Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҚАЙРАН БІЗДІҢ АНАЛАР АРДЫ ОЙЛАҒАН

ҚАЙРАН БІЗДІҢ АНАЛАР АРДЫ ОЙЛАҒАН

30 январь 2024, Вторник
66
0
Өткенде «Хабар» телеарнасынан басына әдемі алтын жіппен әдіптелген ақ жаулық тартып, үстіне қошқар мүйізді өрнек салынған қыжым қамзол киген әжені көрдім. Есіктің алдында немерелері «әжелеп» қолынан жетелеп келеді. Кейуана болса «айналайын» деп әлгілердің маңдайларынан мейірленіп сүйіп жатты. Жаным сүйсінді. Асыл әжені ауылдағы біреуге ұқсаттым. «Пәлі, мына кісі Қыздархан апа емес пе?!» дедім ішімнен. Сол кісі, анық өзі!
 Мұндай тектілік, қазақы тәрбие – бұрынғы аналарымыздың қазіргі әйелдерден артықшылығы еді. Әңгіме еткелі отырған кейіпкеріміз Қыздархан апа Тараз қаласында тұрады.
 Туып – өскен жері – Талас ауданы, Үшарал ауылы. Ол кісі – кешегі Кеңес дәуірінің көзі. Шыр етіп дүниеге келгелі отызыншы жылдардағы ашаршылықтың соңғы жылдарын, одан талай отбасына қайғы - қасірет әкелген соғыс, содан қираған дүниені қайта қалпына келтіру кезеңін көзімен көріп, қиыншылықты басынан өткерген Қыздарханның әкесі Қойшығара өмірден ерте өтіпті. Қыздарханның анасы Зибакүл Тұрар, Қыздархан, Тұрғын деп аталатын үш ұл-қызды құшақтап, жесір қалды. Ақылды, адуынды, ажарлы, тәрбиелі еді анасы марқұм. Үшеуін қанаттыға қақтырмай,тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Алланың қалауымен, Қыздарханын 1952 жылы Жолымбеттің Сембек есімді азаматына ұзатты. Күйеу баласы екі отбасының ауыртпалығын мойнына алды. Реті келген соң айтайын, Қыздарханның ағасы Тұрар Қазақстандағы нейрохирургия саласының ірі маманы, профессор, інісі Тұрғын ұзақ жыл бойы Талас ауданында басшылық қызмет атқарды. Екеуін де көзіміз көрді, тәрбиесін алдық. Әсіресе, Тұрғын ағаның болмысы бөлек болатын. Өткір, білімді, зиялы жан-тын.
Қыздархан болса да ата-енесінің бетіне тіке қарамай қайны, қайынағаларын, қайынбикелерін, қайынсіңлілерін, абысындарын қадірлеп, тектілігін көрсетті. Сыйының арқасында, әулеттің анасына айналды. Бүгінгі қазаққа жетпей жатқан осы сыйластық пен жарасымды араластық қой. 
– Келіндік жолды ұстану, аналық парызды бір сәт естен шығармау отбасын сақтаудың бірден - бір себепшісі, - дейді әз - апамыз Қыздархан. – Әсіресе, отағасының абыройын ойлаған әйел шаңырақты сақтайды. Отағасы Сембек ағаңмен 60 жыл бірге ғұмыр кештік. Бірде - бір рет «ишай» дескен емеспіз.
 Ене қандай болса, келін де есті келеді. 1953 жылы дүниеге келген Ермегінің келіншегі Гүлжәмилә да енесінің жолымен жүрді. Дүниеге алтындай төрт ұл әкелген келінінің өзі де бүгін - әже. Міне, бақыт. Анасы «Ерметай» деп еркелететін ұлынан төрт немере, он шөбере, бір шөпшек сүю бақытын Алла нәсіп етіпті. Шөпшегінің алақанынан бал жалады. Он жылдан кейін көрген Гүлшаты да бір әулеттің анасы.
Ал, енді Қыздархан анамыздың жұлдызды жылдары 1959 жылы басталды. Оны өз аузынан естиік. 
– Жақсы әулетке келін болдым. Отағасы Сембек шаруашылықта есеп қызметкері болып істеді. Мен 5 - 6 жылдай үй шаруасымен айналыстым,-деп бастады әңгімесін ол. – Содан Үшарал байланыс бөлімшесіне ең алғаш рет 1959 жылы хат тасушы болып жұмысқа қабылдандым. Ол уақытта жұмыс көлемі аздау еді. Бастық, бір радист, мен және самолеттен газет - журнал, хат пен посылка қабылдап алатын кісіні қосқанда бар-жоғы төрт адам жұмыс істедік. Ол кезде әлі телефон байланысы деген атымен жоқ заман. 
 Кейіннен ауылымызға геологтар келіп қалашық салды. Олардың тіршілігі деген – өз алдына бір төбе, күндіз-түні қайнайды да жатады. Сырттан келетін келімді-кетімді адамдар, жұмыскер геологтардың алыстағы тұратын отбасыларына салатын ақша аударымдары, толассыз келіп жататын хаттар мен жеделхаттар, әрбір мейрамдарда келетін құттықтау жеделхаттарында есеп жоқ еді. Әлбетте, осындай хаттар мен ақша тасқынын іркіліссіз реттеп отыратын пошта - байланыс торабы болғандықтан, бірте - бірте біздің де штаттық санымыз ұлғайып, отызға жуық адам жұмыла еңбек ететін, ырғақты жұмысы бар іргелі мекемеге айналдық.
Мекемеде баспасөзге жазылуды ұйымдастыру мен келіп түскен газет – журналдарды дер кезінде оқырманның қолына тигізуді қамтамасыз етуден бөлек, ауылдағы орналасқан барлық сауда нүктелерінің кассасына түскен ақша қаражаты біздің поштамыз арқылы аудан және облыс орталықтарына жөнелтіліп жататын. 
Бұдан бөлек, көлемі өз алдына бір қалашық болып келетін геология саласындағы жұмыс істейтін адамдар негізінен Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінде орналасқан барлық өлкелеріне ақшалай аударымдар жасауға келсе, ауылдағы тұратын зейнеткерлер зейнетақысын, бала бағып үйде отырған әйелдер жәрдемақысын алуға поштаға келетін.
Мен пошта қызметіндегі аса жауапты да негізгі учаске болып саналатын осы ақша қабылдау-беру бөлімінде жұмыс атқардым. Қаншама мәрте ойда жоқ жерден келген тексеруші ревизорлардың алдында ақшамның есебі нақпа-нақ дәл шығып отырды.
Осы негізгі жұмысыммен қоса қоғамдық жұмыстарға да едәуір атсалыстым. Совхоздың партбюросының мүшесі, цехтық партия ұйымының хатшысы, ауылдық кеңестік депутаты, аудандық партия комитетінің мүшесі болдым. 
Бұдан бөлек, ол кезде Халық заседателі деген болады. Мені осы қоғамдық қызметке сайлап, талай татулыққа шақырып отбасын сақтап қалуға себім тиді.
Совхозымыздың негізгі бағыты – асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысу болғандықтан, бір жылдары тікелей сол кездегі Кеңес Одағының астанасы Мәскеуге қарады. Әрине, сол жылдары ауылға небір қонақтар одақтас республикалардан, шетелдерден көптеп келіп жататын. Қонақжайлық – қазақтардың ежелгі салты ғой. Қонақты сыйлау, әрі құрметтеу дала дәстүріндегі жоғары мәдениетті көрсетеді. Совхоз директоры аты Одақ көлемінде әйгілі Әбдір Сағынтаев шалғайда орналасқан ауылдық жерде екенбіз демей сол қонақтарды өте жоғары деңгейде қарсы алып, шығарып салуды ұйымдастыруды талап ететін. Әлбетте, мұндай шаруаның көпшіліктің көмегімен атқарылатыны белгілі. 
Халқымызда «Қырықтың бірі-Қыдыр» деген сөз бар. Жолаушылап келген кез - келген адамды үйіне кіргізіп дәм таттыру керек, өйткені, қонақтың бірі болмаса бірінің батасы қабыл болады, шаңырағыңа құт - береке дариды деген сенім бар. Сембек қариямыз бен екеуміздің шаңырағымызда әлденеше мәрте мәртебелі меймандарды күтіп алу мен дастархандас болудың сәті түсті. Осындай кездері кісі күтіп жатқан шаңыраққа сырттан келген қонақтардың шашбауын көтеріп сол ауылдың ақсақалдары мен ел ішіне беделді, сыйлы деген ауыл азаматтарының да бірге келетіні белгілі. Сондай кісілердің қатарында ағайынның арасында «Би ата» аталып кеткен әулеттің үлкені Әбілда ата да отбасымыздың төрінен табылатын.
Жалпы пошта байланысы саласындағы еңбек өтілім 33 жылды құрайды. Осы жылдар ішінде қатардағы маманнан бастап мекеме бастығының орынбасарлығына дейін қызметім жоғарылады. Осы салада жұмыс атқарған жылдардың ішінде бірнеше басшымен қызметтес болдым. 
Солардың арасынан байланыс саласының шын мәніндегі маманы, Әбілда би атаның баласы Қыдырбек Тойшымановтың Талас аудандық байланыс саласына сіңірген өлшеусіз еңбегінің куәсі болдым. Қыдырбек Әбілдаұлы басшылық жасаған жылдары пошта-байланыс саласында үлкен өзгерістер орын алды деп айта аламын. Аудан тұрғындарына сапалы байланыспен қатар теледидар көрудің, әсіресе, алыс ауылдағы ағайынның қолы жетпей келген «Алматы» арнасын тамашалаудың зор мүмкіндігі туды. Сондай-ақ, ауылдарға кейінгі заман талабы болып табылатын интернет желісі мен ұялы байланыс орнатылды. Осы іскерлігі мен жаңашылдығының арқасында Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында жоғары басшылық лауазымдарда қызметтер атқарды. Қыдырбек осы салада 40 жылдай еңбек етіп, «Қазақстанның құрметті байланысшысы» атағын иеленді. Ол үйдегі келін де сол салада еңбек етті. Екеуі – үлгілі отбасы.
 Өткен ғасырдың 1992 жылы зейнеткерлікке шықтым. Ел үшін еткен еңбегім қоғам тарапынан елеусіз қалған жоқ. Еңбегім бағаланып «Еңбек ардагері» медалімен, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» және Жеңістің 65,70,75 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталдым. Суретім бірнеше жыл қатарынан Қазақ КСР Байланыс министрлігінің Құрмет тақтасында ілініп тұрды. «КСРО-ға еңбегі сіңген құрметті байланысшы» атандым.
Зейнетке шыққаныма отыз жылдан асып бара жатса да, бұрынғы әріптестерім, қазіргі байланыс саласының ардагерлерімен байланысым үзілген жоқ. Жыл ішінде болып тұратын кәсіби мерекеміз бен түрлі айтулы күндерде ардагерлер кеңесі елеп-ескеріп құттықтап, ақшалай және заттай сыйлықтарын табыстап отырады.
Бүгінгі күнде әріптестерімнің еңбектеріне табыс, жұмыстарына абырой тілеп отырамын. 
Әрине, айта берсе әңгіме көп. Қыздархан апаның әңгімесін тыңдай отырып ол кісінің айтар ақыл-кеңесі мен өнегелі өмір жолына әбден қанықтым. 
– Осы күні кейбіреулердің әңгімесіне құлақ түрсем, ақырзаман орнаған ба деп қаламын,-дейді ол кісі,-Бұлар көрген қиындық біздің көргеніміздің қасында сөз етуге де тұрмайды. Соғыстан кейін түбіртек талонмен нан алып, жүгерінің талқанын жедік. Ішер асқа, киер киімге де жарымадық. Ақ түйенің қарны жарылған кезең - өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші жылдары екендігін біз білеміз. Сол жылдардағы басшымыз - Брежнев пен Қонаевтарға мың да бір рахмет. Қазір, Құдайға шүкір, не кием, не ішем демейміз. Дүкенде бәрі тұр. Тек адалдық керек. Несіне жасырайын, еріншектік етек алған. Көбісі ауыр еңбектен қашады. Содан кейін ер адам отбасының тірегі, әйел заты ұйытқысы екендігін сезінсе ғана шаңырақ шайқалмайды. Ер - азамат - отбасын асыраушы, әйел- отанасы екенін ұмытпасын. Бір үйге екеуміз де «би боламыз» деп ойлау абырой әкелмейді. Ата – бабамыз «еркек – бас, әйел – мойын» деп бекер айтпаған. Мен өз басым әйел баласының сөзге шайпау, өсекке үйір болғанын құп көрмеймін. Қанша білгіш, пысық болса да, сабыр сақтай білген әйел ерін де, отбасын да сақтайды, қарақтарым.
Қыздархан ананың айтып отырған уәждерінің қай-қайсысы да құлаққа жағымды, орынды. Тек, тыңдар құлақ болса, әрине.
Иә, бүгінгі күндері ұлдарын ұяға қондырып, қыздарын қияға ұшырып, бір әулеттің әз - анасы саналған Қыздархан Көкеева – 90-ға жасы таяп қалған абыз ана. Ол қай уақытта да бес уақыт намазын қаза жібермей, қазақ елінің өркендеуін, отбасының амандығын тілеп отырады. 
Тағы да Жаратқаннан елінің амандылығын тілейді. Осыдан 75 жыл бұрын келін болып түскен Шерубай әулетінен тараған Мотай, Әбілда, Сембектің ұрпақтары алып бәйтерекке айналды. Өскен - өнген деген осы шығар деп шүкіршілік етіп отырған Қыздарханның жүрегі Алладан медет тілейді. Осындай аналар барда қазақтың бағы жана бермек.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
ардагер журналист,
Талас ауданы.
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры