Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ТУРА БИДЕ ТУҒАН ЖОҚ. Шу, Мойынқұм аудандарында билер кеңестерінің жұмысы талқыланған жиындар өтті.

ТУРА БИДЕ ТУҒАН ЖОҚ. Шу, Мойынқұм аудандарында билер кеңестерінің жұмысы талқыланған жиындар өтті.

15 декабрь 2023, Пятница
88
0
Жуырда облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының мемлекеттік - әлеуметтік тапсырысы аясында «Ардагерлер ұйымына қолдау көрсету қызметін ұйымдастыру» жобасын іске асыру бойынша Шу ауданы мен Шу қаласында және Мойынқұм ауданында «Билер кеңесі – дауды шешудің тиімді жолы» тақырыбында семинар-кеңестер өтті. Шараларға облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, Шу және Мойынқұм аудандарының әкімдері Бақытжан Жәнібеков пен Әлихан Балқыбеков, басқа да лауазымды тұлғалар қатысып, өзекті мәселе жөніндегі ойларын ортаға салды.
Шудағы басқосуда аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы хабарлама жасады. Одан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиев «Дәнекер» жобасының жүзеге асырылуы жайында әңгіме өрбітті. 

Екі хабарламада да атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер тілге тиек етілген. Аудандық соттың судьясы Ермек Оразқұловтың «Медиация – бітімгершілікке әкелетін жол» тақырыбында сөйлеген сөзі де көпшілік көңілінен шықты. Онда ғасырлар бойы ердің құнын екі ауыз сөзбен шешіп, ынтымақ пен бірліктің, ел ішіндегі тыныштықтың тұтқасы болып келген билер тәжірибесі негізінде дүниеге келген «Медиация туралы» Заңның ерекшелігі баса айтылған. Шындығында да соты, прокуроры, полициясы, түрмесі жоқ қазақ қоғамында билердің тура билігі көп нәрсені ушықтырмай-ақ шешіп отырғаны тарихтан мәлім. Қазір де кінәлілерді болар-болмас мәселеге бола жазалап, түрмеге тоғытпай-ақ, дауласқандар мен араздасқандарды татуластыруда «Медиация туралы» Заңның тиімділігі жоғары. Билер кеңесі соттармен бірлесе отырып осы мәселенің оң шешімін табуда.
Бұл туралы Шу аудандық және қалалық билер кеңестерінің төрағалары Жұмаділда Бәйтерек пен Темірқұл Садырқұловтың жасаған баяндамаларында жан - жақты айтылды.
Мысалы, Шу аудандық билер кеңесі осы жылдың он ай кезеңінде өздеріне түскен 22 арыз-шағымның 7-еуін оңды шешіп, отбасы бірлігін сақтап қалған. Ал, қылмыстық белгілері бар істерді амал жоқ сотқа жолдауға тура келеді.
– Билер көтерген мәселенің бірі – жоғары сынып оқушыларының түн баласына мейрамхана жағалап кетуі. Ұлдар даяшы, қыздар биші болып азғантай нәпақаға жалдануы – жағымсыз құбылыс. Осыған тыйым салу үшін полиция мен мұғалімдерден жасақталған топ түнгі рейдтер ұйымдастырған. Нәтижесі жаман емес. Мұндай мысалдардың біразын келтіруге болады. Жастарды отансүйгіштікке, үлкендерге құрмет көрсетуге тәрбиелеуде де атқарып жатқан істеріміз баршылық, – деп өздері атқарып отырған жұмыстардан біраз мысалдар келтірген Жұмаділда Бәйтерек жүйелі қоғамдық тіршілікте БАҚ-тың игі ықпалы зор екеніне тоқталды.
– Біздің жұмысымыздың жариялы болуында бұқаралық ақпарат құралдары ерекше орын алады. Бұл ретте облыс ардагерлерінің төл басылымы «Ғұмыр-Дария», аудандық «Шу өңірі», республикалық «Ардагерлер айнасы» газеттері біздің мінберімізге айналып отыр. Осы басылымдарда жарияланған Гүлбағыш Жүнісованың «Отбасылық құндылықтарды сақтайық», менің «Билер кеңесі – бітімгершілік бастауы», Мейрамбек Асылбаевтың «Билер белсенділік көрсетті» атты мақалалары – сөзімізге дәлел. Аудандық билер кеңесінің мүшелері төл басылым – «Ғұмыр-Дария» газетіне түгел жазылған. Газетте «Адырна» айдарымен жарияланатын ақын-жыраулардың өлеңдері – қуатты тәрбие құралы. Өйткені, олардың тәрбиелік мәні жоғары.
Шу қалалық билер кеңесінің төрағасы Темірқұл Садырқұлов төрелік айтуда қара қылды қақ жарып, адалдықтың ақ жолынан айнымаған қазақ билері – Төле, Қазыбек, Әйтекелердің үлгісі үлкен жетістіктерге бастайтынын айтып, оларды насихаттауда жақсы жұмыстар жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Ол осы жылдың өткен мерзімінде түскен 17 азаматтық, 18 отбасылық, 12 еңбек даулары бойынша арыз-шағымдарды қарауда оң нәтижелер бар екенін атап көрсетті. Отан отбасынан басталады, әсіресе, 4 отбасының шаңырағы шайқалмауына қол жеткізу – айтарлықтай жетістік.
Алқалы жиында ауданда алдыңғы қатардағылар санатындағы Оразалы ауылдық билер кеңесінің төрағасы Жайлаубек Қалиев өзінің жұмыс тәжірибесін ортаға салды.
Мойынқұм ауданында болған осындай семинар-кеңесте алдымен аудан әкімі Әлихан Балқыбеков жиынға қатысушыларды өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуынан хабардар етті. Облыс аумағының 40 пайыздайын алып жатқан ауданда жүзеге асырылып жатқан жұмыстар баршылық. Солардың бірқатарына ардагерлер өздерінің ұтымды ұсыныстарымен, бағалы бастамаларымен өз үлестерін қосып жатыр. Ардагерлер – асыл қазына екеніне ерекше тоқталған аудан басшысы аға буын өкілдерінің қоғамдық жұмыстардағы белсенділіктерін назардан тыс қалдырған жоқ.
Басқосуда «Дәнекер» жобасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков, медиацияның тиімділігі туралы аудандық соттың төрағасы Бағлан Дәлібаев жан-жақты, кең көлемде баяндап берді.
Ал, аудандық билер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев биылғы жылдың осы кезеңіне дейін ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтты. Ол ауданда кәсіби медиаторлар қатары көбейгенін тілге тиек етті. Мысалы, билер кеңесіндегі 54 белсенді ардагердің 48-інің арнайы сертификаттары бар. Бұл билер кеңесінде әр істің сауатты қаралатынына игі әсер ететіні сөзсіз. «Дәнекер» қанатқақты жобасы бойынша қаралған отбасылық-құқықтық істердің саны 17-ге жеткен. Ауданда билер мен медиаторлар қараған басқа да дау-дамайлар саны 20-дан астам. Бәрінде де алға қойылған мақсат – жақсы нәтижелерге қол жеткізу. Ол үшін билердің құқықтық сауаттылықтары мен шешендік өнерді меңгеруі маңызды. Осы мақсатта өткізілген 28 семинар-кеңес өз нәтижесін беруде. Билер кейбір даулы мәселелерді қоғамдық қабылдауларда да шешіп жүр. Бұл жерде шешендік өнердің өзіндік рөлі бар.
Ал, шешендік өнердің өрісін кеңейтуде «Батаменен ел көгерер» тақырыбындағы батагөйлер сайысының орны бөлек.
Семинар-кеңесте Жамбыл ауылдық билер кеңесінің төрағасы Тұрсынтай Қалдарбеков сөз сөйлеп, өз тәжірибесімен бөліскен. Ол дау-дамайды ауылдан ұзатпай шешу – елдіктің белгісі екеніне ерекше тоқталды.
Аудандарда өткен семинар-кеңестерге қатысқан облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов жиналғандарды 2021, 2022 жылдары және 2023 жылдың өткен кезеңінде облыс бойынша атқарылған істерден хабардар етіп, алда тұрған міндеттерге тоқталды.
– Билер кеңестері заңға қайшы келмейтін салт-дәстүр, әдет-ғұрып нормаларын басшылыққа ала отырып, дауларды адамгершілік, әділеттілік, имандылық ұстанымында шешу керек. Дау-дамайлардың алдын алу, ұрпақ тәрбиесі басты назарда болуы керек. «Іргесі мықты елді жау алмайды, бірлігі мықты елді дау алмайды» деген мәтел адалдық, татулыққа үндейді. Осының бәрі билер кеңестерінің жұмысын жандандыру керектігін көрсетеді. Қызметіміз елмен тіл табыса жұмыс істегенде ғана жанданады. Сондай-ақ, билер кеңестерінің мүшелері – медиаторлар құқықтық жағынан сауатты болуы керек. Онсыз тараптардың дауларын әділ шешу мүмкін емес. Сонымен қатар, билер ата-бабаларымыздың мәмілегерлік саясаттағы әдіс-тәсілдерін берік ұстанғандары дұрыс. Шешендік өнерді меңгеру – билер үшін бірден-бір керек қасиет, – деді Оңласын Қарабайұлы.
Екі жиында да осы жолдардың авторы «Билер кеңесі – дауды шешудің тиімді жолы» тақырыбында сөйлеп, жиналғандарды өңірдегі билер кеңестерінің нәтижелі жұмыстарынан хабардар етті.
Бейбіт елде берекелі қоғамның ішкі тыныштығын сақтауда, өндірістегі және отбасындағы татулықты нығайтуда билер кеңестеріне жүктелер міндет мерейлі. Оның үдесінен шығу үшін билер кеңестерінің жұмысын әділдік тұрғысында жүргізудің маңызы зор.
Жоғарыдағы екі ауданда өткен семинар-кеңес осы мақсатқа қол жеткізудегі игілікті істердің бір парасы.
Сондықтан, мұндай іс-шараларды жиі өткізіп тұру дау-дамайларды шешуде әділдік туының әрқашан биік желбіреуіне септігін тигізетіні сөзсіз.
Басқосудың осындай тиімділігі туралы шегелеп айтқан облыстың бас биі Оңласын Есіркепов сөзінің қорытындысында дау-дамайларға төрелік айтатын билер мен медиаторларға көп көңілінен шығатындай табысты тірлік тіледі.

Талғат ЖҰМАБЕК,
облыстық билер кеңесі төрағасының
орынбасары.
Обсудить
Блок в статье:
АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ДОДА 16 декабрь 2024, Понедельник
Баталы елге - бақ қонар 16 декабрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры