АУЫЛДЫҚ ТІЛШІДЕН АҚСАҚАЛДЫҚҚА ДЕЙІН
Өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары аудандық «Қордай шамшырағы» газетіне ауылдардан қысқа хабар-ошар жазып тұратын газет жанашырлары біршама еді. Мәселен, Н.Бушмакин, И.Юнкман, Қ.Садықов, Н.Нүпбаев, Н.Тілеубаев, Қ.Жүргенов, Ж.Әбдірахманов, Қ.Ораздыбаев, Р.Тұрғанова, А.Бокслер, П.Энс, Р.Молдашев, Ж.Нүсіпбаева, С.Әбдіқадыров, Г.Семухин және басқаларын атауға болады. Бұл «селолық тілшілермен» газеттің хат бөлімі тығыз байланыста жұмыс жүргізетін. Ауылдық тілшілер өздері куә болған жақсы жаңалықтарды жедел жеткізумен қатар, кемшіліктер туралы да жазып, газеттің беделін көтеруге атсалысатын.
Солардың бірі – Аймахан Көрпелдесов Бетқайнар ауыл-ынан еді. Ол сол кездегі Роза Люксембург атындағы кеңшардың ұланғайыр қант қызылшасы плантацияларынан, тауарлы - сүт фермаларынан, егін - жайлары мен мал қыстауларынан, Успеновка кәсіптік - техникалық училищесінен жерлестерінің қажырлы еңбегі жайлы тынбай жазып тұратын. Арада ондаған жылдар өтті, заман өзгерді, қоғам өзгерді, жаңа ғасыр келіп жетті. Аймахан бүгінде жетпісті алқымдаған ақсақалдық жаста. Немерелерін қасына алып ұлағатты әңгімелер айтып, ара-тұра өз өмірінің өткен шырайлы шақтарынан сыр шертіп тұратыны бар.
Бала кезден кітапқа бауыр басты. Ертегі, дастандарға құмар болды. Мектептен кейін Красногор кеңшар-техникумында оқып техник-механик мамандығын меңгерді. Әдебиетке құмарлығы оны 1975 жылы ҚазМУ-ге жетеледі. Қызылсайлық Шалабай Мәжінов екеуі журналистика факультетіне емтихан тапсырып, ол өтті де, бұл ауылына қайтты. Бірақ, газет ісінен алыс кетпеді, аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі атанып, ауыл өмірінен хабарлар жазып тұрды. Содан ләззат табатын. Ара-тұра редакцияға барып хат бөлімінің меңгерушісі Сағыныш Медетбековадан, жауапты хатшы Несіпбек Дәутайұлынан жаңа тапсырмалар алып тұрды. Ай сайын ауылдағы пошта арқылы үш-төрт сом қаламақы келетін, оның өзі әжептеуір ақша еді ғой. «Қордай шамшырағының» өткен ғасырдың жетпісінші жылдардағы тігінділерін ақтарып отырып авторы «А.Көрпедесов, селолық тілші» деп көрсетілген мақалаларды жиі кездестіруге болады. Оқып отырсаң, бүгінде соның бәрі тарих, ауыл тілшісінің қолымен жазылған шежіре дерсің. Бәлкім ауылдағы қарапайым еңбек адамының қолына қалам ұстап, тілші болуының қоғамға тигізер пайдасының өзі осында болар.
Аймахан кеңшардың мал фермаларында слесарь - механик болып механикаландырылған жүйелердің жұмысын ұршықта, иірді, абыроймен еңбек етті. 1979 жылы Мейрамкүл атты арумен бас құрады, тұңғышы Жанболат өмірге келді. Кеңшар жас отбасы ретінде оларға үй берді, қазірге дейін сол үйде тұрып жатқан жайлары бар. Ол кезінде қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысты, тіпті, аудандық кеңеске депутат болып, ауылдың мәселелерін шешуге атсалысқан кездері бар.
Міне, сол ауылдық тілші бүгінде шау тартып ақсақал атанып отыр. Шүкір, балалары өсіп жетілді, ұлы Жанболат мұғалім, келіні Зульфия банк қызметкері, тұрмыстағы қыздары Наргиза мен Айнұрдың өз тірліктері өздерінде. Үш немересі, төрт-бес жиендері бар. Мереке күндері бәрі ойдан-қырдан қара шаңырақта бас қосқанда орта толып, кәдімгідей марқайып қалады. Олармен шахмат ойнап, ертегі айтып беріп мауқын басады. Алтыншы сыныптағы Арсен бала кездегі өзі сияқты суретті жақсы салады, бокс үйірмесіне де барып жүр. Аслан да одан қалысар емес, кенжесі Әдия биыл мектеп табалдырығын аттады. Биылғы домбыра күні ауыл мектебіне отбасы атынан домбыра тарту етті, аудан орталығындағы бірқатар бала-бақшаларға барып бүлдіршіндерге ертегі айтып беретіні де бар. Мешіттегі жұмалық намаздан қалмайды, жастарды имандылыққа шақыруды өзіне міндет санайды. Кешегі ауылдық тілші, еңбекқор азаматтың бүгінгі жетпістегі қарияның қарапайым тірлігі бұл.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
ардагер журналист.
Қордай ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)