Қауын ұрлығы немесе асқабақтың әлегі
Күз мезгілі. Күннің ыстығы әлі қайта қоймаған. Үйдің артындағы үлкен талдың көлеңкесінде ойнап отырмыз. Жанымда көршім, әрі досым Қабыш бар. Біздің ойыншықтарымыз ағаш кесіндісінен, тастан, сүйектан жасалған машина, тракторлар. Соларға арнап талдың айналасынан өтетін жолдар жасаймыз. Арықтың іші толған жолдар. Бір кезде Қабыш есіне бір нәрсе түскендей орнынан атып тұрып:
– Қауын жейсің бе? – деді. Жан-жағыма қараймын, жақын жерде қауын көрінбейді. Ештеңеге түсінбедім.
– Кәне, қауын? – деймін ғой сонда.
– Мына көрші Серіктің бақшасы тола қауын пісіп тұр, содан ұрлаймыз.
– Ұрлағаны несі? – деп мен қорқып кеттім.
– Сен қарап тұрсаң болды, мен өзім алып келем. Үйден пышақ ала шық.
Қабыш менің қорыққанымды білсе керек. «Жоқ» деп айтуға намыстанып, төмен қарап басымды изедім. Енді екеуміз жоспар құра бастадық. Қазір бақшаның аяғына барамыз, мен жан-жағыма қарап тұрамын, Қабыш ұрлап әкелуі керек. Серік біздің үйден бір үй кейін тұрады. Досым бақшаның аяғына барып мені қарауылдайтын орынға тұрғызып қойды. Маңайда ешкім көрінбейді. Серіктің отбасы есік алдындағы алма ағаштың көлеңкесінде тамақ ішіп отыр. Олардың дабырласып сөйлескені естіліп тұр. Қабыш бақшаның шетіндегі қалың теректің ығымен қауынға кетті. Қауын Серіктер тамақтанып отырған жерге жақын жерде. Қабыш қауынға жақындап барып тура тұсынан шықты. Тамақтанып отырған адамдарға қарап алды, сөйтті де басын жауыннан ыққандай бұғып алып қауынға жақындады. Тамақ ішіп отырғандар сол мезекте тым-тырыс бола қалды. Екі көздері Қабышта. Қабыш бірінші кездескен қауынды көтеріп алды. Сол кезде тамақ ішіп отырғандардың біреуі «әй» деп қалды. Қабыш оларға аңырып қарап қалды. Сөйтті де қолындағы қауынын жерге қойды. Ауыр болды ма, әлде қолына тікенек кірді ме білмедім. Бір кезде қолын уқалап, шалбарына сүртті. Қолына тікенек кіргенге ұқсайды. Екі көзі тамақ ішіп отырғандарда. Олар тамақ ішуді тоқтатқан. Біреуі қолымен мен жақты көрсетіп еді басқалары ду күлді. Қабыш екінші қауынға келіп оны да көтеріп көрді, бірақ сабағынан ажырата алмады.
Енді үшінші қауынға келгенде Қабыштың ашуланғаны көрініп тұрды. Ол қауынды аяғымен теуіп-теуіп сабағынан ажыратып, көтеріп алды. Қайтар жолда теректің ығына кетпей тіке бақшаның ортасымен келе жатты. Бақшаға су түсіп жатыр екен, қолындағы қауынның ауырлығы, шөптің арасында жолдың жоқтығы оны қатты қинағанға ұқсайды. Бір кезде бақшаның аяғына жетті, бірақ дәу арықтан өте алмай тұр. Арықта тола су ағып жатыр. Қабыш қауынды арықтан асыра лақтырып жіберді, ол менің алдыма түсті. Дәу екен. Бірақ көк қауын екен, піспеген шығар деп ойлап тұрмын. Өзі де өтіп менің жаныма жақындады. Ентігіп тұр, шаршап қалыпты.
– Ей, асқабақты не істейсіңдер? – жанымызға Серік келіп қалыпты. Қайдан келгенін білмей қалдық. Тура жанымызда тұр. Түрінде күлкі бар. Қабыш тұра қашты. Мен не істерімді білмей орнымда тұрып қалдым.
– Бұл қауын емес, бұны асқабақ дейді. Бұл әлі піскен жоқ. Кейін піскен кезде қайнатып жейді. Ала ғой, кейін пісіріп жейсің, бірақ ұрлық жасама, – Мен ыңғайсызданып пышағымды артыма жасырдым. Төмен қарап тұрмын. – Сұрасаң да берем, қарашы қанша жатыр.
Ұсталып қалғаныма өкініп тұрмын. Асқабақ сол орнында қалды. Үйге қайттым. Қолымдағы нышақты бір қолымнан екінші қолыма ауыстыра берем. Пышақ ауыр болып кеткен сияқты. Үйдің пышағын тастап кете алмаймын. Кінәлі осы пышақ сияқты болып көрінеді маған...
Көп жыл өтті. Сәтсіз аяқталған бұл әрекетіміз көпке дейін көкейімнен кетпей жүрді. Ұрлық жасап неміз бар еді. Асқабақ пен қауынды ажырата алмай күлкі болғанымыз өз алдына. Сол сәтсіз ұрлық есіме түссе намыстанатын болдым. Сол жалған намыстың ақысын асқабақтан алғандаймын. Қалай дейсіз ғой? Содан бері асқабақты аузыма алмай кеттім. Дұрыс па, бұрыс па оны бір құдай біледі.
Васька неміс Байтоқтың баласы
Жолымыз түсіп Бурно - Октябрь (қазіргі Нұрлыкент) ауылына бардық. Бұл тоқсаныншы жылдардың басы, тәуелсіздік алып немістер жаппай Германия мен Ресейге көшіп жатқан кез. Жанымда Кәтімхан досым бар. Біздің ойымыз көшкен немістерден арзанға мал, үйге керекті заттар алып қалу. Олар кетер кезде барлық жинаған дүниесін арзанға сатып кетті. Немістердің ұқыптылығына таңқаласың. Кеңес Одағы ыдырап барлық заттар тапшы болып жатқан. Ал оларда бәрі бар. Қисық шегеге дейін түзулеп әдемілеп қорапқа салып қойған. Дүкенде жоқ заттардың бәрі немістерде бар. Балта, балға, орақ, ара – барлығы бірнешеуден іліулі тұр.
Нұрлыкентке келіп дүкенге жеткеніміз сол еді, алдымыздан Васька шықты. Ол таза қазаша сөйлейді. Сәл қызулау. Қазақтар оны «Васька делдал» дейді. Себебі базарда қазаққа, орысқа, неміске мал әперетін делдал. Германиядан шақыру қағазын алыпты. Танитын қазақтарды дүкенге сүйреп жуып жүр. Бізді көре сала бізге де жабысты: «Дүкенге жүріңдер, жуамын»,– дейді. Біз рақметімізді айттық. Ол бізге өкпелеген сыңай танытты. Өткен-кеткен оқиғаларды айтып, жібергісі келмейді.
– Егер әкем қазақтан қыз әпергенде қалатын едім, әйелім неміс, қазақша білмейді, әйтеуір көшуге көндірді ғой.
– Әкең неміс, шешең неміс, саған қалайша қазақтан қыз әперуі керек? – деймін мен.
– Менің екі әке-шешем бар, біреуі мені туған, екіншісі мені бағып-қағып өсірген. Мен – Байтоқтың баласымын. Қазір олар қайтыс болып кеткен, тірі болғанда ғой көшпес едім.
– Егер әйелің көнбесе ше?
– Онда әйеліме: «сен кететін жағыңа кете бер, мен әке-шешемді тастап кетпеймін» – дер едім. Біз бұл жауапқа ризамыз.
– Мен соғыс кезінде күштеп көшірілгенде 7 – 8 жаста едім. Күн суық, көктем шығар мезгіл. Бізді жүк салатын вагондарға отырғызды. Тамақ, киім алуға мүмкіндік бермеді. Жолдағы аштық пен суық жас балалар мен қарияларға қиын соқты. Қазір ойлап қарасам – әке-шешем бар тапқан киім-кешегі мен тамағын маған берген екен. Жуалыға түскен соң бізді Бурно – Октябрь ауылына әкеліп ескі сиыр қораға жайғастырды. Бірнеше отбасымыз. Әке-шешем ауырып келді. Бірақ тапқанын маған береді. Біраз күннен кейін әке-шешем жұмысқа шықты. Қой төлдету кезінде оларды осы Байтоққа көмекке жіберіпті. Әкем жазда, шешем күзде қайтыс болды. Мен жалғыз қалдым. Тіл білмеймін. Шешемнен кейін менде ауыра бастадым, ішім тоқтамайды, қарататын дәрігер жоқ. Әлім кетіп, көтерем болдым. Бір күні Байтоқтың әйелі күбі пісіп ішінен майын алып, піскен айранын шараға құйып қойды. Менің сол айраннан ішкім келіп тұр. Сұрайын десем тіл білмеймін. Ішкім келгені сонша, аузымнан суым ағып шыдай алмай тұрмын. Екі көзім піскен айранда. Кемпір үйге кіргенде шараны ала қаштым. Қашып келем айраннан ұрттап келем, артымда кемпір ұрсып қуып келеді. Тойған кезде шараны қойып, әрі қарай қаштым. Кемпір шараны алып кетті. Үйге баруға қорқамын, талдың көлеңкесінде отырсам ұйықтап кетіппін. Оянсам кеш болып қалыпты. Үйге келдім, бірақ алыс отырмын. Шалы қойын қоралап келіп, есік алдында шәй ішіп отыр екен. Кемпір мені шалына жамандай бастады.
– Ана неміс бала айранды ала қашып ішіп қойды, майын алып үлгермедім. Сықпыртып бір сабасаңшы, сен жоқта тіл алмайды, – деді.
Шал күлді, сөйтті де қолын бұлғап мені шақырды. Мен дастарқанға жақын отырдым. Осы оқиғадан кейін менің ішім ауырғаны сап тыйылды. Шалдың қойына көмектесе бастадым. Байтоқтың баласы соғысқа кеткен, хабарсыз. Қыздары үйленіп кеткен. Байтоқ мені қазақ мектебіне оқуға берді. Біздің үйіміз ескі пионер лагердің орнында болатын. Ал мектептің орны су қоймасын салғанда су астында қалды. Байтоқ менің тегімді өзгертпеді, сол бұрынғы Бартольд болып қала бердім. Бірақ мені Васька деп кетті. Ол кісі барлығын Васька деп атайтын. Үйіндегі иті, мысығы, сиыры, бұқасы, барлығының аты – Васька. Өсіп, ер жетіп, машина жүргіздім, трактор айдадым. Мен Байтоқты қазақ қызын әперетін шығар деп едім, ол неміс қызын әперді. Неміс заңы бойынша күйеу баласы әйелінің төркінінде тұруы керек. Мен Бурно – Октябрь ауылына келдім. Содан бастап орыс – немістердің салт – дәстүрін үйрене бастадым, – деп әңгімесін әріден қозғады ол.
– Әйеліңмен қай тілде сөйлестің? – деймін ғой мен.
– Алғаш ол орысша, мен қазақша сөйлейтінбіз. Бірақ орысша, немісше түсінем. Көп сөйлемегеннен соң естен шығып қалған екен, бірте – бірте сөйлесіп кеттік. Алғаш әйелім көп ескерту жасайтын, себебі менің күнделікті тіршілігім қазақтарға ұқсайтын. Кейін Байтоқ пен әйелі қайтыс болды, тірі кезінде шамам келгенше көмектестім. Қайтыс болған соң арулап жерледік.
Енді міне еліме қайтып барамын. Кішкене кезімнен бағып өсірген Байтоқ атама, жалпы қазақ халқына рақмет айтып, басымды иемін. Мені мектепте оқытып, ата-тегімді өзгертпеді, өз ұлтымнан қыз әперіп, үйлі-жайлы етті. Ұл-қыздарым бар. Егер қазақ мектебі болғанда ұлымды қазақ сыныбына берер едім. Себебі қазақ тілі өте бай тіл. Қай жерде жүрсем де мен қазақ халқын есімнен шығармаймын, мақтан тұтам. Менің өмірімді сақтап, бүкіл көшіп келген басқа ағайындарға көмек қолын созған қазақ халқы. «Мен әке-шешемнің аруағына арнап бір ән айтып берейін» - деді. Дүкеннің айналасы халық көп, бүгін демалыс. Ол биіктеу жерге шығып ән бастады. Біз ыңғайсызданып тұрмыз.
« Әлемнің жарығын сыйладың сен маған,
Даланың әр гүлін жинадың сен маған...»
Екі көзінен жас сорғалады. Мен ойланып тұрмын, қай анасы есіне түсті екен, «Тапқан анасы ма, әлде баққан анасы ма?». Алғаш іштегі уыттың әсері шығар деп ойлағам. Екі қолын екі жаққа созып, құшағын кең ашты. Әннің ырғағын бұзбай, сөзін таза қазақша, шын тебіреністі көргенде шынайы екеніне күмән қалмады. Анаға деген сағынышы шын сезіліп тұрды.
Біз кештетіп ауылға қайттық, екеумізде ой үстінде келе жатырмыз. Біздің ата – бабамыз қандай мейірімді жандар болған. Қанша жыл өтсе де сол кездегі көшкен немістер қазақтарға сәлемін жолдауда. Қонаққа шақырады. Одан асқан сый барма?
Аташбек ӘМІРҚҰЛҰЛЫ,
Көкбастау ауыл округі ардагерлер
кеңесі төрағасы
Жуалы ауданы
Обсудить
Блок в статье:
АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ДОДА
16 декабрь 2024, Понедельник
Баталы елге - бақ қонар
16 декабрь 2024, Понедельник
«Елім деп соғады жүрегім» атты кездесу өтті
16 декабрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)