Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ТҮРКІСТАН КЕЛБЕТІ КӨҢІЛДЕРІН ТЕРБЕДІ

ТҮРКІСТАН КЕЛБЕТІ КӨҢІЛДЕРІН ТЕРБЕДІ

28 сентябрь 2023, Четверг
101
0
Төскейі төрт түлік малға, етегі егінге толы, үлкені айтса, кішісі сөзге жығылатын ынтымағы мен бірлігі жарасқан, дархан жүректі, кең пейілді халқы бар облысымыздағы іргелі өңірлердің бірі – Т.Рысқұлов ауданының құрылғанына биыл 85 жыл толып отыр. 
Мерейтойды өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес өңір дамуына елеулі үлес қосқан қариялардың киелі Түркістан жеріне саяхат-сапарын ұйымдастыру көзделген болатын. Осыған сәйкес аудан әкімінің бастамасымен жергілікті бюджеттен арнайы қаражат қарастырылып, ода мемлекеттік сатып алу тәртібімен тендерде Абзал Әбделханұлы Мұқатаев жетекшілік ететін «KOMEK DEMEU.KZ»   қоғамдық  қоры жеңімпаз болып танылып, қарияларды көне Түріктің бесігі атанған киелі Түркістанның тарихи жерлерін аралатып қайтты.
Ауданның белсенді ардагерлерін Т.Рысқұловтың ескерткіші алдында аудан әкімі Ернар Есіркепов, аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Рүстем Қырықбаев  шығарып салып, сапарларына сәттілік тіледі.
Қапталында ауданның эмблемасы белгіленген жайлы да жұмсақ «Икарус» автобусы Түркістанды бетке алып жолға шықты. Жол – жөнекей ардагерлерге мінсіз қызмет көрсетіп отырған қор өкілдеріне, медбикеге және волонтерлерге қариялар ақ батасын беріп, ерекше ризашылықтарын білдірді.
Ал, автобустан арнайы көлікпен сүт пісірім уақыт алда жүріп отырған аудандық әкімдіктің өкілдері, мәдениет үйінің директоры Нұрдос Базарқұлов пен әнші Нұрлан Әмірбеков ат басын шалдыратын жерлерге бұрын жетіп, қариялардың ас-суын әзірлеп, жағдайларын жасап отырды. 
Киелі Түркістанға жол тартқан қарт саяхатшылардың алғашқы ат басын тіреген жері есімі төрткүл дүниеге мәшһүр, киелі де қасиетті Арыстан Баб кесенесі болды. Қарттарды  осында қарсы алған  жол бастаушы жас жігіт өңірдің тарихы жайлы әңгіме қозғап, ықылым заманнан киелі саналатын Арыстан Баб әулие туралы жан-жақты дерек берді. Саяхатшы қарттар кесене ішін аралап көріп, зиярат етті. Ата-бабалар аруағына бағышталып құран оқылып, дұға жасалды. Ардагерлер сонау ХІІ ғасырдан бері жұмыс істеп тұрған қасиетті құдықтың суынан дәм татты. 
Қор қызметкерлері жайған мол дастарханнан кешкі асын ішкен саяхатшылар облыс орталығы мәртебесін алғалы бері күн санап жасарып, жаңарып келе жатқан түнгі Түркісткан көрінісін тамашалады. 
Қаранғы түсе жайлы қонақ үйге жайғасып, жақсы тыныққан ардагерлер ертеңіне Ұлы ғұлама Қожа Ахмет Яссауидың кесенесіне келді. Ұзындығы 60 метр, биіктігі 37,5 метр болатын алып құрылысты кезінде қаһарымен төрткүл дүниеге аты әйгілі болған Ақсақ Темір бабамыз салғызған екен. Кесененің архитектуралық келбеті әсемдігімен ерекше таңғалдырады. Оған қарап тұрып ғасырлар қойнауына барып-қайтқандай әсерде боласың. Сол көне заманның өзінде ата-бабаларымыздың сән - салтанаты келіскен архитектураны соншама терең меңгеріп, осындай алып құрылысты ешқандай техниканың көмегінсіз қол күшімен атқарғанына таңданбасқа лажың жоқ. 
Ал, жер асты мешітін көру ерекше әсерге бөледі. Ондағы құрылыс ерекшеліктерін, бөлмелердің орналасу ретінің соншалықты білгірлікпен жасалынғанын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Қожа Ахмет Яссауи бабамыз 63 жасқа келген соң қалған 62 жыл өмірін осы жерасты мешітіндегі үңгірде өткізіп, өзінің ғұлама еңбектерін осында жазған екен. Ілім мен білімге жан-тәнімен берілген бабамыздың таңғажайып өміріне ерекше тәнті боласың. 
Саяхат - сапар барысында бұдан басқа да тарихи-мәдени орындарды аралап, ерекше әсерге бөленген ардагерлер ұйымдастырушыларға ақ тілекті алғыстарын жаудырып, ауылға көтеріңкі көңіл - күймен оралды.


Тұрсынхан ЖАМАНБАЕВ, 
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі 
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры