Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қазақ тарихындағы билердің тұғыры

Қазақ тарихындағы билердің тұғыры

08 апрель 2026, Среда
32
0
Қазақ қоғамындағы билер қызметінің 
мәні мен маңызы қай заманда болмасын 
зор болған. Қара қылды қақ жарып би
 атану екінің бірінің қолынан келмеген.
 Халық нағыз биді өзі таңдап, оған қояр талаптарын 
да ашық, анық білдіріп отырған. Оны 
ауыздан-ауызға жеткен би-шешендер турасындағы
аңыз-әңгімелерден де байқаймыз. 
Тіпті түсіндірме сөздіктерде берілетін «би» 
сөзінің мағынасы да оның тарихи  маңызын 
айшықтап тұр. Бидің халық арасындағы 
қадір-қасиетін «Би бол!  Би болмасаң, би түсетін үй бол!» 
деген тілек-батадан да ұғынуға болады. 
Бұл ретте «кімдер би болған?», «Оларға қойылатын талап қандай болған?» деген заңды сұрақтар да туындайды. Би – білімді, батыр, шешен, байқампаз, әділдік ұстанымын жоғары қоятын, ел мүддесі үшін оң шешім қабылдай білетін тұлға болуы тиіс деп жауап беруге болады. Мұндағы басты талап – адалдық пен әділдік десек, қателеспейміз. Бұл қасиет қазіргі заман талабына сай әрбір мемлекеттік қызметкердің бойынан табылуы шарт деп білемін.
Қазақ билері кімдер дегенде, әуелі ауызға қазақтың үш тұғырлы тұлғасы – Төле, Қазыбек және Әйтеке билер түсетіні сөзсіз. Ел аузында олар туралы  аңыз да, әңгіме де күні бүгінге дейін жиі-жиі айтылады. Олардың ардақты есімдері елге сіңірген еңбектерімен қалды. Үш бидің есімін бөліп-жармай бірдей айтылуының да өзіндік себебі бар. Бұл, ең бірінші, қазақ даласының тұғырлы заңына айналған «Жеті жарғымен» де байланысты. Олар Күлтөбенің басында әз-Тәукенің басшылығымен үш жүздің игі жақсыларын жиып, күллі қазақ қоғамының ара-қатынасын жүйелейтін салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарға негізделген ортақ заң жазды. Бұл олардың есімдерінің тарих тақтасында мәңгі қалуына бірден-бір негіз болды. Үш бидің есімін бір-бірінен ажыратып жазу мүмкін емес. Өйткені олардың тағдыры ұлт үшін байланған тұтас ұғым. Шешендік өнерінің және поэтикалық шеберлігінің күші жағынан халықтың жадында мәңгілік сақталып қалуының сыры да осы. 
Өткен ғасырдың зұлмат жыл-дарында кеңес өкіметі өз өктемдігін жүргізу үшін, алдымен халыққа сөзі өтімді ақсақалдар, билер институтынан құтылу керектігін жете түсінді. Өктем биліктің құйтұрқы саясат жүргізгенін, өкінішке орай, ақтаңдақтардың беті ашылғаннан кейін оқып, біліп жүрміз. Билердің қызметін бүгінде сот қызметінің арғы тегі деп танимыз. Шын мәнінде би қызметі алуан түрлі болды. Мәселен, бидің елшілік қызметін біздер қаз дауысты Қазыбек бидің жоңғарлар қолында бір жыл жатқан Абылайды қайтаруға барып, мақсатына жеткені туралы әңгімеден білеміз. Әрине оған дейін де өзге билерді қазақ тарапы жібергенімен, баласынан айырылған жоңғар қолбасшысы еш бітімге, сөзге келіспеген. Сондағы Қазыбек бидің алғырлығы мен шешендігі үлкен даудың нүктесін қойған. Бұл ретте қазақтың «елдестірмек – елшіден» деген даналығы еріксіз ойға оралады. 

Төле бидің «Қарлығаш әулие» атануы туралы әңгімеден қазіргі тілмен айтқанда бидің әкімдік, басшылық, батырлық қасиеті аңғарамыз. Бұл әңгіменің расында саяси астары тереңде екенін көбіне ескере бермейміз. Оқиғадан бидің қарлығаш құсына көрсеткен құрметінен бөлек, өзіне бекітілген әкімшілік аумақтың тұтастығын, елдің амандығын сақтап қалуда пайдаланған тәсілі қолында билігі бар әрбір азаматқа ой салса құба-құп болар еді. Нар тәуекелге бел буып, қалмақ жауынгерлерін білімімен, наным-сенімімен және өз сеніміне беріктігімен тоқтатып, шығынсыз жаудың бетін қайтарған. Бұны ұлы бабаларымыздың көрегендігі мен басқарушылық шеберлігі деп қалай айтпаймыз?!
Төле би, Қазыбек би, Әйтеке бидің өмір сүрген кезеңі XVII-XVIII ғасырлардың еншісінде. Бұл кезеңде қазақ халқының ұлттық һәм жауынгерлік рухы сынға түсіп тұрған кезең болғандығын да тарихтан жақсы білеміз. Жаугершілік заманның қазаққа қара бұлтын үйіріп тұрған дәуірі десек те болады. Қазақ жерінің сол кездегі басты жауы – жоңғарлар мен қалмақтар еді. Қазақ қоғамныың тұғырлы тұлғалары болған үш би қазақ мемлекетінің саяси сахнасында елішілік дауларды шешумен қатар, көрші елдер арасындағы қақтығыс-ұрыстарда шешімді сөз айта білді.  Ұлттың жауынгерлік рухын сөзімен де, найзасының ұшымен де көтере білді.
Абылай ханның жанында, бір тудың астына бірігіп, ел жайын, ортақ мүддені биік қойды. Содан да болар, үш биіміз – бірлік пен ынтымақтың символындай көрінеді. Ел тәуелсіздігі жарияланғаннан кейінгі алғашқы он жылдықта еліміздің еңсесін тіктеу үшін алдымен ұрпаққа үлгі болар тұлғаларымызды насихаттай бастадық. Олардың әрбір айтқан ақыл сөздері газет-журнал беттерінде жиі жарияланып, көше бойлай ілінген көрнекіліктерде тайға таңба басқандай жазылды. Солардың ішінде ең бірінші ел жадында сақталғаны үш бидің айтқан сөздері еді. 
Тұлғалардың ісі мен есімін ұлықтау, ұрпаққа танытуда билердің өмірбаяны тереңірек зерттеліп, мерейтойлары аталып өтті. Әсіресе, 1993-1998 жылдары бұл үрдіс ерекше сипатқа ие болды. Мәселен, 1993 жылы Жамбыл жерінде, Шуда төбе би атанған Төле би Әлібекұлының 330 жылдық мерейтойы, артынша Қазыбек бидің және Әйтеке бидің мерейлі мерекелері аталып өтті. Айтулы мерекелер жалпыхалықтық сипат алып, дүйім жұрт елдігіміздің жарқын көрінісі ретінде қабылдады. 
Елді мекендерге, мектептер мен мәдениет үйлеріне, көшелерге билердің аты беріліп, халқымыз марқайып қалды. Мәселен, Тараз қаласының қақ төріндегі қатар жатқан үш көшеге үш бидің есімі ретімен қойылып, онда орналасқан мектептердің біріне Төле бидің есімі берілді. Қазіргі таңда үш бидің атын алған көшелер қаланың ең көрікті, кең, әсем бөлігін алып тұр.  
Бертін келе бұл үрдіс жалғасын тауып, өткен жылы Әйтеке бидің туғанына 380 жыл толуын ел болып атап өттік.   
Әйтеке би Байбекұлы туралы айт-қанда  оның шын есімі Айтық екенін, Самарқандта есімі жаһанға жайылған Жалаңтөс Баһадүрдің, немересі болғанын білеміз. Өзі 5 жасынан бастап ауыл молдасынан сауатын ашқанын, кейін Самарқандтағы Ұлықбек медресесінде және Шердор медресесінде дін, астрономия, құқық, математика, география, тарих салалары бойынша білім алғанын білеміз. Яғни, Әйтеке аса білімді, ойы толысқан адам болған. Тұлға болып қалыптасуда білімнің зор маңызға ие екендігін Әйтеке бидің білік-парасатынан айқын байқауға болады. 
Әйтеке би турасында оралдық жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мұқадес Есләмғалиұлы былай деп түсініктеме берген екен: «Әйтекенің әкесі Бәйбек әрі бай, әрі батыр болған адам көрінеді. Ағаларына қарағанда Әйтеке әкесіне тартқан, ауыл адамдарына сүйкімді, елгезек, қонаққа үйір, сыпайы болады. Келген қонақтар: «Ат  болатын тай саяққа, адам болатын бала қонаққа үйір», Бәйеке, осы қара балаң жаман болмас», – депті. Содан жасында «Қара бала», бері келе оны жеңгелері «Қара жігіт» деп атап кеткен екен. Айтық есімінің қалайша Әйтеке болғаны жайында мынандай әңгіме бар. Бір дауға барғанда Әйтеке: «Менімен бірге бір текені ала бар. Үлкен керек десе, сақалы бар текені, бала керек десе, мені көрсетесіңдер» – деген екен. Айтқанындай дау басталғанда сөз алып: «Бала десең, маған тоқта, сақал десең, ана текеге тоқта» – деген көрінеді. Содан «Әй, теке, Әй, теке» деп айта бергеннен Әйтеке атанып кеткен деседі».
Мұндай ел аузында сақталған Әйтеке би айтты деген аңыз әңгімелерден бүгінгі ұрпақ «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас. Бай болсаң –  халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң – жауыңа найзаң тисін» деген бір ауыз сөзін ту ете білуі парыз. Өзгенің қаңсығын таңсық көріп, қолындағы барын жоғалтқан ұрпақ сормаңдай болмауы үшін осындай асылдарымыздың өсиетін ұрпаққа үлгі етуіміз керек.  Ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар екенін айта келіп, туған жерге қызмет етер саналы ұрпаққа сенім артты. Расында бұл сенімге Әйтеке бидей бабамыздың сөзі де сүйеу болуы тиіс деп білемін. Ел де, жер де келер ұрпаққа қажет асыл қазына. Халқымыздың өткені оның ұрпағының алтын тамыры. Тамыры бос ағаштың жемісі болмайтыны да елге аян. 
Ел аузында «Әйтеке жарып айтады, Қазыбек қазып айтады, Төле тауып айтады» деген ұлағатты сөздер қалды. Әділ сөйлеу, ойды шегелеп, нақты, жарып айту батырлық пен батылдықтан, даналық пен білімпаздықтан туатынын ел іші де аңғара бастады. Қоғамдағы әлеуметтік және рухани тепе-теңдіктің қалыптасуы имандылық, руханилықтың негізгі күшке айналуымен тікелей байланысты екенін Төле, Қазыбек, Әйтеке билер жете түсіне білген. Ел аузындағы: «Төле айтты дегенше, Қазыбек айтты десейші, Қазыбек айтты дегенше, Әйтеке айтты десейші», – деген сөз де күні бүгінге дейін мән-мағынасын жоғалтқан жоқ. Бабабалар сөзі – асыл қазына. Бағдарлы болашаққа жол сілтер темірқазық. 

Назым ҚОЖАМАР,
Ш.Мұртаза атындағы руханият 
және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі 

Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары 01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3! 30 июнь 2026, Вторник

Похожие материалы:

Айтамыз!
14 октябрь 2020, Среда
Айтамыз!
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры