Білігі биік Бейсеев
Жамбыл облысының өсіп-өркендеуіне, экономикасының нығаюына, ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқынды дамуына және әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуіне үлкен үлес қосқан атпал азамат Бейсеев Халил Сағынбекұлының өмірден озғанын Шу өңіріндегі аға ұрпақ өкілдері де күйзеліспен қабылдады. Қазыналы қария Шу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін 1985–1991 жылдар аралығында табысты атқарды. Осы кезеңде Халил Сағынбекұлының ұйымдастыруымен ауданның көп салалы шаруашылықтары түпкі нәтижеге қол жеткізді.
Өткен бесжылдықтың орташа көрсеткіштерімен салыстырғанда 1986 жылы еңбек өнімділігі 2,1 есеге, астық өндіру 2,4 есеге, ет 1,15 есеге, сүт 1,19 есеге, жүн 34,8 тоннаға артты.
Жалпы өнім шығару жоспары 111,5 пайыз орындалып, тапсырмадан тыс 254 мың сомның өнімдері өндірілді.
Аудан малшылары үстіміздегі жылдың он бір айында мемлекетке 11187 тонна сүт сатып, жылдық жоспар 107,5 пайыз орындалды. Соның ішінде сүтті мал ұстаушы 13 шаруашылықтың 10-ы сүт сату жоспарын мерзімінен бұрын орындады. Жүн сату жөніндегі жоспар да асыра орындалды. Әр жүз аналықтан қозы, құлын алу жоспары екі жыл қатарынан орындалып келеді. Үстіміздегі жылдың аяғына дейін аудан шаруашылықтары 25 миллион сомнан астам пайда алады деп көзделуде».
Халил Сағынбекұлы аудан басшысы болған осы жылдарда ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін, оның түпкі нәтижесін қамтамасыз етуді басты назарда ұстады. Сонымен қатар аудан орталығы, бұрынғы Новотроицк ауылы мен басқа да елді мекендерді көріктендіруге, абаттандыруға өзі де білек сыбанып кірісті. Қарамағындағы қызметкерлерінен де осыны талап етті. Бірінші басшы талапты дұрыс қойып, оның орындалуын қатаң бақылағандықтан қолға алған істері ел игілігіне қызмет етті. Ол жылдары ауыл шаруашылығында науқандық жұмыстар қауырт жүргізіліп жатса да, шаруада шалағайлық болған емес. Қант қызылшасы уақытылы суарылып, агротехникалық шараларға сәйкес күтіп-бапталды.
Тәтті түбірден тау тұрғызылып, Шу қант зауыты тонналаған құмшекер шығарып жатты. Сүт өндіру көлемі ұлғайып, Шу сүт зауытының өнімділігі арта түсті. Айта берсек, мұндай мысалдар бүгінгі жастарға ертегі естіп отырғандай әсер ететін шығар?! Сол кездегі еңбек адамдарының табан ақы, маңдай терімен ел дәулетінің, халық қазынасының толыға түскендігін көзіміз көрді.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Жеңістің қырық жылдығын жоғары деңгейде атап өтуде шулықтар да аянып қалған жоқ. Осы тұста аудан орталығындағы орталық саябаққа алдын ала талқыланып жасаған жоба бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сол кезде ауданда «Чусовхозводстрой» тресі егіншілік мәдениетін арттыруға, осы саланың тиімділігін кеңейтуге көптеген күш жұмсады. Осы треске қарасты жылжымалы механикаландырылған колонналардың ұжымдары аудан басшысының тікелей тапсырмасымен саябақты абаттандыруға қызу атсалысты. Қазіргі тілмен айтқанда, құрылыс ұйымдарының қай-қайсысы болса да өз тараптарынан демеушілік көмек көрсетті. Атап айтқанда, аудандық электр қуатымен қамтамасыз ететін мекеме қазіргі Төле би көшесінің бойындағы электр бағаналарын толықтай жаңартты десе де болады. Қазіргі Балуан Шолақ көшесінің қос қапталына арықшалар тартылып, оның жақтауына бетон төселіп, сылдырап су ағып жатқандығын бүгінгі аға буын өкілдері жақсы біледі. Ең бастысы, орталық саябақтың дәл ортасынан жаяу жүргіншілер үшін кең қанатты жол жасалды. Ауданнан шыққан Кеңес Одағының Батырлары мен Социалистік Еңбек Ерлерінің және еңбек адамдарының мүсіндері биік тұғырға орнатылды. «Даңқ» аллеясы Шу өзенінің жағасына дейін ұзартылып, әлі күнге дейін шулықтар мен аудан қонақтарының бір сәт демалатын құтты орындарына айналды. Жаз айларында күннің қызуы қырық градустан да асып кететіні ескеріліп, Төле би көшесі мен «Даңқ» аллеясына дейінгі аралықта төрт субұрқақ жасалынып, тұрғындардың игілігіне берілді. Бұған саябаққа кіреберістегі арнайы қойылған белгі айғақ болады.
Шу ауданында Халил Бейсеев бағындырған белестер аз емес. Бұл ретте ауыл шаруашылығы өндірісінің білікті ұйымдастырушысы, Шу ауданының Құрметті азаматы Жұмахан Оспанов бізбен әңгімесінде былай деген еді:
– Халил Сағынбекұлы – ой-өрісі кең, парасатты, жауапкершілігі жоғары, жұмысқа жан-тәнімен берілген азамат болды. Ұйымдастыру қабілеті жоғары, жаңалықты жатсынбайтын кісі еді. Бойындағы ар-намыс, күш-жігерін адал еңбекке арнады, ой-толғамы жан-жақты, жалпы жөн-жобаны білетін, жақынды емес алысты болжап, келешек үшін әрекет етті...
Жұмыс басына келгенде әрқашан механизаторларға жолығып, ақыл-кеңесін айтып жүретін. Әділдік пен шынайылық оның өмірлік ұстанымы болатын. Білім мен өнерге, ғылымға, озық технологияға, ғылыми жаңалыққа жаны құмар болды. Жұмысты әрқашан зерделеп, саралап отырып, жақсы-жаман жағын ажыратып, әрқашан сапалы, тиімді, тиянақты, өнімді жұмыс істеуіне талап қойып, орындата білетін.
1988 жылдың көктемінде мен күтпеген бір оқиға болды. Ол кезде облыстық «Ақ жол» газетінің меншікті тілшісі болатынмын. Бір күні аудандық «Шу өңірі» газетінің редакциясына жолым түсті. Өз арамызда «Миша ағай» деп атап кеткен кісі Умэлс Шоқалақов қарсы жолықты.
– Ахметжан, келгенің қандай жақсы болды. Менің кабинетіме жүрші – деп, жол бастады. Жайшылықта тау қозғалса да қозғала қоймайтын жігіт ағасының табан астында асып-сасқанына таңқалғаным бар. Өкшесін басып келе жатып:
– Ағай, жайшылық па? – деп мен де дегбірсіздендім.
– Саған айтар бір сырым бар,-деп кабинетінің есігін іштен жауып алды.
– Айтайын дегенім, редакторымыз Құдабаев аупарткомға қызметінен босату жөнінде өз өтінішін түсіріпті. Естуімше, облыстық «Еңбек туы» газетіне ауысатын көрінеді. Сен қашанғы меншікті тілші болып жүре бересің? – деді.
– Айтар ойыңыз қандай? – дедім.
– Менің естуімше, бір-екі парторг редакторлық қызметке сұранып жүрген сияқты. Бірақ олар сен сияқты журналист емес қой. Еңбек жолыңды редакциядан бастап едің, енді оның басшысы болғаныңды қалаймыз, – деп ойын түйіндеді.
– Ағай, сіз қызық екенсіз, мені кім редактор қоя салады?
– Меншікті тілші ретінде Бейсеевпен талай мәрте бірге жүргеніңді, жиналыстарына қатысқаныңды жақсы білемін. Сол кісіге өзің барып жолықсаң, меселіңді қайтармас.
– Миша ағай, сіз мені қолдап тұрғаныңызды түсінемін. Бірақ аудан басшысының алдына барып жауапты қызмет сұрағаным ұят емес пе?!
Өзара әңгімеміз осылайша шорт үзілді. Ертесіне облыстық редакцияның тапсырмасы бойынша көрші Мойынқұм ауданына іссапарға шығып кеткен едім. Бір арыздың машақатымен арада үш-төрт күн өтіп кеткен. Ауылға қайтар жолда Мойынқұм аудандық «Коммунизм таңы» газеті редакциясындағы әріптестеріме сәлем бере барғанмын. Редактордың қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз мені көре салып, жерден жеті қоян тапқандай қуанғаны бар емес пе?! «Ағай сізді кешелі бері Шу аудандық партия комитетінің қабылдау бөлімінен телефон шалып іздестіріп жатыр» деп, мен үшін тосын жаңалықты хабарлады.
Келесі күні Шу аудандық партия комитетінің қабылдау бөлмесіне бас сұқтым. Аман-саулық сұрасқаннан кейін хатшы әйелге: «Мені не үшін іздеп жатырсыздар?» дедім. Әлгі кісі: «Не үшін шақыртып жатқанын бірінші хатшының өзі айтар. Бейсеев қазір шаруашылықтарды аралап кеткен еді, көп ұзамай келіп қалар» деп жағдайды баяндады. Көп кешікпей аудан басшысы да келіп жетті: «Аздап күте тұр, қабылдаймын» деп жылы шырай танытты.
Басшының шақыртуы бойынша жұмыс кабинетіне бір үміт, бір күдікпен кірдім. Ол кісі алдындағы қағаздарын бір жағына сырып қойып:
– Ахметжан Ақбұқаұлы, мен өмір дерегіңмен тағы да танысып шықтым. Екі жоғары білімің бар екен. Кәсіби журналиссің. Осы саладағы іс-тәжірибеңнің толысып келе жатқандығын ескеріп және облыстық газеттің редакторы Арғынбай Бекбосынұлымен келісе отырып, өзіңді Шу аудандық «Шу өңірі» газетінің редакторы қызметіне тағайындауды ұйғарып отырмын. Әрине, өзің қарсы болмасаң. – деді.
Дәл осындай мәселенің табан астында көтерілетінін күтпеген едім. Бірақ бәзбіреулердей ойланып-толғанып көрейін деп шалқақтамадым.
-Халил Сағынбекұлы, сіз сенім артатын болсаңыз, үмітіңізді ақтауға бар күш-жігерім мен білімімді жұмсаймын, – деп жауап қаттым.
Аудан басшысы ішкі телефон байланысын құлағына тосып: «Алдағы болатын бюро мәжілісіне Қосақовтың кандидатурасы енгізілсін» деп тапсырма берді. Бұдан соң облыстық партия комитетінің кезекті бюросынан да өтіп, өзімнің шығармашылық жолым басталған аудандық «Шу өңірі» газетінің редакторы болып тағайындалдым. Мұның бәрін айтып отырған себебім, аудандық газет редакторын тағайындауға да үлкен көңіл бөлінетін. Құдайға шүкір, зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметті демалысқа шыққанға дейін редакторлық қызметті абыроймен атқарғанымды мақтан тұтамын.
Ана жылдары Халил Бейсеев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер болып, Шу сайлау округі бойынша тіркелді. Бұл кез – ол кісінің зейнетке жаңадан шыққан кезі. Әйткенмен, туған халқына халық қалаулысы ретінде қызмет көрсете беруді шынайы қалаған. Үміткердің өз өтініші бойынша мен ол кісінің сенімді өкілдерінің бірі болдым. Екеуміз Шу ауданының шаруашылықтарын түгелдей аралап, сайлаушылармен бірнеше кездесулер өткіздік. Ауыл адамдарының Бейсеевке деген ықыластарының бөлек екендігін байқадым. Әсіресе, аға ұрпақ өкілдері: «Халеке, сізден басқа кімге дауыс береміз? Ауданды басқарған кезде әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз айтарлықтай жақсарды. Еңбегіңіз ақталып, Мәжіліс төрінен орын алыңыз» дегендей тілектерін айтып жатты. Өкінішке қарай, сайлау қорытындысы бойынша Халил Бейсеев депутаттыққа өте алмады.
Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының кандидаты болған Халил Бейсеев туралы суық хабарды естігенде мынадай өлең шумақтары ақ қағаз бетіне түсті:
Бір ауданда бірге қызмет атқардық,
Талап қойғыш екеніңді аңғардық.
Тапсырмасын бақылауда ұстайтын,
Үлгі болар өнеріне таңдандық.
Ауыл жайын көзбен көрді аралап,
Олқылықты зерделеді саралап.
Бәрінен де жалқауларды жек көрді,
Бірін-бірі жүретұғын қаралап.
Қабылдаса құлақ қойып тыңдайтын,
Сөз арнасын басқа жаққа бұрмайтын.
Қолдан келсе көмегін де көрсетіп,
Намысың мен жігеріңді шыңдайтын.
Жұмысшыны бағалады, баптады,
Қай кезде де әділдікті жақтады.
Кей басшыға салқын қабақ танытып,
Бюроларда сын отына қақтады.
«Халеке» деп құрмет тұтты ел сеніп,
Кірісті ол іс дегенге белсеніп.
Жоғын жоқтап, Шудың даңқын асырған,
Іскер басшы болатұғын Бейсеев.
Талап қойғыш екеніңді аңғардық.
Тапсырмасын бақылауда ұстайтын,
Үлгі болар өнеріне таңдандық.
Ауыл жайын көзбен көрді аралап,
Олқылықты зерделеді саралап.
Бәрінен де жалқауларды жек көрді,
Бірін-бірі жүретұғын қаралап.
Қабылдаса құлақ қойып тыңдайтын,
Сөз арнасын басқа жаққа бұрмайтын.
Қолдан келсе көмегін де көрсетіп,
Намысың мен жігеріңді шыңдайтын.
Жұмысшыны бағалады, баптады,
Қай кезде де әділдікті жақтады.
Кей басшыға салқын қабақ танытып,
Бюроларда сын отына қақтады.
«Халеке» деп құрмет тұтты ел сеніп,
Кірісті ол іс дегенге белсеніп.
Жоғын жоқтап, Шудың даңқын асырған,
Іскер басшы болатұғын Бейсеев.
Ахметжан ҚОСАҚОВ,
ардагер журналист,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Шу ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
"Отбасындағы әкенің рөлі"
26 декабрь 2024, Четверг
Қазақстан мәслихаттарына – 30 жыл!
26 декабрь 2024, Четверг
« Ең үздік төрайымы»
26 декабрь 2024, Четверг
Похожие материалы:
Комментарии (0)