Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҚАЛА - МӘДЕНИЕТІН ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРАМЫЗ? ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСУДЕ ШАҺАРДЫҢ ДАМУ ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНЫП, ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖАҢ

ҚАЛА - МӘДЕНИЕТІН ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫРАМЫЗ? ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІМЕН КЕЗДЕСУДЕ ШАҺАРДЫҢ ДАМУ ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНЫП, ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨКІЛДЕРІМЕН ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖАҢ

18 март 2024, Понедельник
65
0
Тараздың көркіне кісінің көзі тоймайды, тарихы тереңнен тамыр тартады. Адамдары ақжарқын, қонақжай, білімді, зиялы. Былай қарағанда төрт құбыламыз түгел сияқты. Дегенмен ойшыл қаламгер Шерхан Мұртаза айтқандай «Бір кем дүние...», бірдемелеріміз жетпей тұратын сияқты. Әрбір ірі қала тұрғындарының өзіне тән мәдениеті қалыптасатыны белгілі. Бізде сол тек Таразға ғана тән бірегей мәдениет жетіспей жатқандай көрінеді де тұрады. Қала билігі әлеуметтік зерттеу жүргізді, қарапайым қала тұрғындарының арасында сұрау салды, жастармен ақылдасты. Үлкен - кішінің пікірлерін саралады. Ең соңында аймақтың бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуде осы бір басталған іске нүкте қойылғандай болды. Сөйтіп, Тараз қаласының өзіндік мәдениетін қалыптастырудың «Тараз - мәдениет мекені» деп аталатын 2024 - 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс - шаралар жоспары түзілді. Осы бір ауқымды құжат өткен жұма күні М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің Тәуелсіздік залында қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы Орынбековтың облыстың абыз ақсақалдарымен, зиялы қауым өкілдерімен болған кездесуінде нақты талқыға түсті. Бұл жолы игілікті шаруаға бастамашы болған шаһар басшысы да, ардагерлер де, зиялы қауым өкілдері де шын жанашырлықпен, туған қалаларына деген сүйіспеншілікпен көңіл түкпірінде жүрген сәулелі ойларын бүгіп қалмады. Толғамды ойлар айтылды, ұтымды ұсыныстар жария етілді, осы жобаны жүзеге асырудың нақты жолдары талқыланды.
Өткен аптаның қасиетті жұмасында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қаланың абыз ақсақалдарымен, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
Ең әуелі шаһар басшысы қаланы жақында Қазақстан Республикасы Үкіметінде бекітілген бас жоспары аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, таяудағы жылдарға белгіленген жоба - жоспарларымен таныстырылды. Сондай - ақ, қала мәдениетін қалыптастыру бойынша арнайы жоба әзірленгенін тілге тиек етті. Тараздың бас жоспары бекітілгенін, көптен бері шешімей келе жатқан кәріз шайынды жүйесінің, Абай көшесінің басындағы және аяғындағы темір жол үстінен өтетін көпірлердің құрылысының басталатынын, «Тектұрмастағы» Әулиеата ескерткішінің төңірегіне 3 мыңнан аса қарағай (сосна) ағаштарын отырғызып, оларды тамшылау әдісімен суарылатындығын айтты. «Биыл қаланы өз күшімізбен гүлдендіреміз, себебі көпжылдық гүлдердің көшеттерін өз жылыжайларымызда дайындап жатырмыз» деді әкім.
– Жуырда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен болған кездесуде облыстық «Ғұмыр - Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов Тараз қаласының тек өзіне тән мәдениетін қалыптастыру қажеттіні туралы ұсыныс жасаған болатын. Соған орай Тараз қаласының өзіндік мәдениетін қалыптастырудың «Тараз – мәдениет мекені» атты 2024-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасы әзірленді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жиылған көпшілікті әзірленген жобаны ашық талқылауға шақырды.
Келесі кезекте Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлназ Смәтілдаева жиналғандарды аталған тұжырымдаманың жай - жапсарымен таныстырды. Бұл тұжырымдама әлеуметтік зерттеу жұмыстарының, Жамбыл облысының бірыңғай диспетчерлік қызметіне, қалалық әкімдік пен мәслихатқа түскен өтініштердің, қалалықтардың сұраныстары негізінде қалыптастырылғанын айтты.
Осыған байланысты жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға Тараз қаласынан 2 820 респондент қамтылған. Респонденттерге қаланың қалыптасқан жағдайын анықтау, кемшіліктері мен артықшылықтарын саралау және дамытуға бағытталған сауалдар қойылды, – деген Гүлназ Есенғалиқызы әлеуметтік зерттеулердің нәтижесінде тұжырымдаманың негізгі үш бағыты мен үш жылға арналған іс-шаралар жоспары әзірленгенін жеткізді.
Нақтырақ айтқанда, бірінші бағыты – «Тараз – таза қала».
Қоршаған ортаны таза ұстау – қала тұрғындарының экологиялық мәдениетінің маңызды аспектілерінің бірі. Бұл шаралар қаланы таза және жақсы күтімді етіп, сонымен қатар қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату кезінде ресурстарды үнемдейді.
Екіншісі – «Отбасылық құндылық-тарды қалыптастыру».
Отбасылық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығын насихаттау отбасылық институттың дамуына қолайлы жағдай туғызып, жас ұрпақтың салауатты қарым-қатынасы мен құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Үшіншісі – «Ұлттық құндылықтарды насихаттау».  
– Мұндағы мақсат – қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін жаңғырту мен дамыту, мәдени мұраны сақтау мен зерттеу, ұлттық музыканы, биді, театрды, әдебиетті және бейнелеу өнерін насихаттау, мұражайлар мен мәдени орталықтар құру, той мәдениетін қалыптастыру, ұлттық тағамдарды дәріптеу, қолөнерді қолдау және дамыту, ұлттық киімді өндіру мен оны киюді қолдау. 
Осылайша, тұжырымдама аясында қала тұрғындарының мәдени және шығармашылық бастамаларын дамытуға және оларды қолдауға бағытталған көптеген іс-шаралар мен бағдарламалар қамтылмақ. Сол арқылы Тараздың бай тарихи мұрасын ескере отырып, мәдени дәстүрлер мен ұлттық мұраны сақтауға және насихаттауға ерекше назар аударылады, – деді Гүлназ Есенғалиқызы.
Бұдан кейін ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері өздерінің ойларын ортаға салды. Бірінші болып сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қаладағы округтерде де ардагерлер ұйымын құру керектігін, солар арқылы қаланың тазалығына, жастардың тәрбиесіне, тұрғындардың мәдениеттілігіне, салауатты өмір салтын ұстануға атсалысатындарын айтты. Өз кезегінде ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызы жастар арасында діни тәрбиені күшейту мәселесін жақсы көтерді.
Сондай-ақ, той мәдениетін жолға қою, пәтер иелері кооперативінің жұмысын жандандыру, Талас өзенінің жағасын абаттандыру, шаһар экологиясын жақсарту секілді өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады.
Жиынды қорытындылаған қала басшысы зиялы қауымға қаланы дамыту жолында жанашырлық танытып, өз пікір- ойларымен бөліскендері үшін алғыс айтып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
– Жоғарыда айтқанымдай, сіздердің пікірлеріңіз біз үшін зор мәнге ие. Бүгін де біршама ұсыныстарыңызды білдіріп, тұшымды ойлар айттыңыздар. Әрбір айтылған мәселе ескерусіз қалмайды. Тоқсан сайын осы жобаның жүзеге асырылу барысы туралы өздеріңізбен пікір алысып тұратын боламыз. Осы кезге дейін қалада атқарылған ауқымды жұмыстар аз емес. Алға қойған жоспарларымыз да айқын, – деген Бақытжан Әмірбекұлы мұндай жүздесулер, талқылаулар  алдағы уақытта да болып тұратынын жеткізді.
Екі жарым сағатқа созылған кездесуден көп жақсы жаңалық естідік, қасиетті Әулиеата қаласы бұдан да ары көркейіп дамитынына, гүлдене беретініне зор сенім ұялады.
«Жамбылым қандай тамаша», – дегендей, жиыннан сүйікті Таразымыз тотыдай таранып, тұрғындарының мәдениеті, өмір сұру сапасы жаңа сатыға көтеріледі деген нық сеніммен тарастық.
Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,
облыстық ардагерлер
кеңесінің мүшесі,
Жамбыл облысының
Құрметті азаматы.
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры