«ҮЙГЕ ЖЫЛАП КЕЛУШІ БОЛМА!..»
Бастауышты сыныптарды үйден 10-15 шақырымдай жердегі мектеп - интернатында жатып оқыдым. Үйдің кенжесі болғандықтан ба аңсарым үйге ауатын да тұратын.
Бір сомды бір апта талғажу ететін кез еді ғой ол уақыт... Қызық. Әрі сағынышпен еске аламын сол күндері... 1991 жылы болатын. Мектепте жүріп бір сыныптасыммен сөзге келіп, соңы жаға жыртысуға дейін бардық.
Ірілеу келген қызды қанша тыраштансам да жеңе алмадым.
Содан намыстанып кеткен болуым керек, 15 шақырымға жетер жетпес жердегі үйіме қарай тұра жүгірдім. Ара арасында демалып аламын. Жол жөнекей сары ала автобус тоқтап, ебіл - дебіл жылап келе жатқан мені тегін жеткізіп тастады.
Үйіміз күре жолдан алыстау еді. Үйіме жақындаған тұста, бар дауысыммен қайта айғайға бастым.
Ойым – анам мектепке жібермей, алып қалса деймін. Жаңағы бетпақ қызды барып ұрса деген тілегім де жоқ емес.
Үйге жақындап қалғанда нан пісіріп отырған анамды алыстан байқадым. Дауысымды естісе де артына бұрылмады.
Сонда да дауысымды танымай отырған болар деп қаттырақ еңіреймін. Жанына келгенім сол, қолындағы от көсеп отырған темір көсуін алып, сөзімді тыңдамастан кері қусын.
Жылауым сап тиылып, «кетпеймін, мені ұрды», – деп жатырмын.
Тыңдаған анам болмады. Бар айтқаны «Өзіңнен кінә болмаса сені ешкім ұрмайды. Шамаң жетпесе тыныш жүр. Жылап келуші болма. Әкең келмей тұрып, көзіңді құрт» десін.
Ызаға булығып келген шаруамды ұмытып, анама ренжіп қайта кеттім. «Мені кім туды екен. Мен бұл үйдің баласы емеспін - ау», – деп қоямын. Ұзай бере артыма қарсам анам терезеден бұғып қалғандай болды. Шақырып қалар деп, жол үстіне отыра қалып, бақырдым. Жоқ, шарқыған ешкім болмады, өзім де бақыра - бақыра шаршап қалғандаймын. «Қой, болмас, сабағыма барайын» деп кері қайттым.
...Содан мектепті де бітірдім, колледж, университетте оқыдым, бірақ үйге жылап келмедім.
***
...Сол оқиғадан кейін біраз жылдар өтті. Мектепте жылағаным ұмытылды. Есейдік, тұрмысқа шықтым.
Екі айдай уақыт өткенде күйеуімізбен екі арада болмашыдан ұрыс шығып, анама шағынып қайта бардым жылап...
Есіктен кіргенім сол:
– Не істеп жүрсің, жалғыздан жалғыз, – деп дүрсе қоя берді.
– Мен ажырасамын, мені боқтады. Ол кім еді мені балағаттайтын, – деп долданам баяғы.
О, құдірет!
«Неге?» деп сұраудың орнына сөмкемді қолыма ұстатып:
– Ұмыттың ба, «Жылап үйге келуші болма!» – деп айтып едім ғой, – Шық үйден. Әкең көрмей тұрғанда үйіңе қайт! – деп, есіктен итеріп шығарып жіберді.
Басым салбырап, үйіме қайттым.
Есікті ашқан күйеуім ақсия күліп:
– Байдан шығып болсаң, кешкі ас әзірле, – деді. Үнінен жылылық сезгендей болдым...
Содан қайтып үйге жалғыз барған емеспін...
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Тараз қаласы.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)