Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » БЕРЕКЕЛІ ТІРЛІК БАСТАУЫНДА – БЕЛСЕНДІЛЕР

БЕРЕКЕЛІ ТІРЛІК БАСТАУЫНДА – БЕЛСЕНДІЛЕР

13 ноябрь 2023, Понедельник
83
0
Қай жерде болса да, қолға алынған игі істің басынан, қайнаған қызу еңбектің ортасынан қарияларды көреміз. Олар жұмыстың жүйелі жүргізілуіне, тірліктің тиянақты әрі нәтижелі атқарылуына үнемі үлкен үлес қосып жүреді. Бастамашылдығымен, іске ұйтқы болуымен, ақыл - кеңестерімен, өмірлік бай тәжірибелерімен бөліседі. «Қариялы ел – қазыналы ел» дейтіні де сол ғой қазақтың. Біздің ауылдың ақсақалдары мен қариялары да сондай.
Билікөл ауылдық округі – аумағы жағынан Жуалы ауданындағы ең ірі аймақ. Олай дейтініміз, аудан көлеміндегі бүкіл жайылымдық алқаптардың үштен бірі осы округтің еншісінде. Округте тұрғын саны 1400 - ге жуық. 313 ауласы бар төрт елді мекен қарайды, олар: – Қарабастау, Әбдіқадыр, Дарбаза және Жылыбұлақ ауылдары. Округіміз ауданнан шалғай жатыр, 60 шақырым қашықтықта.
Дегенмен, тұрғындардың әлеуметтік - тұрмыстық жағдайлары ел қатарлы. Округ аумағында үш мектеп – Қ.Қошмамбетов атындағы орта, Ш.Уәлиханов атындағы негізгі және Жылыбұлақ бастауыш мектептері бар. Балабақша – бөбекжай, ауылдық медициналық – дәрігерлік амбулатория, пошта, мәдениет үйі, кітапхана, цифрландырылған орталық, шаштараз, жанармай құю бекеті, көліктерге техникалық қызмет көрсету станциясы мен автобөлшектер дүкендері халыққа қызмет көрсетуде.
Адамдарды имандылыққа шақырып, жастар бойына жақсы қасиеттер дарытып, ізгі тәрбие беретін Алланың үйі – мешіт жұмыс істеп тұр.
Округ аумағында мақтанышпен ауызға алатын табиғат тартулары да бар. Олар – облыстағы айдыны шалқар ең үлкен Билікөл көлі, Қарабастау қойнауына тұмсығын тыға еніп жатқан Берікқара шатқалы, Қарабастаудың жоғары жағындағы «Әулиебұлақ», ауыл орталығындағы бастау. Берікқарада «Тау самалы» балалардың жазғы демалу – сауықтыру лагері мен «Берікқара» демалыс кешені қашанда халыққа қызмет көрсетуге дайын. Шатқалдан шығатын өзеннің қос жағалауында 400 – ден аса оба кездеседі. Олар мемлекет қарауына алынған. «Әулиебұлақтың» суында минералдық заттар мол. Ол судың емдік, шипалық қасиеті жайында мамандар жақсы пікірде. Қарабастау ауылының ортасындағы бастау – біздің брендіміз. Аумақты, түбі терең, суы мөлдір. Жоғарыдан қарағанда қарайып, жалтырап жатады. Қарабастау атануы да сондықтан болса керек. Бірден айта кетейін, ауыл ақсақалдарының бастамасымен, әкімдіктің қолдауымен және ілкімді азаматтардың демеушілік көмегімен бастаудың түбі балдырдан, айналасы қоқыстан тазартылып, қазір жақсы демалыс орнына айналған.
Жоғарыда ауылымыздың аумақтық орналасуы, округ аумағындағы тарихи орындар мен табиғат тартулары, тұрғындарға әлеуметтік - тұрмыстық қызмет көрсететін нысандар туралы айтып өттім. Ендігі әңгіме қоғамның қозғаушы күші, бірден - бір ықпалды ұйым – ауылдық округ жанындағы бастауыш ардагерлер ұйымының  жұмысы жайында болмақ.
Біздің ұйымда әртүрлі санаттағы 195 ардагер есепте тұрады. Олардың ішінде 6 тыл ардагері, 2 Ауған соғысына қатысушы бар. Ауылдық округ ардагерлер кеңесінде 5 белсенді қариямыз қоғамдық істерге ұйтқы болуда. Жасыратыны жоқ, негізгі айналысатынымыз – қариялардың әлеуметтік - тұрмыстық жағдайлары, оларға лайықты қызмет көрсету мәселелері. Сол сияқты, күнкөрісі төмен, көпбалалы отбасылары, көмекке мұқтаж жекелеген адамдардың мәселелері де назардан тыс қалған емес. Олар кеңес отырысында талқыланып, қолымыздан келетіндерін өз мүмкіндігімізге қарай, демеушілердің көмегімен шешіп жатамыз. Құзырлы мекемелердің, ауыл, аудан басшыларының қолдаулары мен көмектеріне жүгінетін де кездеріміз бар.
Ауылдың билер кеңесі (төрағасы М.Сәрсенбаев), аналар алқасы (төрайымы С.Иманбаева), әкелер кеңесі (төрағасы Б.Қорлыбаев) сынды қоғамдық құрылымдары ісімізді ілгері бастыруға үлкен үлес қосып отыр. Олардың өкілдері мектептердегі кездесулерде отаншылдық, адамдар арасындағы ауызбіршілік, имандылық, қайырымдылық, мейірімділік туралы тәрбиелік мәні жоғары әңгімелер айтып, жастарды үлгілі істерге үндеп отырады. «Тіл тас жарар, тас жармаса бас жарар» деген, адамдарға айтылған ақыл - кеңес, жылы лебіздердің әжептеуір әсері болатыны сөзсіз.
Әркім өзінің міндетті қызметтерін атқарып, қажетті шаруасын күйттеп жатады. Оған бек қуаныштымыз. Ал, енді, «көпшілік болып ел игілігі жолында, ортақ мақсатта жүзеге асыратын жұмыстарға ардагерлердің оң ықпалы зор» десем, оған ешкім таласа қоймас. Қарияларын қадірлеп, үлкенін сыйлаған елдің баласымыз ғой, орынды айтылған ұсыныстың орындалмайтыны жоқ. Бәрі де мүмкіндігіне қарай жүзеге асырылып жатыр.
Облысымызда «Асарлатып үй салу» бағдарламасы аясында талай отбасы баспаналы болғаны баршамызға аян. Біздің ауылда да көпшіліктің көмегімен екі отбасы баспаналы болған. Биыл Қоржықовтар отбасына осы елдің тумасы, Қарағандыда тұратын кәсіпкер Нұржан Бұрнақовтың қолдауымен үй сатып әперілді.
«Қуанышты бөліссең, көбейеді, қайғыны бөліссең, азаяды», – дейді қазақ. Қуаныштың жөні бөлек, адамның басына іс түскенде қиын. Ондайда көрсеткен көмектің сауабы да мол. Біздің ауылымыз «Берікқараның дауылынан» қатты қорқады әрі сақтанады. Соған қарамастан, жазатайым жағдайлар орын алып жатады. Жыл басында «Берікқараның дауылынан» мұржадан шыққан ұшқыннан от тұтанып, Б.Тұралиев деген азаматтың үйінің шатыры, Т.Айжановтың шөпқорасы шөбімен өртеніп кеткен. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ, мал да аман.
Оқиға түн ішінде орын алған. Қатты желдің екпінімен өрт өршіп, айналасына жайылып кетуі мүмкін еді. Өйткені, адамдар шырт ұйқыда ғой. Қараңғылықта жалындаған жалынды көздері шалып қалған балабақша күзетшісі Кеңес Нұрлыбаев пен мектеп қазандығының от жағушысы Ержан Сыдықов дер кезінде дабыл қағып, қайғылы қасіретке ұшыратуы мүмкін оқиғаның алдын алған. Оларға ауыл тұрғындары дән риза!
Міне, осы оқиғаға орай, қариялар жиын өткізіп, үй аралап жүріп жылу жинап, табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккендердің бірінің үйін бүтіндеп, екіншісінің шөбін дайындауға ықпал жасады. «Ауылыңда қарияң бар ма?» деген осы.
Біздің бастауыш ардагерлер ұйымынан 5 қария «Жуалы ауданының Құрметті азаматы», 1 қария «Жуалы ауданының Құрметті ардагері» төсбелгілерімен марапатталған. Одан бөлек әртүрлі іс - шаралар мен байқау - бәсекелерде Грамота, Диплом және Алғыс хаттармен марапатталып жатқандары аз емес!
Ал, жуырда ауылымызда Жуалы ауданының 95 жылдығына орай ұйымдастырылған іс - шараға арнайы қатысып, әртүрлі ойын - сауық пен жарыстарды ардагерлермен бірге тамашалаған аудан әкімі Жалғас Мұртаза ризашылығын білдіріп, бірқатар еңбек ардагерлерін Алғыс хатпен марапаттады. Бұл да ардагерлер белсенділігіне берілген лайықты баға, көрсетілген құрмет.
«Жалғыз ағаш орман болмас, жалғыз кірпіш қорған болмас», – дейді бірлікке, ұйымшылдыққа шақырған халық нақылы. Сондықтан, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ұстаныммен ардагерлер ұйымы жұмысына атсалысып, белсенділік танытып жүрген Өсербай Қосаров, Жұмабай Оразымбетов, Бақытжан Әбдиев, Қадірқұл Мышбаев, Бибіайым Жұмабекова, Бектұрған Жарылғапов, Серікқұл Тәнкібаев, Мәдіхан Рахман-құлов, Нариман Шавалиев, Балықбай Ақсақалов, Салтанат Иманбаева, Бек-болат Қорлыбаев, Шымырбай Жүнісов, Махамбет Сәрсенбаев, Сейітқазы Бексейітов, Жансерік Көпжасаров сынды ардагерлердің есімдерін құрметпен атап, оларға алғысымды білдіремін!
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Газет – халықтың үні, көзі һәм құлағы». Облыс ардагерлерінің төл басылымы – «Ғұмыр – Дария» газеті біз үшін сондай сипатта. Биылғы екінші жартыжылдықта 35 дана «Ғұмыр – Дарияға» жазылғанбыз. Қарияларға округтегі мемлекеттік мекемелер мен Ғани Омаров, Марат Абсалямов сынды кәсіпкер азаматтар демеушілік көмек көрсеткен. Жүріп жатқан жазылу науқанында осы көрсеткіштен асып түспесек, төмендемейміз деген меже бар.

Еңсебек АБСАЛЯМОВ,
Билікөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі «Құрмет белгісі» төсбелгісінің иегері, ауданның Құрметті азаматы.

Жуалы ауданы
Обсудить
Блок в статье:
АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ДОДА 16 декабрь 2024, Понедельник
Баталы елге - бақ қонар 16 декабрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

КӨПТІ КӨРІП, ҰЗАҚ ЖАСАҒАНДАР
06 апрель 2023, Четверг
КӨПТІ КӨРІП, ҰЗАҚ ЖАСАҒАНДАР
Үлгілі ауыл жобасы
29 июль 2020, Среда
Үлгілі ауыл жобасы
Билік және бастауыш ұйым
30 май 2022, Понедельник
Билік және бастауыш ұйым
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры