Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Саудакенттің асты тұнып тұрған тарих

Саудакенттің асты тұнып тұрған тарих

27 сентябрь 2023, Среда
118
1
Қаратаудың теріскейінде, Ұлы Жібек Жолының күребойынан қоныс тепкен Саудакент қалашығының тағдырлы тарихы тым тереңде жатыр. Солай бола - тұра, бүгінге күнге дейін оңып зерттелмеген, ғылыми тұрғыда өзінің бағасын алмаған. Бірақ, Саудакенттің шежірелі де шерлі тарихы осында өмір сүріп келген халықтың әлденеше ұрпағының аузында үзік - үзік күйінде аңыз - әңгіме түрінде жетіп отырған. Әрине ондай жүрдім - бардым, жұлым - жұлымы шыққан жеңіл әңгімелер шынайы тарих бола алмайды. Қалай дегенде де көмулі жатқан халық қазынасын аршып алып зерттеуде, зерделеуде біздің тарихшыларымыздың, археологтарымыздың ғылыми батыл қадамдары керек - ақ. Күлтөбе болып көміліп жатқан Саудакент тарихы – біле білген кісіге осы өңірде өмір сүріп жатқан халықтың шежіресі, тұтастай ұлтымыздың ұлық тарихының бір бөлшегі. Облыстық «Ғұмыр – Дария» газетінің редакциясына оқырмандарымыздан хаттар түсіп, ұсыныстар айтылып жатады. «Газеттерден, телеарналардан, әлеуметтік желілерден бір жерлерден құмыра, қанжар, ескі тиындар, ат әбзелдерінің, басқа да ежелгі қазақтар тұтынған заттардың табылғандығы жөнінде хабарларды оқып, көріп, естіп, біліп жатамыз. Ежелгі Саудакент қаласының орны болған, бүгінде Күлтөбе аталып кеткен төбешіктен кезінде, бүгінгі күнге дейін құмыра сынықтары, басқа да тұрмыстық заттар табылып жатады. Бірақ, неге екені белгісіз, Саудаккенттің тарихы күні бүгінге дейін зерттелмей келеді» деген сыңайда өздерінің тілектерін жолдайды оқырмандарымыз. Оқырмандарымыздың тілегіне орай редакция тарихшы, археолог, ғалым, мемлекетшіл азамат,  Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиевқа қайырылған еді. Ол кісі Саудакент қалашығының тереңнен тамыр тартқан тарихы жайында  сұхбат беруге әзір екенін мәлім етті. Ежелгі Саудакент тарихынан біршама хабары бар екенін мәлімдеді. Облысымызға белгілі журналист, «Ғұмыр – Дария» газетіне жанашыр болып жүрген тұрақты авторымыз Есет Досалы Сауран Қалиев мырзамеен сұхбаттасуға келісімін берді. Төменде сол сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын өз оқырмандарымыздың назарына ұсынып отырмыз.

ТІЛШІ: Сұрағымызды мына-дан бастайықшы. Саудакент қалашығының өмір сүрген кезеңін қай ғасырға жатқызуға болады? Жалпы қазақ тарихында ойып тұрып орын алар Саудакент қалашығының тарихы зерттелген бе? Зерттелсе, алғаш рет бұл жұмыспен кімдер айналысқан?
Сауран ҚАЛИЕВ:
Жалпы, кейде тұнып тұрған тарихы бола тұра Қазақстан аумағында зерттеу жұмыстары жеткілікті түрде жүргізілмеген көнеден сақталған мекендер болады. Соның бірі және бірегейі – Саудакент қалашығы. Саудакент қалашығы VIII - XIII ғасырларда қанат жайған көне кенттердің қатарына жатады. Орта ғасырлық қала. Көне Жібек Жолынан бірнеше керуен жолдары бөлінген. Талас өзенінің төменгі сағасынан Қаратаудың теріскейі арқылы Созақ бағытында орналасқан ірі қалалардың бірі – Саудакент. Саудакентке қатысты алғашқы деректерді 1901 жылы «Түркістан» әуесқойлар клубының мүшесі Колосовский ашқан. Дегенмен, бұл қалашыққа зерттеу жұмыстары кешенді түрде жүргізілмеген. Белгілі зерттеуші Әлкей Қағанұлы Марғұлан Қаратаудың теріскейімен жүріп өткенде осы Саудакент қалашығының топографиялық жағдайына назар аударған.
ТІЛШІ:Аталған қала қай кезеңде гүлденген? Қалашықтың сырттағы өзге шаһарлармен байланысы қалай болған?
Сауран ҚАЛИЕВ:
Бір ендіктің бойындағы Саудакент, Құмкент, Созақ, Раң, Қарақұр қалалары IX - XII ғасырлар аралығында өмір сүрген қалалар тізбесіне жатады. Хан, Уванес керуен жолы Саудакент арқылы өтіп, Шудың төменгі ағысы Қамқалы және кіші Қамқалы арқылы Қарқаралыға, одан әрі қарай Батыс Сібірге шығып отырған.  Экономикалық, сауда - саттық байланыстар болған. Ташкент, Бұқара, Ферғанадан жеміс-жидектер келіп тұрса, бұл жақтың шаруалары ол жаққа мал айдаған. Бұл туралы Әлкей Марғұланның еңбектерінде біраз айтылады. Саудакенттің дамуында Түргештердің үлесі зор. Бұл қала X - XI ғасырларда Қарахан мемлекетінің құрамында болған. Гүлденіп, өркендеген уақыты сол кезең. Бүгінгі археологиялық зерттеулер соны дәлелдеп отыр. Қалашыққа қатысты қазба жұмыстары кезінде көне ғасырға тән ыдыс сынықтары, сүйектер, металдан жасалған заттар табылып, бояулы ыдыстар көп шыққан. 
ТІЛШІ: Саудакент қаласының салынуы туралы ғалымдар арасында түрлі пікірлер бар. Оған не дейсіз?
Сауран ҚАЛИЕВ
: Ондай пікірлердің бар екені рас. Дегенмен, ғылыми тұжырым нақты дәлел болып табылады. Қалашыққа 1949 жылы зерттеу жүргізген тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Бернштам заттай деректер таба отырып, олардың қай ғасырға тиесілі екеніне назар аударды. Нәтижесінде бұл қала жергілікті халыққа тән деген тұжырымға келді. Яғни, Саудакентті отырықшы тұрғындар салған. Сонымен, бұл ретте пікір екіге бөлінді. Бернштам жергілікті тұрғындар салған қала десе, екінші топ келімсектердің күшімен тұрғызылғанын айтады. Алайда, қазіргі отандық археологиялық зерттеу нәтижесінде ғалымдар бір шешімге келді. Қолайлы жерде орналасқан қалаларды жергілікті тұрғындар өздері салған деген нақты ұйғарым жасады. 
 Саудакенттің жанында Шабақты өзені бар. Бұл отырықшы халықтың жерді иеленіп, егіншілікпен айналысқанын көрсетеді. Ауа райының жылы болуы да мал шаруашылығы мен егіншіліктің алға басуына қолайлы болған. 2012 жылғы археологиялық барлау барысында дән үккіштер, су диірменінің, қол диірменінің қалдықтары көп табылған. Мұның бәрі егіншілікке тән құралдар екені белгілі. Сондай-ақ, тұрмыстық қалдықтарды тастайтын шұңқырлардың ішінен үй жануарларының сүйектері табылған. Бұл қалашықта төрт түлік мал ұстаған шаруалардың аз болмағанын дәлелдейді. Дегенмен, осыншалық тарихы бар Саудакент қалашығының бүгінгі сақталу жағдайы өте аянышты.
ТІЛШІ: Сонда қалашықты зерттеуге, зерделеуге өз деңгейінде көңіл бөлінбей отыр ма? Саудакент қаласының тарихи орнын сақтау және қалпына келтіру үшін қандай жұмыстар жүргізілуі тиіс?
Сауран ҚАЛИЕВ:
Кеңес кезінде Байқадам (ол кезде Саудакент солай аталған) елді мекеніне тұрғандардың көп қоныстануынан қала топографиялық өзгеріске ұшырады, мәдени қабаттары бұзылды. Қалашықтың орталық бөлігі мен шаһристаны ғана сақталып отыр. Орталық бөлігінің біршама аумағында қазіргі заманғы зираттар орналасқан. Алдағы уақытта бұл қаланың қорғалу аумағын белгілеп, шекарасын анықтап алуымыз керек. Ал, дәл қазіргі қалпымен айтсақ, орта ғасырлық тарихи ескерткіштерге бай Саудакент қаласы апатты жағдайда тұр. Мемлекет тарапынан Саудакент қалашығының орнына кешенді ғылыми - зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Тарихи қалашықты қайта қалпына келтіру арқылы өңірлік туризмді дамытуға мүмкіндік бар. Зерттеулер нәтижесінде қала қабаттарының қазылуына байланысты ашық аспан астындағы музей ашу қажет. Қалашықтың қабаттарынан табылған жәдігерлерді аудандық тарихи – өлкетану музей қорына өткізген дұрыс. Бұл орайда, «жергілікті билік өкілдері Саудакент қалашығы секілді ескерусіз қалған ескерткіштерге жанашырлық танытса» деген ойымыз бар. 
ТІЛШІ: Қалашыққа қатысты тағы қандай тарихи деректер бар?
Сауран ҚАЛИЕВ:
Саудакент қалашығына қатысты деректер жеткілікті. Бұл қалашыққа Арменияның патшасы Гейтум келген деген ақпарат айтылып жүр. Ол Қарақорымға Шыңғыс ханның ұрпақтарымен келіссөз жүргізу үшін осы төңіректен өткен дейді. Котолик дінінің эпископы, яғни, Гелуом До Рубрик, Плано Карпени осы Саудакент жерінен өткен деген деректер де бар. Бұл туралы жарық көрген  саяхат кітабы қазіргі таңда қазақ тіліне аударылды деген хабарды құлағым шалды. Бұл жағдай расталатын болса, Саудакенттің беделі бұрынғыдан да арта түседі. Біз жоғарыда айтқан тарихи кісілердің жүріп өткен кезі табиғаттың тұнық уақыттары ғой. Ол кезде Шу бойының қамысы қалың, аң –құстардың жүздеген түрі сол маңайда мекендеп жатқан кез. Олар үлкен Шу жері арқылы Алмалыққа, одан әрі қарай Жоңғар қақпасы арқылы Монғолияға өтіп кеткен секілді. 
 Қазіргі таңда Сарысу ауданы аумағындағы Ақтоғай үңгірінде қазақ –жапон халықаралық археологиялық тобының мүшелері зерттеу жүргізіп жатыр. Жалпы, Саудакент аумағында арғы тас дәуірінен бастап тіршілік болған. Адамдар климаты жылы болғандықтан, осында қоныстанған. Шарбақты тұрағы, Жоталы үңгір тарихтары тас дәуірінен сыр шертеді. Жаңатас қаласының маңындағы тауға қарай бойласаңыз тастарға қашап жазылған сан алуан таңбаларға куә боласыз. Бұл таңбалар да көне тарихтың белгілерін көрсетіп тұр. Қазіргі таңда Германияда осы Шарбақтының тарихы жөнінде докторлық диссертация қорғалып жатыр. Ал, жергілікті басшылар Саудакент қалашығына немкетті қарап, әлі күнге жайбарақат отыр. «Бізде осындай құндылық бар. Зерттеу керек. Қажет болса, қаржы бөлу қажет. Бұл – келешекке кететін тарихи қазына» деп жоғарыға ұсыныс айтып, тыным таппаулары керек қой. Ал, біз қазір көз алдымызда көміліп жатқан қазынаға толы Саудакент тарихын терең зерттеуге қауқарсыз болып отырмыз. 
Бұл жерде тағы бір ескертетін жағдай бар. Саудакент тарихын руға теліп майдалануға болмайды. Ондай пікірден жергілікті тұрғындар аулақ болуы керек. Саудакент тарихы - ортақ тарих. Бүкіл қазақ даласына маңызы бар құнды тарих. Саудакент тарихына жеңіл - желпі қарауға болмайды. 
Тағы бір айта кетерім, Саудакентті біз VII-XII ғасырға жатқызып, орта ғасырлық қала деп атап отырмыз. Ал, қалашыққа кешенді зерттеу жұмыстары жүрсе, бұл болжам әрі қарай жылжуы мұмкін. Саудакенттің тарихы V ғасырға, тіпті одан да әрі барып қалуы мүмкін. Сондықтан, Саудакент қалашығын қолға алып, зерттеп, тарихи маңызын биіктететін мезгіл жетті. Ол облысымыздың туризм кластерінде қосылған үлкен үлес болар еді. Бір сөзбен айтқанда, Сауданкент қалашығының асты тұнған тарих. Ашылатын да аршылатын да уақыты жетті.
ТІЛШІ: Терең мазмұнды әңгімеңізге рахмет

Сұхбаттасқан
Есет ДОСАЛЫ,
журналст.

Обсудить

Похожие материалы:

ТЕКТЕН НӘР АЛҒАН ТОЗБАЙДЫ
25 август 2022, Четверг
ТЕКТЕН НӘР АЛҒАН ТОЗБАЙДЫ
Жазылым – 2020
27 май 2020, Среда
Жазылым – 2020
ЖЕТПІС ПАЙЫЗҒА ЖЕТІППІЗ
06 апрель 2023, Четверг
ЖЕТПІС ПАЙЫЗҒА ЖЕТІППІЗ
Добавить комментарий
Комментарии (1)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Joellen
Joellen Гости 23 октября 2024 18:14
Replica Sneakers for Men ps402 replica shoes,Replica Sneakers for Men qt746
Сотрудники
Партнеры