Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » АҚСАҚАЛДАРДЫ МЕКТЕП ЖАЙЫ ТОЛҒАНДЫРАДЫ

АҚСАҚАЛДАРДЫ МЕКТЕП ЖАЙЫ ТОЛҒАНДЫРАДЫ

26 март 2024, Вторник
75
0
Мектеп ауласында бастауыш сыныптарда оқитын немерелерін күтіп отырған екі қария ары-бері өтіп жатқан оқушыларға қызыға қарап отырып, қызу әңгімеге кіріскелі біраз уақыт болды. Әңгіме мектеп тақырыбына ауысқанда сақал-мұртын ақ қырау шалған арық денелі қария тамағын қырнап алып:
– Балаларға барлық жағдай жасалған. Қарап отырсаңыз оқушылардың жүздеріне қарап көзіңіз тояды. Бәрі бір кісінің баласындай мұнтаздай жарасымды киім киген. Арқаларына асынғандары әсем безендірілген, көп қалталы ыңғайлы жаңа сөмкелер. Мектептері мынау жайнап тұр – ішінде спорт залы, бассейні, асханасы бар, едені айнадай жалтыраған көп қабатты әсем ғимарат. Оқушыларға спорт пен өнердің әр түрімен айналысуларына жағдай жасалған. Олармен арнаулы дайындықтан өткен өз істерінің мамандары жұмыс істейді. Соның арқасында мектеп оқушыларының арасында талантты спортшылар мен өнерпаздар көптеп тәрбиеленуде. Соңғы кезде спортта және өнер сайыстарында Қазақстанның үлкен жетістіктерге қол жеткізуінің бір сыры осында жатқандай. Қарындары ашса оқушылар ыстық тамақты асханадан ішеді, тамақты үйден тасып әуре болмайды. Оқитын сыныптары да кең, әрі жылы. Заман талабына сай қажетті құрал-жабдықтарымен қамтылған. Шет тілдерін меңгергісі келетіндерге де жол ашық. Қазіргі оқушылардың баршасы компьютерді бір кісідей меңгерген. Бәрінің қалта телефондары бар. Әне, қараңызшы, балаларды туыстары мектепке жеңіл көлікпен әкеліп - әкетіп жатыр. Соңғы жылдары ауылдардың өзінде типтік жобадағы қаншама жаңа мектеп салынуда. Біздің кезімізде мұндай өмір ертегі сияқты көрінетін. Осындай мүмкіндіктерді балаларымыз пайдалана білсе дұрыс болар еді.
– Иә, айтқаныңыздың бәрі дұрыс. Ал енді мен сізге өзімнің балалық шағымдағы, елуінші жылдардағы, біздің ауылдың мектеп оқушыларының жағдайлары қалай болғанын салыстырмалы түрде айтып берейін, - деп әңгімені ұзын бойлы, еңкіш денелі, бетін әжім торлаған қария жалғастырды.  – Біз бастауыш сыныптарда оқығанда қазіргідей арнайы мектеп киімі болған емес. Аналарымыз киімді өздері матадан тігіп беретін, сол киімімізді әбден тозғанынша үстімізден тастамайтынбыз. Сөмкенің орнына асынып жүретін дорба тігіп беретін. Ол кезде пастамен жазатын қаламсаптар да жоқ. Қаламсапқа арнап сауытқа сия құйып алатынбыз. Бас жағында темір ұшы бар қаламсапты сол сауыттағы сияға батырып алып жазатынбыз. Алысып - жұлысып жүргенде сауыттағы сия төгіліп, дорбамыз бен оқулықтарымыз, киіміміз былғанып қалатын. Қолымыз да сия - сия болып жүруші едік. Мектебімізде, асхана деген болған емес. Сондықтан дорбамызға жейтін тамақтарымызды аналарымыз салып беретін. Мектебіміз шағын жер үйлерде орналасқандықтан бөлмелері тар, төбелері аласа еді. Кейде ауа жетіспегендіктен, сабақ үстінде қалғып кетіп, мұғалімдерден ескерту алатынбыз. Ұстаздар жетіспегендіктен, бір мұғалім бірнеше пәннен сабақ бере беретін. Ауыл балаларының спорт пен өнердің түр-түрімен айналысытындай мүмкіндіктері болмады. Негізгі ермегіміз доп тебу мен күресу болатын. Алыста тұратын оқушыларды мектепке ата-аналары арбамен, қыста шанамен, кейде есек пен атқа мінгізіп әкелетін. Бірақ біздің қазіргі балалардан бір артықшылығымыз – кітапты көп оқушы едік. Ауыл кітапханасына жиі бас сұғатынбыз. Білім алуға деген құштарлық қазіргіден басым болатын. Сондықтан болар ауыл мектебін бітіргендер арасынан талай атақты ғалымдар мен білікті басшылар шықты емес пе? Қазіргі балалар көп уақыттарын теледидар, не компьютер алдында өткізеді. Одан қала берсе қолдарынан қалта телефондары түспейді. Дұрыс пайдаланбаған жағдайда қалта телефонының зиянды әсері көп екені дәлелденген шындық. Ең бастысы ұялы телефон – оқушылардың сабақ үлгерімі мен тәртібіне кері әсер етеді. 
Қазіргі жастар біздің заманымыздағы оқушылардан білімдірек. Себебі мектептердің оқу бағдарламалары бұрынғымен салыстырғанда кең ауқымды, әрі күрделі, көп жаңалықтар енгізілген. Жасыратыны жоқ, кейде бастауыш сыныптардың үй тапсырмаларын немереміз емес өзіміз де түсінбей, кейбір есептерін шығара алмай, немереміздің алдында қызаратынымыз бар. Оның үстіне оқушыларға үй тапсырмасы ретінде әртүрлі тақырыпқа өлең шығару, эссе, репортаж жазу ұсынылып жүр. Мұндай тапсырмаларды орындау бала тұрмақ үлкен кісілердің қолдарынан келе бермейтін шаруа. Тағыда бір проблема – бастауыш сынып оқушыларының сөмкелерінің салмақтары оқулықтарымен қоса есептегенде 4-5 килограмм болатындығы. Осындай ауыр сөмкені буыны қатая қоймаған балалар күнде арқалап жүруге мәжбүр. Осы айтылғандарды ескере отырып, министрліктегілер оқу бағдарламасын қайта қарап, оқулықтарға қажетті түзетулер енгізсе дұрыс болар еді. Қазір оқушылар арасындағы үлкен бір кемшілік – әдеби кітап оқуға қызығушылық бұрынғыдай емес. Балалардың басым көбінің әдеби кітаптар мен газет-журналдарды оқуға еш ынталары жоқ екенін байқап жүрміз. Немерелерімізді әдеби кітаптарды оқуға үйретіп осы жағынан қадағалауымыз керек, - дей берген кезде әңгімені мектеп қоңырауы бөліп жіберді. Ақсақалдар асығыс орындарынан тұрып, әңгіменің жалғасын кейінге қалдырып, аяңдай басып, немерелерін қарсы алуға беттеді.
Сейтқасым ТӘЖБЕНОВ,
дәрігер, Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі,
Тараз қаласының Құрметті ардагері.
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры