Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ЕЛДІК ЕЛГЕ БАЙЛАНЫСТЫ

ЕЛДІК ЕЛГЕ БАЙЛАНЫСТЫ

13 ноябрь 2023, Понедельник
78
0
Елдегі жақсылар мен жайсаңдар, ақсақалдар мен қарасақалдарымыз болып елдік шаруада қарап отырмаймыз ғой. Жақында аудан орталығындағы мәдениет үйінде жұртшылық өкілдері, бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары, билер, әкелер кеңестері мен аналар алқаларының мүшелері, ауыл имамдары, кәсіпкерлер және депутаттарымыз болып бас қосып, «Елдік елге байланысты» деген тақырыпта алқалы жиын өткіздік.
Бұл басқосуға түрткі болған негізгі мәселелер мыналар: Қалаларда болсын, ауылдарда болсын қазіргі кезде ас тарату, той беру белең алып тұр. Әрине, халықтың қуанышына ортақтасамыз, қайғы - қасіретіне шын жүректен көңілімізді білдіреміз. Бірақ, осындай жиындардың барлығы астатөк ысырапшылдыққа, өзара бәсекелестікке ұласып жататындығы қоғамның саналы тобын алаңдатпай қоймайды.
Осы жиында мұндай келеңсіздіктерді ашына айттық, ашық айттық. Бірауыздан қаулы қабылдадық, аудан халқына Үндеу тастадық. Қарияларымыз, имамдарымыз, зиялы қауым өкілдері бұл мәселеде бірауыздылық, танытты.
Қазіргі кезде ауданда күзгі санитарлық тазалықтың екіайлығы жүріп жатыр. Шыны керек, бұл сауапты іске негізінен мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері қатысады. Ал, тұрғындар осынау игілікті шаруадан тыс қалып жатады. Үй өзінікі, аула өзінікі, көше болса - болмаса тұрғындардың ортақ игілігінде. Олай болса, тұрғындар бұл шарудан неге тыс қалады? Қабылдаған Үндеуімізде осы мәселеге тұрғындардың назарын аудардық. Өскен үйін,  ауласын таза ұстау әркімнің өзінің міндеті емес пе? Үйінің маңайын көгертіп, тазалап, гүлге орап қойса, сол отбасының игілігі болмай ма? Бұны неге біз түсінбейміз?
Осы жиында әр ауылдағы, елді мекендегі зираттардың реттілігіне, тазалығына назар аудардық. Зираттарды қоршау, олардың нақты жерлерін белгілеп беру, сенімгерлік басқаруын сол жердегі мешіттерге тапсыру мәселесін ауыл әкімдері заңдастыруға міндетті. Тағы бір маңызды мәселе – қалыптасқан дәстүрлерді ескере отырып, қайтыс болған адамдардың қонақ асын, қырық күндік, жылдық асын берудің баршаға ортақ тәртібін қалыптастыруымыз керек. Дастархан мәзірн жасағанда ысырапқа жол бермеген дұрыс. Содан кейін қаза болған адамдардың қырық күндік, жылдық астарын берген кезде тойдағыдай ұзын - сонар тілек айтуды тоқтатқанымыз жөн. Өлген адам туралы жақсы әңгіме айтқан дұрыс, бірақ, еркегі болып, әйелі болып жамырай сөйлеген ерсі қылық. Жиынымызда осы мәселелер қатаң айтылды.
Той жөнінде көп айтып жүрміз. Бірақ, әзірге нәтиже шамалы. Жиында қабылданған Үндеуімізде тойды түнгі сағат 24:00 - ге дейін аяқтау жөнінде бір шешімге келдік. Тойды арақ - шарапсыз өткізу мәселесін көтердік.
Біздің алқалы басқосуымызда көп нәрселер айтылды. Жалпы қайтыс болған кісілерді жерлеуді және олардың жаназасын шығаруды ауыл имамдары реттеп отыруы керек. Әр жылдың сәуір және қазан айларында зираттарды тәртіпке келтіру жұмыстары имамдардың басшылығымен жүргізілуі тиіс. Әр жылдың 28 қазан күні зираттарға тазалық жүргізетін бірыңғай күн болып белгіленді.
Аудан қариялары, имамдары, зиялы қауым өкілДері осындай бір елдік мәселелерді көтеріп, аудан тұрғындарын имандылыққа, ысырапқа жол бермеуге, тәртіп пен реттілікті сақтауға, дәстүрлі дінімізді насихаттауға, жастарымызды жат ағымдардың ықпалында кетуден сақтандыруға шақырды. Аудандық ардагерлер кеңесі, бастауыш ардагерлер ұйымдары осы жиында қабылданған Үндеуді көпшілік арасында кеңінен насихаттайтын болады. Бағалы бастамамыз аяқсыз қалмайтынына біз кәміл сенеміз.

Біржан ӘЛІМБЕК,
Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры