КӨРГЕНІ КӨПТЕН БАТА ТІЛЕ...
«Қариялар батасын береді екен, бата деген ақ тілек керек екен» деп ақындардың өлеңінде айтылғандай, ақсақалдың тілегі – тағылымды, өсиеті – өнеге. Оны біз ел арасындағы жиындарда байқап жүрміз. «Жақсы қария белгісі – жанып тұрған шам болар» демекші, ақсақалдық жасқа жеткен ауыл ардақтаған кісілердің бата білгені, жастарға тілек айтып жүргені өте маңызды. Аудандық ардагерлер кеңесі, аудандық билер кеңесі мен «Amanat» партиясысының аудандық филиалы, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бірлесіп, «Батаменен ел көгерер» деген тақырыпта аудандық батагөй ақсақалдардың байқауын ұйымдастырды. Байқауға жиналған жұрттың алдында аудан әкімінің орынбасары Әлібек Нұрадинов ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуына еңбегі сіңген бір топ еңбек ардагерлерін «Мойынқұм ауданының құрылғанына 60 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Әр ауылдық округтен жиналған 15 батагөй ақсақалдың аталған байқаудағы бата беру өнеріне қазыналы қария Ғаният Қашқынбеков, аудандық билер кеңесінің төрағасы Базарбай Көшенов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сағынғали Аманов, ауданға белгілі шаруа қожалық төрағасы Темірхан Ақбалаев және осы жолдардың авторы бар әділқазылар баға берді. Ең алғаш болып өнер көрсеткен Мойынқұм ауылының 74 жастағы қариясы Әуелбек Омаров дастарханға батаны орта деңгейде бергенімен, Жамбыл атаның батасын айтып бере алмады. Негізі көптің алдына шығу оңай өз емес. Ақсақалдардың біразы дайындықтарын байқатқанымен, жартысына жуығы қойылған үш сұрақтың екеуінен, кейде үшеуінен де сүрініп жатты. Шығанақтан келген Бейсен Екібаев, Бірлік ауылының қариясы Дәндібай Молдабаев, биназарлық Қанат Көпбаев, Хантау ауылынан келген Болат Қуанышев аудандық кезеңде де үздіктер қатарынан көріне білді. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орын – биназарлық Қанат Көпбаев ақсақалға берілсе, екінші жүлдеге – Шығанақ ауылынан келген Бейсен Екібаев ақсақал лайық деп танылды. Өнерлері дәрежелес болған Бірлік ауылының қариясы Дәндібай Молдабаев пен Хантау ауылының намысын қорғаған ақсақал Болат Қуанышев – жүлделі үшінші орынды бөлісті. Жеңімпаз бен жүлдегерлер диплом, ақшалай және заттай сыйлықтармен марапатталды. Ауданымызда батагөй ақсақалдар байқауы едәуір тартысты өтті. Жылдағыға қарағанда, қатысушылардың қатары көбейіп, дайындықтары да жаман болмады. Жүзден жүйрік шығу оңай емес. Енді биназарлық Қанат Көпбаев ақсақал биыл 17 маусым күні өтетін облыстық байқауда аудан намысын қорғайтын болады. Ол кісі аудан сенімін ақтайды деген үміттеміз. Есет ДОСАЛЫ, журналист Мойынқұм ауданы
Обсудить
Блок в статье:
ӘКЕ – ОТБАСЫ ТІРЕГІ, ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ!
10 июль 2026, Пятница
АҚ ӘЖЕЛЕРДІҢ ӨРІСТІ ӨНЕГЕСІ
10 июль 2026, Пятница
АР-ҰЯТЫ БАР АДАМ АДАСПАЙДЫ
10 июль 2026, Пятница
Похожие материалы:
Комментарии (0)






