Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ӘДІЛ БИЛІК ЖАСАУ – БІЗДІҢ БИІК МҰРАТЫМЫЗ

ӘДІЛ БИЛІК ЖАСАУ – БІЗДІҢ БИІК МҰРАТЫМЫЗ

18 март 2024, Понедельник
71
0
Сарысу аудандық билер кеңесі уақыт талабына сай, осы құрылым туралы ереже, қағидаларды басшылыққа ала отырып, өзге де қоғамдық ұйымдармен ынтымақ - бірлікте өз жұмысын жүргізіп келеді. Осыдан бес-алты жыл бұрын мемлекеттік билік тарапынан қазақ халқының ежелгі билер институтын жаңғырту жөнінде бастама көтеріліп, республикамыз бойынша жергілікті билер кеңестері құрылғаны белгілі. Біздің Сарысу ауданында да бұл бастама қолдау тауып, жүзеге асырылды, облыстық билер кеңесі дайындаған арнайы ережеге сәйкес аудандық билер кеңесі құрылды. 
Аудандық ардагерлер кеңесінің 2022 жылғы 7 сәуір күнгі қаулысы бойынша аудандық және қалалық билер кеңесінің мүшелері бес адамнан, ал ауылдық билер кеңестері үш адамнан құрылып, өз қызметтерін бастады.

Бүгінгі таңда аудандық билер кеңесінің құрамында төрағадан басқа Марқаш Мизембаев, Шынайдар Ералиев, Майтон Өзекбаев, Ақділда Диханбай сияқты белсенді ардагер азаматтар қоғамдық қызметтерін атқаруда. Олардың өз істерін жетік білетін, өмірден көргені мен түйгендері мол, айтары бар жандар.
Билер кеңесінің құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конститутциясының және Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы «Медиация туралы» Заңының шеңберінде айқындалған. Билер кеңесі жеке және заңды тұлғаларға қатысты азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқықтық қатынастан туындайтын дау-дамайларды медиация заңын басшылыққа ала отырып, ымырамен, бітімгершілікпен шешуге күш салады. 
 Сот процесінде шығарылған үкімнің немесе шешімнің әділдігіне жеңілген тараптар күмән келтіріп, сенімсіздік білдірген жағдайда істі қайта қарауға ұсыныс енгізе алады. 
Билер кеңесінің негізгі міндеті - азаматтық қоғамда жиі орын алатын аса ауыр емес қылмыстық, әкімшілік - құқық бұзу әрекеттерін зерделеп, сараптап, сот отырысына жеткізбей екі тарапты ымыраға жүгіндіру, екі жақты бейбіт келісімге келтіру болып табылады. Бұл ретте билер кеңесі ата-бабадан жалғасын тауып келе жатқан ұлттық дәстүріміздің ерекшеліктерін, «Жеті Жарғы» қағидат-тарын назарға алады. Сонымен бірге медиациалық жұмыста әдептік және адами-моральдық қағидалар ескеріледі. 
Аудандық билер кеңесі бастамашы болуымен «Ауылым - алтын бесігім», «Менің Отаным – Қазақстан» атты тақырыптарда 30 жасқа дейінгі жастармен бірігіп, түрлі шаралар, «Дөңгелек үстел» отырыстары өткізілді. Ауыл және қала тазалығына атсалысуды көздеп «Таза ауыл», «Таза қала» сенбіліктері ұйымдастырылды. Аудандық «Жастар ресурстық орталығымен», аудандық мәде-ниет және тілдерді дамыту бөлімімен, аудандық мәдениет үйі, аудандық кітапханамен бірлесіп бірнеше мәдени-көпшілік шаралар өткіздік. Бұл шаралардың барлығы өскелең ұрпақ арасында ұлттық салт-дәстүрімізді, тарихымызды жаңғыртуға және кең көлемде насихаттауға бағытталды Өткен жылы мектеп бітіруші түлектермен «Бүгінгі бала – ертеңгі азамат» - атты іс - шара ұйымдастырылды.
Халық арасында «Би екеу болса, дау төртеу болады», – деген қанатты сөз бар. Бұл жерде билер арасындағы ауызбіршілік, өзара түсіністік, сөзге құлақ асу, қандай шешім болса да «Жеті рет өлшеп, бір рет кесу» қағидаты арқылы дау - дамайларды оңтайлы шешу мәселесі меңзеліп отыр. Сондықтан билер кеңесінің мүшелері ел бүтіндігін, татулығы мен амандығын, ынтымағы мен бірлігін тілеп, сол үшін әрекет жасап келеді. Қазылық жасаушылардың кәсіби шеберлігі, ойлау мәдениеті мен парасаты, тәжірбиесі, қара қылды қақ жаратын турашылдығы, білімділік өресі, шешендігі үлкен рөл атқаратыны белгілі. Қазақ ұлтының тарихында небір «Сен тұр, мен айтайын» билер, шешендер жайлы мағлұматтар біздің заманымызға дейін сақталып келді. Солардың бірі, он сегізінші ғасырдың атақты Томан бидің билердің қызметі, көзқарасы мен ұстанымы жайлы:
- Қиянат жолын кесіп айт, 
Қызыл желдей есіп айт, 
Ақиқаттың ақ жолына түсіп айт, 
Ақиық қырандай нұрлы аспанды құшып айт. 
Сөзің болсын сап алтындай ұстаған, 
Әділ билік арың болсын нұсқаған.
Ырық берме жуанқарын зорға, 
Ел қамын жеген сөзің болсын жорға. - деп айтқан сөзі бүгінгі біздің билерге тікелей қатысты екендігі айдан анық. Міне, осы жолмен жүру қазіргі билердің міндеті болуы тиіс.
Аудандық билер кеңесі аудан тұрғындары арасындағы дау-дамайларды шешумен қатар ұлттық салт-дәстүр иірімдерін жаңғыртуды, имандылық, ізгілік құндылықтарын жас буынның бойына дарыту мақсатында тарихи, әдеби-мәдени іс-шараларын ағымдық жұмыс жоспары негізінде басты бағытта ұстап келеді. Айта кететін болсақ, өткен мерзімде «Шешендік дегеніміз – ақылмен ойлау өнері», «Отбасыңның бірлігі – алынбас қамалмен тең», «Отанды сүю – отбасыңнан», «Қара жерге халық ие, қара халыққа иман ие», «Милыға көнген дене азбас, милыға ерген ер азбас», «Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы» «Ақын Майкөт Сандыбайұлының шығармашылығы тура - лы не білеміз?» атты тарихи - танымдық кездесулерге бастамашы болып, колледж және мектеп оқушыларымен ардагерлердің жүздесулерін ұйымдастырдық.
Ауылдық билер кеңестері де өздерінің ауыл аймағындағы кішігірім дау-дамайларды шешу бағытында, әсіресе келіспеушіліктердің алдын алу мақсатында тұрғындармен кездесулер өткізуді жүзеге асырып келеді. 
 Ауылдық билер кеңестерінің жұмысын жандандырып, үнемі ізденіс үстінде, ұйымдастыру шараларының басы-қасында жүретін Досбол ауылдық билер кеңесінің төрағасы П.Алтынбековтің, Жайылма ауылдық билер кеңесінің төрағасы Еркін Құрманбековтің, Саудакент ауылдық билер кеңесінің төрағасы Арқабай Төлмағанбетовтің, Тоғызкент ауылдық билер кеңесінің төрағасы Жансерік Майыровтың, Жаңарық ауылдық билер кеңесінің төрағасы Мұрат Бәкеновтің еңбектерін атап өтуге болады. 
Осы орайда, аудан орталығы Жаңатас қалалық билер кеңесінің атқарған жұмыстары да баршылық екенін айта кеткеніміз жөн. Қалалық билер кеңесінің ұйымдастыруымен «Елдігіміздің негізі – бірлік», «Ұлылардың ұрпағымыз», «Ер азамат, атыңа лайық бол!», «Отбасы және ұлттық тәрбие» тақырыбында қала тұрғындарымен, жастар өкілдерімен кездесулер, пікір алмасулар өткізілді. Аудан имамы Ғ.Қонақбаевтың қатысуымен Д.Қонаев атындағы орта мектепте оқушылармен «Дін - имандылық жолы» атты кездесу жиыны ұйымдастырылды. Қалалық билер кеңесіне осы уақытқа дейін аудандық соттан 93 іс келіп тұскен. Барлық істер билер кеңесінде қаралып, тиісті шешімдер шығарылды. Бұл тарапта қалалық билер кеңесінің төрағасы С.Қырғызбаевтың, билер кеңесінің мүшелері Ш.Қалжановтың, А.Қасымбековтің, С.Дариябековтің, Ұ.Сұрашевтің еңбектерін атап өткеніміз жөн. 
– Аудандық билер кеңесін толғандырып жүрген басты түйінді мәселелер де жоқ емес. Ең біріншісі, бүгінгі жастардың арасындағы күрт көбейіп кеткен ажырасу үрдісі. Қазіргі таңда бұл жаралы кесел ұлттың тамырына, болмысына, әдеп - әдетіне ауыр кесапат әкелумен қатар, оның демографиялық өсіп - өркендеуіне орасан зардабын тигізіп отырғаны жасырын емес. Әрине, бұл жерде күрмеуі қиын әлеуметтік мәселелерді, атап айтқанда, жұмыссыздықты, баспана қиыншылығын, әлеуметтік теңсіздікті, біздің тәрбие саласындағы ойсырап қалған әрекетсіздігімізді айтуға тиіспіз. Отбасындағы ата - ана тәрбиесінің мейлінше төмендеп кеткенін мойындаған жөн. Өткен жылдың мамыр айынан бүгінге дейін 98 істі қарасақ, соның 90 пайызы жас отбасылардың ажырасу мәселесіне арналыпты. Ардагерлердің ақылына құлақ салып, мәмілеге келіп, татуласып жатқандары жоқ емес. Осы мерзімде 48 отбасының шаңырағын сақтап қалуға қол жеткіздік. 
Сонымен қатар пәтер кезегінен заңсыз шығып қалу, жолаушылар тасымалындағы жүгенсіздік, жол апатынан зардап шеккен жандардың моральдық - материалдық шығынын өтеудегі, жер телімдерінің кезегіндегі тәртіптің жеткіліксіздігі сияқты жәйттар да дау - дамайларға негіз болуда. Бірнеше дау - дамайларды талқылап, зерделеп екі тараптың ымыраға келіп, оң нәтижеге келісуіне қол жеткізілді. Бұл жерде билер кеңесі мүшелерінің ата - баба салт-дәстүрін, шешендік сөздерді, ескіден жеткен мақал-мәтелдерді жан - жақты меңгергені және орынды қолданып, жеріне жеткізе айта білгендері жөн болар еді демекпін. 
Кешегі заманда қазақ халқы ел ішіндегі жүгенсіздіктерді кісенсіз, абақтысыз тыйып отырғаны аян. Дана Абай өзінің отыз жетінші қара сөзінде «Егер мен закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінін, мінезін түзеп болмайды дегеннің тілін кесер едім», - дейді. Ұлы Абай айтқандай қазіргі билер кеңесі де ақыл, кеңес айтып ел мінін, мінезін түзеу жолында еңбек етуде. Әрине, оңай міндет емес. Үлкен төзім, сабырлылықты талап ететін мехнатты жұмыс.

Серік АППАЗОВ
Сарысу аудандық билер кеңесінің төрағасы
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры