«Елдіктің тоғыз бағыты – жас ұрпаққа бағдар»
Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Талас ауданы Ойық ауылында өткен «Елдіктің тоғыз бағыты – жас ұрпаққа бағдар» облыстық семинар-кеңеске қатысушылардың облыстың барлық ардагерлер ұйымдарына Ү Н Д Е У І Біздер, Талас ауданының Ойық ауылында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Елдіктің тоғыз бағыты – жас ұрпаққа бағдар» деген тақырыпта өткен облыстық семинар-кеңеске қатысушы Тараз, Шу қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерінің және аудандық билер, әкелер, аналар кеңестерінің төрағалары, бастауыш ардагерлер ұйымдарының жетекшілері, бірқатар белсенді ардагерлер, дін өкілдері осында болған сындарлы әңгімелерді, пайдалы кеңестерді, көрген-білгендерімізді және Ойық ауылдық округі ардагерлер ұйымының жұмыс тәжірибесін ой елегінен өткізе келіп, барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдарына, белсенді ардагерлерімізге сөз арнап, Үндеу жолдауды жөн деп таптық. Тәуелсіз еліміздің тұрақты дамуына, елдің бірлік-берекесіне, жастар тәрбиесіне өздерінің өнегелі өмір жолдарымен, жинақтаған мол тәжірибелерімен қызмет етіп, ұлттық құндылықтарымыздың жаңа жағдайға биімделіп қалыптасуына үлес қосып жүрген ардагерлер ұйымдарының белсенді өкілдері Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын қолдайды және жылдың осы басты құжатынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруға өздерінің қоғамдық қызметімен бір кісідей атсалысатын болады. Ардагерлер қауымы Мемлекет басшысының Жолдауда атап көрсеткен Қазақстанда АЭС салуға байланысты референдум өткізу жөніндегі бастамасын қолдайды және 6 қазанда болатын бүкіл халықтық референдумға бір кісідей қатысуға баршаңызды шақырады. Ойық ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының бүгінгі біз көрген қолға алып отырған игілікті жұмыстарын, бағалы бастамаларын барынша қолдауға және таратуға, қалаларымыз бен ауылдарымызда сөзсіз жүзеге асыруға болады деп есептейміз. Бұл орайда қалалар мен ауылдардағы бастауыш ардагерлер ұйымдарына артылар жүк пен қойылар міндет өте ауқымды. Өйткені ардагерлер ұйымдары өздерінің қоғамдық қызметтерінде ел өмірінің болмыс-бітіміне, тыныс-тіршілігіне оң ықпал ете алатындығын біз жақсы білеміз. Біздің қоғамдық қызметіміздің негізі – бастауыш ұйымдарда қаланатындығы белгілі. Тәрбие жұмысының түп тамыры болып есептелетін ұлттық құндылықтарымыздың бастау алатын алтын бесігі ауыл екендігін ешқашан естен шығармауымыз керек. Олай болса ардагерлер ұйымдары қызметінің негізгі бағыты – ұлттық құндылықтарды жандандыру, жаңғырту, ұрпақ бойына сіңіру болып қала береді. Осы басқосуымызда аталып өтілгендей ұлттық құндылықтарымыздың алтын арқауы болып табылатын салт-дәстүрлерімізді, қуанышқайғыларымызды рәсімдеуді жаңа заман, жаңа Қазақстан талаптарына сай өткізіп ұйымдастыру мәселесінде біздің белсенді ақсақалдарымыз, дін өкілдері, тұтастай ардагерлер ұйымдары көптеген жұмыстар ұйымдастыра алады. Той өткізудегі, қаза болған адамды соңғы сапарға жөнелтудегі ас та төк дарақылық, ысырапшылдық, жиын тойларымызды, астарымызды ұзақ-сонар таусылмайтын жиналысқа айналдыру біздің қазақы болмысымызға жат көріністер. Бұны қалай тәртіпке келтіруге болады? Ардагерлер болып, ардагерлер ұйымдары болып дін өкілдерімен бір бәтуаға келіп ойласатын шаруа бізде аз емес. Әрине бұл арада билер кеңестері, аналар алқалары осынау елдік шаруадан тыс қалмайды деген сенімдеміз. Барлық деңгейдегі ардагерелер ұйымдары Ойық ауылында өткен облыстық семинар-кеңесте қабылданатын осы Үндеуімізді өздерінде талқыласа, нақтыласа (бұл арада Үндеуде жағдай жалпылама айтылған), сөйтіп нақты жоспар, іс-шара, тіптен «Жол картасын» қабылдаса нұр үстіне нұр болар еді. Біздің ардагерлер ұйымдарына қолдау-көмегін үнемі көрсетіп келе жатқан аудандардың, ауылдық округтердің әкімдері және өзіміз сайлаған барлық деңгейдегі депутаттарымыз, қоғамдық бірлестіктер біздің осы бастамамызға қолдау көрсетуден қашпайды деген ойдамыз. Бір сөзбен айтқанда ұлттық құндылықтарымызды, жиын-тойларымызды, астарымызды, басқа да ұлттық рәсімдерімізді қарапайым қалыпқа келтіріп, шектен шыққан ысырапқа тоқтам жасау – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отырғандығын біз түсінуге тиістіміз. Бұл–біздің азаматтық ұстанымымыз, ақсақалдық, қариялық борышымыз. ҮНДЕУ ТАЛАС АУДАНЫ ОЙЫҚ АУЫЛЫНДА ӨТКЕН «ЕЛДІКТІҢ ТОҒЫЗ БАҒЫТЫ – ЖАС ҰРПАҚҚА БАҒДАР» ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР-КЕҢЕСТЕ ҚАБЫЛДАНДЫ.
18 қыркүйек, 2024 жыл.
18 қыркүйек, 2024 жыл.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (4)