ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ, МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ
Кеше Тараз қаласындағы «Ардагерлер орталығы» ғимаратының мәжіліс залында облыстық ардагерлер кеңесінің кезекті пленумы болып, онда облыстық ардагерлер кеңесінің 2023 жылғы атқарған жұмыстарының қорытындысы және облыс ардагерлер ұйымдарының белсенділігін одан әрі көтеру жөніндегі алда тұрған міндеттері туралы мәселе қаралып, талқыланды.
Пленумның жұмысына облыстық ардагерлер кеңесінің және тексеру комиссиясының мүшелері, аудандық ардагерлер кеңестерінің төрағалары, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы тұрақты комиссиялардың төрағалары, сондай - ақ, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Қабылқанұлы Мұханов, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гауһар Жұмабайқызы Досмайылова, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы жанынан құрылған ақылмандар кеңесінің төрайымы Жұмакүл Дәулетқызы Әбілғазина, облыс әкімінің кеңесшісі Берік Дүйсенбайұлы Бегалиев қатысты.
Пленумды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсенбекұлы Солтыбаев кіріспе сөз сөйлеп ашты.
Пленумда облыстық ардагерлер кеңесінің 2023 жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары және ардагерлер ұйымдарының белсенділігін одан әрі көтеру жөніндегі алда тұрған міндеттер туралы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Солтыбаев баяндама жасады.
Төраға облыс ардагерлер ұйымдары үшін жылдың жемісті болғанын айрықша атап өтті. Қарттарымыз барлық уақытта елдің бірлігі мен берекесіне қызмет етуде. Қоғамда болып жатқан оң өзгерістерге үлкендер жағы қолдау көрсетуде. Халықпен тығыз байланыста ауылдарымыз бен қалаларымыздың іргесін шайқалтпай, бірлігін жарастырып жүрген ардагерлеріміз аз емес. Олар негізінен қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерінің, билер кеңестері мен аналар және әкелер алқаларының, тұрақты комиссиялардың, бастауыш ардагерлер ұйымдарының төңірегіне тығыз топтасқан. Біздің қарияларымыз ауылдық округтер әкімдерімен, қоғамдық қауымдастықпен, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс атқаруда. Байзақ ауданындағы Мырзатай, Мәдімар ауылдық округтері бастауыш ардагерлер ұйымдарының жұмыс тәжірибесі облыстың ардагерлер ұйымдарына үлгі ретінде көрсетілді. Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Қордай, Меркі аудандарында бірқатар бастауыш ардагерлер ұйымдарының белсенділіктері атап айтуға тұрарлық. Талас ауданында ішкіліксіз ауыл атану үшін жұмыс өз жалғасын табуда. Жамбыл ауданындағы Шайқорық ауылында да мұндай игілікті жұмыс қолға алынуда.
Баяндамашы соңғы жылдары облыстық билер кеңесінің, аналар алқасының жұмысында белсенділіктің жоғары екендігін атап көрсетті. Облыстық билер кеңесі өткен жолы бірқатар игілікті шаруаларды қолға алғандығын айтуға тиістіміз. Шешендік өнерді насихаттауда біраз жұмыстар атқарылды. Билер кеңесінің ұйымдастыруымен батагөйлердің аудандық, облыстық деңгейдегі байқаулары зор ұйымшылдықпен өтті. Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған облыстық қымызмұрындық фестивальі қатысу-шылар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Еркінбек Бейсенбекұлы алда тұрған міндеттерге де кеңінен тоқтады. Биыл Шу ауданында облыстық қымызмұрындық мерекесін, Меркі ауданында бастауыш ардагерлер ұйымдары төрағалармен көшпелі облыстық семинар өткізу жоспарланған. Бұл шараларды жоғары деңгейде өткізуге күш салуға тиістіміз.
Қалалық, аудандық ардагерлер ұйымдарының алдында тұрған міндеттер орасан зор. Біз жасы ұлғайған азаматтарымыздың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, белсенділігін көтере түсуге міндеттіміз. Олардың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайына барынша назар аударылуы керек. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары облыстық ұзақ өмір сүру орталығының аудандарда филиалдарының ашылуына мұрындық болғандары жөн. Ардагерлерге медициналық қызмет көрсетуге көңіл бөлінуі керек. Бір сөзбен айтқанда, ардагерлер ұйымдарының алдында қыруар міндеттері тұр. Олардың кезең - кезеңімен жүзеге асырылатынына сенімдіміз.
Пленумда алғашқы болып сөз алған Күләш Әмедияқызы Әбдікешова қала ардагерлер ұйымдарында 47 700 зейнеткер есепте тұратындығын, олардың 319 бастауыш ұйымға топтастырылғанын айта келіп, қалада тұрып жатқан 8 соғыс ардагері мен 1083 тыл еңбеккеріне ел құрметінің зор екендігін атап көрсетті. Өткен жылы 100 жасқа толған 5 соғыс ардагерінің мерейтойын аталып өтілді. Есепті кезеңде спорттың 9 түрінен қала ардагерлері арасында спартакиада ұйымдастырылып, жастарының ұлғайғанына қарамастан үлкендер жағы салауатты өмір салтын насихаттауға белсене қатысты. Билер кеңесі жыл ішінде 856 отбасын татуластырып, игілікті шаруаға мұрындық болды. Қалалық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған әкелер кеңесі мен аналар алқасы көптеген жұмыстарға бастамашы болуда.
– Бүкіл өмірін еңбекке арнаған белсенді ардагерлеріміз құрметтен кенде емес. Олар қай кезде болсада мерекелік жиындар мен түрлі мәдени - көпшілік іс - шаралардың төрінен орын алады. Таңдаулыларға "Тараз қаласының құрметті ардагері" төсбелгісі салтанатты жағдайда тапсырылып, олардың есімдері қалалық ардагерлер кеңесінің "Құрмет кітабына" енгізіледі.
Қалалық ардагерлер кеңесі үстіміздегі жылда бірқатар игілікті іс - шараларды өткізуді, ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Біз табысты жұмысымызды одан әрі жалғастыра беретін боламыз.
– Ұлттық құндылықтарды жаңғырту мақсатында облыстық билер кеңесі 2018 жылдың 18 қарашасында құрылған болатын, – деп бастады өзінің сөзін Оңласын Қарабайұлы Есіркепов. – Бүгінгі таңда облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласында, 156 ауылдық окруте билер кеңестері құрылып, қоғамдық негізде жұмыс атқаруда. Билердің жалпы саны бүгінде 566 - ға жетіп отыр. Өткен жылы облыстық билер кеңесінің ұйымдастыруымен 5 алқа мәжілісі, 11 "дөңгелек үстел" отырысы, 6 семинар - кеңес өткізілді. Облыстық және аудандық баспасөз беттерінде билер кеңестерінің жұмыстары туралы 390 мақала жарық көріп, телеарналардан 7 рет хабарлар көрсетілді. Есепті кезеңде 1082 дау - дамайлық істер қаралып, оң шешімін тапты. Билер кеңестеріне түсіп жатқан істердің дені – азаматтық, еңбек, отбасылық мәселелерге байланысты туындайтын келіспеушіліктер. Билер кеңестері қызметінің тиімділігіне көз жеткен сайын жұртшылықтың оларға деген сенімі артып келеді. Өткен жылы облыстық билер кеңесінің ұйымдастыруымен Тараз қаласы мен барлық аудандарда батагөйлердің байқауы өтті. Олардың жеңімпаздары Тараз қаласында Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында бас қосып, қазақтың бата беру сияқты бекзат өнерінен бақ сынасып, бәсекеге түсті. Осы сындарлы сәтті тамашалауға облыс орталығының 500 - ге таман тұрғыны жиналды. Біз шешендік өнерді жаңғыртуға, ел арасында насихаттауға көбірек назар аударудамыз. Осы тақырып бойынша Тараз өңірлік университетінде, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында, Шу және Мойынқұм аудандарында "дөңгелек ұстел" отырыстары өтіп, олардың тағлымы өте зор болды.
Бірқатар жүйелі жұмыстар атқарғанымызбен, қоғамдық қызме-тімізде әлі де болса шешімін күткен түйінді мәселелер аз емес. Кейбір аудандық, ауылдық билер кеңестерінің ынтасыз, ықылассыз, жігерсіз, нәтижесіз жұмыстары, әрине, бізді қынжылтады. Кемшіліктерімізден дер кезінде қорытынды шығарып отыру билер кеңестерінің басты міндеті деп есептеймін.
Сейітхан Жұмашев аудан ардагерлер ұйымдарында 5572 зейнеткер есепте тұратындығын, олар 14 ауылдық округтердегі бастауыш ардагерлер ұйымдары мен 72 цехтық бастауыш ардагерлер ұйымдарына топтасқандығын тілге тиек етті. Ол. «Өткен жылғы басты жетістігіміз - ауданда және 14 ауылдық округте қайырымдылық қорларын ұйымдастыруға қол жеткізгендігіміз болды», – деп атап көрсетті. Төраға, сондай - ақ, ауданның ардагерлер қауымының қоғамдық жұмыстардағы, кәсіпкерліктегі, жастар тәрбиесіндегі жасампаздық еңбектерін жоғары бағалады.
Облыстық ардагерлер кеңесінің пленумына қатысқан облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бақармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұханов, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гауһар Досымайылова, облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы жанындағы ақылмандар кеңесінің төрайымы Жұмакүл Әбілғазина сөз сөйлеп, белсенді ардагерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Пленумда Тараз, Шу қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерінің 2023 жылғы жұмыстарының қорытындылары шығарылып, аудандар арасында бас бәйгені Т.Рұсқұлов аудандық ардагерлер кеңесі (төрағасы Қожайхан Бижанов) жеңіп алды. Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің (төрағасы К. Әбдікешова) жұмысы үздік деп танылды. Жыл қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды Жамбыл, Жуалы аудандарының, екінші орынды Байзақ, Меркі бірқатараудандарының, үшінші орынды Қордай, Сарысу аудандарының ардагерлер кеңестері иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Қалған Шу қалалық және бірқатар аудандық ардагерлер кеңестеріне ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Пленумда қаралған негізгі мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.
Пленумда Тараз, Шу қалалық және аудандық ардагерлер кеңестерінің 2023 жылғы жұмыстарының қорытындылары шығарылып, аудандар арасында бас бәйгені Т.Рұсқұлов аудандық ардагерлер кеңесі (төрағасы Қожайхан Бижанов) жеңіп алды. Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің (төрағасы К. Әбдікешова) жұмысы үздік деп танылды. Жыл қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды Жамбыл, Жуалы аудандарының, екінші орынды Байзақ, Меркі бірқатараудандарының, үшінші орынды Қордай, Сарысу аудандарының ардагерлер кеңестері иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Қалған Шу қалалық және бірқатар аудандық ардагерлер кеңестеріне ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Пленумда қаралған негізгі мәселелер бойынша тиісті қаулы қабылданды.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)