АҚША ҚЫМБАТ ПА, АЛҒАН АЛҒЫСЫҢ ҚЫМБАТ ПА?!
Зымыраған уақытқа ешқашан тоқтам жоқ. Кеше ғана жігіт ағасы едік, енді, міне, 77 жасқа келген ақсақал атанып отырмыз. Жасың ұлғайған соң, қадіріңді қашырмай, артық сөйлемей, абыройыңды сақтаған дұрыс екен. Осыны байқап, аз сөйлеп, көп тыңдауға ден қойып жүрмін.
Дегенмен, қария ретінде жаныма маза бермеген бір мәселені ортаға салғанды жөн көрдім. Қазір мамандықтың түрі көп. Мыңдаған кәсіп бар. Әркім өз нәсібін іздеп, еңбек етіп жатыр. Дегенмен, көңілде жүрген, көріп жүрген бір жағдайға назар аударғым келіп отыр. Ол – такси жүргізушілерінің тойымсыздығы мен қанағатсыздығы. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпын. Мәселен, мынау тұрған Қаратау қаласына 8 орындық шағын автобустарда, 4 орындық автокөліктерде адам басына 2 мың теңге сұрайды. 2022 жылы айқай –шудан соң, газ арзандады. Тіпті, литрі 55-60 теңгеге түсіп, су тегін болып кетті. Бірақ, такси жүргізушілері жолкіре бағасын төмендеткен жоқ. Себебін сұрасақ, «Газдан басқаның бәрі қымбат қой», – дейді. Сол газдың екі есе қымбат кезінде де 2 мың теңгемен барып жүрді ғой. Неге кішкене төмендетпейді? Қарапайым халықты кім ойлайды? Бұл жұмысты кім қадағалайды?
Жақында тағы бір жағдайды естіп, әлеуметтік желіден оқып жағамды ұстадым. Мақаланы жазуыма да түркі болған жағдай сол. Алматыда 5 балл шамасында жер сілкінді ғой. Адам шығыны болмаса да, жараланғандар болды. Сол кезде такси бағасы 2-3 есе шарықтап кетті дейді. «Неге?» деген жолаушыларға: «Мінсең мін, мінбесең басқалар күтіп тұр, аулақ жүр», – деп зіркілдеп береді екен. Апатты жағдайда солай етуге бола ма?
Такси жүргізушісі де адам. Адам болғанда да өз көлігімен бұйырған нәпәқасын тауып жүрген жан. Ол өзі сияқты адамдардың мұқтажын өтейді, сол үшін ақысын алады. Жайшылықта мейлі, бағаны көтерсін. Жер сілкініп, дүние астаң - кестең болып жатқанда бағасын көтеріп қойып, аспанға қарап отыру адамдыққа жата ма?
Сол кілтін шиырып, ақшаның құлы болып тұрған адамның аяқ астынан бір тосын жағдайға ұшырап қалмайтынына кім кепіл?
Адамдар неге сонша қатігез болып кетті? Өмірде ақшадан да басқа құндылықтар бар екенін неге ойламай кеттік! Кейде такси жүргізушілеріне: «Күніге қаражат тауып жүрсіңдер. Он күнде бірер жолаушыны тегін тасып, сауап алмайсыңдар ма? Қайырымдылық көрсетпейсіңдер ме?» десек, ойланып, жауап бермей қалады. Өзімнің балам да ауысымдық жұмысының арасында такси жүргізіп, жолаушылар тасиды. Балама: «Қанағатшыл бол. Жасы үлкеннен бата ал. Арзан бағаға апар. Жасы кішіні өзің білерсің», – деп ақылымды айтып отырамын.
Ал, адам үшін баянсыз ақша қымбат па, адамгершілік пен ізгі қасиет, көптің алғысы, көптен алған сауабың қымбат па? Ойлана жүрген абзал.
Дүйсен БЕЛҚОЖАЕВ,
еңбек ардагері,
Талас ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
ҚАРТТАН ҮЙРЕНГЕН БАЛА КӨПКЕ ДЕЙІН АДАСПАЙДЫ
18 январь 2025, Суббота
Өнеге сағаты
17 январь 2025, Пятница
Ардагерлер үйін салу мәселесін көтерді
17 январь 2025, Пятница
Похожие материалы:
Комментарии (0)