Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ЕҢБЕГІ ЕРЕН...

ТАРИХЫ ТЕРЕҢ, ЕҢБЕГІ ЕРЕН...

28 сентябрь 2023, Четверг
82
0
Жаңарған, Жаңғырған...


Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 26 қарашада болып өткен Президентті ұлықтау рәсімінде сөйлеген бағдарламалық сөзінде ауыл шаруашылығында қордаланған мәселелерге ерекше тоқтала келіп, былай деп атап көрсеткен болатын:
-Ауыл – қазақтың бесігі, оны көтеріп, жаңа деңгейге шығару – менің басты стратегиям. Сондықтан да менің Президент ретінде қол қоятын бірінші құжатым – ауылды көтеру.
Шынында да халқымыздың 40 пайыздан астамы тұратын ауыл – ата дәстүріміздің, баба салтымыздың қайнар көзі. Елді азық-түлікпен қамтамасыз ететін де ауыл. Бүгінде урбанизация әсерінен еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдық жерлерден қалаға ағылып жататын көпшілікті алда күтіп тұрған проблема жетерлік. Мұнда келуін келгенімен бірден орналаса қалатын дайын жұмыс жоқ. Оны іздеу керек. Баспана боса-болмаса жоқ. Амал қанша, біреудің пәтерін жалға алып, алғашқыда базар жағалауға тура келеді. Арба сүйреп, әркімге жалданып, күнкөріс қамына кіріседі. Міне, осындай қиындықтардан құтылу үшін, адамдардың әбігерге түсіп, жанбағу қамында қалаға ағылуын тоқтату үшін ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеру маңызды.
Президент ел алдында тұрған бұл өзекті мәселеге үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде жасаған Қазақстан халқына Жолдауында тағы да қайта оралып:
– «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы іске асуда. Ауылдарды абаттандыру, жол тарту, мәдени-экономикалық деңгейді көтеру, мүмкіндігінше адамға көрсетілер игіліктерді қала деңгейіне жеткізу, жақындату талабы қойылып отыр. Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек», – деді.
Президентіміздің бұл сөздері халықтың болашаққа деген сенімін арттырып, оларды тың істерге жұмылдырып, жігерлендіріп отыр.
Таяуда Жамбыл облысының Меркі өңірінде болып қайтқан едім. Осы сапарымда меркіліктердің Президенттің Қазақстан халқына биылғы Жолдауындағы ауыл шаруашылығына қатысты айтқан жоғарыдағыдай сөздеріне көп үміт артып отырғандарын байқадым және осы құжатқа байланысты жергілікті жерде тың бастамалардың көтеріліп жатқанының куәсі болдым.
Жалпы, қасиетті Әулиеата жеріне аяқ басқан кезде менің жадымда осы өңірге, тіпті, қазақ тарихына тікелей қатысы бар үш ірі оқиға тұрады. Оның біріншісі – арғы тарихты айтпағанда, 1456 жылы Қазақ хандығының Шу бойындағы Қозыбасы тауында туын көтеріп, дербес мемлекет екенін жариялауы. Яғни, біздің мемлекеттігіміз осы жерден бастау алады. Атап айтқанда, ХV ғасырда Орталық Азия мен Қытай, Ресей «қазақ» деген елді таныды. Керейдің тұсында орда орнықса, Жәнібектің тұсында нығайды. Ал, Қасымханның билік құрған кезінде хандықтың іргесі кеңейді. Сыр бойындағы қалалар қазақ хандығының иелігіне өтті. Түркістанда қазақ туы желбіреді. Міне, осы тұста Меркі мен Аспара қайта бой көтерді. Алайда, бұрынғы деңгейіне жете алмады. Ұлыстар мен рулар арасындағы алауыздық олардың дамуын тежеді. Аспара қорғанын нығайтуға Қасымханның ерекше назар аударғаны да белгілі. Мысалы, Мұхамед Хайдар Дулати өзінің «Тарих-и Рашиди» деген еңбегінде былай деп жазады: «1513 жылы қыста Шах Исмаил Сұлтан Сәлімге қарсы соғысуға ат басын Иракқа бұрды. Қасымхан өз иеліктерін басқару үшін Аспараға жүріп кетті». Осы жазбадан Аспараның, Меркі жерінің маңыздылығын көруге болады. 
Екіншісі – 751 жылы шілде айының 31 жұлдызында Тараз қаласына іргелес жатқан Атлах бекінісі маңында бүкіл Орталық Азия тағдырына терең із қалдырған Атлах-Талас шайқасы болып өтті. Бес күн бойы жан алып, жан беріскен шайқаста араб-қарлұқ-түркеш құрама қолдары қытайдың әскерін талқандап жеңіп, оның батысқа жылжуына тосқауыл қойды. Тағдыршешті бұл шайқаста жергілікті түркі тектес халықтар араб әскерінің құрамында соғысып, жеңіске жетеді. Кейін мұсылман дінінің орталығына айналған Яссы қаласының қазақ жерінің құрамына кіруі де осы жеңістен соң жүзеге асты.
Міне, осы шайқасқа Тараздың сол кездегі негізгі тұрғындары қаңлылармен бірге Құлан, Меркі, Аспараны тұрақ еткен, кейін Таразды астана деп жариялаған қарлұқтар мен түркештер де қатысқаны анық. Себебі Қарлұқ, Түркеш мемлекеттері,  алғашқыда Меркіні астана еткен еді. Бір сөзбен айтқанда, Меркі мен Құлан қалаларының тағдыры Түркеш, Қарлұқ мемлекеттерімен сабақтас. Кейін Түркештерді биліктен тайдырып, өлкеге әмірін жүргізген қарлұқтар Құлан мен Меркіні негізгі қалаларына және ірі әскери бекінісіне айналдырды. 
Ерекше қарқынмен дамыған бұл екі қалаға сырттан көз тігушілер көбейе бастады. Қарлұқтар билік басына келместен бұрын да бұл қалалардың сол өңірге билік жүргізуде шешуші рөл атқарғаны анық. Жоқтан бар болмайды, ол тек бір күйден екінші күйге айналатынын ескерер болсақ, Меркі сол заманда өңірге билігін жүргізетіндер үшін аса қажетті қақпа болғаны шүбәсіз.
Меркіге қатысты ғылыми еңбектерден ежелгі қала жөнінде біраз мәліметтер алуға болады. Меркі қаласының көне атауы Мыңбұлақ деп аталады. Бұл атау көне түрік тілінде Бин-Юл, қытай тілінде Цян-Цюань деп те аталған. Ол - Батыс түрік қағанатының құрамына енген қала. Оған 618 жылдан бастап Жетісудағы соғдылық және ортаазиялық мемлекеттерді басқару міндеті жүктелген Тон Жабғу қағанның ордасы орналасқан. Ол кезде бұл өңірде шетел саяхатшылары тоқтайтын Меркі, Аспара, Құлан сияқты қалалар мен қорғандар болған.
Меркі ауданының орталығында биік қорғанның орны ерекше көзге түседі. Қорғанның биіктігінен оның айналасында өткел бермес өзеннің болғанын аңғару қиын емес. Ғалымдардың топшылауынша, Меркі қорғанының негізі тас дәуірінде қаланған деген мәлімет те бар. Бұл қорғанға қазба жұмыстары тиіп-қашып қана жүргізілген. Соның өзінен бұл қамалдың ірі елді мекеннің орталығы болғанын аңғару қиын емес. Қамалдан суағар құбырлар мен керамикалық бұйымдардың қалдықтары, шырағданның көптеген үлгілері табылған. Әйгілі Жібек жолы осы қалалар үстінен өткен. Бұдан басқа да пікірлерді саралай келгенде Меркі қаласы 700-ші жылдардан кейін айналаға таныла бастаған деп топшылауға болады.
Үшіншісі – Тараз қаласы екі мың жылдан астам тарихы бар ұлы шаһар. Ол – Қазақстан қалаларының атасы, біздің қала мәдениетіміздің қайнар көзі.
Қасиетті Әулиеата жерінде мұнан басқа да тарихи мекендер жетерлік. Солардың бірі – өзіміз жоғарыда әңгіме арқауына айналдырған Меркі өңірі.

ЕЖЕЛГІ МЕРКІ

Меркі –өзінің ұлы тұлғаларымен, табиғатымен, тағылымды тарихымен қаламгерлерді де, тарихшыларды да, өлкетанушыларды да өзіне тәнті етумен келеді. Ол Тараз қаласынан шыққан жол бойында орналасқан Аспара қамалынан 15-16 шақырымдай қашықтықта жатыр. Бүгінде аудан орталығы саналатын Меркіні көненің көзі десек қателеспейміз. Ол сонау бір замандарда Жібек жолының бойындағы биік төбеде орналасқан, маңайынан кішігірім өзен ағып жататын қала болған. Жібек жолымен саяхаттаушы араб, италян саяхатшылары бұл қаланы: «Мешіті, керуенсарайы, жақсы базары бар, мұнда тұратын адамдардың бойлары биік, әдемі келген»,- деп суреттеген.  Сауда керуендері Меркіге негізінен Жаркент пен Бұқарадан, Түркістаннан келіп тоқтаған
Сондай-ақ, үнді, қытай, парсы, ресей елдері мен Еуропадан да сауда жасайтындар келіп тұрған.
Меркі сөзінің мән-мағынасы туралы мынадай пайым бар: Оның бір мағынасы ертедегі түрік тілінде «Орталық» деген ұғымды білдіреді және V-ІХ ғасырларда түркі тектес халықтардың астанасы болған деп түсіндіріледі.Тарихы тереңге тамыр тартқан Меркі өңірі – еліміздің киелі өлкесі. Бұл өлке ұлы тарихи оқиғалардың, батыр ұлдар мен өжет қыздардың мекені.
2022 жылы меркіліктер ұлы бабасы Сыпатай Әлібекұлы (шыққан тегі ұлы жүздің Ботбайы) батырдың 240 жылдық мерейтойын үлкен деңгейде атап өтті. Ал, биыл осы өңірде туып-өскен Жауғаш Қырбасұлы батырдың 290 жылдығы. Кезінде бұл есім оған жау қашсын, туған жеріміз тазарсын деген ниетпен берілген. Ол 15 жасында Абылай ханның жанынан табылып, жасақ басқарған. Абылай ханның елшісі ретінде Қытай еліне үш рет сапар шегіп, халқымыздың мүддесін көздейтін үлкен шаруаларға араласқан. 1771 – 1774 жылдары қазақ-қырғыз арасындағы шиеленісті басып, Арқадан, Бурабайдан Алатауға арнайы келіп, қырғыздармен ортақ тіл тауып, Шу бойынан, Меркіден қалмақтарды қуып, туған жерді зұлым жаудан азат еткен. Сөйтіп, Ботбай елін атамекеніне қайтарған. Тірі кезінде Абылай ханның оң жағында жүретін Жауғаш батырдың сүйегі өлгенде де хан жерленген пантеонның дәл қасынан орын алды.



Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық
бірлестігі орталық кеңесі төрағасының
бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының
докторы, профессор.
(Басы. Жалғасы газетіміздің келесі санында). 
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

АРЛЫ АДАМ – АДАЛ АДАМ
14 июль 2023, Пятница
АРЛЫ АДАМ – АДАЛ АДАМ
Естелік
05 май 2021, Среда
Естелік
Референдум
31 май 2022, Вторник
Референдум
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры