Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Аңызбен астарлас, тарихпен тамырлас

Аңызбен астарлас, тарихпен тамырлас

25 июль 2024, Четверг
67
0
Ономастикалық атаулар – өңірдің ерекшеліктерін айқындап тұратын рухани құндылықтарының негізі факторы екені баршаға аян. Сондықтан ежелден сіңісті болған қазақи көне атаулардан сол аймақтың табиғи, географиялық өзгешеліктері мен тарихының сан қатпарлы қырларын аңғармау әсте мүмкін емес. Оған бабаларымыз атаған өзен-көлдер мен орман-тоғайлардың, таулар мен қыраттардың, жайлаулар мен қыстаулардың атаулары дәлел. 
Ежелден ел мен жердің тарихы аңызбен астарлас, тарихпен тамырлас. Талас жерінде де шежірелі тарихымыздан сыр шертетін, аңызбен көмкерілген көрнекті орындар өте көп. Боз есімді бидің тағдырына байланысты айтылатын Бозтұмсық, өзге де тарихи аңыздармен байланыстырылған Жалбы, Ақкесене, Қызкөпір, Ұйқыдағы ару, Жиделібұлақ сияқты жерлер Талас топырағының бай мұрасын паш етіп тұр. Тәңірқазған мен Бөріқазған – өз алдына бөлек сырлы шежіре, тұтас тарих. Өз қызын қарғыспен қатырып кеткен әке туралы аңыз да әлі күнге ел аузында. Осы орайда Талас топырағы тудырған аңыздардың бір парасына тоқтала кетуді жөн санадым. 
Аңызға сенсек, ерте заманда Талас жерінде бірнеше жыл қатарынан құрғақшылық болады. Су іздеген жұрт бұл қуаңшылықтан шығар амал таба алмай қиналады. Сонда бір бөрі елдің алдына шығып жүріп отырыпты. Ел де бөрінің соңынан үлкен үмітпен ере береді. Сол тіршілік иесі шөліркеген елді бастап келіп, иен даланың төсін қаза бастайды. Сонда бөрінің қазған жерінен бұрқылдап су шығып, мөлдір бұлақ пайда болады, судан зарыққан бүкіл халық аман қалған екен. Бұл жер содан бері «Бөріқазған» деп аталып кеткен деседі. Бүгінде киіз үйдің орнындай ғана болып үйілген топырақ болмаса, бұл жерде басқа белгі жоқ. Тек халық санасында «Бөріқазған» деген атпен қалған дала қойнауындағы қасиетті жер тылсым сырын жасырған күйі сақталып тұр. «Тәңірқазған», «Бөріқазған» үңгірлері аудан орталығынан небәрі 18 шақырым жерде орналасқан. Алғашқы адамдардың тұрағы саналған Тәңірқазғанды археолог Х.Алпысбаев 1958 жылы зерттеп, тас бұйымдарды тапқан. Кейіннен бұл тұрақты 2000 жылы ҚР Ғылым академиясы археология институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді экспедициясы К.Байпақовтың жетекшілігімен қайта зерделеген. Ғалымдар тұрақтардан табылған тас бұйымдарды Еуразия мен Африканың ежелгі ескерткіштерінің арасындағы олдувай (жер атауы) мәдениетімен ұқсас деген қорытындыға келеді. 
Ал өз қызын қарғыспен қатырған әкенің аңызы аудан аумағындағы Қызыләуіт ауылындағы «Қыз-көпір» аталып кеткен жер жайында. Бірі білсе, бірі білмес, бұл ауылдық округте тарихи киелі мекендер өте көп. Халқы «қанды көл» атап кеткен «Қызыл-әуіт» көлі жайлы да деректер аз емес.
Аңызға сүйенсек, ежелгі дәуірде бір бай көш кезінде қызын қарғап, тас қылып қатырып тастаған деседі. Сол жерде қыздың денесі жатыр деген әңгіме де бар. Содан бері ол көпір «Қыз-көпір» деп аталып кетіпті.
Жалпы, ауданда ерекше тізімге енген, мемлекеттің қарауына алынған 74 нысан бар. Оның 5-і республикалық мәнге ие. Олардың ішіндегі саяхатшылар мен бүгінгі жастарды, әсіресе мектеп оқушыларын қызықтыратын тарихи ескерткіштер жетерлік. Оған Ақкесене күзет мұнарасынан бастап, Үшарал ауылындағы Абдолла ишан, Ойық ауылындағы Қарақожа, Ноғай ишан мешіттерін, жоғарыда біз тоқталған Тәңірқазған, Бөріқазған, Ақкөл тұрақтарын жатқызуға болады. Кеңес ауылындағы Тектұрмас, Атбайлар, Қаратау қаласындағы Тамды, Қызыләуіттегі Ақтөбе мекені, Қызыләуіт ауылының төңірегіндегі тас жазулар, «Тоғыз құмалақ» тас тақтасы мен қыштан өрілген тас көпірлер де тұнып тұрған тарих.
Көнеден келе жатқан дәстүрмен қойылған тарихи атауларымызды қалпына келтіру, тарихи жерлерді, мәдени мұраны сақтау мәселесіне енді бүгінгі күннің көзімен қарауымыз қажет. Өйткені төл тарихымыз бен мәдениетіміз арқылы қазақ өркениетінің көшін ілгерілете алсақ, келесі ұрпаққа жарқын жүзбен қарай аларымыз анық.
Нұржан МҰХТАРОВ, 
Талас аудандық әкімдігі мәдениет және 
тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.
Обсудить
Блок в статье:
"Отбасындағы әкенің рөлі" 26 декабрь 2024, Четверг
« Ең үздік төрайымы» 26 декабрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Тарихи-мәдени мұра
08 июль 2021, Четверг
Тарихи-мәдени мұра
САМАРҚАНҒА ЖОЛ ТҮСТІ
11 октябрь 2023, Среда
САМАРҚАНҒА ЖОЛ ТҮСТІ
ТАРАЗ – ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ҚАЛАСЫ
08 июнь 2023, Четверг
ТАРАЗ – ҚОЛӨНЕРШІЛЕР ҚАЛАСЫ
АУЫЛДА МҰРАЖАЙ БОЛСА ДЕЙМІЗ
13 ноябрь 2023, Понедельник
АУЫЛДА МҰРАЖАЙ БОЛСА ДЕЙМІЗ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры