Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

КӨК КӨЙЛЕК

30 январь 2024, Вторник
65
0
Әрбір отбасына қуаныш пен шаттық сыйлайтын мереке бүгінде көп. Сондай мейрам күндері таянған сайын Қауынбайдан маза кетті. Тыныш жүрген жан еді. Сау басына сақина тілеп алған да өзі. Үш ұйықтаса түсіне кірмеген ой да өз ниетінен туған. 
Күнделікті күйбең тірлікпен жүргенде ердің жасы елудің бесеуінен асыпты. Кеше ғана мектеп бітірген бозбала еді. Өтіп бара жатқан заман - ай. Райжанмен отау тігіп, түтін түтеткеніне де табаны күректей отыз бес жыл. Әкесінен аумайтын үш ұл, екі қызды өмірге әкелген жарына мереке күндерінде бір сыйлық ұсынбапты. Ұят - ай! Жанын жегідей жеп, өзегін өртеп жүрген де осы ой...
Үйленген күні әлі есінде. Ол кезде ешкімнің қалтасында «сотка» жоқ, қызға хат жазасың. Келіспесе, алып қашасың. Қой аузынан шөп алмайтын, қызға қыры жоқ Қауынбай екінші «вариантты» қалаған. Алып келді. Достары Тәуекел, Манаш, Баймұрат көп көмек көрсетті. Салдыраған сары «Москвичке» көтеріп салысты, шымылдыққа көтеріп кіргізді. Райжан торға түскен сазандай әрі тулады, бері тулады. «Бәріңді соттатамын!» – деп тістене сызылды. Көпшілік қаумалады. «Тас түскен жеріне ауыр, қыз жат жұрттық» – деді. Келген жерін мақтады. Өтінді, сұранды. Шаршады ма әлде шарасы қалмады ма, көнді. Сыңсып отырып, ақ параққа «Апа, ренжіме. Өз еркіммен келдім. Кісілерді дұрыс қарсы алыңыздар» – деп қолхат жазып берді. Өлітіріні алып елшілер аттанды. 
Түн ортасында қуғыншылар келді. Момын жандар екен. Баса - көктемеді, шымылдық жібін үзбеді. Ақ орамалға оранған қыздарымен оңаша сөйлесті. Күпті көңілдері орнығып, түстері жылыған «қуғыншылар» көптің қошеметімен қонақ бөлмеге озды. .. 
Дос деп Тәуекелді айт. Қыз көрсе қысылып қалатын досының сауабын алды. Сыртынан таныстырған да, алып қашуды ұйымдастырған да сол. Ертеңіне беташар рәсімі өтті. Қуанған жұрт тарады... 
Өтпелі кезеңнің өткелінде қиналғандар көп болды. Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен тұста үй - жайын, аз ғана малын сатып қалаға көшкеннің бірі - Қауынбай еді. 
Қалада да жұмыс көзі қат боп шықты. Бармаған мекеме, қақпаған есігі қалмады. Ауылдан келіп жұмыс іздеген ағайындар көк базарды төңіректейді екен. Үміті үзілуге шақ қалғанда бұл да көк базарға келген. Мәссаған!
 - Дорогу, дорогу..., - деп алдында арба айдап ауылдасы алакөз Дауылбай келеді. Сегіз жыл сыныптас болған құрдасы. Шыдай алмады. Білегінен шап беріп, тоқтатып:
 - Айқайың жер жарып... Не болды саған? - деді. 
 - Көрмей тұрсың ба, Коля. Кешке дейін «тәшке» қуам. Еңбекақымды «нәлішке» төлейді. 
 - Кімдер төлейді?
 - Жүктің иелері. Мен кеттім. Уақыт жоқ, Коля. Дорогу, дорогу...
Қауынбай ойланып қалды. Қарап жүре берсе, қарны ашатын түрі бар. Сегіз сыныпты әзер аяқтаған Дауылбайды қара. Орысша сөйлеп қапты. «Дорогу, Коля, нәлішке» дейді. Ал керек болса. 
Райжанмен ақылдасты. Қарсы болған жоқ. Біреу әлдекімді сынайтындай, не күлетіндей кез емес. Іркілмей іске кірісті. «Дороганы» бұл да айтып шыға келді. Көп түкірсе, көл. Содан бері бұйырған несібені теріп келеді. Ұл ержетті. Қыз бойжетті. «Ұлды ұяға, қызды қияға қондырсам» деген үкілі үміті, тәтті арманы алдамайтындай. Тек балаларының анасы Райжанды елемегені, осы уақытқа дейін бір сыйлық ұсынбағаны қабырғасына қатты батты. 
Тәуекел де тыныш жүрмейді. Қалаға мұның үйіне келсе болды жыртылады да отырады. Мақтаншақ. Айтатыны «Қыздай қосылған келіншегіме ананы, мынаны әпердім. Бәйбішем мәз, риза болды. Бұл өмірде сыйласқанға не жетсін», – дейді. Ал, түсініп көр. Сыйласқанды басқалар білмей ме екен? Досының әңгімесі Қауынбайға ешқашан ұнаған емес. Қайта іштей жүйкесін жұқартып, жігерін жасытып бітті. Енді шыдай алмайды. Тәуекелден бұл кем емес. Райжанға сыйлықтың ең мықтысын, ғажабын әпереді. 
Қауынбай орнынан шапшаң да ширақ тұрды. Асығыс киініп тысқа шықты. Міне, әмбебап дүкен. Не қалайсың, бәрі бар. Тек таңдай біл. О баста ойланбаған екен, не аларын білмей қиналды. Үйге қайтып, Райжанмен ақылдасса қайтеді. Жо - жоқ, онда қызық болмайтын сияқты. Нартәуекел. Көкшіл көйлектен көз алмай біраз тұрды. Сатушы сары қыз да байқап қалғандай. Өзі жалғап алған ұзын кірпігін жиі қағады екен. Үрдің қызындай сүйкімді - ақ. Күлімсіреп:
 - Көке, қалағаныңызды айтыңыз. Көрсетейін, - деді. 
 - Көкшіл көйлек... 
 - Таңдай біледі екенсіз. Сыйлық ретінде алуға болады. 
Қазіргі жастарға таң қалып, таңдай қақпасқа амалың жоқ. Ойын оқып тұрғандай айтуын қарашы. Сәл - пәл қысылған Қауынбай дұрыс, бұрысына қарамастан есептесіп, көйлекті алды. Үлкен бір іс біткендей үйіне үкідей ұшты. Ұл, қыздары мектептен келе қоймапты. Жары жалғыз екен. 
 - Ертең мереке ғой. Мен саған сыйлық әкелдім, - деді пакетті ұсынып. 
Құдай қосқан қосағының отыз бес жылдан бері аузынан «сыйлық» деген сөзді тұңғыш рет естіген Райжан тосылып қалды. Сенерін, не сенбесін білмеді. Пакетті ашып қалғанда көк көйлек көлбеп түсті. Көңілденіп кеткен Райжан:
 - Рахмет жаным, - деп бетінен шөп еткізіп сүйіп алғанда, Қауынбай қуанып әрі ұялып қалды...

Темірлан ӘБІЛДАЕВ,
ардагер журналист
Сарысу ауданы. 
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Қазақ бол!
19 март 2021, Пятница
Қазақ бол!
ДАҢҚ
30 май 2022, Понедельник
ДАҢҚ
Ұлы Жеңіске 77 жыл
05 май 2022, Четверг
Ұлы Жеңіске 77 жыл
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры