АНАСЫН АРДАҚТАҒАН АРЫЛБЕК
Сәбиі үшін түн ұйқысын төрт бөлген, ананың орны қашанда бөлек. Әсіресе, елдің алдында жүрген азаматтардың анаға деген құрметін көргенде кеудеңді қуаныш кернейді. Біз оны Т.Рысқұлов ауданына барған кезде «Бай алғабас» шаруа қожалығының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Арылбек Қораласбаевтан да байқадық. Ірі шаруа қожалық басшысы Арылбек екі сөзінің бірінде анасын айта берді.
Арылбектің бұл ізгі қасиеті бәлкім асқар тау әкесінен ертерек айырылғанынан шығар. Бір айта кетерлігі, заманның бет алысын байқап, жаңашыл іске алғашқылардың бірі болып тәуекел еткен әкесі Шамшабек екен. Ол кісі 1994 жылы «Аян» шаруа қожалығын 90 гектар егістік жермен ашқан. Болашақты бағдарлай білгені болар. Әйтпесе, кезінде озат механизатор, білікті бригадир болған, екі рет «Ленин» орденін иеленген Шамшабек Қораласбаевқа жанын қинамай, сол абыройымен жүрсе де жететін еді. Жоқ, көзі ашық Шәкең алысты көрді, ертеңге сенді. Азамат болып қалған перзенттерінің ертеңіне жол ашып бергісі келді. Ашып берді де. Әке үміті алдаған жоқ. Оң қадам жасап, шаруа қожалық ашқалы ұлы Арылбек қасынан табылды. 1997-2003 жылдары осы баласы қожалық төрағасының орынбасары болды. Егістің көлемі де, малдың басы да өсе бастады. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», – дегендей, әкелі - балалы екеуі жаңа бағытқа тез бейімделіп, шаруа қожалықты дөңгелетіп әкетті. Ал 2003 жылдан бастап Арылбек Шамшабекұлы « Бай алғабас» шаруа қожалығын ашып, басқарып келеді. Бұл жаңа қожалықтың бастауында «Аян» шаруашылығының тұрғаны аян.
Бұл күнде әкесі бақилық болғанмен, анасы бар. Анасы Аманкүл Телібаева осы Арылбектің қолында тұрады. 90 гектардан басталған Арылбектің шаруашылығы қазір қанатын кең жайған. 6 мың гектардан астам егістік жері бар. Машина, трактор, комбайндары жеткілікті. 7-8 техникасы, басқа да құрал - жабдықтары талапқа сай. Өзі де депутатпын, бастықпын демей, жұмыстың бір жағында жүреді. Тракторды да айдап, шаруаның басына жиі барып тұрудан жалықпайды. Жыл сайын 4 мың гектарға бидай - арпа егіп, 2 мың гектар жерді парға қалдырады. Бұл агроном Арылбектің жер жағдайын білетінен болар. Бұл күнде қой саны 4 мыңға жуықтаса, жылқы 500 басқа жеткен. Арекең жылқыны да, қойды да асылдандыру бағытында біраз жұмыс атқарды. Қазіргі таңда асыл тұқымды қойлар, олардың күтімі қалыпты жолға қойылған. «Бай алғабас» шаруа қожалығы 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек маусымдық жұмыстарда тағы 15 адам тартылады. « К-700» тракторын айдайтын механизатор жазда науқан кезінде 350 мың теңгеге дейін айлық алады. Малшылардың да жалақысы төмен емес.
Арылбектің ісінің осынша берекелі болуы анасын сыйлап, ардақтағаннан болар. Абыз аналардың тілегі бекер емес қой. Арекеңнің інілері де бар. Біз осы тұста «Анашыңыздың сіздің қолда тұруына не себеп болды?», – деп сұрадық.Сонда Арылбек: «Енді, ана деген жайлы баланың қолында тұрады ғой», – деп әзілдеп қойды. Аманкүл апа жас күнінде қызылшада істеген, қырманда астық суырған, кеңшардағы біраз бейнетті атқарған. Сөйте жүріп, ұл-қыздарын адал, ұлағатты жолға тәрбиелеген. Бір ұлы Ержан да аудан көлемінде жақсы қызмет атқарады. Перзенттерінің бәрі бұл күнде өмірден өз орындарын тапқан. Қазір 78 жастағы Аманкүл әже ұл-қыз, немере, шөберенің амандығын тілеп отыр.
– «Шүкір Арылбек балам да, келінім де асты - үстіме түсіп жаны қалмайды. Отауы бөлек Ержан балам да келіп тұрады. Балаларымның осындай мейірімді болғанына қуанамын, – дейді Аманкүл әже.
Шынында да бұл өмірде асқар тау әкең мен асыл анаңды қуантқанға не жетсін!
Есет ДОСАЛЫ
журналист.
Тұрар Рысқұлов ауданы
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)