Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҚҰРДАСТЫҢ ҚҰДАЙЫ БІР

ҚҰРДАСТЫҢ ҚҰДАЙЫ БІР

24 ноябрь 2022, Четверг
166
0
«Ел іші – өнер кеніші» демекші, алтын бесік ауылымызда ауыздыға сөз бермес шешен де бар, көпті бастайтын көсемдер де аз емес. Өзім туып-өскен Жамбыл ауданына қарасты Шайдана ауылында Рсалы, Еркебек, Әумеш сияқты қалжыңдары шынға бергісіз, әзілдері өңмеНнен өтер шешен кісілер өмір сүрген. Солардың кезінде айтқан әзілдерін күні бүгінге дейін ауылдастары жыр етіп айтып отырды.
ОРАЗА, НАМАЗ – ТОҚТЫҚТА
Қазақтың қай ауылында болмасын қасиетті Рамазан айында ораза ұстаған адамдарды шақырып, ауызашар беретін дәстүр бар ғой. Сондай кезекті бір ауыз-ашарда отырған Рсалы қарияны қағытпақ болған бір жиені: «Оу, нағашеке, жасыңыз сексен жетіге келді. Сонда да әлі күнге дейін намазға жығылып, ораза ұстамайсыз. Ал, ауызашарға шақырса да, шақырмаса да қалмайсыз. Неге ауыз бекітпейсіз?» – депті.  Сонда Рсекең: «Ауызды отыз екінші жылы бекіткенбіз. Енді Құдай халқыма аштықты бермесе екен деп тілеймін", – депті. 
Қазақта «Ораза, намаз – тоқтықта» деген сөз бар ғой. Жиеннің жасы келген кісіге орынсыз қалжыңына қария осылайша қазақ тағдырындағы ащы шындықты айтып, жауап қайтарыпты. 
УЫЗ КӨЖЕ
Бірде Рсекеңнің қайтыс болып кеткен Есалы құрдасының әйелі Мейіз апаның сиыры бұзаулапты да, күйеуінің құрдастары әрі көршілері Рсалы мен Әбдібай ақсақалды уыз көжеге шақырыпты. Әбдібай ата Ұлы Отан соғысынан бір қолынан айырылып келген майдангер жауынгер болатын. Бүгінде олар тұрған көше сол кісінің атымен аталады. Ал, Рсалы амалын тауып соғысқа қатыспай, ауылда қалып қойған ғой.
Екі кесе тола ыстық уыз көжені алдарына қойған Мейіз апа қасықты ұмытса керек, асығыста қолына ілінген біреуі ағаш, біреуі темір қасықты дастарханға қойса, Рсалы ағаш қасықты өзіне қалдырып, «Мә, сен солдатсың ғой» деп, темір қасықты Әбдібайға қарай ысыра салған ғой. Қай кезде де қиыннан қиыстырып сөз табатын қайран құрдастар-ай!
"ПЕЙІШКЕ БІРГЕ БАРАМЫЗ"
Рсалының тағы да бір құрдасы Кемел молда қатты ауырып қалады. Төсек тартып жатып, құрдасын шақыртыпты. «Атамыз ауыр халде жатыр. Аян беріліпті. Соңғы сапар алдында сөйлесіп қалғысы келіп Сізді шақырып жатыр», – деп келген Кемелдің немересіне Рсекең:
— Ол ғұлама молда ғой. «Пейішке барамыз» деп алдап, мені де өзімен бірге ертіп кету үшін шақырған шығар, - деп жинала бастаған екен.
«Құрдас – екі дүниеде де құрдас» деген осы да.
ЕСКЕРТКІШ
Ұлы Жеңістің кезекті жылдығы құрметіне ауыл орталығына қойылған қолына автомат ұстаған соғыс солдаты бейнеленген ескерткіштің ашылу салтанаты болғалы жатады. Музыка ойнап, ескерткіштің ашылу алтанатына аудан әкімдігінен келгендер бар, ауыл басшылары, соғыс ардагерлері бар ескерткіштің лентасын қиып, жамылғысын сыпырады.
Жұрттың бәрі ду қол соғып жатқанда Рсалы ауыл басшысына жақындап барып: «Қарағым Алпысбай, мынауың қапал ма, шымыр ма?» – деп ескерткішті нұсқаған екен. Ал, ауыл басшысы үнсіз қалыпты. Бір ауылдық округті құрайтын Шайдана, Пионер ауылдарында «Шымыр», «Қапал» деген екі-ақ ру ел тұратын. Шынында да ескерткішке кімнің бейнесі негізге алынды екен? 
ҚОШТАСУ
Рсалы 93 жасында қайтыс болды. Дүниеден озар алдында төсек тартып жатқан ауыл ақсақалының көңілін сұрай келген марқұм Есалы құрдасының әйелі Мейізге Рсалы: «Ақыры маған да ана дүниеден шақыру қағазы келді-ау», – депті. Сонда Мейіз апа: «Амалын тауып ашаршылықтан аман қалдың. Есебін тауып соғысқа да бармай қалғансың, енді бұның да бір амалын табарсың», – депті. Сол кезде: «Шақырмағанға барма, шақырғаннан қалма, деген емес пе?! Бұл жолғы шақырудан қалудың амалын таппай отырмын», – деп жымиған күйі жүріп кеткен екен жарықтық. 
Міне, Рсалы қария осылайша өлімнің өзін әзілмен қарсы алса керек... 
Рухы биік жандар ғой.

Тұрмаханбет ҚАЗАҚБАЙ, 
 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Білгенге маржан
12 апрель 2021, Понедельник
Білгенге маржан
Зерде
19 август 2020, Среда
Зерде
Ұлылардан ұлағат
25 август 2021, Среда
Ұлылардан ұлағат
Айтамыз!
14 октябрь 2020, Среда
Айтамыз!
Жүз жасаған жауынгер
09 март 2022, Среда
Жүз жасаған жауынгер
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры