Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » КӨЗІ АШЫҚ, КӨКІРЕГІ ОЯУ, САНАСЫ СЕРГЕК

КӨЗІ АШЫҚ, КӨКІРЕГІ ОЯУ, САНАСЫ СЕРГЕК

27 май 2024, Понедельник
72
0
Әдеттегідей жаңа жұмыс аптасының алғашқы күні болатын. Сол күні материал жазып, бір жағынан газеттің жаңа нөміріне салынатын мақалаларды дайындап отырғанмын. Күн сәскеге таяп қалған уақытта жұмыс бөлмеме Қайрат Сарыбаев келіп кірді. Б.Момышұлы ауылының байырғы тұрғыны, еңбек ардагері, басылымның тұрақты жазы-лушысы және оқырманы Қайрат ақса-қалды жерлестері жақсы біледі, әрі құрметтейді. Ол кісі саналы ғұмырының көп бөлігін еңбекке арнап, ұзақ жыл-дар шаруашылықтарда механизатор, ауданның бірқатар мекемелерінде қара-пайым жұмыскер болды. Кейіннен аудан орталығында жеміс-жидек база-сында тер төгіп, Одақ тарағаннан кейін 1993-2008 жылдары аралығында аудандық орталық ауруханада еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады. Бүгінде 83 жасқа аяқ басқан Қайрат ақсақалдың ауданның дамуында еңбектің жарқын үлгісін көрсеткендігін айрықша атап өтуге тұрарлық. Сексеннің сеңгірінен асқан қарияның көзі ашық, көкірегі ояу. Үнемі айналасындағыларға жақсылық ойлап, сергек жүреді.
Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдары, дәлірек айтқанда, 1942 жылдың қоңыр күзінде дүние есігін ашқан Қайрат Сарыбайұлының өмір жолы тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймыз. Ол тұс – соғыстың аласапыран кезі болатын. Балалық шағы осынау қиын-қыстау жылдарға тұспа-тұс келген бала Қайрат қиыншылықты бір кісідей-ақ көрді.
– Асылында адамды адам еткен – еңбек. Оған қарсы дау айтудың еш қажеті жоқ. Атам замандардан бері адамның өмірі мен тіршіліктегі барлық әрекеті, әрбір күні еңбекпен тығыз байланысты өріліп келе жатқаны даусыз. Менің редакцияға келіп отырған себебім, көп уақыттан бері өзімді толғандырып келе жатқан маңызды мәселені қоғамның және жас буынның назарына салғым келіп отыр.
Біздің отбасы соғыс жылдары қазіргі Диқан ауылында тұратын. Әкем Сарыбай ауылдың жеке қойын бағатын. Қолы-ның кемтарлығына байланысты соғысқа алынған жоқ. Әкенің тәрбие-сін көріп есейдік. Үлкендердің өсиет сөздерін де жастайымыздан құлаққа құйып өскенбіз. Сондай күндердің бірінде әкем марқұм мені жанына шақырып алып: «Балам, есіңде болсын! Ешқашан ешкімнің ала жібін аттама. Өз күшіңмен адал еңбек ет. Бастау көрсең, көзін тазала. Айналаңа алма ағаш ек, кейін жемісін өзің жейсің», – деп құлағымызға құйып отырушы еді жарықтық.
Үлкен кісілер жақсы біледі. Біздің бала кезімізде ағайын-туыстар, көрші-қолаңдар бірін-бірі тамаққа шақырысатын игі дәстүр болатын. Мұндай басқосуларға үлкендермен бірге біз де еріп баратынбыз. Сонда ақсақалды қариялар бір бөлек, ауыл апалары өз алдарына бөлек бөлмеде отыратын. Қариялар дастарқанның басында небір қызықты, өнегелі әңгі-мелермен қатар, шежірені де шертетін. Балалар босаға жақта ұйып тыңдап отыратынбыз. Аталардың балаларға тамақ асатқаны қандай еді, шіркін! Одан кейін ауылда ағайын-туыс пен көрші-қолаңның арасындағы сыйластықта, ауызбіршілікте, бір-бірлеріне деген жанашырлықта шек болмайтын. Он шақты үйдің шарбағында 25 соттықтан жоңышқа болатын. Шөп піскен кезде бес-алты жігіт жиналып, бел орақпен шарбақтағы шөпті кезекпен кезек қиналмай орып тастайтынбыз. Қариялар бізге орақты шыңдап береді. Әйелдер жиналып бір жерде тамақ дайындап жататын. Шөпті орып болғаннан кейін тамақ ішіп, сол үйдің рақметі мен алғысын алып тарқасатынбыз. Ол бір қызық кез еді ғой...
Мен 11-12 жасымнан бастап еңбекке араласып, жұмыс істей бастадым. Қазір сол жастағы балалар жұмыс істей ме? Қабырғам қатпаған жас бала болсам да әке-шешеме жәрдем беру үшін небір ауыр жұмыстарды қиналмай атқардым. Кейін өсе келе шешемнен: «Неге менің бойым өспей қалды?», – деп сұраймын ғой. Сонда шешем: «Айналайын, Қайрат балам. Ол кезде қиын жылдар еді. Жейтін азық-түлік тапшы. Тамақ болмағаннан кейін саған қызылшаның жапырағын суға қайнатып, соған нан турап беретінмін», – деп айтқаны әлі есімде. Біз солай өскенбіз.
12 жасымнан бастап ауыр бейнетке араластым. Ең алғаш колхоз жұмысына шығып, егін орағы науқанында ком-байншыға жәрдемші болдым. Ол тұста «Сталин-6» деген комбайн болатын. Оны тракторға тіркеп, сүйрейтін. Алғашқыда соған сабан тастағыш болдым. Бала кезден техникаға өте жақын, оған құмар болып өстім. Әлі есімде, Ленин кол-хозында Петро деген орыс комбайншы менің техникаға өте бейім екенімді байқап, жанына жәрдемші етіп алды. Онымен екі жыл бірге жұмыс істедім. Екі жылдың ішінде ол мені комбайнның және техниканы жүргізудің қыр-сырына баулып, үйретіп шығарды. Колхозда Әбдірахманов деген бастық кісі бар еді. Содан бір күні егіс алқабының басына келгенде мені байқап қалып: «Әй, бала! Өзің болсаң, кішкентайсың. Мынадай ауыр жұмыс істеуге қалай шамаң жетеді? Соны айтшы?», – деді. Мен ол кісіге: «Талаптансаң, барлығына шамаң келеді екен», – деп жауап бердім. 
Техниканың тілін жақсы меңгеріп алғаным өзіме жақсы болды. Кейіннен Күреңбелдегі «Чапаев» колхозында комбайншы болып жұмыс істедім. Жамбылдан осында жұмыс істеуге келген Пономарев деген комбайншы мені техникаға деген қызығушылығымды одан сайын оятып, оның мен білмейтін көптеген қыр-сырын үйретті. Екі комбайнның біреуінің рөлінде мен, ал біреуінде ауылдың мұғалімі отыратын. Одан кейін көршілес Кәріқорған ауы-лындағы Максим Горький колхозында да өз алдыма комбайн алып, егін орағында жұмыс істедім. Қазір қарап отырсам, жеті жыл колхоздарда комбайншы болып еңбек еткен екенмін. Кейіннен ауданның бірқатар мекемелерінде 33 жыл бойы үзіліссіз тер төктім. 40 жыл үздіксіз жұмыс істедім. Туған ауылымның және өзім туып-өскен өңірімнің дамуы мен гүлденуіне еңбек еткен жылдарымды өмірімнің ең сәулелі, бақытты кезеңдері деп санаймын, – дейді ағынан жарылған Қайрат ақсақал. 
Қарап отырсаңыз, адамның өмірі де ағып өткен су сияқты. Ал еңбекпен, шүкіршілікпен, айналаңа деген жана-шырлықпен және жас ұрпақтың болашағын ойлаумен өткен өнегелі өмір ғана мағыналы. Еңбек етіп, сол арқылы қоғамға және жерлестеріне жарқын үлгі бола білген жылдарын мақтанышпен еске алған еңбек ардагері Қайрат Сарыбаевтың жүрген жерінде үнемі табиғаттың, қоршаған ортаның адам өміріндегі маңызды рөлі туралы әңгімелеп, кезі келгенде жас буынды табиғатты аялауға, оны қорғауға үндеп жүретінін өзіміз де көріп жүрміз. О бастан табиғат пен адамның егіз жаратылғанын ескерсек, бұл – өте маңызды.
– Қайрат ауылында әкемнің бұрынғы тұрған үйінің шарбағында түрлі жеміс ағаштары көп болатын. Оны да біз өз қолымызбен егіп, өсіргенбіз. Сонау жылдары егілген жеміс ағаштары әлі күнге дейін мәуесін беріп келеді. Әкемнің маған қалдырған «Бастау көрсең, көзін аш. Жеміс ағаштарын өсір» деген өсиетін әлі де жадымнан шығармай келемін. Бұлақ көрсем, дереу көзін ашуға тырысамын. Үйімнің ауласына түрлі жеміс ағаштарын және гүл, бау-бақша өсіремін, айналаның гүлденіп тұрғанын жаным сондай сүйеді.
Менің үйім сайдың жағасында ор-наласқан. Сол үлкен сайдың жағасында төменде орналасқан көрші үйдің тұсында сылдырап ағып жататын бұлақтың көзі бар еді. Сол тұстағы үйге жаңадан көшіп келген отбасының мүшелеріне бұлақтың көзін үнемі тазалап тұру керектігі туралы айтқанмын. Олар менің сөзіме мән беріп, құлақ аспады ма, әйтеуір, кейіннен қарасам, жаңағы бұлақтың көзі бітелуге айналыпты. Қолыма күрек алып тазалайын десем, оған шамам келмейді. Жасым болса, сексеннен асты. Бұрынырақта жыл сайын көктемде көрші-қолаң болып күш біріктіріп, әлгі бастаудың көзін тазалап, айналасына шыбық қадап, сайдың маңына көпшілікпен құдайы тамақ таратушы едік. Қазір оған мән беріп жатқан бір адам жоқ. Өкініштісі сол.
Бұл бір емес, жүрген жерімде үнемі байқап жүремін, ауылдағы сайлардың жағалары күл-қоқысқа көміліп қалған. Бұрынырақта сайдың әр тұсынан бұр-қырап шығып жататын бұлақтардың да көзі бітеліп, суалуға айналып барады. Бұл – жақсы емес. Тал-дарақтың бәрін отап тастасақ, бұлақ-бастаулардың көзін уақтылы тазаламасақ, біз ертеңгі жас ұрпаққа не қалдырамыз? Ел боламын де-сек, жас ұрпақтың ертеңі мен болашағын ойласақ, осы жағын ойланғанымыз абзал, – деген ойымен бөліскен Қайрат ақсақал ары қарай бұрынырақта өмір сүрген ауыл қарияларының мейірімі мен даналағы және ауыл адамдарының ақпейіл ниеті мен бауымалдығы туралы толғана сөз қозғады.
Қайрат Сарыбаев аудандық жеміс-жидек қоймасында жұмыс істеп жүрген тұста жерлесіміз, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлымен кездесіп, Батырдың батасын алғанын әлі күнге дейін мақтаныш етеді. Бұл 1982 жылы Баукеңнің туған жерге соңғы рет келгенде болған жағдай еді.
Біздің кейіпкеріміз жастайынан сала-матты өмір салтын ұстанады. Ол көп жылдан бері ұйқыдан ерте оянып, таңертең үш шақырым қашықтықты жаяу жүруді әдетке айналдырған. Таңертеңмен ерте тұрып жаяу жүрген адамның қан айналымы жақсарып, мидың оттегімен толатынын, онымен қоса, жаяу жүру адамның көңіл күйін де көтеретінін әрдайым айтып жүреді қария.
Айта кетерлігі, Қайрат ақсақалдың өмірде көп қиыншылық көргенін сөзіміз-дің басында айтқанымыздай, ол кісі 40 жасында айықпайтын көз ауруына шалдыққан жұбайына 24 жыл бойы күтім жасап, оны жетектеп жүргенін өз көзімізбен көргенбіз. Қарияның асыл жарына деген адалдығы осыдан-ақ байқалып тұрған жоқ па?! Оның бұл әрекетін қалайша ерлікпен пара-пар демейсің?!
Ардагер Қайрат ақсақал сөзінің соңында: «Адам адал, мағыналы өмір сүріп, ұзақ жасаймын десе, ең бірінші-ден жастайынан аянбай еңбек етулері керек. Екіншіден ісіне, жұмысына шын беріліп, адал болуы шарт. Үшінші – құнарлы тамақтану да адамға күш-қуат береді. Төртінші – саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану қажет. Бесіншісі – тек жақсылық ойлап, айналасындағыларға игілік тілеу және ешкімнің ала жібін аттамау да адамның өмірін сәулелі етумен бірге денсаулықты нығайтып, жасты да ұзартады. Жақсылық жасасаң да, жамандық істесең де барлығы айналып өзіңе келеді», – деп шегеледі өз ойын.  
Өмірдің ащы-тұщысын көп көріп, ұзақ жасаған қарияның өнегелі жолын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес, әрине. Иә, айтса айтқандай, Қайрат ақсақалдың өмірде кездескен қиындықтарға мойымай, оны жеңуге ұмтылған қайсарлығы мен ішкі рухының мықтылығы, қажырлы еңбекпен өткен мағыналы өмірі жас буынға және жас отбасыларға үлгі-өнеге. Өз болашағының жарқын болуын ойлаған әрбір жас буынның өкілі бүгіннен бастап еңбек етіп, үлкен өмірге бейімделуі қажет. 
Ер – егіз. Ал еңбексіз – жалғыз. Адамның шыңдалуына еңбектің әсері үлкен. Желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ осыны естен шығармаса деген тілегіміз бар...
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
журналист.
Жуалы ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

ГҮЛМЕН СЫРЛАСАТЫН ҚАРИЯ
08 август 2023, Вторник
ГҮЛМЕН СЫРЛАСАТЫН ҚАРИЯ
БАТЫР АНА БАЛАКҮЛДІҢ БАҚЫТЫ
06 июнь 2023, Вторник
БАТЫР АНА БАЛАКҮЛДІҢ БАҚЫТЫ
ЖАН ЖҮРЕГІМЕН ҰСТАЗ БОЛҒАН...
13 ноябрь 2023, Понедельник
ЖАН ЖҮРЕГІМЕН ҰСТАЗ БОЛҒАН...
ӘБЕКЕҢ АСҚАН АСУЛАР
08 июнь 2023, Четверг
ӘБЕКЕҢ АСҚАН АСУЛАР
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры