КӨКТӨБЕДЕ ТҰРАДЫ ЖАҚСЫ АДАМДАР
Көшеміздің қариялары
Ауылға барып қайттым. 28 жыл ғұмырым сонда өткен. Әсіресе, 14 үйлі өзіміздің көшеміз көзге ыстық. Бұрындары осы 14 үйдің тірлігі қайнап, қарбалас болып жататын. Ауылда қариялар, жасы үлкен ағалар көп болатын. Әсембек, Сағат аталарым көшеміздің айбыны саналатын. Жиенқұл көкемнің әдемі әзілдерін, Әбиір ағамның баладай таза көңілін ауыл адамдары тегіс аңсайды бүгінде. Әр сөзі өсиетке толы Керімбала, Алтынқыз, Күлзада, Жапсаркүл апалар қайда? Сегіз -тоғыз жыл аурумен алысқан Ұят көкем, біраз жыл сырқат меңдеген Аман ағай қазір арамызда жоқ. Түзел көкем де ауырмай-сыздамай бір күнде арғы әлемге аттанып жүре беріпті. Оңғар көкем, ертерек бақилық болған. Ақкөңіл кісі еді. Құдыш ағай Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ Тараз жақты бетке алған, бала-шағасының қамымен. Көпбалалы әке Ырыскелді ағай әнеу бір қиын-қыстау жылдары Асаға көшіп кеткен. Құдыш ағайдың үйінің орны ғана жатыр, Ырыскелді ағаның да құтханасы бұзыла бастаған. Осындай бірқатар баспаналардың иесіз қалғаны болмаса, біздің көше бүтін тұр. Қара шаңырағымыз сақтаулы.
Қазір мен туып-өскен көшеде әкемнен басқа ақсақал жоқ. Әкемнің өзі екі жыл бұрын Тараздан ауылға қайта барған. Қара шаңырақты сақтап Сәкен ағам мен Гүлзат жеңгем отыр. Ауылдың әкемнен кейінгі үлкендері – Сағат көкемнің Тәңкісі, Оңғар көкемнің Сайлауы. Олардың өзі бүгінде алпысты алқымдап қалды ғой. Әкем жоқ жерде осы Тәңкі, Сайлау ағаларымыз қойдың қоңыр басын ұстайды. Құранды ақ сақалы желбіреген Әсембек көкем емес, менің құрдасым Арман оқиды. Бірақ, көшеміздің адамдарының шеккені бейнет. Жақында ғана бас құраған Тәңкі ағайдың баласы Сағи қара шаңырағын сылап, құрылыс жұмыстарына кірісіп кеткен. Жас жігіттер Арман, Әлімжан, Қайнарда да бір сәт тыным жоқ. Кешегі алдыңғы толқын аталар, көкелер жоқ демесеңіз, Көктөбе қалпында. Сол қалыпты сақтап тұрған – еңбек, бейнет екені рас...
«Бүгінде бұрынғының қариялары жоқ қой» деп жататынымыз бар. Өмір бір орнында тұрмайды. Үлкендердің орнына келесі ұрпақ келіп жатыр. Қысқасы біздің көшеміз қариясыз емес.
Ауылдың жайсаң жандары
Арманның үйі қазанға ет салып қойған соң, жіпсіз байланып отырмыз. Үлкен дәмнен аттап кету – әдепке жатпайды. Бір кезде сол үйге көршісі Жамал жеңгем кіріп келді. Жеңгелігіне салып, зілсіз әзілмен: «Мұғалімдер күні мерекесінде анау бастауыш сыныпта оқытқан Гүлсара Жантайбекова әпкейіңді құттықтапсың. Біз далада қалыппыз», – деп жатыр. Осы тұста Арекең құрдас «Әпкей, Көктөбені үзбей жазатын осы кісі ғана. Бұрын Ерғали Сағат ағамыз еді. Ендігі жазып жүрген – осы Есет. Анау марқұм Артелбек, Нұрқаш, Жапақ, Болат ағайларды еске алып өткеніне риза болдым» дегенде, Жамал жеңгем: «Иә, сол үшін өкпемді ұмыттым», – деп жадырап сала бергені.
Одан әрі қарай марқұм күйеуі Аман ағайды еске алды. Аман ағай – озат механизатор, озат трактор бригадасының бригадирі болған сыйлы кісі. Әбекеңді тракторшы кезінен бүкіл кеңшар құрметтейтін. Жұмысына өте тындырымды болатын. Тракторы өмірі бұзылмайды. Қай кезде де жұмыста болды. Ауылдың қасқа жолымен шаңды бұрқыратып тракторымен келе жататын, кетіп бара жататын. Ферманың жарты жұмысын бір өзі жапырып тастайтын тындырымдылығын ел әлі айтып жүр. Аман ағай жайлы айтар әңгіме көп.
Ауылдың кейінгі кезде сыйлы қариясы болды. Бір жаман ауру жабысып, ортамыздан алып кеткелі үш жылдай өтті. Әбекең аңқылдап сөйлейтін, ақкөңілдігі де өзіне жарасып тұратын. Ауыл адамдарының аңғалдығы да бар ғой. Бір жолы ұялы телефонның жаңадан шыққан кезі екен. Бригадир Аман ағай бастаған біраз кісі Тұрмаханның үйінің қасында трактор жөндеп жатады. Ауылдың Қайнар, Ғани секілді жас жігіттері ұялы телефондарына бірлік (единица) салуға дүкенге бара жатады. Сонда Аман ағай: «Әй, жігіттер, менің ұялы телефоныма да сала салыңдаршы. Міне, ақшасы» депті. Әлгі жігіттер «Ағай, сіздің ұялы телефоныңыздың нөмірін білуіміз керек қой» демей ме, сонда бірліктің қалай салынатынын түсінбеген Аман ағай «Менікі ақ телефон ғой, ақ телефон» деген екен.
Шіркін-ай, бұрын ауылдағы жап-жас жеңгеміз еді Жамал әпкей. Қазір ауылдың анасына айнала бастапты. Жылы сөзі, мейірімі ауылды жылытып тұрғандай. Әлде бұл кешегі марқұм Керімбала, Алтынқыз, Жапсаркүл, Күлбала абысындарынан, қазір ауылда көзі тірі Күләш, Нұргүл апалардан алған үлгісі ме екен?
Көктөбедегі әжелерден әр адам алатын тағылым көп.
Арманның қара шаңырағы
Көктөбенің көзі ашық азаматының бірі – Арман замандасым. Арамыз бір жас ғана. Өзі еті – тірі, пысық. Онысымен қоймай, елге қайырымы мол. Жас күнімізде екеуміз бейнетті бірге кештік, бірге армандадық, болашаққа бірге ұмтылдық. Сол арманымызға жеткен де секілдіміз. Арман Абдашимов – ауылдағы өнер мектебінің басшысы. Біздің көшеден (ескі үйінің орнына) даңғарадай жаңа үй салып алды.
Арман – негізі дарынды жігіт. Қолынан келмейтіні жоқ. Егер Тараз қаласында тұрса, талай жетістікке жететін қабілетке ие. Ән салады, сурет салады. Құрылыс жағының барлық қыр-сырын меңгерген. Сахнаға арнап қысқаша әзіл-сықақ жазатыны және бар. Бірақ, ауылда қалды. Апасы Жапсаркүл апамның ол кезде көзі тірі. Сол апамызға қарайлап, қара шаңырақты қадірлеп, елде жүрген жайы бар. Жапсаркүл апа осыдан оншақты жыл бұрын өмірден озған. Жетпістен біраз асқан шағында. Арман қара шаңырақта қалды, балалы-шағалы. Өзінің де, келіншегі Дариғаның да өкіметтен айлық алатын жұмысы бар. Ауыл тұрғындары үшін бір үйден екі адам жұмыс істеу деген –береке. Ол жағынан Арекеңнің ешкімге өкпесі жоқ. Кейде маған өнері жағынан өркендеп шыға алмай қалғанын айтып, сырын ашатыны бар. Ол жағын кез-келген адам түсіне бермейді. Мен түсінемін. Арман бір жерді талантымен жарып шығатын жігіт еді. Ауылдың қасиетінен, Жапсаркүл апасының тілегінен аса алмады. Ауылдың қасиетін, әруақты сыйлағаннан жаман болмас. Оны өзі де түсініп, біліп отыр. Өзі айтады: «Айналайын-ай, елдің іші –береке. Үйді қалай бастадым, солай жұмысым жүріп кетті. Күніне ауылдың он жігіті көмектесейік деп келіп тұрады. Күтпеген жерден көмектер, қолдаулар көрдім. Таңғалдым. Ертеректе жалғызілікті, жарымжан Қанат ағай марқұм болды. Қыстың кезі ме, қараша ма? Әйтеуір күн сонша суық. Қанат ағаңды білесің мүсәпір кісі. Өзімен өзі күн кешті. Отбасы болған жоқ. Сол кісімен қатар ауылда сыйлы қарияның бірі өмірден озды. Елдің бәрі қарияның жерлеуіне кетіп қалды. Қанат ағайдың қабірін үш-төрт кісі жабылып қаздық. Жердің тоңы қатып қалған. Кетпен тигізсең, шақ-шақ етеді. Сол суық күнде, инемен құдық қазғандай сол қабірді қазып, Қанат мүсәпір ағамыздың жамбасын жерге тигіздік. Жерді қазысқан Бауыржан інім де жаман болған жоқ, мен де жаман болған жоқпын. Ақыл-есі кемдеу болып күн кешіп, ешкімге зәбірі өтпеген Қанат көкемнің ризашылығы болар» дейді Арман.
Бауыржан деп отырғаны – менің немере Лесбек ағамның баласы. Әкеден ерте қалған Бауыржан да жетіліп, қазір қызметке араласты. Ол қазір ауылдың спорт мектебін басқарып отыр.
Арманды ойлаймын. Қара шаңырағына бүкіл ауыл көмектескенін таңғалып айтады. Ол заңдылық па деп қаламын. Біріншіден, ауылдан көшпеймін деп үй салып жатқанға барша ауылдастар қуанады. Екіншіден, Арманның да өзгеге қайырымы мол. Егер осы зәулім үйін Тараздан жер алып салса ше? Миллиондаған ақша тұратын бағалы үй болар еді. Бірақ, Арман ауылдан салды. Абдашим арғы атасынан, беріректе өзін өсірген Жапсаркүл апасынан қалған қара шаңырақты сақтап отыр. Ондай азаматқа Алланың нұры жауып , адамдардың пейілі ауған болар. Мен үйінде болған бір сағаттың ішінде Арман үш шақырым жерден көршісі Роза апайдың етін әкеліп беріп, ертерек өмірден озған Ғалымжан құрдасының қызы Назира Нұрманды менімен жүздестірді. Назираның арманы журналист болу екен. Бізді жас талапкермен жалғастырып жүруі де Арманның адамшылығы. Сондықтан, Арман үшін, Арманның қара шаңырағы үшін қуанатындар көп.
Түсінгенім Арман сияқты бесаспап таланттар ауылға да керек. Біздің Көктөбеміз осынай абзал азаматтармен көгеріп, көркейіп жатыр-ау, тегінде.
Есет ДОСАЛЫ,
журналист.
Талас ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)