ҮМІТ ЖЫРЫН ҮКІЛЕП...
Кез келген ақын жайлы пікір айту,оның шығармашылық болмысына үңілу-жаңа бір әлеммен кезіккендей күй кештіреді. Жамбылдық ақын Үміт Битенова туралы ойымды жинақтағанда тап осындай сезімде болдым. Мен оны танығалы,жырын оқығалы қашан. Қай жиында көрсең жолдасы Ербол інім екеуі сол қуанышқа өздері жан-тәнімен беріліп,ел-жұртының ортасында жарқырап қызмет етіп жүретініне сан мәрте куә болдым. Адамға деген пейіл-ниеттері жанарларынан шуақ боп төгіліп,өлең боп өріліп тұратын жүздері жарық жандар.
– Бізде Үміт Битенова деген тамаша ақын бар,-деді бірде Нарша Қашағанұлы ағам,-қолдап,қорғап жүріңдер!
– Жазушылар Одағының мүшелігіне Үміт лайық қой, өлеңдерін оқып көрерсің,-деді марқұм Мақұлбек Рысдәулет бірде.
...Ол ауылда тұрады. Бүгінгі Тараз, Талас, Қаратау, Жаңатас... Мемлекеттігімізге ақ тілеу, асыл үмітпен талпынып жатқан сол бір қасиетті өлкенің халқына күнделікті рухани демеу болып жатқан кімдер? Сол елдің қайсар ұл-қыздары. Сол көптің алдында жүрген Үміттің орны бөлек. Ол - ана, жар, ұстаз, ақын, әнші, сазгер... Дарынды жаратылған қызын елі мақтан етеді. – Қазақ жырының жарық жұлдыздарының бірі, ғажайып ақын Күләш Ахметованың жүрек-жарды пікірі де осыған саяды. Қазақтың ақын қызы Үміт Битенованың өлеңбаяны мен өмірбаянында алшақтық жоқ. Асын қамдап, ұрпағын өсіріп, өлеңін өбектеп, қоғамдық істерге белсене араласып, есімін елге жеткізіп келеді.
...Ұқсағанмен кей-кейде жас балаға,
Ақын жүрек қаймығып жасқана ма.
Біз ақынбыз жоқтайтын елдің мұңын -
Даусы бірақ жетпейтін Астанаға.
Құланиек ататын құба таңы,
Туған жердің жылуы жұбатады.
Біз ақынбыз, байлығы, дәулеті жоқ -
Бақыты да, соры да - бір атағы...- дейді Үміт бір өлеңінде.
Иә, ақындық бақ пен сордан жаралған, ғайыптың құсы іспетті - киелі өнер. Кез келген ақынның ішкі әлемі рухының бұлқыныстарынан өлең туары ақиқат. Үміт соңғы жыр жинағының атын «Ешкімге айтпаған сырларым» деп қойыпты.
...Ешкімге айтпаған сырларым,
Сендерге менсіз кім батпақ?!
Мезгілсіз сауық құрмадың,
Мерзімсіз уақта сырғақтап.
Ешкімге айтпаған сырларым,
Қалыңдар солай жұмбақ боп.
Жылжыған сайын жылдарым,
Барады құның қымбаттап.
Ой орамдарына үңілсең сырдың да, жырдың да құны қымбаттайды. Жалған пафостан ада осындай қарапайым да, жүрекжарды жыр жолдары оқырманына жетеді.
Үміт жырларын оқып отырып, ойы анық, сезімі сергек туындылармен кезіктім. Мәселен, «Туған күн» өлеңінде:
« ...Қаһарына да қарамай қарлы суықтың,
Арқырап тұрған ақпанда солай туыппын.
Алтын құрсақты анамның жарып өзегін-
Жүзігін тағып,
Үзігін жалғар Үмітпін.
Ұлу жылғымын,
Суқұйғыш - менің жұлдызым,
Ұйқыдан гөрі аспанның сүйем түнгі ізін.
Жақсы көрді әкем өзі «Үміт» деп ат қойып
Өзінен аумай аузынан түскен бұл қызын.
Есімде әлі.
Мінгізіп алып мойнына,
Қыдыртып маған жүретін қырды, ойды да.
Жасымнан бұрын...
Жасамыс тартып кеттім мен
Сүйікті әкемді сұм ажал жұтып қойды да.
Иінағаштай майысып мойным көтерген,
Қайғыны жеңгем,
Есейгелі оған ет өлген.
Ақпанның төртін ағайындармен қарсы алып
Құдайға тоба,
Жыл сайын атап өтем мен», – дейді.
Осы жолдарда ақын жүрегінің дүрсілі, сезімінің сыңғыры, өткен күнге деген сағыныш бар. Жан сырын ағынан ақтарыла айтады. Үміттің жыр қоржынында туған жер, ел-жұрт, сол өңірдің адамдары, Тараз бен Талас, Үшарал жайлы толғаныстары аз емес екен. Қаламдас, қанаттастары Үмітті «Үшаралдың Үміті» деп атағалы қашан... Үшарал дегенде менің ойыма қазақтың ғажайып ақын қызы Күләш Ахметова апамыздың Үшарал туралы төмендегі шумағы орала береді.
...Сайран салған сағынышпен келем де,
Қарлығаштар айналады төбемде.
Қырымнан да,
Римнен де артықсың-
Сенен ыстық жер жоқ маған әлемде...
Бірін айтып бірге кеткелі отырған жоқпын. Осы Үшарал туралы жырды оқыған Несіпбек Айтұлы ағамыздың: «...Өзінің Үшаралын Күләш осылай жырлайды. Үшаралдан ұшқан ақындықтың ақ құсы бірте- бірте кеңге қанат жайып, биікке самғайды. Жылдан-жылға, жырдан-жырға көшкен сайын кемелденіп, көркейіп, қазақ жырына жаңа тыныс, тосын серпін әкелуде. Күләш жырларының әсерінен қанаттанған қанша ақын қыздар дүниеге келді. Олардың өзі жыр бақшасының шоқ гүліндей болып көздің жауын алады» - дейді «Жыр жүйрігі» атты мақаласында. Иә, кеше ғана өмірден өткен айбоз ақын айтқандай, сол бақшаның көздің жауын алар шоқ гүлінің бірі, ақын Үміт Битенова Үшаралы жайлы не дейді екен?
...Келмесін сезіп қайта балдәуірдің,
Кезде де кеудемді мұң-құрсау ілген.
Ақтақыр құмын аңсап шаңды ауылдың-
Үшарал, саған қарай ұшамын мен.
Екпін жоқ Таласта да, Асада да,
Баяғы сені үшке бөліп аққан.
Жұрт та жоқ қонысы ед деп ата-баба,
Көш бұрып қайта оралып келіп жатқан.
Қайтеміз күйбең тірлік тұсағанын,
Кеткен соң қамын күйттеп бәрі үйінің.
Бәрібір бір мен үшін,Үшаралым,
Өзіңсің әлемде жоқ Жерұйығым.
Бал ізін топырағыңнан табатынмын,
Сенде өткен балдырған шақ, бала күннің.
Үшарал ауылыма ұшып баратұғын,
Талдырма, күшін Құдай, қанатымның!
Бұл енді Үміт үкілеген жыр. Қарапайым қалпымен елге, жерге деген махаббатын осылай кестелейді. Тұрақты сезім суреттері қуатты өлең тудырады. Ақынның ақ парағындағы жазу Үшаралдан бастау алған.
Осы жерде ақын Нарша Қашағанұлының осыдан отыз бес жыл бұрын жазған мақаласындағы: «...Осы ауылда Үміт Битенова деген ақын қыз тұрады. Үміт анасының, ақынжанды жарының ғана емес, Үшарадың Үміті, бүгінгі Ұлбикесі»-деп жарияға жар салып айтқан жүрек жарды пікірі ақиқат айдынына аққу боп қонғандай. Оған Үміттің өлеңдері, прозадағы қадамдары, көсемсөзі мен әндері, ел арасында атқарып жатқан жұмыстары куәлік бере алады. Үміт ертеректе жазған бір өлеңінде:
...Мен болдым көңілі толмаған өзі үшін пақыр,
Құрғақ өңіме жасымның көлі сіңді ақыр-
Қиялым жермен жексен боп,
Қараймын көкке-
Қаратау,
сенің биігің көз ұшында тұр, – депті.
Ақын біткеннің бәріне ортақ көңіл күйі бұл. Үміт «Балабақшадан басталған» деп аталатын көлемді деректік ғұмырбаяндық прозалық еңбек те жазыпты. Мен оған тоқталуды мақсат тұтпадым.
Мен Үмітті қашан көрсең де, қайда кездессең де елпілдеп тұратын, елгезек қалпында көрем. Қанаттас, қаламдас қарындастың қалпы осысымен ұнайды. Сол болмыс, сол мінез оның өлеңдеріне де көшірілген. Жасандылығы жоқ табиғи қалып.
Үміттің мерейлі жасқа келіп жатқан тұсында айтар ой, арнар тілектің бір шоғыры осы еді.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)