БАТЫР АНА БАЛАКҮЛДІҢ БАҚЫТЫ
Даңқты қолбасшы, қазақ халқының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының сөзімен айтқанда, Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылмаған біздің елде бір де бір отбасы жоқ. Батыр Баукең: «Соғыс қайғысы, соғыс мұңы әрқайсымыздың басымыздан өтті. Солдаттың сағынышы, ата-ананың қайғысы, жардың мұңы, жетім-жесірдің көз жасы әрқайсымыздың көз алдымызда» деп толғанған екен кезінде.
Ел басына күн туғанда ер етігімен су кешеді емес пе?! Ұлы Отан соғысының жалынына шарпылып, соғыс қайғысымен қоса тылдағы ауыр еңбектің қиындығын бір кісідей көтергендердің қатарында бүгінде 86 жасқа келген тыл еңбеккері Балакүл Бегалықызының да отбасы болды.
Балакүл әже бұрынғы Бірлік ауылында туып-өскен. Әкесі марқұм Бегалы кеңестік кезеңде ауданда колхозды ұйымдастырушылардың бірі болған. Қызының айтуынша, соғыс басталған тұста әкесі бұрынғы «Түркісіб» колхозында төраға қызметінде екен. Майданға сол жерден аттанған.
— Әлі есімде, әкем – аудандағы белсенді, сауатты кісілердің бірі еді. Соғыс басталып, майданға аттанғанда «Түркісіб» колхозында бастық болатын. Ер азаматтармен бірге қан майданға аттанып кете барды. Әкемнің қай майданда соғысқаны нақты есімде жоқ. Әйтеуір бір хатында: «Мәскеудің жанында соғысып жатырмыз. Бір қарағайдың жанында тұрмыз. Жанымыз аман қала ма, қалмай ма, білмейміз?» деген мағынада сөздерді жазыпты. Содан Москва түбіндегі ауыр шайқас кезінде қайтыс болғаны туралы ауылға «қара қағаз» келгені еміс-еміс есімде қалыпты.
Әкем соғыста жүріп қайтыс болғанда шешем небәрі 22 жасында екі қызбен жесір қалды. Шешемнің есімі Кәдіркүл еді. Отбасында менімен бірге тетелес Анаркүл деген әпкем болды. Ол кісі Шақпақата ауылына тұрмысқа шыққан. Қазір өмірде өзі жоқ, ұрпақтары бар.
Шешем ерте жесір қалғаннан кейін қайтадан тұрмысқа шыққан жоқ. Әкемнің інісі (шешемнің туған қайнысы болады) шешеме көп қарайласып, бізге өне бойы қамқор болды. Содан шешем колхоздың жұмысына шығады. Есімде қалғаны, онда колхоз аздап егін егетін. Шешем сонда трактор айдап, жер жыртып, егін егуге қатысатын. Ол тұста «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін!» ұранымен аянбай еңбек етті. Біз онда жас баламыз. Әпкеміз екеуміз егін басындағы кісілерге су апарып беруші едік. Колхоздың жұмыстарына да көмектесетінбіз. Есімде қалғаны осы. Содан 17 жасымда Қайрат ауылының азаматына тұрмысқа шықтым,- дейді Балакүл әжей өткен күндерді еске алып.
Асқар тауы әкеден тым ерте айырылып, тағдырдың тауқыметін, өмірдің ащы-тұщысын көріп өскен бойжеткеннің бағына жігіттің сұлтаны дерлік Баймахандай жақсы жар жолықты. Қайрат ауылындағы қарапайым, еңбеккерлердің әулетінен шыққан Баймахан Тастанов екеуі шаңырақ көтергеннен бастап еңбектің майданына араласып кете барды. Отағасы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын меңгерген сол тұстағы көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың бірі болатын. Ол ауданның бірнеше мектебінде ұстаздық қызмет атқарып, қасиетті Жуалы өңірінің білім және оқу-ағарту саласының дамуына мол үлесін қосқан құрметті ардагер болды. Атап айтқанда, Жаңаталап, Бәйтерек (бұрынғы №10 әскери совхоз) Талапты, Шақпақата ауылдарында және Қайрат ауылындағы Мыңбұлақ (бұрынғы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы) орта мектебінде ұстаздық етіп, шәкірттердің бірнеше буынын тәрбиелеп, жас балапандардың қанатын қатайтуға үлкен еңбек сіңірді.
Ал отанасы Балакүл апай үй шаруасы, балалардың тәлім-тәрбиесімен айналысумен қатар, колхоздың сан түрлі жұмыстарын қиналмай атқарудан жалықпады. Ленин колхозы ол уақытта мыңғыртып мал өсірумен қатар, жүздеген гектар алқапқа картоп, жүгері және қызылша егетін. Егістікті суарып күтім жасау, көбінесе әйелдерге жүктелетін. Міне, Балакүл апай колхоздың осындай ауыр жұмыстарын да қиналмай атқарып, үнемі алдыңғы қатардан көрінді.
— Сендер жақсы білулерің керек. Біздің Ленин колхозында Жандаркүл деген апаларың ұзақ жыл сушы болып жұмыс істеген. Біздің тұсымызда ол кісі картоп алқабында звено жетекшісі болды. Мен сол кісімен бірге біраз жыл жұмыс істеп, көп нәрсе үйрендім. Жұмыстан қашып, жанымызды аяп қалған кезіміз болған жоқ. Жанымызды салып жұмыс істедік. Сөйтіп жүріп балаларды бағып, жеткізгенбіз. Қазір міне, сексеннің сеңгірінен асып, тоқсан жасқа таяп қалдық. Құдайдың мұнысына шүкір. Балаларымыз аман, отағасы екеуміз құрған әулеттің өркені өсіп, өрісі кеңейіп ұрпағымыз көбейіп жатыр. Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Ұрпағымыздың амандығы мен қызығын көрсек, тіршілікте одан артық бақыт бар ма бізге?!
Біздің буын – соғыс жылдарында туған ұрпақпыз. Сондықтан бізде бақытты балалық деген болған жоқ. Жас балалар болсақ та тылда қалған қамкөңіл аналарымызға қолғабыс етіп, солардың қайғысын сейілтіп, көз жасын сүртсек деген арманымыз болды. Сол тұстағы елдің ауыр тұрмысына куә болғанбыз. Қазір заманымыз тыныш. Бірақ қазіргі жас ұрпақтың тәрбиесіне сәл-пәл көңілім толмайтын кездерім болады. Жастар бардың қадірін білсе, үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетсе деймін. Ата-бабаларымыз өсиет етіп қалдырған халықтық тәрбиеден жастардың алыстап бара жатқаны менің ана жүрегіме қатты батады. «Жақсы» деген сөз жақсы ғой. Жастардың тәрбиелі және білімді, көзі ашық, жақсы азаматтар болып өскенін қалаймын,- дейді көпті көрген Балакүл әжей.
Елмен бірге еңбек майданында шыңдала жүріп, Отанның дамуына мол еңбек сіңірген Тастановтар отбасында барлығы 10 ұл-қыз өсіп-жетіліп, олар өмірден өз орындарын адаспай таба білді.
Баймахан әке мен Балакүл анадан тәлім алған балалардың үлкені Нұрмахан ұзақ жылдар шойын жолдың бойында теміржолшы болып жұмыс істеп, сол саладан зейнеткерлікке шыққан. Қазір Алматы облысының Үштөбе қаласында тұрады. Одан кейінгі ұлдары – Бейсенбек, Нұржан, Сейітжан, Нұртай, Алтай, Ерік еліміздің әр өңірінде кәсіпкерлік саласында және Қайрат ауылында ауыл шаруашылығы өндірісінде өндіре еңбек етуде.
Бүгінде ұрпағының тілеуін тілеп, ел-жұрттың амандығын батасына қосып отырған Балакүл әжей – 10 баланы дүниеге әкеліп тәрбиелеген Батыр ана. «Алтын алқа» иегері. Үлкен ордалы әулеттің береке-бірлігін ұйытып отырған қадірлі қария.
«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деген сөз текке айтылмаса керек. Балакүл қазіргі таңда Қайрат ауылында ортаншы ұлы Нұртайдың қолында бақытты, бақуат тұрмыс кешуде.
Қариямен әңгімелесе отырып, ол кісінің бойынан адалдықты, тазалықты байқадық. Ұрпағының да бойына осыны сіңіре білген ақ жаулықты ана бізге ақ батасын беріп, ел-жұртқа жақсылық тілейтінін жеткізді. Сонымен бірге: «Аман-есен жүргеніміз ел қорғаған батыр бабаларымыздың, өмірге әкеліп, тәлім-тәрбие берген ата-аналарымыздың арқасы. Жас ұрпақ аман болсын, еш уақытта жаманшылық көрмесін» деп аналық ақ тілегін де қоса жеткізді. Қарияның тілегі қабыл болсын дейік!
Сейітхан Жұмашев,
Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)