Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » БЕЛСЕНДІЛІКТІ БӘСЕҢДЕТПЕЙ, ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ҮН ҚОСАМЫЗ

БЕЛСЕНДІЛІКТІ БӘСЕҢДЕТПЕЙ, ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ҮН ҚОСАМЫЗ

26 январь 2023, Четверг
221
1
Уақытты уыста ұстап тұра алмаймыз. Жылымыз кеше басталған сияқты еді, бүгін міне, сол еліміз үшін орасан зор маңызы бар оқиғаларға, саяси жаңаруларға, тың шешімдерге толы болған өткен жылға қорытынды жасап жатырмыз. Бүгінде ардагерлер ұйымдарының ықпалы ересен, белсенділігі зор бұқаралық қозғалыс екендігі дау туғызбайды. Қатарына 130 мыңнан астам зейнеткердің 85 пайыздайын тартып отырған облыс ардагерлер ұйымының қоғамдық қызметі санқырлы. Қазіргі кезде облыстық ұйым 10 аудандық, 2 қалалық және тоғыз жүздей бастауыш ұйымды өз қатарына біріктіріп отыр.
Біздің жұмысымыз жыл басында облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа отырысында бектіліген жылдық  жоспар бойынша жүргізіледі. Ұйымның қоғамдық қызметі негізінен егде адамдардың тұрмыс жағдайын, оларға мәдени-тұрмыстық, медициналық және әлеуметтік қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға көмектесуге, жастарды аға ұрпақтың отаншылдық және еңбек даңқы дәстүрлері рухында тәрбиелеуге, оларды Қазақстандық патриотизм рухында баулуға бағытталған. Бұл орайда, біз мемлекеттік органдармен, басқа да салалық ардагерлер ұйымдарымен, қоғамдық бірлестіктермен тығыз байланыс орната отырып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге септесудеміз.
Өткен жылы біз өзіміз алдымызға қойған осындай белесті мақсаттар аясында не істей алдық? Бүгінгі әңгімеміз осы төңірегінде болмақшы.
Өкінішке орай, өткен жыл қаралы қаңтар оқиғаларымен басталды. Шыны керек,  айдың күннің аманында мұндай жағдайды көзбен көру өмірден көргені көп, түйгені мол біз сияқты аға буын өкілдеріне өте ауыр тиді. 
Біз сол күндері  басымызды қатерге тіге отырып шеруші жастардың арасында болдық. Біз деп отырғаным – облыстық және Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшелері. Сол улаған-шулаған жастарға тоқтам айттық, жолдарына тосқауыл болуға әрекет жасадық.  
Әрине, тәрбие саласында тәуелсіздік жылдарында көптеген кемшіліктер орын алды. Оны мойындауымыз керек. Біз осыны түсіндік. Бүлінген дүние бүлінді, өртенгені өртенді, ең өкініштісі адам шығыны болды. Бәрібір, дер кезінде қолданылған шаралардың нәтижесінде тәртіп орнықты. 
Көп ұзамай біз облыстық ардагерлер кеңесінде қалалық, аудандық ардагерлер кеңесі төрағаларының және зиялы қауым өкілдерінің, ең белсенді деген ардагерлеріміздің қатысуымен  кеңейтілген төралқа отырысын өткіздік. Оған облыстық мәслихаттың хатшысы, ғалым, зиялы азамат Махмеғқали Нұрғалиұлы Сарыбековті, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы, тәжірибелі мемлекеттік қызметкер Батырбек Құлекеевті, тәрбие ісіне қатысты бірқатар басқармалар басшыларын шақырдық.  Осы жиында өткір мәселелер айтылды. Ардагерлер қоғамда орын алып келген келеңсіздіктерді жасырып жапқан жоқ. Біздің тәрбие жұмысындағы, идеология саласындағы қағазбастылықты, ұран-шылдықты, жайбасарлықты, көп мәселеге көз жұма қарауды ашық айтты. Ардагерлер кеңестерінің төрағалары өз жұмыстарындағы жіберіп алған кемшіліктерді де жасырып қалған жоқ. Олар ортақ шешімге келіп, жұмыс әдісін, қоғамдық қызметтің тәсілін өзгерту керектігін алға қойды. Төралқа отырысының қорытындысымен облыс-тың тиісті мемлекеттік органдарына, қоғамдық ұйымдарына ұсыныстар қабылданды және ол облыстық газеттерде  жарияланды.  
Жыл басындағы қаралы Қаңтар оқиғасына байланысты өткен осы жиынға көбірек тоқталуымның өзіндік себебі бар. Біз болған оқиғадан сабақ алмай ілгері жылжу жоқ. 
 Өткен жылы облыстық, Тараз, Шу қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерінің 13 пленумы және 48 төралқа отырыс өтіпті. Ардагерлер кеңестерінің ұйымдастыруымен 468 жиналыс, 35 семинар ұйымдастырылды. 25 790 ардагердің тұрмысы зерделеніпті. Облыстық, аудандық басылымдарда 245 еңбек  ардагерінің мақаласы жария-ланды. 2394 ардагердің қатысуымен 85 спорт жарысы ұйымдастырылып, ардагер өнерпаздар тұрғындар алдында 68 рет концерт берді. 566 медиатор ардагер тұрғындардан 480 өтініш қабылдап, оның барлығының оң шешімін табуына ықпал етті.
Жоғарыда да айттым, біз өз қызметімізде ардагерлерге мәдени-тұрмыстық, медициналық, әлеуметтік қызмет көрсетудің сапасын жақсартуға қолдан келгенше көмек көрсету, ықпал ету жағын назарда ұстаймыз. Өткен жылы облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумында Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің осы бағыттағы жұмысы туралы есебін тыңдап, кеңес төрағасы Күләш Әбдікешованың баяндамасы талқыланды. Бұл жиынға облыстық денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт, жастар саясаты мәселелері, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары мен мамандары қатысып, ардагерлер алдында оларға мәдени-тұрмыстық, медициналық қызмет көрсету мен әлеуметтік қолдаудың жай-күйі туралы нақты мәліметтер берді.
Сондай-ақ, облыстық ардагерлер кеңесінің жоспарлы төралқа отырыстарында  Қордай, Мойынқұм, Байзақ аудандық ардагерлер кеңес-терінің ардагерлерге осы салалар бойынша тиісті қызметтер көрсетуі жөніндегі есептері тыңдалды. Төралқа отырыстарына тиісті аудандар әкімдерінің орынбасарлары, аудандық әлеуметтік бағдарламалар және еңбекпен қамтуды үйлестіру бөлімдерінің басшылары, аудандық орталық ауруханалардың бас дәрігерлері мен олардың орынбасарлары қатысып, өздерінің салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы ардагерлерді хабардар етті. 
Қалалық және аудандық ардагерлер кеңестері төрағаларының есебін тыңдаған кезде біз облыстық салалық басқармалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарларын, аудандық бөлімдердің басшыларын, тиісті мекемелердің жетекшілерін шақырып, олардан кәсіби деңгейде хабарламалар алуды дәстүрге айналдырып жүрміз. Бұның пайдалы жақтары көп болып тұр. Мәселен, облыстық ардагерлер кеңесінің пленумында ардагерлер тарапынан облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына өткір сындар айтылып, нақты талаптар қойылды.  
Әрине, біздің ардагерлер ұйым-дарының қызметі тек ардагерлерге тұрмыстық және әлеуметтік қолдау көрсетулермен шектеліп қалмайды. Біздің қоғамдық қызметіміздің ауқымы өте кең. Ардагерлердің әрқайсысы – жеке тұлға. Үлкендердің өткені өнеге, өмір жолы жемісті де жеңісті белестерге толы. Олардың аталы, баталы сөздері – елдің бірлік-берекесінің бастауы. Бұл – бір. Екіншіден, біздің көптеген ардагерлеріміз әлі еңбектен қол үзген жоқ. Өнеркәсіп, сауда-саттық, тұрмыстық қызмет, ауыл шаруашылығы салаларында бүгінге дейін бел шешпей еңбек етіп жүрген, өз кәсіпкерліктерін дөңгелентіп, көп адамға жұмыс беріп, салығын төлеп жүрген аға буын өкілдерін санамаласақ саусақ жетпейді. Ондай жаны жайсаң азаматтар Тараз қаласында да, аудандарда да көптеп саналады.  
Ардагерлер ұйымының күші, қуаты оның қатары күн сайын көбейіп келе жатқан белсенділерінің әрекеттеріне байланысты. Көптің арасында көзге көрінбей жүрген қоғамдық жұмыстарға икемді, ел алдында сөйлей алатын, ұйымдастыру қабілеті мол ардагерлер аз емес. Соларды біз қатарымызға неғұрлым көбірек тартсақ, соғұрлым жұмысымыз жемісті болады. Осы жылдың өзінде, ардагерлер кеңестерінің қатарына көптеген сондай азаматтар тартылды. Қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінің, олардың жанындағы тұрақты комиссиялардың, сондай-ақ, бастауыш ардагерлер ұйымдарының белсенді мүшелерін айтпағанның өзінде солардың төңірегіне топтасып, қоғамдық жұмысқа қызу араласып жүрген белсенділеріміздің қарасы қалың. Бұған соңғы кездерде жұмыс тиімділігн көтеріп келе жатқан билер кеңестерінің, әкелер, аналар алқаларының мүшелерін қосыңыз. 
Біз күні кеше ғана облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа отыр-ысында 2022 жылдың қорытындысын шығарып, белгіленген критерийлер бойынша жұмыс нәтижелері бойынша Тараз, Шу қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерінің жылдық қызмет деңгейін айқындадық. Осылай еткенде бәсекелестік туындап, жұмыстың сапасына оң ықпалын тигізетіндігіне көзіміз жетті. 
Егде адамдарды қоғамдық жұмыс-тарға тартып, белсенділігін көтеру арқылы олардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға қол жеткізудеміз. Облыстық ардагерлер кеңесінің тағы бір тұрақты түрде қолға алып келе жатқан мәселесі – қариялардың рухани сұранысын қанағаттандыру, олардың ойлау жүйесінің, күш-қуатының үнемі қозғалыста болуына шама-шарқымызша әсер ету. Кейінгі кезде ел газет-журналдардан, кітап оқудан қол үзіп бара жатыр. Біз өз кезегінде, зейнет жасындағы қарияларымыздың рухани жағынан жұтаңдап қалмауына күш салудамыз. Олардың мерзімді басылымдарға жазылуларына барынша ықпал етуге тырысамыз. Он жылдан бері қарай біздің өзіміздің төл басылымымыз – «Ғұмыр-Дария» газеті үлкендердің рухани сұранысын қанағаттандыруда. «Қарахан» журналына жазылатындар қатары көбейіп келе жатыр, сондай-ақ, біздің ардагерлеріміз республикалық «Ардагер айнасы» газетінің де тұрақты оқырмандары. Сондай-ақ, үлкендеріміздің республикалық "Егемен Қазақстан" облыстық "Ақ жол" және аудандық газеттерге жазылуына да ықпал етеміз. Біздер ардагерлермен кез-келген ж и ы н ы м ы з д а оларды баспасөзге жазылуға үндеп отырамыз, кәсіпкерлер арқылы олардың тегін жазылуына қолдан келгенше көмегімізді аямаймыз. Арда-гер жазушыларымыздың, жур-налистеріміздің шығарған кітаптарының тұсаукесер рәс-імдерін өткізу бізде мықты дәстүрге айналды. Облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының құрамында Елан Әлімжан, Үміт Битенова, Жаңабай Миллионов, Сайлаухан Ашанов сияқты танымал ақын-жазушылардың, журналистердің болуының өзі біздің руханият саласында көбірек және белсенді жұмыс атқаруымызға ықпалын тигізіп отыр. 
«Дені саудың – жаны сау» деп халқымыз бекер айтпаған. Ардагерлер ұйымдары егде адамдар арасында салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, олардың спортпен тұрақты аналысуына мол мүмкіндіктер тудырып отыр. Тараз қаласының саябақтарында бүгінде скандинавия таяқашасымен жаяу жүретіндердің саны күн сайын артып келеді. Жаяу жүріп серуен жасайтындардың да қатары молаюда. Ал енді, тұрақты түрде спортпен айналысатындар туралы кеңінен тоқталуға болады. Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында жыл сайын ауылдық, аудандық, қалалық және облыстық деңгейде спорттың жеті-сегіз түрінен спартакиадалар өткізу тұрақты қолға алынып жүр. Өткен жылы осындай жарыстарға жүздеген зейнеткер қариялар мен ардақты аналардың қатысқанын айтуыма болады. Облыстық жарыстың өзіне екі жүзге тарта егде жастағы кісілер қатысты. Өткен жылы оларға облыс әкімдігі спорт және дене шынықтыру басқармасы тарапынан қомақты ақшалай жүлделер тағайындалды. 
Көркемөнер саласында арда-герлердің қол жеткізіп жүрген табыстары бөлек әңгіме. Облыстық ардагерлер кеңесі және Тараз қалалық, барлық аудандық арда-герлер кеңесі жанынан құрылған ардагерлер ансамбльдері бүгінде дәстүрлі өнерімізді насихаттауда зор табыстарға жетуде. Өткен жолы  Қазақстанның Еңбек Ері, даңқты жерлесіміз, композитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақанов арнайы келгенде облыстық ардагерлер кеңесіне бас сұғып, ардагерлердің «Әулиеата әуендері» ансамблінің өнеріне дән риза болды. 
Сондай-ақ, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов жұмыс сапарымен келгенде біздің аталар мен әжелеріміздің өнеріне тәнті болды. Қарттардан құрылған ансамбльдер тек облыс орталығы мен аудандарда ғана емес, көптеген ауылдарда бар екендігін біз мақтанышпен айта аламыз. Шалғайдағы Мойынқұм ауданының Көктерек ауылындағы әжелер ансамблінің өнері бүгінде облысқа кеңінен танымал. Алдағы уақытта ардагерлер ансамбльдерінің ел аралап, концерт қоюын ұйымдастыруға облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы қолдау көрсетеді деген сенімдеміз. 
Облыс ардагерлер ұйымының өткен жылғы жұмысының негізгі бағыттарын айтып өттім. Ал, енді, облыстық ардагерлер кеңесінің өміріндегі өткен жылғы басты оқиғаларға келетін болсам, облысқа жаңадан әкім болып тағайындалған Нұржан Молдиярұлы Нұржігітов өзінің алғашқы жұмыс аптасында облыс ардагерлерімен кездесті. Көз алдымызда қызмет сатысымен өсіп, облыс тізгінін қолға алған Нұржан Молдиярұлы «Ардагерлер орталығында» облыстық, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен, облыс орталығындағы белсенді ардагерлермен кең-мол отырып сұхбаттасты. олардың бүкпесіз ой-пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ, жаңадан жұмысқа кіріскен облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков өздерінің алғашқы жұмыс күндерінде облыстық ардагерлер кеңесіне соғып, қариялармен кең мол отырып пікір алмасты. Бұл кездесулердің екі жаққа да пайдалы болғандығына мен кәміл сенемін. Нұржан Нұржігітов Талас ауданының «Берікқара» шатқалында облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен өткен «Қызылмұрындық» этно-мәдени фестиваліне қатысуын ардагерлер ұйымының қызметіне шын жанашырлық деп қабылдадық. 
Тағы бір есте қаларлық ауқымды шара – біздің Тараз төрінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің ұйымдастыруымен Астана, Алматы, Шымкент қалалық және республикамыздың барлық облыстық ардагерлер кеңестері төрағаларының қатысуымен республикалық көшпелі кеңестің жоғары деңгейде өтуі. Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің тікелей қолдауымен өткен бұл басқосуда  «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхаметов баяндама жасады. Мәртебелі меймандар Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің және облыстық билер кеңесінің жұмыс тәжірибесімен танысты және біздің ардагерлер ұйымының табысты жұмысын жоғары бағалады. 
Мен жоғарыда да айттым, облыста, қалалар мен аудандарда, ауылдарда болып жатқан қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік жұмыстардан ардагерлер ұйымдары ешқашан сырт қалған емес. Ардагерлер ұйымдарының қоғамдық қызметінің тиімділігі артып, ықпалдылығы көтерілуде. Ардагер ақсақалдар халықтың қалың ортасында аталы, баталы сөздерін айтудан жалыққан емес. Ад, керісінше ардагерлер кеңестеріне келіп ақыл-кеңес сұрайтындар қатары көбейіп жатқандығын біз күнделікті көріп-біліп отырмыз. Елдің сенімі барда біздің белсенділігіміз бәсеңдемейді, қоғамдық қызметтегі құлшынысымыз төмендемейді. Облыстық ардагерлер кеңесінің жаңа жылға жасаған нақты жоспарлары бар. Биыл біздің қоғамда үлкен өзгерістердің тереңдей түсетін кезеңі. Республика Парламентінің Мәжілісіне және облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттарға депутаттар сайлаймыз. Біз – нақты, шынайы демократияға бет алған елміз. Бұл орайда аға ұрпақ өкілдеріне үлкен міндеттер жүктеледі. Қоғам өзгеріп жатқанда біз өз жұмысымыздың тиімділігін бұрынғыдан да ширатып, көтере түсетін боламыз. Үлкендерін сыйлаған, ақсақалының алдын кесіп өтпеген ата-баба дәстүрін біз одан ары қарай жалғастыра береміз. Артымыздан келе жатқан толқынға ақылшы боламыз, үлгі көрсетеміз, мол тәжірибемізбен бөлісеміз. 



Еркінбек СОЛТЫБАЕВ, 
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, 
«Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг
Добавить комментарий
Комментарии (1)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Tami
Tami Гости 8 марта 2023 17:40
Hello! If you're in need of data scraping services, I'd be happy to assist you. As an expert in this field, I have the experience and tools necessary to provide fast and accurate data scraping that can help you make informed decisions and grow your business. Don't hesitate to reach out to me for any of your data scraping needs. Karina
Сотрудники
Партнеры