Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҚАСИЕТІҢНЕН АЙНАЛДЫМ, ҚАРА ДОМБЫРА!

ҚАСИЕТІҢНЕН АЙНАЛДЫМ, ҚАРА ДОМБЫРА!

30 январь 2024, Вторник
71
0
Баға жетпес ұлттық құндылықтарымыздың бірі – кәдімгі қара домбыра екені даусыз. Ұлы бабаларымыз қуанышы мен сүйінішін, қайғысы мен мұңын домбыраның қоңыр үнімен өріп, күмбірлеген күйге қосып отырған. Тіпті, ақын, сал-серілеріміз көңілі түскен сұлулар мен сылқымдарға жүрек сезімін домбыраның тілімен білдіргені туралы деректер аз емес. Олай болса, «ұлттық музыкалық мұрамыздың символы – қасиетті домбыра» деп айтуға толық қақылымыз. Әр қазақтың үйінің төрінде домбыра ілулі тұрса, ілініп тұрып қана қоймай, оның шанағынан күмбірлеп күй төгіліп, әуезді әуенімен баршаны баурап жатса қандай ғанибет! Сол үйде өсіп келе жатқан жеткіншектердің бойына  домбыра  үнімен ұлттық сезім мен салт-санамызды сіңіре білсек, жан тербеген күйлермен қазақы қаны буырқанып жатса, бұл да ұлттық тәрбиенің бір жетістігі емес пе?
Осындайда өткен ғасырдың елуінші - алпысыншы жыл-дарында өткен  балалық шағымыз еске түседі. Қазіргідей телефон мен теледидар жоқ, ұзақты күн алысып ойнап, одан қалса қазыналы қарияларға жыр-дастандарды оқып беріп, олардың ғибратты әңгімелеріне құлақ түретін едік. Төбесі көк тіреген Әулиешоқы баурайындағы аз үйлі ауыл тұрғындары өте ұйымшыл болды. Күнде бір үйде бас қосып, қыс болса соғымбасы, жазда сірне дастарханы басында арғы-бергі тарихтан тартып әңгімелеп, одан бүгінгінің жайына оралып, өзара әзіл-қалжың айтысып отыратын. Әкеміз де сондай жиындардан қалмайтын. Әр нәрсені әуес көрген балаң кезде біз де соларды жағалап, қариялардың қолына су құйып батасын алуға таласатын едік. Ара-тұра кезекпен батырлар жырын дауыстап оқып беретінбіз. Бір уақ, әрине, ән - жырға кезек берілетін. Сондайда бойы ортадан жоғары, дембелше денелі, сақал - мұрты өзіне жарасымды, сөзге шешен, шежіреші Атамқұлов Бұлантай қария қолына домбыра алатын еді.
Ол кісі домбыраның құлақ күйін келтіріп алған соң, өзгеше бір жағымды мақаммен кезекті бір қиссаны толғай жөнелетін. Тыңдап отырған жанды ұйытып әкетер орындаушылық шеберлігі керемет болды. Бір қызығы, бүгінгіні ертең қайталамайтын. Тағы бір ерекшелігі – домбыраны аялап, қадірлеп ұстайтындығы. Аспапты майлы қолымен ұстамай, алдымен қолын жақсылап жуып, сүртіп алатыны, ал, жыр - дастан айтып болған соң домбырасын мұқият орап, қабына салып, биік жерге қойғызатыны күні бүгінге дейін көз алдымда.
Тағы бір жадымда жатталып қалғаны – Молдабай нағашымның біздің үйге келуі болатын. Анамның төркін жұрты Алматы облысы, Жамбыл ауданында еді. Ол кезде қазіргідей даңғыраған асфальт жол жоқ. Теріскейден Тоқпақтың базарына мал айдаған жұрт таумен төтелей асып біздің Керудің тұсынан өтетін.  Бірде солармен бірге «әкпемді көре кетейін» деп өз аймағына аты шыққан Молдабай ақын да келіпті. Базардан қайтқанда қона жатып  өнер көрсеткені бар. Ол нағашым домбырамен ән - жырларды орындаудан бөлек, өз жанынан да өлең шығарып айтатын ақынжанды азамат екен. Ақын келді деп біздің үйге жиналған көрші-қолаң мен ауылдастарды екі күн бойы ән - жырмен сусындатып аттанғаны әлі есте. 
Міне, осылай бала күннен той - жиындар мен басқосуларды көріп өскендіктен болар, өнерге деген құрмет пен сый, домбыраға деген ерекше ілтипат әлі күнге дейін суыған емес. Сондықтан шығар, кімдікіне бара қалсам да ол үйден «өнер иісі шыға ма, ұлтымыздың ұлы аспабы – домбыра бар ма екен» деп көз тастайтын әдетім бар. Өкінішке орай, іші үлде мен бүлдеге бөленген талай үйден домбыра көре алмай жүрегің сыздап, көңілің құлазиды.  Оны айтасыз, өнерге деген парықсыздықты, ұлттық құндылықтардың табанға тапталуын көріп қаның қараяды. Бірде жолым түсіп бір азаматтың үйіне бара қалдым. Аулада топ балалар у - шу болып ойнап жүрді. Біреуі ескілеу бір домбыраны ат қылып мініп, ауланы айнала шапқылап барады. Жалма - жан әкелерінің көзінше бала тақымындағы домбыраны жұлып алдым. Бірнеше жерден жарылып кетіпті. Келген шаруам жайына қалды, «Егер керегі болмаса, мен алайын» деп иесіне ескертіп  әлгі домбыраны алып дереу қайтып кеттім. Үйге әкеліп қолымнан келгенше жөндемек болдым. Бірақ, қалпына келтіру мүмкін болмады. «Сен де бір кезде талай өнерпазға ән салдырған, шанағыңнан күмбірлеп күй төгілген шығар» деп бипаздап сүртіп іліп қойдым. Талай жерінен жарылып, сынса да ескі домбыраны қоқысқа тастауға қимадым, отқа жағуға дәтім бармады, киесінен қорықтым. Соңғы кездері не діннен, не ұлттық салт - санадан хабары саяз, әпербақан парықсыздардың домбыраны «харам» деп жүргенін естігенде, тіпті, жаның күйзеледі. 
Тек сән үшін сөреге мұқабасы әдемі кітаптарды  тізіп қоятындар тәрізді, домбыраны да үйінің төріне сәндік үшін іліп қоятынды көріп жүрміз. Ұлы бабаларымыздың домбыраның әуезді үнімен дала төсін тербеткен құдіретін қалай ғана матап - тұсап ұстарсың? Оны үйрену керек, балаларға үйрету керек. Домбыраға жанашырлықпен, мейіріммен, ішкі толғаныспен қарау керек әрқашан.

Әбдібек  СЕЙІЛХАНҰЛЫ,
Қордай ауданының Құрметті азаматы.
Обсудить

Похожие материалы:

ӨТЕ ОРЫНДЫ ПІКІР
11 октябрь 2023, Среда
ӨТЕ ОРЫНДЫ ПІКІР
Қазақ бол!
19 март 2021, Пятница
Қазақ бол!
Қазақ бол!
19 март 2020, Четверг
Қазақ бол!
Қазақ бол!
17 июнь 2020, Среда
Қазақ бол!
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры