Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ЖАН ЖҮРЕГІМЕН ҰСТАЗ БОЛҒАН...

ЖАН ЖҮРЕГІМЕН ҰСТАЗ БОЛҒАН...

13 ноябрь 2023, Понедельник
87
0
Ділдәкүл Қабылбекованы таластықтар көңілі көркем, көкірегі сара адам ретінде тегіс танитын. Ұлағатты ұстаз ретінде апайдың алдынан мыңдаған шәкірттер түлеп ұшты. Өзі аудандағы математик мұғалімдердің ішінде алдыңғы қатарда тұратын. Өткеннің бәрі – тарих. Ділдәкүл Қабылбекқызы 1966 жылы Ойық орта мектебін орыс тілі пәнінен ғана төрт бағасын алып, күміс медальға бітірген. Ауданның білім саласына еңбегі әбден сіңген, сол кездегі аталған мектеп директоры Шәйбек Шоңовтың қолынан аттестат алған екен. 
 Сол жылы Алматыдағы Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық институтына математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқуға түсіп, аталған оқу орнын 1970 жылы үздік үлгеріммен бітіріп шықты. Мұнан соң Талас ауданындағы бірқатар мектептерде мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Ол кезде Алматының маңдайалды оқу орнын бітіріп келетін білікті мамандар аз. Ділдәкүл Қабылбекқызын қай мектеп болса да құшағын жая қарсы алатын. 
 Ділдәкүл апай 1985-1989 жылдары Үшарал орта мектебінде директор болды. Былай ойлап қарасаңыз, мектеп тізгінін 37 жасында қолға алған екен. Үшарал орта мектебі дегеніңіз – үлкен білім ошағы. Ол мектепте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова оқыған. Есімдері елге кеңінен таныс болған Сағынтаевтар да Ділдәкүл басқарған мектептен дәріс алды. Сол мектепте кейіннен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болған Гүлмира Исімбаева, танымал ақындар, ерлі-зайыпты Ербол Қамбатыров пен Үміт Битенова білім алды. Үміт Битенованың «Эталон» деп жаны ізгі Ділдәкүл Қабылбековаға адал көңілімен өлең арнауы бекер емес. 
Өкінсең де екі келмейсің өмір –өзенге,
Шарлаймыз ойда отырып қиял дөненге.
Дәуірлеп еді Үшарал орта мектебі,
Қабылбекова басқарып тұрған кезеңде.

Мұғалімдердің бірыңғай бөліп сағатын,
Көңіл мен күйін, қабағын ылғи бағатын.
Қайратты қыздың осы ұжымында сол жылдар,
Кадрлар мықты іріктелінген болатын.

...Көргені көптен шарапат, шапақ шығады,
Депутат та осы ұжымнан шықты зиялы.
Ел мұңын бүгін мінберден жүрген жеткізіп,
Гүлмира әпкей – Естайбек ұстаз тұяғы,
- деп төгіледі Үміт ақын. Барша ұстаздың Ділдәкүл директорға алғысындай бұл өлең шамамен 2008 жылдары жазылыпты. Әрине, ол кезде Ділдәкүл Қабылбекова зейнеткерлікке шыққан. Зейнетке шыққан кісіге өлең арнамақ түгілі, көңіл аудара бермейтін әдетіміз бар ғой. 
Ал, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесіне Үшаралдан депутат болып сайланған Гүлмира Исімбаеваның 1990 жылы 16 қыркүйекте өзі еңбек еткен ұжымның басшысы Ділдәкүл Қабылбековаға арнап жазған хатында да көп сыр ақтарылған. Хатта: «Сәлематсыз ба, әпкей! Жағдайыңыз қалай? Денсаулығыңыз жақсы ма? Әлде денсаулықты ойлауға мүмкіндік болмай кетті ме? Хабарласпады деп маған ренжіп жүрген боларсыз. Сізбен сөйлесуге 3 рет телефонмен заказ беріп, байланыса алмадым. Хат жазуға болар еді. Бірақ, хат арқылы бәрін жеткізе алмаймын ғой. Ал, айтатын әңгіме, ақылдасатын шаруа аз емес. 
 Мен жұмыс істеп жүрмін. Жағдайым жаман емес. «Алматы» қонақ үйінде жатырмын. Қазір бірқатар Заңның жобасын дайындаудамыз. 
 Алматыға келіп қайтпайсыз ба? Мұнда жұмыстарыңыз жоқ па? 
 Мен көп жаза алмаймын. Әпкей, жылағым келіп тұр. Ауылға кеткім келіп. Ауылда біреу күтіп тұрғандай. Ешкімнен ешқандай хабар жоқ. Өзім телефон шалып, сөйлесіп қоямын. Оқушыларым да ұмытты –ау, мені..Мектеп ұжымына арнайы сәлем айтыңыз. Сау болыңыз, әпкей. Телефон соғыңыз. 16.09. 1990 жыл». Бұл – Гүлмира Исімбаеваның хатынан үзінді. Ділдәкүл әпкейдің жеке архивінде осы күнге дейін сақталыпты. Маған бауырлары жолдады. Ойлап қарасаңыз, Жоғарғы Кеңестің депутаты ауылдағы мектеп директорына жүрегі елжіреп хат жазып отыр. « Сізге айтатын әңгіме, ақылдасатын шаруа көп» дейді. Өзі Алматыда дардай депутат бола тұра Ділдәкүл ұстазымен ақылдасады, мұңын шағады, жылап алғысы келетінін айтады. Қандай шынайы, ашық хат. Сонда Ділдәкүл әпкей депутат Гүлмираның жүрегінде жылы жүрегімен қалған болып тұр ғой. 
 Ділдәкүл Қабылбекова 1989-2006 жылдары табаны күректей 17 жыл бойы Д.Қонаев атындағы Ойық орта мектебінде директор қызметін атқарды. Ойықтағы ең үлкен білім ошағында да Ділдәкүл абыройға бөленіп, талай бастамаларды жүзеге асырды. Ол басқарған мектептің мұғалімдері мен оқушылары аудандық,облыстық байқаулардан үнемі жүлде алып оралатын. Ойық орта мектебінде де білікті, озат ұстаздар еңбек етті. Білікті маман Сәкен Батырбековті жұмысқа шақырып, бірқатар шәкірттерді кәсіби музыкаға бейімдеді. Бүгінде ауылдың ардақты ақсақалы, сол кездегі мектеп психологы ретінде Пана Рахманбердиев те Ділдәкүл директормен тізе қосып еңбек етті. 
 Шәкірттерінің арасынан жүздеген талантты оқушылар шықса, олардың арасынан белгілі әнші Мұхасан Шахзадаев, танымал журналистер Ерман Әбдиев, Өркен Кенжебековтерді, Талас ауданыны әкімінің орынбасары Медет Үрістеновты, Ойық ауылдық округ әкімі Қайрат Ошақьаеввты ерекше атап өтуге болады. Әрине, бұл ретте менің ойыма түспей тұрған, бірақ атап өтуге лайық көптеген шәкірттері бар екені анық. Ділдәкүл  Қабылбекқызы әр жылдары мектеп басқарған білім ошағында ұстаз болған Уәли Кенжебеков, Нұрқаш Сағатов, Райхан Көсембекова, Жүнісбек Оспанбеков, Мизамбай Асанов, Қылыш Әлімханұлы, Темірхан Сәрсенұлы Үміт Битенова, Марат Мұхтаровтармен тізе қосып, сыйласып еңбек етті. Аудандық білім бөлімін басқарған Бердібек Белгібаев, Әбдіразақ Шымыров, Асқар Қуаныш та Ділдәкүл директорды ерекше құрметтеуші еді. 
 Ділдәкүл Қабылбекова «Талас ауданының Құрметті ардагері» атанды. Ділдәкүл Қабылбекқызына «Талас ауданының Құрметті азаматы» атағы берілсе де артық болмас еді...
***
 Ділдәкүл әпкей өмірден озды деп естігенде біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей күй кештім. Мен басқа мектепте білім алсам да, Ділдәкүл апайды ұстаз тұтушы едім. Ол барша таластық түлектердің ұстазындай аяулы адам еді. Кездескен сайын үнемі: «Біздің ауылдан шыққан қаламгер. Ауылдың атын шығарған азамат» деп мені де көтермелеп отыратын. Сөзінен жылы шуақ сезілетін.
Соңғы рет биылғы 27 тамыз күні немере інісі Медет қызын ұзатқанда көріп едім. Көрген былай тұрсын, бірге дәмдес болып,жеке көлігіммен қаланың ішіндегі өзі тұратын мекен-жайына дейін жеткізіп тастаған болатынмын. Әсерлі әңгіме айтты. Үнемі адал, шыншыл болуымды өтінді. Енді, міне, араға бір айға жетпейтін уақыт салып, өмірден озып кетіп отыр.
Ол жан-жүрегімен үстаздық еткен, жүрегі нұрлы адам болатын.

Есет ДОСАЛЫ,
журналист.

Талас ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры