгеруде. Соңғы жылдары, әсіресе билер кеңестері, аналар алқалары, әкелер кеңестері қоғамдық қызметтерінің өрісі кеңейіп, тиімділігі артты, қоғамдағы беделдері орнықты. Бір ғана мысал: Жамбыл облыстық билер кеңесінің қызметі республикалық «Дәнекер» пилоттық жобасы аясында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі тарапынан жоғары бағаланып, тәжірибесі республика көлемінде таратылды. Соңғы кездері аналар алқаларының қызметі де жандана түсуде. Биылғы жылы ауылдық, аудандық, облыстық деңгейде болып өткен «Аялы әже» форумдары қоғамдағы әже мен ана бейнесінің бүгінгі күн талабына сай қалыптасуына және олардың ұлттық құндылықтарды жандандырудағы рөліне айрықша ықпал еткендігін айтуға тиістіміз.
Біздің ардагерлеріміз кез-келген ортада белсенді, кез-келген ортада абырой-беделі жоғары. Қоғамдағы болып жатқан келеңсіздіктерді, билік тарапынан орын алатын жолсыздықтарды ең алдымен аға буын өкілдері айтады, айтып қана қоймайды, олардың барлығын жөнге, жолға салуда өздері бастамашы болады.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамедов «Іскерлік және жанашырлық» қанатқақты жобасына бастамашы болды. Бұл жобаны біздің аймақта кең өрістетуге мүмкіндік мол. Аталмыш бастама бізде кеңінен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасымен қанаттас деп айтуымызға да болады. Мұндағы мақсат біреу, ол – халықтың тұрмыстық табысын молайту, әл-ауқатын көтеру. Бұған біздің бүгін көзіміз әбден жетті. Меркілік ардагер кәсіпкерлер Қанат Шайхиевтің, Мақсұт Несіпбаевтың, Зиатдин Шерадзенің өздерінің жеке қожалықтарындағы табысты еңбектері насихаттауға тұрарлық. Бұл арада ардагер кәсіпкерлердің өз табыстарын, өз тұрмыстарын жақсартып қана қоймай, қоғамның әлжуаз топтарына көмек қолдарын созуы құптауға тұрарлық.
Ардагер кәсіпкерлер Тараз қаласында, барлық аудандарда аз емес. Бұл бағыттағы тәжірибеміз де жетерлік. Сондықтан «Іскерлік және жанашырлық» жобасын одан әрі дамытуға, кәсіпкерлікті мақсат тұтқан ардагерлерге барынша қолдау көрсетуге ардагерлер ұйымдары белсене араласады деген сенімдеміз.
Өмірдің бел-белесінен өткен, көпті көрген, көнені тоздырған үлкендерге көп нәрсе қажет емес. Қоғамның, биліктің назарын бұл жолы да олардың денсаулығын сақтауға, сауықтыруға, ұзақ өмір сүруіне барынша жағдай жасауға аударуды жөн деп есептейміз. Қарияларды шипажайларға, сауықтыру орындарына жеңілдетілген жолдамалармен жіберу жүйелі қолға алынбай келе жатқаны шындық. Денсаулық сақтау мекемелерінде зейнеткерлерге қызмет көрсетудің белгілі бір жүйесі қалыптаспаған. Бұл арада, әрине біздегі жұмыс істеп жатқан Заңдарда да жетілмеген тұстар бар. Қазақстан Республикасының «Ардагерлер туралы» Заңын да қайта қарайтын уақыт жетті деп ойлаймыз. Ал енді денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының басшылары барлық уақытта Заңдарға байланып, қатып қалмай қарт адамдарға бет бұрғаны жөн деп есептейміз. Аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары барлық аудан орталықтарынан ұзақ өмір сүру орталықтарының ашылуына табанды түрде бастамашы болулары керек.
Ардагерлер ұйымдарында маңызды қоғамдық науқан басталып жатыр. Бастауыш ардагерлер ұйымдарында шілде, тамыз айларында есеп беру-сайлау жиналыстары өтеді. Бұл маңызды науқанның бастауыш ардагерлер ұйымдарының белсенділігін көтерудегі, ықпалдылығын арттырудағы рөлі зор. Сондықтан бастауыш ардагерлер ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстарын зор ұйымшылдықпен, үлкен белсенділік жағдайында өткізуге тиістіміз. 
Еліміздің одан әрі өркендей түсуі, экономикамыздың жан-жақты дамуы, әлеуметтік салалардың халыққа барынша оңтайлы болуы, қалаларымыз бен ауылдарымыздың сән-салтанатқа бөленуі, көшелеріміздің көкке оранып, аулаларымыздың мұнтаздай таза ұсталуы – көп жағдайда біздің ардагерлеріміздің жанашырлығына, белсенділігіне, даралығына, даналығына байланысты. Біз, қымбатты облыс ардагерлері, Сіздерге сөз арнай отырып, барлықтарыңызды осы биіктен көрінуге шақырамыз және біздің үлкендеріміз ел сенімінен шығып, өздерінің тәжірибелерімен, өнегелерімен қоғамның жаңғыруына үлес қоса береді деген ойдамыз.
Үндеу Меркі ауданында өткен 
белсенді ардагерлердің облыстық 
семинар-кеңесінде қабылданды.
3 шілде 2024 жыл
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры