ЖАУҒАШ БАТЫР ЕРЛІГІ – ҰРПАҚҚА ҰРАН
Өз дәуірінің теңдессіз батыры, төрт құбыласы тең, сол заманның аса білікті, көрнекті дипломаты, мәмілегер, ел мен елді елдестірер елші, тұғырлы тұлғасы Жауғаш Қырбасұлының 290 жылдығы жақында Меркі өңірінде үлкен салтанатпен аталып өтті.
2022 жылдың қыркүйегінде осы Жауғаш атамыздың 290 жылдық мерейтойын атап өту жөнінде меркілік ағайындар алқалы жиын өткізіп, оған алыс - жақын жерлерден, Алматы мен Түркістан облыстарынан, Шымкент, Тараз қалаларынан, сондай - ақ облысымыздың барлық аудандарынан өкілдер келіп қатысты. Сол жиынға мен де қатысып едім.
Алқалы басқосуда бабаның Меркіде тұрған ескерткішін күрделі жөндеуден өткізу, ескерткіш тұрған жерді заңдастыру, ғылыми - тәжірибелік конференция өткізу, кітабын шығару, тарихи құжаттамаларға негізделген деректі фильм түсіру, Жауғаш Қырбасұлының мерейтойын атап өту сияқты алдымызға міндеттер қойып бәтуаласқан болатынбыз.
Жауғаш батыр Қырбасұлы туралы айтатын болсақ, жоңғар қалмақтарымен болған соғыста ақыл - айласымен, парасатымен, тасқындаған күш - қайратымен жауының тізесін бүктірген жүрек жұтқан батырлардың бірі болған. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Қарасай, Тарақты Байғозы, Шанышқылы Бердіқожа және тағы басқа батырлармен тізе қосып, елі үшін, жері үшін ұрыс майданында ерлік көрсеткен, шешендігімен дараланған. Бабамыз әркез Абылай ханның қасынан табылды, ханмен бірге әскери жорықтарға қатысты, елшілік қызмет атқарды.
Ол – Абылай ханның ту ұстаушысы, сенімді сардарының бірі болды. Оның айғағы – Абылай ханның Жауғаш бабамызға Жеңіс туын сыйға беруі.
Торқалы тойға бір топ мойын-құмдықтар барып қатысып қайттық.
Меркі ауданының атшабарына 20 - дан астам ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, әдемі сахна қойылыпты. Тойда ата салтымыздың дәстүрі бойынша бата беріліп, аудан имамы Жауғаш атамыздың әруағына құран бағыштады. Содан кейін меркілік әртістердің күшімен Абылайханның Жауғаш батырға жеңіс туын сыйға тартуын бейнелейтін сахналық көрініс көрсетілді. Жай ғана көрсетіліп қойған жоқ, бұл тарихи туындының жаңадан өңделген, қалпына келтірілген нұсқасы елге паш етілді. Кезінде облыс әкімі қызметінде болғанда Жауғаш батыр бабамыздың ескерткішінің тұрғызылуына қолдау көрсеткен мемлекет және қоғам қайраткері Бөрібай Жексембин той салтанатында сөз сөйлеп, бұл тойдың маңыздылығына тоқталды. Тойдың соңы концертке ұласты. Жігіттер көкпар тартып, тай, құнан бәйгелеріне 100 - ден астам тұлпар қатысты. Озған тұлпарлардың бәріне бағалы сыйлықтар берілді.
Аламан бәйгеде Меркі ауданының тұлпары бас бәйгені жеңіп алды.
Жалпы айтқанда, той жоғары дәрежеде, үлкен ұйымшылдықпен ұйымдастырылыпты Біз соның куәсі болдық.
Мұханбетқұл САБЫРОВ.
Мойынқұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (1)