ЖАНЫМА ЖАҚЫН БАСЫЛЫМ
Жазу-сызу – жас күнімнен сенімді серігім. Ауылда жүргенде де аудандық, облыстық газеттерге жазып тұрдық. Қалам, қағаз – тағдырым екенін сонда бір сезінгенім бар. Кейіннен облыстық «AR-AI» жастар газетіне қызметке келдім. Болат Бекжанов тұңғыш бас редакторым болды. Өзім де жас едім. Сол «Ar - ai» газетінде жүргенімде облыстық ардагерлер кеңесі жанынан «Ғұмыр-Дария» газеті ашылып жатты. Газеттің алғашқы нөміріне Болат Үмбетәліұлының белсене атсалысқанынан хабарымыз бар. Ал ұзақ жылдық бас редакторлық тәжірибесі мол Жаңабай Миллионұлы газетті құлпыртып жіберді. Алғашқы нөмірінен бастап, айтар ойымен де, безендірілуімен де, кескін-келбетімен де ерекше, ешкімге ұқсамайтын басылым болып оқырманға жол тартты. «Ғұмыр-Дария» газетінде еңбек еткен Талғат Нұрханов деген азамат бірер жылдан соң «Ar - Ai» газетіне ауысты. Ақын, танымал журналист Жанғазы Ахметов те алғашқыда осы газетте шыңдалды. Бұл – «Ғұмыр-Дарияның» жас журналистерді дайындайтын шеберлік мектебі болғанына дәлел.
Кейіннен Көсемәлі Сәттібайұлы секілді білікті бас редактордың шақыруымен облыстың бас газеті «Aq jol» газетіне ауыстым. Жауапкершілігім артты. Республикалық, облыстық, жергілікті өзге басылымдармен бірге «Ғұмыр-Дарияны» да оқып жүрдім. Іздеп отырамын. Жаныма жақын. Сол уақытта мен облысымызға еңбегі сіңген бірнеше ардагер аға-әпкелерді білуші едім. Шаңырақтарында болып едім, олар мені жандарына жақын тартушы еді. Солардың бірқатары өмірден озып жатты. Атап айтқанда, Ералы Дадабаев, Берден Байқошқаров, Әлмұхан Исақов, Тұрсынхан Мүсірәлиев, Әлдихан Қалдыбаев, Жақсылық Сәтібеков, Бақтияр Әбілдаұлы, Әкім Садықбеков, Тұрар Дүйсебаев, Әмірбек Дәуренов, Нұрғали Омаралиев, Дәметкен Ахметова. Бұл тізімді, әрине, жалғастыра беруге болады. Бір жолы облыстық ақсақалдарға арналған газеттің бас редакторы Жаңабай Миллионовқа: «Аға, газетіңізден тұрақты бір айдар ашсақ. Мен жақсы білетін, бақилық болған белгілі ардагерлерді жазып отырайын» деп ұсыныс айттым. Аға бірден құптады. Жобамның атын «Жақсы бір адам...» деп өзі атап берді. «Дадабаевтың даңғылы» деген тақырыппен Ералы көкемізге арналған мақаламен бұл ісімізді бастап кеттік. Кейіннен жоғарыда аталған кісілердің барлығы жайлы жаздым. Шеберлігім жеткенше толғандым. Жаңабай ағай уәдесінде тұрып, нөмір сайын газеттен орын дайындады да отырды. Әр мақалам 200 жолға жуық көлемде болды.
Өзімнің ойым ғой, оқылуы да жаман болмаған тәрізді.
2017 жылдың аяғында Ақтоты Жаңабай деген талабы таудай қыз «Ғұмыр-Дарияға» тілші болып жұмысқа қабылданды. Бас редакторға бір ауыз айтып, соған себепкер болған едім. Ақтоты Бекенқызы өзі де қамшы салдырмай, жұмысты жалғап алып кетті. Журналистиканың мектебін анау-мынау емес, мүйізі қарағайдай Жаңабай Миллионовтың қасында жүріп үйренді. Мен де сәті келгенде жазып тұрдым.
Бір қызық жағдай бар. 2018 жылы наурыз айында облыстың бас газеті «Aq jol» -дан еңбек демалысын алдым да, ертеңіне «Ғұмыр-Дарияға» бардым. Жаңабай Миллионов бұйрық шығарып, қабылдады да жіберді жұмысқа. Мен – жауапты хатшы, Ақтоты Жаңабай –тілші болып, бір кабинетте ай бойы еңбек еткеніміз бар. Газеттің үш нөмірін шығардық солай. Кейіннен түрлі жағдайларға байланысты өңірдің бас газетінен кете алмай қалдым. Бірақ, бір ай штатта жұмыс істеуімнің өзі «Ғұмыр-Дария» газетіне деген, оның бас редакторы Жаңабай ағайға деген құрметім болса керек.
Міне, аталған басылымның жарық көргеніне 10 жыл толып отыр. Бұл – Жаңабай ағай бастаған шағын ұжымның толассыз еңбегі. Жазар көбейсін, ендеше! Елдің үні, ақсақалдардың шамшырағы «Ғұмыр –Дария» ғұмырлы болсын!
Есет ДОСАЛЫ,
журналист,
«Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)