Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Шаңырақ шайқалмасыншы

Шаңырақ шайқалмасыншы

01 июль 2022, Пятница
137
0


Жәмбай қариямен жол үстінде таныстым. Адам жатырқамайтын ақкөңіл екендігі көрініп тұр. Қарақалпақстаннан көшіп келгеніне оншақты жылдың жүзі болыпты. Ол кісімен, кейін де жиі кездесіп жүрдік. Күндердің күнінде бар сырын ақтарды. Айтуына қарағанда, бұрынғы келіні мен оның азаматтық некеде тұратын күйеуі қарттың әбден мазасын алған. Әңгіме 5-6 жыл бұрын басталған көрінеді. Кішкентай қалада жұмыс жоқ. Ал, келіні болса Талдықорғандағы әпкесіне  жұмыс іздеп кетіпті. Алғашқы кезде күйеуі және үйде қалған үш баласымен ұялы телефон арқылы сөйлесіп тұрған. Күндердің күнінде хабар да жоқ, ошар да жоқ, байланыс үзілген. Адам жоғалған малын да іздемей ме. "Талдықорғанға барып мән-жайды біліп қайт" деп ұлымды жұмсадым. Бір апта өткен соң ұлым салы суға кетіп  үйге оралды. Үн жоқ, тілін жұтып қойған сияқты. Шешесі екеуіміз жайлап отырып сұрастырдық. Баламыз әрең дегенде ашылды. Айтуына қарағанда қайынбикесінің үйіне барған. Барған бетте ол: «Ей, сүмелек, неғып жүрсің?» деп бажылдай жөнеліпті. «Бір қатынды баға алмасан несіне еркекпін деп жүрсін. Сүмеңдемей қараңды батыр, Бағила енді саған жоқ» деп күйеу баласының кеудесінен итеріп үйден шығарып жіберіпті. Бетпақпен бетпақ бола ма, баламыз «қой ақыры келдім, базарда болса кездесіп қалармын» деген оймен көкбазарға барады. Іздестіріп, сұрастырып бір дүңгіршіктен тауып алады. Сөйтсе, келініміз орталарында бір еркек, дастарханды жайып тастап әңдетіп, ішімдік ішіп отыр екен. Ұят та жоқ, аят та жоқ: «Сен сүмелекті кім шақырды, сені танымаймын» деп айқай-шу шығарыпты. Ен базардың ішінде бұндай сұмдықты кездестірем деп ойламаған ол бір ауыз тіл қатпастан бұрылып, жолдан такси ұстап, вокзалға барып, ауылға қайтыпты.  Баламызға не дейміз, ішіміз қан жылайды, аяймыз. Бәрінен бұрын үш ұл-қызы әкелерін құшақтап: «Мамамды неге алып келмедің?» – деген сөзін естіп көзімізге жас келді. Ұлым Еркінбек оларға аналарын жамандасын ба: «Келеді, келеді» дей береді. 
Сонымен жыл өтті, келін жоқ. Немерелеріміз анда-санда «Анамыз қайда?» деп жылайды. Ұлыма "бар" десем, беттемейді. Сонан соң тәуекелге бел буып, келінді өзім іздеп шықтым. Талдықорғанға бардым. Құдашамыз мені салқын қарсы алды, "Келініңіз Таразға кетті",–деді. Салпаңдап қайта Таразға келдім. Келініміздің ағайын-туыстарын аралап, ақыры бір үйден тауып алдым. Ой, Алла-ай, сізге өтірік маған шын бір бөлменін ішінде 3-4 әйел жатады екен. Бөлменің іші лас. Келінім де қызара бөртіп алған. «Ей, шал, қай бетінмен келдің?»–дейді маған. Баяғыда бір дана қария: «Сексен бес көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді?!» – деп қатты налыған екен. «Астағфиралла!»– дедім. Үй ішінде мосқалдау әйел: «Бұл шалын кім?»– деді маған оқшая қарап. Алқам-салқам киініп алған. Бетпақ екендігі түрінен білініп тұр. Келініммен әңгімем жараспайтының біліп, әлгі әйелге: «Сыртқа шығып сөйлесейік, қарағым»,– дедім. Оңашаланған соң, Бағиланың келінім екенін, оның үш ұл-қызы барын айтып едім, әлге келіншек: "Ойбай, не дейді, күйеуім жоқ, бойдақ әйелмін» деп менің балама тиіп алған!" – деп бармағын шайнады. «Болған іс болды, келін енді бізге адам болмайды, ұлым екеуін ажырастырамын»,–деп мен кеттім. 
Сонымен не керек, ұлым әйелі екеуі арасындағы некені бұзу туралы Тараз қаласындағы қалалық сотқа арызын берді. Олар да иманжүзді кісілер екен, әйелді шақырып, тұрып жатқан үйін көріп, шошыды ма: «Сіздің үш баланы асырауға еш мүмкіндігініз жоқ, бұл үш баланы атасы мен әжесінің қамқорлығында қалдырамыз»,– деген үкім шығарды. 
Міне, содан бәле басталды. Алты айдың жүзі болды, келініміз, оның жаңадан тауып алған байы бізге телефон шалып : «Сен қақпас шалды өлтіреміз, үш баланы қайырасың, әйтпесе көресіні көрсетеміз» деп аузына келгендерін оттап, үрейге салып қойды. «Құрысын қойшы, ит те болса анасы ғой»,–деп үш ұл-қызын қаладағы үйіне апарып тастап та кеттім. Қанша дегенмен әлгі екеуінің бұзылған кейпін көріп, жанымды қоярға жер таппай барсам, үшеуі: «Ата, бізді алып кет, біз бұл үйде тұрмаймыз»,–деп мені құшақтап жамырай жыласты. Келінім болса, ұялатын түрі жоқ: «Сен қақпас, мыналарды маған қарсы қойып тастапсын»,–дейді беті сазарып. Немерелерімді алып қайттым. 2-3 күн болды, келініміздің жолдан тауып алған байы телефон шалып: «Сенің ажалың бізден. Жаның барда балаларды қайтар»,–дейді. Әбден ойланып барып, Жәмбай ақсақалға билер кеңесіне арызын жаздыртып, бұл дау-дамайды шешуді Алдабергенов Рахметбек биге тапсырдым. 
Қош, сонымен Рахметбек би екеуміз ең алдымен Жәмбайдің келіні Бағилаға телефон шалдық. Дау-дамайды шешуде дөрекілікке, тіземен басуға, артық сөйлеуге болмайтынын, ең алдымен мәмілегерліктің жүретінін Рахметбек би де біледі ғой. Сол әдісімен Бағилаға мән-жайды түсіндірді. Ал, ол болса: «Аға, мен баламмен ауруханада жатырмын, шыққан соң сөйлесейін»,–депті. Баласы несі? Сөйтіп сұрастырсақ, ол кейінгі күйеуінен некесіз туып алған баласы болып шықты. Төрт жыл бала-шағасынан безіп қарап жүрмеген көрінеді. Ол баласы дімкәс деп естідік. Көп уақыт өтпей Рахметбекке Бағиланың некесіз тұратын байы телефон шалып: «Әйелімде нелерің бар? Мен оны қорғаймын»,– деп қоқан-лоққы көрсетеді. Рекең болса: «Қарағым, сенде ешқандай шаруамыз жоқ, бірге бақытты ғұмыр кеше беріндер. Бірақ, шалдың мазасын алғанды қойындар» дейді. Бір сағаттан соң Жәмбай ақсақал бізге телефон шалып: «Ойбай, қарақтарым, билер кеңесіне неге айтасындар. Қазір барып талқандарынды шығарамын» деп қорқытты",– деді. Ұрыста тұрыс жоқ. Шайқалған шаңырақтын қайта қалпына келуі де оңай емес.  Сол жағын ескеріп, екі жақты да сабырға, бітімге шақырдық. Айлап түсіндірдік, жайлап түсіндірдік, ақыры  екі жақ бітімге келді. Бағиланың барған жерінің естияр әйелі: «Кінә бізден екен, енді қарияның мазасын алмаймыз»,– деп бәтуәға келді.
 Содан бері де 3 жыл уақыт өтті. Жәмбай ақсақалымыз немерелерімен жаймашуақ күн кешіп жатыр. Әрине, немерелерінін анасын ансауы да табиғи нәрсе.  Бірақ, ондай көкек ананың қадірі қайтып орнына келмейтіні өкінішті, әрине. 
Осы тақылеттес оқиғаның талайын естіп көрдік. Көбісі неке бұзуға байланысты істер болып келеді. Шақыртамыз, барамыз, әйтеуір, заңды айтамыз, арды айтамыз, үлкендігімізді білдіреміз, олармен бірге өзіміз де қиналамыз, қиын істің түйіні тарқатылып жатса, олармен бірге қуанамыз. Иә, билердің де қиналатын, қуанатын кездері аз болмайды...

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, 
ардагер журналист,
Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы.
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Зерде
19 август 2020, Среда
Зерде
Қазақ бол!
19 март 2020, Четверг
Қазақ бол!
Тарих толқынында
19 март 2021, Пятница
Тарих толқынында
Бәрекелді!
30 май 2022, Понедельник
Бәрекелді!
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры