Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » БІРЛІК БӘРІНЕН ДЕ ҚЫМБАТ

БІРЛІК БӘРІНЕН ДЕ ҚЫМБАТ

18 март 2024, Понедельник
47
0
Бұдан төрт жыл бұрын болған, бастапқыда тұрмыстық кикілжіңнен басталып, аяғы әжептеуір жанжалмен аяқталған, кісі өліміне және үй- жайлардың, мүліктердің, көліктердің қирауына жол берілген Қордай оқиғасының ауыр зардаптарын біздер, әсіресе, аға буын өкілдері ұмыта қойған жоқпыз. Әрине, өңірімізде орын алған келеңсіздіктің қоябасын ашып, қайта -  қайта езгілеп, еске сала берудің қажеті шамалы шығар. Бірақ, сол қанды оқиғаның қақ ортасында жүріп, елдің бірлігі мен тірлігіне саңылау түсірмейміз деп, шапқылаған күндерімізді ұмыта қоюымыз да мүмкін емес.
«Қордай оқиғасы біздің қоғамдық қызметіміздегі көптеген жұмыстарымызға қайта қарауымызға түрткі болды» десем, асыра айтқандық болмас. Көп нәрсеге атүсті қарап, кейбір әңгімелерді жүре тыңдайтын, «жастардың желөкпелігі ғой» деп майда - шүйде кикілжіңдерді көрсек те көрмегендей болып өте шығатын жағдайлардың болғанын несіне жасырамыз.

Содан бері қарай биліктегілер болып, біздер болып, көп шаруаның басын қайтардық. Негізгі әңгімеме көшетін болсам, аудан ардагерлер ұйымының жұмысы соңғы жылдары бүтіндей қайта құрылды.
«Біздің аудандық ардагерлер ұйымы облыс ардагерлер ұйымының ең белсенді, ықпалды күшіне айналды десем», – артық айтқандық болмас. Ардагерлеріміздің белсенділігі артты, олардың қоғамдық жұмысқа қатысуы қай кездегіден болса да, кеңейе түсті. Ауданымыздың он төрт мыңнан астам зейнеткері бүгінгі таңда сексеннен аса бастауыш және цехтық ұйымдарға топтасқан. Жоғарыда «аға буын өкілдерінің қоғамдық жұмысқа қатысуы кеңейді» дедім ғой, соған нақты мысал келтіре кетейін. Әрбір бастауыш ұйымның жалпы жиналыста сайланатын 9 – 11 адамнан тұратын кеңестері бар. Ал, округтік ардагерлер ұйымының кеңестеріне кемі 10 – 17 белсенді ардагер тартылады. Аудандық ардагерлер кеңесінің құрамында 27 мүше бар. Бұған, енді, аудандық және бастауыш ардагерлер ұйымдарының жанындағы 3 – 5 ардагерлерден жасақталған тұрақты комиссияларды қосыңыз. Қатарда жүрген белсенді ардагерлеріміз туралы санамаласақ, оған саусақ жетпейді.
Бүгінгі күні, өкінішке қарай, ұйым есебінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері қалмады. Бұл енді өмірдің заңы. 400 - ден астам тыл еңбеккері есепте тұрады. Арнайы есепке алынған 4 381 мүгедек жан мен 77 жалғызілікті қарт адам біздің үнемі назарымызда. Бізде жасы ұлғайған ардагерлердің барлығы тізімделген, олардың жағдайын күнделікті біліп отырамыз. Атап айтатын болсам, 80 жастан асқан 389, 90 - нан асқан 101 және 100 – ден асқан 3 қартымызды мақтан етеміз, хабарын біліп тұрамыз. Олардың әрбір мерейлі жастары біздің тарапымыздан елеусіз қалмайды.
Соңғы жылдары тәрбие жұмысын жандандыру мақсатында ардагерлер ұйымдарының жанынан билер, әкелер кеңестері және аналар алқалары құрылып, игілікті істердің бастамашысы болып жатқандығы белгілі. Билер кеңестері отбасылық, тұрмыстық дау – жанжалдарды медиация заңдылықтары аясында реттеуге қол ұшын беруде. Әкелер кеңестері болса, жастардың бойына патриоттық тәрбиені сіңіруге және отбасы құндылықтарын дәріптеуге назар аударуда. Аналар алқасы болса, әрине, қыз балалармен, жас келіндермен жұмыстың жаңа түрлерін енгізуде.
Біз жақында облыстық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумын өткізіп, онда 2023 жылдың жұмыс қорытындыларын талқыладық.
Өткен жылы аудандық ардагерлер кеңесінің арнайы жасаған іс жоспарына сәйкес аудандық ардагерлер кеңесінің бір рет пленумы, аудандық ардагерлер кеңесі төралқасының 13 отырысы өткізіліп, олардың бәрінде ардагерлер ұйымдарының өзекті мәселелері қаралып, талқыланды. Аудандық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған құрамында 12 белсенді мүшесі бар 4 тұрақты комиссия да өздерінің қоғамдық қызметтерін бәсеңдетпеді. Жыл басында жаңадан тағайындалған аудан әкімі Бекзат Болатбековпен кездесу өткізіп, ең өзекті деген мәселелер бойынша пікір алмастық. Ол кісінің алдына аудандық ардагерлер кеңесі үшін арнайы ғимарат салу мәселесін көтердік және бұл ұсынысымыз аудан басшысы тарапынан қолдау тапты.
Біз сөзбен айтқанда, аудандық ардагерлер кеңесі, бастауыш ардагерлер ұйымдары өткен жылды ойдағыдай қорытындыладық. Жыл қорытындысы бойынша облыстық ардагерлер кеңесінің зерделеуі бойынша 2022 жылы аудандар арасынан төртінші қатардан көрінсек, 2023 жылдың нәтижесі бойынша 3 орынға шығып, арнайы жүлдемен марапатталдық.
Жоғарыда мен 2020 жылғы ақпан айында болған Қордай оқиғасын еске алып өттім. Сол оқиғадан кейін аудандық ардагерлер кеңесі тұрғындар арасындағы тұрақтылыққа, өзара түсіністікке, сыйластыққа көбірек назар аударатын болды. «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері, бастауыш ардагерлер ұйымдарының белсенді қариялары көп этносты аудан тұрғындары арасына жиі баратын болды, шынайы әңгімелер өткізіп, оларды Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына атсалысуға шақырды. «Дөңгелек үстел» отырыстарында, кездесулерде, түрлі жиындарда, елді татулыққа, бірлікке үндедік.
Бұрынғы кеңшар, ұжымшарлар аймақтарынан құрылған қоғамдық келісім кеңестерінің бұл тұрғыдағы жұмыстарының нәтижелері көп ұзамай көрініс берді. Әр ауылдағы әр этностың қариялары көптеген жұмыстарға мұрындық болды, жастарға ақыл - кеңестерін айтты, елдің, жердің тарихы туралы баяндады. Қазақ халқының мейірман меймандостығы, жүрегінің кеңдігі, дүнген ағайындардың еңбекқорлығы жайлы қариялар түсінікті тілмен әңгімелеп берді.
Аудандық ардагерлер кеңесі жанын құрылған билер кеңесі мен аналар алқасы жұмысы туралы арнайы айта кетсек, артық болмайды деп ойлаймын. Аудандық билер кеңесі, аудандық прокуратурамен, аудандық сотпен және ішкі істер бөлімімен меморандумға отырып, жүйелі жұмыс жүргізуде. Өткен жылдың қараша айында аудандық сот ғимаратында ұйымдастырылған билер кеңестері мүшелерімен болған семинар - кеңесте бұл құрылым қызметінің тиімділігіне жоғары баға берілді. Билер кеңестерінің ұйымдастыруымен «Батаменен ел көгерер» аудандық байқауы өте тартысты жағдайда өтті. Аудандық байқауға 16 ақсақал қатысып, атақты Кенен ақын ауылынан келген Жамбыл Сатыбалдиев қария жеңімпаз болып, облыстық байқаудан да жүзі жарқын оралды.
Отбасы құндылықтарын сақтау, қыз балалар арасындағы тәрбие жұмысын жандандыру бағытында Роза Балабекқызы Қағазбай жетекшілік жасайтын аналар кеңесінің жүйелі жұмысын атап айтуға болады. Шыны керек, қазір біздер еңбек адамдарын көп қадірлей бермейтін болдық. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында аналар алқасының ұйымдастыруымен бұрын малшы, сауыншы, құрылысшы болған, басқа да кәсіп иелерімен мектеп оқуышыларының кезедесулері болып өтті. Өткен жылы ұйымдастырылған екі жүзден аса кимешек киген әжелердің шеруін көрген ел-жұрттың риза болмағаны жоқ. Кимешек киген әжелер аудан орталығының көшелерін ән – жырымен, биімен аралап өткенде тамсанбаған адам қалмады. Сондай-ақ, барлық ауылдарда және аудан орталығында болған «Асыл әже» байқауының тағылымы зор болды. Ардагерлерден құрылған «Соседушки» халықтық ансамбльдің өнерін аудан тұрғындары ғана емес, одан тысқары жердегі азаматтар да тамашалайтын болды.
Жастарының ұлғайғанына қарамастан біздің қарияларымыз бұқаралық спорт шараларынан да тыс қалып жүрген жоқ. Өткен жылы спорттың 9 түрінен ауылдарда және ауданда ардагерлер арасында спортакиада ұйымдастырып, қарттаарымыз шеберлік сынына түсті. Осы жарыстарда бағы жанып, жеңімпаз атанғандар Тараздағы «Тараз - Арена» спорт кешенінде өткен облыстық спартакиадаға қатысып, жалпыкомандалық екінші орынға ие болды. Ал, волейболдан біздің қарт спортшыларымыз жеңіс тұғырына көтерілді.

Біздің қоғамдық қызметімізді, белсенді іс - қимылымызды ақпараттық жағынан қолдап жүрген басылымдарға ризалығымызды білдіреміз. Әсіресе, өзіміздің төл басылымымыз «Ғұмыр – Дария» газетімен тығыз байланыстамыз. Жылт еткен жаңалықтарымызды көрсетіп тұрады. Бүгінде елдің газетіне айналған, елдіктің ұраншысы болып жүрген «Ғұмыр - Дария» газетінің бізде 500 - ге тарта тұрақты оқырманы бар екенін тілге тиек ете аламын. «Ғұмыр - Дарияны» тұрақты алып оқитын дүнген ағайындардың да аз еместігін айтуға тиістімін.
Біздің алдымызда күрделі міндеттер бар. Әсіресе, ауданның өкілетті және атқарушы билігімен тізе қоса отырып, қарт адамдардың әлеуметтік – тұрмыстық, денсаулық жағдайын жақсартуға көбірек назар аударсақ па деген ниетіміз бар. Әсіресе, зейнеткерлерді шипажайларға жеңілдетілген жолдамамен жіберу жағы бізде кемшін соғуда. Бұл мәселенің де өзіндік қиындықтары бар. Бірақ, іздене берсек, мәселені табанды қоя білсек, оң шешімі болар деген ойдамыз.
Өзіміздің белсенді қызметімізді жалғастыра отырып, алдағы уақытта да аудан халқының бірлігі мен тұрақтылығы жолында аянбайтын боламыз.

Біржан ӘЛІМБЕТ,
Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Обсудить

Похожие материалы:

Бейбітшілік пен келісім
20 март 2020, Пятница
Бейбітшілік пен келісім
ТЕКТЕН НӘР АЛҒАН ТОЗБАЙДЫ
25 август 2022, Четверг
ТЕКТЕН НӘР АЛҒАН ТОЗБАЙДЫ
ЖОЛ ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ
27 сентябрь 2023, Среда
ЖОЛ ҚАТЕЛІКТІ КЕШІРМЕЙДІ
ЕЛДІК ЕЛГЕ БАЙЛАНЫСТЫ
13 ноябрь 2023, Понедельник
ЕЛДІК ЕЛГЕ БАЙЛАНЫСТЫ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры