Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » САЛЫҚ САЛАСЫНЫҢ САҢЛАҒЫ

САЛЫҚ САЛАСЫНЫҢ САҢЛАҒЫ

30 январь 2024, Вторник
112
0
Бюджет – мемлекет қазынасы. Мемлекет мүддесі үшін барлық шығындар бюджеттен жұмсалады. Оның ішінде мемлекеттік және бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы да, зейнетақы мен әлеуметтік мекемелер мен, қорғаныс, құқық қорғау органдарының шығындары да бар. Айтпағымыз – мемлекет қазынасы болып саналатын бюджеттің қалыптасуы. Бұл жерде салықшылардың еңбегі ерекше және ұшан-теңіз.
Сондай еңбегі ерекше, бюджеттің бүйірін толтыруға, яғни мемлекет қазынасының молаюына үлес қосқан салықшылардың бірі – Әлдибай Әуелбаев. Оның 40 жылға жуық еңбек өтілінің 31 жылы осы салаға арналыпты.
«Сіз салық саласында ұзақ жылдар бойы білім-біліктілігіңіз бен жоғары жауапкершілігіңіздің арқасында ел экономикасының жақсаруына қомақты үлес қостыңыз!» – деп жазылыпты Жамбыл облыстық салық саласы ардагерлер кеңесінің Әлдибай Әуелбаевтың 70 жасқа толуына орай жолдаған Құттықтау хатында.
Бұл – шындық. Өзі туып-өскен Шу ауданының Бәйдібек ауылындағы орта мектепте оқыған Әлдибай Әбілқасұлы есепке жастайынан жүйрік болатын. Ол анау-мынау есепті қағазға жазып жатпай ауызша-ақ қағып тастаушы еді. Сол зеректігінің арқасында сегізінші сыныптан кейін Луговой зоотехникалық - малдәрігерлік техни-кумына оқуға түскен Әлдибай 1972 жылы осы оқу орнынан бухгалтер мамандығын алып шыққан. Оның осыдан кейінгі саналы ғұмыры есеп-қисап саласына байланысты.
Шаруашылықта, ауылдық кеңесте бухгалтер болып қызмет атқарған Әлдибай Әуелбаев 1983 жылдан Жамбыл ауданында Аса астық қабылдау кәсіпорнында, аудандық қаржы бөлімінде жұмыс істеген. Ал, 1991 жылы аудандық кірістер (салық) басқармасына қызметке келгенде ол осы саланың қыр - сырын әбден жақсы білетін білікті маман болып қалыптасқан еді. Талапты жас еңбекті біліммен ұштастыра отырып, Алматы халық шаруашылығы институтын есепші - экономист мамандығы бойынша сырттай оқып бітіріп алған.
Еліміз нарықтық экономикаға көшкен алғашқы кезеңде салық саласының қызметінде әжептеуір қиындықтар болды. Кәсіпкерлікке жаңадан қадам басқандар салық төлеуде көптеген жаңсақтықтарға жол беріп алатын. Әлдибай оларды айыппұлмен төпелемей, салық саясатын түсіндіруге баса назар аударатын. Кейбіреулеріне кешіріммен қарап, оларға салық төлеудің жолдарын, декларацияны уақтылы тапсыруды тәптіштеп түсіндіруден жалыққан кезі жоқ. Салық төлеушілермен түсіністікте жұмыс істегенінің арқасында бюджетке кірістің ойдағыдай, қалыпты түсуіне қол жеткізді.
Салық қызметі сауаттылықты талап етеді. Әлдибай Әуелбаев – осы талап үдесінен шыққан салықшы. Нәтижесінде жұмысы жеміссіз емес. Оның әр кездерде облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің Құрмет грамотасымен, аудандық салық комитетінің Алғыс хатымен марапатталуы мамандығының майталманы болғанына дәлел.
Оның еңбегі, сондай-ақ, бірнеше рет аудан әкімі мен аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен де аталып өткен.
Әлдибай Әуелбаев – белсенді ардагер. Ол – аудандық билер кеңесінің мүшесі. Қоғамдық медиатор ретінде азаматтық дау-дамайлардың бейбіт шешілуіне атсалысып тұрады.
Жетпіске желіп жеткен замандасымыз, белсенді ардагер Әлдибай Әуелбаевқа қоғамдық қызметте табыс, деніне саулық тілейміз.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Жамбыл ауданы.
Обсудить

Похожие материалы:

ӘР ОТБАСЫНА ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН
15 декабрь 2023, Пятница
ӘР ОТБАСЫНА ЖЫЛУ СЫЙЛАҒАН
КӘСІПОДАҚ ҚАЙРАТКЕРІ
15 сентябрь 2022, Четверг
КӘСІПОДАҚ ҚАЙРАТКЕРІ
Парасат
10 июнь 2021, Четверг
Парасат
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры