Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » АУЫЛДАН ШЫҚҚАН ДАРАБОЗ

АУЫЛДАН ШЫҚҚАН ДАРАБОЗ

11 октябрь 2023, Среда
76
0
Пернебай Дүйсенбин 1943 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма ауылында туған. Ол мектепте оқып жүрген жылдары тырнақалды туындыларын - өлеңдерін, әңгімелерін аудандық, облыстық газеттерде жариялады. 1958 жылы оның салған суреттері Москвадан шығатын «Пионерская правда», Алматыдан шығатын «Дружные ребята» газеттерінде жарияланды.
Пернбай Дүйсенбин 1962 жылы Әл – Фараби (бұрынғы Киров) атындағы ҚазМУ-дың филология факультетіне түсті. 1964 - 1967 жылдары Украинада әскери борышын өтеді. 1967-1969 жылдары университетке қайта оралып, журналистика факультетін бітірді.
Ол 1969 жылы туған ауылы Жайылмаға оралып, Ленин атындағы орта мектепке жұмысқа орналасты. 1969-1973 жылдары қазақ тілі мен әдебиеті, сурет пәндерінің мұғалімі болды. 1973-1987 жылдары мектеп директорының орынбасары, 1987-1993 жылдары мектеп директоры болды.
Пернебай Дүйсенбиннің 1979 жылы «Жұлдыздар неге жылайды?» деген лирикалық повесі «Жалын» журналында жарияланды. 1990 жылы КСРО, 1994 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. «Жұмбақ жұлдыз», «Кішкентай генералдар», «Ән салыңызшы, Әке», «Елгезек ертегілер елінде», «Тектінің тұяғы еді» атты кітаптардың авторы. 2003 жылы тарихи – танымдық «Шежірелі Сарысу», 2007 жылы «Үркердей болып көшкен жұрт...», 2008 жылы «Сарысунама» атты тарихи - деректі кітаптарын шығарды. Ол Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитеті, Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан ЛКЖО ОК мен республикалық «Жалын» баспасы бірлесіп өткізген жабық бәйгесінің 1979, 1980, 1981, 1986 жылдардағы лауреаты. 1994 жылғы республикалық «Балауса» баспасының, 1996 жылғы «Парасат» журналының лауреаты. 2013 жылы Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің II жүлдесін, Жамбыл облыстық «Үздік журналист» конкурсының І жүлдесін иеленді. 2015 жылы «Есен-сау жүріңізші, асыл Ата» атты повесіне Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің Бас жүлдесі (Гран-при) берілді. 2013 жылы Қазақ Ұлттық кітапханасында 70 жылдық мерейтойына орай «Сан қырлы суреткер» атты арнайы көрме өткізілді. 2020 жылы Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты болды.
Пернебай Дүйсенбин 1981 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, 2021 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен, басқа да бірқатар мерекелік медальдармен марапатталды.
Пернебай Дүйсенбин 1999-2007 жылдары Сарысу аудандық мәслихатының екі шақырылымының депутаты болып сайланған. Сарысу ауданының Құрметті азаматы (2001ж).

Шежіре мен шерлі сырларды бойына сіңіріп , жас ұрпаққа насихаттап жүрген мерейтой иесі үнемі ізденіс үстінде тыңнан хабар, тамырлы тарихтан тағылымдарды табуда. Майталман жазушыны еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін құрмет тұтып, төрден орын береді. Көзі қарақты, көкірегі ояу әрбір жерлесі көсемсөз шебері Пернебай Дүйсенбинмен мақтанады.
Тараз қаласындағы  Абай атындағы орталықтандырылған кітапханасында балалар жазушысы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Сарысу ауданы Жайылма ауылының тумасы Пернебай Дүйсенбиннің 80 жасқа толған мерейтойына арналып «Кеудесі қазына, қаламы жүйрік тұлға» атты кездесу кеші өтті.
Пернебай Дүйсенбиннің шығар-машылық өмір жолы, ұстаздық қызметтегі сәті қадамдары ардагерлер мен жас оқырмандарға ерекше әсер етті.
Жиында алғаш сөз алған драматург-жазушы Елен Әлімжан қаламгердің балалар тақырыбына қалам тербегенін, «Кішкентай генералдар», «Жұмбақ жұлдыз», «Ән салыңызшы, Әке», «Елгезек ертегілер елінде» атты кітаптарында ауыл балаларының психологиясын, мінез – құлықтарын тайға таңба басқандай айқын суреттеп, ешкімге ұқсамайтын өз стилімен сәтті бере білгенін атап өтті.
Кездесу барысында белгілі жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы, ақын Баймаханбет Ахмет сөз алып, кеш куәгерінің талантына, суреткерлік шеберлігіне тоқталды.
Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Алдаберді Мақашев Сарысу ауданында білім саласында, партия, әкімдік жүйесінде  қызмет атқарып жүрген кезінде Пернебай Дүйсенбинмен етене араласып еңбек еткенін, оның жазушылық қасиетімен қатар басшылық қызметтерде де абыройлы жемісті жұмыс атқарғанын, белгілі балалар жазушысы Бердібек Соқпақпаевтан кейінгі үлгі тұтарлық балалардың сүйікті жазушысына айналғанын атап өтті.
Кеш соңында Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәулет Дәуір Рысбайұлы құттықтап, жазушының иығына шапан жапты. Жазушы  Пернебай Дүйсенбин қатысып отырған қонақтарға  алғыс сезімін білдіріп, кітапхана директоры Ұлбосын Сәулебаеваға өзінің көптомдық кітаптарын сыйға тарту етті.
Облысқа танымал әнші Мерей Әбуованың «Сайра, бұлбұл» , өнерпаз ардагер Аманқұл Ысқақов орындаған «Ойлан, балам» атты әндері көпшіліктің қөңілінен шықты. Сонымен қатар, кітапхананың мәжіліс залында  жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылған.
Айта кетуіміз керек , дарабоз қаламгердің  мерейтойына арналған шаралар сонау  Алматыдан  бастау алып, облыс, аудан көлемінде кеңінен аталып өтуде.

Алдаберді МЕҢЛІБАЙҰЛЫ,
Тараз қалалық
ардагерлер кеңесінің мүшесі.
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры